Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құндыз Оралжан: Тәрбие тал бесіктен бұрын жан бесікте басталуы керек

1691
Құндыз Оралжан: Тәрбие тал бесіктен бұрын жан бесікте басталуы керек - e-history.kz

Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің қандай да бір мансабы, ресми атақ-даңқы да жоқ. Бірақ айтары мол әрі мағыналы. Ол – бала күнінен ертегі-аңызды, қисса-дастанды құлағына құйып өскен қазақтың қарапайым қызы. Ол – тағылымы терең тәрбиенің арқасында университет табалдырығын аттаған шақтан-ақ болашақ өміріне үлкен жауапкершілікпен қараған студент. Ізденуден бір сәт танбаған Құндыз бүгінде асыл жар, ибалы келін, аяулы ана. Ол – үшемдердің анасы. Алладан пәрмен келіп, үшемдер бойына біткенге дейін даналыққа «жүкті» болған әйел. «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді» демей ме Мұхтар Әуезов. Құндыз дәл сондай бала болды және сондай ұл, қыз тәрбиелеуге күш салып жүр. Бүгінде жас аналарға әлеуметтік желі арқылы өз болмысымызды баяндап, ұлттқ құндылығымызды дәріптеп жүрген блогермен біз де әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. 

– Сіздіңше қыз баласы болашақ өмірге қалай дайындалуы керек?

– Әрбір саналы адам өмірге келген соң өзінің миссиясын білуі керек деп ойлаймын. Қазір біздің қоғамда саналылық жоғалып кетті. Ер адамның өз жауапкершілігі бар, дәл сол сияқты қыз баланың да белгілі бір миссиясы, атқаратын қызметі болады. Яғни ана болуға дайындық – ең бірінші қыз баланың өзінің қыз ретінде өмірге дайындалуынан басталады. Алайда көп жағдайда қыздар да, ұлдар да өте асығыс өмір сүреміз. Бала болсақ тез есеюге асығамыз, оқушылық кезде студент атануға, студент шақта тұрмыс құруға, ары қарай балалы болуға асығамыз. Осылай өмір бойы асығыстықпен жүрген кезде мақсатымызды, өміріміздің мәнін жоғалтып аламыз. Сондықтан әр шақтан өз аларымызды алып, берерімізді беріп қалғанымыз дұрыс. Ал оны ұғындыратын адам ата-ана болмақ. 

Қыз баланың үлкен өмірге, ана болуға дайындалатын кезі ол – студенттік шақ. Жоғары оқу орнындағы алып жатқан білімінен бөлек, жүріс-тұрысы, киген киімі, сөйлеген сөзі, айналасымен қарым-қатынасы, оқыған әрбір кітабы түгелдей оның қандай әйел, қандай ана болатынына үлкен әсер етеді. Саналы қыз осы кезде ойланады, жауапкершілікті сезінеді, толық адам болуға талпынады, дайындалады. Сөйтіп өмірлік жарының кім екенін дұрыс таңдайды, қандай ұрпақты өмірге әкеліп, қайтіп тәрбиелеу керектігін босаға аттамай жатып ойластырады. 

– Соны ата-ана баласына қалай ұғындырғаны жөн?

– «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген қазақтың сөзі бар. Егер жақсы болсаң жақсылық жағынан балаң сенен асып кетуі мүмкін, керісінше жаман болсаң жамандығы сенен кем түспеуі ықтимал. Яғни бала біздің айнамыз. Сондықтан, ең алдымен ата-ана болған адам өзін түзеп, өзіне көбірек назар аударған дұрыс.  

– Қазіргі уақытта отбасылық өмірге дайындалатын жастар кемде-кем шығар. Ойланбаған күйде біреулердің соқа басы сопиып өтсе, шынымен де, көп қыз-жігіт бас құрай салсақ бәрі жақсы бола қалады деп асығады.

– Өйткені олар дәл сол шақтарында толық емес, бақытты емес. Сөйте тұра өзі де бақытты боламын, барған жерімді де бақытты етем деген оймен көзді жұмып күйеуге шығады. Өзі пісіп жетілмеген қыз басқа отбасымен қалай бақытты болмақ?

Бірақ отбасы болуға қыз бала ғана дайындалу керек екен деп түсінбеуіміз керек. Ер бала мен қыз баланың өз-өз міндеті, жауапкершілігі бар. Тіпті кейбір қыздар түрлі жағдайлардан қашып тұрмысқа шығып жатады. Бұның соңы жақсы болады деп есептемеймін. Ажырасу да осындайдан шығады. Әйел болуға, ана болуға жауапкершілікпен қарамаған жаннан өзінің басына жауапкершілік алмайтын балалар өмірге келіп жатыр.

Тағы қайталап айтамын, бұл ер адамға да қатысты. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген ғой. Тұрмыс құра салу оңай емес. 

«Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?» дейді Абай атамыз 10 қара сөзінде. Бұл сөзді біз жеңіл айтып отырғанымызбен астарында өте үлкен мән бар. Түсінген адам, тіпті, еңіреп тұрып жылауға болады. Неге? Себебі шынымен де біздің жасап жатқан қоғамда иттігіміз қаншама? Өзіміз дұрыстап сабақ оқымаймыз. Өзгеге жақсы үлгі көрсете алмаймыз. Бірақ тұрмысқа шығып, бала тууға асығамыз. Кімге туамыз? Ол ертең кім болып өседі? Қазір бізде мұндай дүниелер айтылмайды. 

Мысалы, еуропалықтарда чайлдфри (childfree) деген ілім бар. Олар саналы түрде баладан бас тартады. Мен бұл нәрсе жақсы деп отырған жоқпын, бұл – адам саналылығының деңгейі. Олар неге бас тартады? Өзімді әзер алып жүрмін, бір тұлғаны тәрбиелей алмаймын деген оймен баладан бас тартады, жауапкершіліктің үлкен екенін біледі. Қазақта жауапкершілік жоқ деп айта алмаймыз. Қолынан келгенше материалдық қажетін қанағаттандырып, баласын бір үйірмеден екінші үйірмеге жетелеп жүгіріп жүреді. Ал бізге ұлы тұлғалар  керек. Ол үзіліп барады. Қарап отырсаңыз, қазір қалтылдап отырған Мағауин, қасымыздағы Тұрсын Жұртбай аталарымыздан басқа тағы кімдер қалды? Сондай тұлғаларды енді кім туады? Ал біз қазақтың әйелдері бүгін жапырылып нумерологияға кетіп, ертең тағы бір жат ілімнің соңында желпілдеп жүре берсек ұлтқа ешқандай да қызмет ете алмаймыз. Қазір еркін тұлға деп жар салып жүрміз ғой. Сол еркін тұлғаның артында адал сүт емген, халқына адал қызмет ете алатын адам тұруы керек екенін ұмытпағанымыз абзал. Демек үлкен дайындықсыз мұндай ұрпақ тудыру мүмкін емес. «Қуды қу табады, шұқанақты су табады» дейді. Сен қандайсың, сенің алдыңнан міндетті түрде сондай ер азамат жолығады.

– Қазір сізге жас аналар «кезінде апа-әжелеріміз 15-20 баланы өмірге әкеліп, қайсы бірінің соңында жүріп, қадағалады дейсіз. Өз заманында не бір тұлғалар да сондай отбасынан шыққан жоқ па?! Біздің заман басқа ғой» деген уәж айтуы мүмкін.

– Бұрынғы кезде неге даналар көп, жыраулар көп, көкірек көзі ашық адамдар көп? Олар топырлатып туды делік. Бірақ ол кездің аналарының көкірек көзі ашық еді. Ананың да, баланың да көкірек көзінің ашылуына не әсер етеді? Әрине, табиғат, ішкен адал асы, жұтқан ауасы, ортасы үлкен рөл атқарады. Ол кездегі аналардың құрсағы өте кең еді. Жай ғана ошақ қасында жүрген қарапайым қазақ әйелінің деңгейі қазіргі кездегі оқыған, небір ғалымдардың деңгейінен артық болған. Оған ешкім ренжімейді деп ойлаймын. Өйткені, саналылық табиғаттан келеді, тектен беріледі. Отбасы тәрбиелі, ауыл көргенді болса бала қайда барады?

Ал қазір ше? Алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Ішкен асымыздың, жұтқан ауамыздың қандай екенін білмейміз. Тіпті балаға көп нәрсені айтып керек емес, ол көргенін қайталайды. Ал қазір баланың алдында ана шешіне береді, әке жалаңаш жүреді. Ондай үйден ұят қашады. Осыларды кесірінен балалардың ұят каналы жабылып қалған дейді Совет-Хан Ғаббасов. Ал ешкім-ешкімнен именбейтін қоғамда ұятты бала тәрбиелеп шығу үшін өте үлкен еңбек керек деп ойлаймын. 

– Біз әңгімені қыз кезінде үлкен өмірге дайындықтың қалай болатынынан бастаған едік. Енді бойжеткен тұрмысқа шығады, ана болады. Өзіңіз айтқандай, осының барлығы өмірдің ағысымен жүріп жатқан табиғи үрдіс сияқты сезіледі. Ал жас келін ана болуы үшін неге дайын болуы тиіс?

– Менің «даналыққа жүктілік» дейтін сөзім бар. Бұл тұрмысқа шықпаған қыздың, енді босаға аттаған жас келіннің дайындығы. Бұл уақытта баланы жан бесігінде, жүрегіңде әлдилеп бастауымыз керек. Өйткені әрбір қыз тұрмысқа шыққаннан кейін ана болатынын біледі.  Сол себепті құрсақ көтермей тұрып, балалы болмай тұрып даналыққа жүкті болсаң, яғни дүниеге қандай бала әкелетініңді білсең, соған ниет етсең – дайындық деген осы. Сосын Абайдың 10-қара сөзін оқып көрсе, тым болмағанда Абайдың 10-қара сөзін талдаған Тұрсын Жұртбайдың «Күйесің, жүрек... Сүйесің» деген кітабындағы мақаласын оқыса көкірек көзі ашылар еді. 

Әрбір қыз оқуы керек тағы бір неше кітап бар. Ол: Мағжанның «Педагогикасы», Жүсіпбектің «Психологиясы», Зейнеп Ахметованың «Күретамыры». Бұған қоса бесік жырын, қисса-дастандарды құлағына құйып, қазақтың тарихы мен ертегілеріне әуес болып өскен қыздан жаман әйел, нашар ана шықпайды. Бұларды әдебиетшілер ғана оқу керек деген ұғым жоқ, болмаған. Тек қазір ғана құндылығымыздың құнсызданған заманда солай түсініп жүрміз. 

Мысалы, «Педагогикада» баланың ұйықтайын, тамақ ішетін уақыты, жататын жерінің жайлылығы қандай болу керек дегеннің бәрі жазылған. Осыдан 100 жыл бұрын Мағжан Жұмабаев атамыз осы нәрсені хатқа түсіріп қойған. Ал «Күретамырда» әйелдің жасына қарай киімі, жүкті әйелдің киімі және матасы қандай болуы керек екенін айтады. Осындай нәрселерді түртіп алатын саналы адам болса оқитын еңбек көп. Яғни студент болу, тұрмысқа шығу, бала туу деген тоқтамайтын керуен сияқты ғана болмауы керек. Онда үлкен жауапкершілікпен қоса мән де, мағына да бар. Осыны білмеген, түйсінбеген ер де, әйел де айнығыш болып келеді. Ал Абай атамыз «асыл адам айнымас» дейді. 

– Екеуара осы бір әңгімемізді оқып отырған кей әйел бізді іштей болсын сөгуі мүмкін. Бірақ сіздің жауаптарыңыздан кейін бұндай салмақты сөз, ойлы әңгіме айту үшін көпті көріп, ұзақ жасау шарт емес екенін байқағандаймын. Сіз үшемнің анасы, жас келін, асыл жар ғана емес, әлеуметтік желіде білгеніңізбен бөлісіп жүрген белсенді блогерсіз. Ендеше өзіңіздің үлкен өмірге қалай дайындалғаныңызды айтып беріңізші. 

– Менің анам текті жердің қызы. Ол кісі бізді әдебиетке сусындатып өсірді. Үйде төрт баламыз. Кішкентайымыздан анамыздың аузынан қисса-дастан, жыр естідік. Төртеуімізді отырғызып қойып кітап оқып беретін. Есейген соң кітапты өзі бастап оқып, үлкенімізден кішімізге қарай кезек-кезегімен оқытатын. Тіпті кітап оқығысы келмейтін кішкентай бауырымның өзіне осының бәрі сіңді. Осыны көріп өскен мен романдарды күн-түн демей оқи беретінмін. Әлі есімде, «Көрғұлы» кітабы 4-сынып оқып жүргенде қолыма түсті. Ана кітаптың қызығына батқаным сонша, оқып бітіру үшін екі күн сабаққа бармай қалдым. Сөйтіп сынып жетекшімнен «апай, мына кітапты оқып жатырмын, бітіріп алайыншы» деп рұқсат сұрап, өтіндім. Осындай кітаптарды, яғни баланың жан дүниесіне керектің барлығын анамыз бен әкеміз таңдап бере алды. Оның өзі үлкен ұстаздық екен. Сөйтіп мен өзімнің әдебиеттен басқа салаға бармайтынымды білдім. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түскенде де өте жақсы ұстаздарды кездестірдім. Алла Тағала жарылқаймын деген құлына жақсы ұстаз, жақсы жар береді дейді ғой. Тұрсын Жұртбайдан, Омар Жалелден сабақ алдық.  Омар Жәлелдің қазір қандай болғаны маған маңызды емес, бастысы ол кезде бізге керек ілімді берді. Тұрсын Жұртбай менің рухани атам. Ол кісінің  «Күйесің, жүрек... Сүйесің» кітабынан бөлек «Бесігіңді әлдиле» кітабы бар. «Күйесің, жүрек... Сүйесің» кітабында менің қазіргі ізденіп жүрген, толғанып жүрген, тәжірибемнен өткізіп жатқан тақырыбыма себеп болған Абайдың оныншы қара сөзін талдаған бір ғана мақаласы еді. Оны мен мектеп бітіріп, университетке енді келе қалғанда оқыдым. Яғни 18 жасқа толып, жалындап тұрған шағым. Оқыдым да, сап тыйылдым. «Мен кіммін?». Ойлана бастадым. «Мен қандай ұрпақ тәрбиелеймін? Не бере аламын? Мен қандай ана боламын? Қандай жар боламын?»... Менің орнымда басқа адам болса да дәл солай ойланатын еді. Сөйтіп әпкем екеуіміз таңға дейін сол тақырыпты талқыладық. Негізі әр адам өзінің мінін біледі, тіпті бала да біледі.

Әпкем Арманай да филолог болды. Ол да мені осындай рухани басқосуларға, кештерге, театрларға жиі ертіп баратын. Жатақханада бірге тұрдық. Мені отырғызып қойып дауыстап кітап оқытатын. 

Сөйтіп «қандай мінім бар?», «кемшілігім не?» деп ойлана бастадық.  Мүмкін бұл да анамнан, әкемнен келген саналылық шығар. Оқу бітіретін жылы қолыма тағы бір тамаша еңбек түсті. Ақниет Озатұлы деген бізбен қатарлас бітірген филологтың бала тақырыбына байланысты мақаласын оқыдым. Сол бір ғана мақаланың өзі маған үлкен азық болды. Алла Тағала маған жолдас болатын адамды кезіктіргенде ол кісіге де осы мақалаларды жібергенмін. Сөйтсем, сенесіз бе, менің жолдасым да мен сияқты дайындалған екен. Негізі баланың тектілігі ең алдымен әкеден, әкенің тазалығынан басталады. Бұған ер азаматтың артық жүріс жүрмеуі, темекі тартпауы, арақ ішпеуі дегендер кіреді. Совет-Хан Ғаббасов отбасы құруға дайындық немесе ұрық тазалығы деп көп айтады. Оны ерлер қауымы өзі оқып, көре жатар. Ал менің ақ некедегі алғашқы принцибім адалдық болды. Ізденгенімнің, ниет еткенімнің арқасында мен соған жеттім. 

– Иә, сіз адал ас жайлы, ұлттық тағамдардың пайдасы туралы көп айтасыз. 

– Әйел әзірлеген тамақтың қандай болуы бүкіл отбасына әсер етеді. Мен оның дәміне байланысты айтып отырған жоқпын. Әлеуметтік желідегі оқырмандарыма үнемі айтатын бір оқиға бар. Өрісте жүрген Зеңгі бабаға әйелі Әнуар күнделікті ас пісіріп, апарып береді екен. Бір күні Әнуар анамыз тамақ істеп жатқан кезде тамаққа қылшық па, бір нәрсенің түскенін байқап қалады. Алаңдап тамақтан бір неше ожауды төгіп тастайды. Сөйтіп не болса да өрісте жүрген Зеңгі бабамызға апарып береді. Әлгі тамаққа түскен дүниенің рас-өтірігін білмек болған әйелі Зеңгі бабадан: «Мынау сиырдың ішіндегі бұзаудың қандай екенін айтып бере аласыз ба?» – деп сұрайды. Сондай Зеңгі баба: «бұның ішінде қасқа бұзау жатыр», – дейді. Әсілінде іштегі бұзаудың құйрығы қайырылып келіп маңдайын басып тұрған екен. Сол кезде әйелі тамаққа шынымен де бір заттың түсіп кеткенін біледі де күйеуінен кешірім сұрайды. Сол кезде Зеңгі баба: «менің әулиелігім мен даналығымның артында сенің осындай адалдығың мен тазалығың тұр екен ғой», –  деп Әнуар анамыздың маңдайынан сүйіпті деседі.

«Мына сөзім – қатынға,

Құлағың сал жақында.

Біссімілләсіз ұстасаң,

Береке тұрмас асыңда.

Ашылса шашың бұрқырап,

Періште тұрмас қасыңда», – деп басталатын Ақыт қажы Үлімжіұлының осы бір өлеңін анам ас үйге кірген сайын айтатын. Әсіресе ұн илеген кезде толық айтып беретін. Сол күйі көкейімде жатталып қалыпты. Ал қазір кім басына орамалын тағып, көйлегін киіп, бісімілләсін айтып, дәретін алып баласы мен күйеуіне тамақ беріп жатыр? Тереңдете берсек мәселе көп. Бірақ осының барлығын қиналмай жүріп жасайтын қазақтың әйелі болған. Ол білген, білген де жасаған және сол ісінен ләззат алған. Ал оның артында не тұр? Оның артында үлкен құлшылық тұр. Алла Тағаланың бізге, әйел адамға беріп қойған құлшылығы тұр. Соны әрбір әйел білгеннен кейін ешқандай күңкілдемей жасаған. Ал қазір біз бүкіл істегенімізді бұлдаумен, күңкілмен шайып жібереміз, сауапсыз қаламыз, бала-шағамызға адалынан ас бермейміз, берекені қашырамыз.  Сосын балам жаман болды деп ойбай саламыз. Қуып келгенде, соған сай әрекет етпейміз. Демек Зере мен Ұлжандай жұмыс жасай алсақ, Абайдай ұл туады. 

Жаңағы сұрағыңызға оралатын болсам, иә, біздің геніміз өз ұлтымыздың тағамдарына ғана бейімделген. Қай жапонды көрдіңіз, баласына қазақтың қазысы мен айран, сүтін беріп жатқан. Бірақ біз жаттың тамағын баламызға беруге, өзіміз жеуге асықпыз. Сүт, ет, айранға жетері жоқ. Дүкендегіні айтып отырғам жоқ. Табиғи тағамды іздеген жан табады, ұлттық тағамды да үйінде отырып-ақ әзірлей алады. Тіпті ауылда отырып табиғи тағамның құнын білмей отырған адамдар бар. Басты нәрсе ниетте. Біздің сылтауымыз көп қой. Астананың шетінде ауылдар көп, табу қиын емес. Алматыда да дәл солай.

Сосын біздің қоғамда балаға берілетін ұнтақ (смесь) туралы өте үлкен уәж айтылады, қол сауған сүтке көп қарсылық бар.  Бірақ бәрібір жаратқан иеміздің нәрсесінен жаратылғанның нәрсесі ешқашанда артық тұрмайтынын ұмытпау керек. Смесьтің де бір бизнес екенін ұмытпауымыз керек.  Жасанды дүниемен өскен бала мен табиғи сүт ішкен баланың денсаулығының өзінде үлкен айырмашылық болады. түптеп Келгенде, осының аражігін ажырата білу тағы да сол ананың зейін-зердесіне байланысты.

– Үшемдерге де үнемі ұлттық тағамдар әзірлеп, әлеуметтік желіде рецебін жазып жүресіз. Баланы тамақтандыруға арналған «Адал ас» атты курсыңыз да бар. 

– Мен солай ниет еттім, дайындалдым. Бойыма табиғи жолмен үшемдер бітті. Ақты сүйіп ішетінмін. Жүкті кезімде де солай іштім. Сондықтан да болар балаларым айран, сүтті өте жақсы көреді. Ешқашан дүкеннің сүтін ішпейміз. Перзентханада жиырма күн үшеммен өзім ғана қалдым. Әр анаға екі сағат уақыт беріледі. Сол аралықта балалардың жөргегін ауыстырып, емізіп, өзің тамақтанып, демалып үлгеруің керек. Осы кезде сорпа, ет, шала піскен бауыр сияқты босанған әйелді қуаттандыратын тамақтар күнделікті үйден келіп тұрды. Аурухананың тамағын татқан да жоқпын. Кейіннен балаларды тойдыра алмаған кезде табылғанынша ешкінің сүтін бердік. Табылмай қалған кезде сиырдың сүтін бердік. «Педагогикада» сиырдың сүтін балаға қалай беру керектігі анық жазылған. Ана мен баланың түйсігіне ештеңе жетпейді. Баланың не қалайтынын, балаға ненің жағатынын әр ана сезе алады. Уақыт өте балаларым айран ішті. Қазақта айранды сұйылтып беру деген бар. Сосын жас малдың қара сорпасын бердік. Бір ғана қабырғаны қайнатып берген балаға өте үлкен күш береді. Қызыл иегі қыши бастағаннан қатты құрт бердік, сүйек мүжіттік. Яғни біз ешқайда жүгірген жоқпыз, өзімізде бар, ата-бабамыздан келе жатқан дүниелерді қолдандық. Бірақ қазақтікі ғана жөн деп, басқаларды теріске шығарып жатқан жоқпын. Үшемдер жарты жасқа келген кезде шет елдің баланы тамақтандыруы туралы іздей бастадым. Оның ішінде де елеп-екшеп өзімізге, адамның табиғатына келетіндерін алдым. Демек адалынан берілген ас баланың тәніне ғана емес, жанына, рухына өте үлкен әсер етеді. Курста жүкті әйелдің тамақтануынан бастап, баланың туғаннан бір неше жасқа дейінгі тамақтануы түгел қамтылады. 

Бүгінде құйрық май сорғызатын ешкім жоқ, бесік дегенді ұмыттық. Құранды қастерлеп іліп қойғанымыз сияқты ұлттық құндылық әрқайсымыздың аузымызда ғана. Ал біз ана болғандықтан бүкіл ұлттың алдында жауаптымыз. 

Тіпті біздің қоғамда декреттің өзін жаман көрсететін жағдай пайда болды. «Тезірек жұмысқа шығып кет, үйде отырып қалма» деп насихаттайтындар көп. Ал сенің алдыңда тұлға тәрбиелеу деген ұлы міндет тұр, қалай соны тастап жұмысқа шығып кетесің? Декрет депрессия емес. Айналайын, аналар, бақыттың өзінен проблема жасамаңыздаршы. Сөйтіп балаларды дұрыс тамақтанумен өсіре бастадым. Біздің балалар агуша, барни дегендерді татқан емес. Кез келген жеміс-жидекті де қоспасыз, өз қалпында беріп отырдық. 

– «Құрсақ тәрбиесі» деген курсыңыз да бар. 

– «Құрсақ тәрбиесі немесе даналыққа жүктілік» курсын балаларым іштегі кезде ойластырғанмын. Бірақ мен үлгермей қалдым. Сөйтіп былтыр ең алғаш осы курсты өткіздім. Бірақ бұл өте ауыр курс. Қазір құрсақ тәрбиесі туралы жеке кеңес беріп жүрмін. Өйткені ананы дайындамай баланы түзеп жіберу мүмкін емес. Сондықтан әр әйелмен шамам келгенше жеке-жеке сөйлескім келеді. Бірақ Совет үкіметінің қыспағынан кейін өмірге келген қыздарда ізденіс мол, саналы жастар көбейіп келе жатыр. Айланып келгенде бұны Зейнеп Ахметова да, Совет-Хан Ғаббасов та ойлап тапқан жоқ, мен де ойлап тапқан жоқпын. Бұның барлығы болмыста, бұл – көшпенді қазақта болған ілім. Бұл төл ілімді бұрынғы қазақ айнытпай білген. Ал қазір бәріміз батысшылмыз, жақсының бәрі жатта сияқты түсінеміз.

Бізде «тәрбие – тал бесіктен» дейді ғой. Тәрбие тал бесіктен бұрын жан бесікте басталып кетеді. Жан бесік деген, бұл – әйелдің құрсағы. Ал бізде құрсақтағы баланы әлдилейтін жан бесік деген ұғым бар екенін жақында таптым. Қазір кім құрсағындағы баласын әлдилеп жатыр? Өзінің неге жерік екенін білмейтін әйелдер бар. Бұрынғы кезде қазақ аяғы ауыр әйелді күннен де, желден де, айдан да қорғаған. Келінінің аяғының ауырлағанын, оған қандай күтім керек екенін, оның неге жерік екенін енелері айтқызбай біліп отырған. Бізде тек асқа ғана жеріктік айтылады. Бұрын әнге, күйге, рухани дүниелерге жерік болған. Кезінде бір жүкті әйел Біржан салдың әніне жерік болған екен. Соны білген енесі Біржанды шақыртып, келінін шымылдықтың ар жағында отырғызып ән тыңдатқан екен. Сол кезде ана әйелдің жерігі басылып, көңілі көтерілген деседі. 

Кейде балаларың әлі кішкентай ғой, олардың қандай болатынын білмейсің ғой дейтін кісілер болады. Иә, мен болашақты болжай алмаймын. Бірақ мен балаларыма керектің бәрін қолымнан келгенінше беріп жатырмын, көрсетіп жатырмын. Балаларым іштегі кезден бастап ән мен күйге жерік болдым. Жырауларды көбірек тыңдадым. Әсіресе Сүгірдің күйлерін сүйіп тыңдадым. Ұлымның аты жайдан-жай Сүгір аталмаған. Таласбек ағаның «Тәттімбет» деген кітабын әдейі қайталап оқыдым. Құлағымда Таласбек ағаның тартқан күйлері тұратын. Ал үшемдер өмірге келгеннен бесік жырын айттық. Апасы қисса-дастандарды жырлап берді. Өзіміз ата-әжелерімізден нені естіп өстік, біз де үшемдерге соны беруге тырыстық. Кейін шетелдің әндерін де тыңдай берер. Бірақ бәрібір ұлттық әуен тереңде жатары сөзсіз. «Таудан аққан тас бұлақ, құймай қоймас теңізге. Жақсыдан жаман туғанмен, тартпай қоймас негізге» дейді ғой халқымыз. Құрсақта құлағына сіңіп, жадына жатталған дүниеден алыстамайды деп ойлаймын. 

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.

Сұқбаттасқан:

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?