Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әсет ақынды фотоға түсірген кім?

1103
Әсет ақынды фотоға түсірген кім? - e-history.kz

Қазақтың ән өнерінде айрықша орны бар тұлғаның бірі – Әсет Найманбайұлы. Музыка өнерін зерттеуші, академик Ахмет Жұбанов 1963 жылы жарық көрген «Замана бұлбұлдары» атты монографиясының 262-бетіне тарихта тұңғыш Әсет Найманбайұлының фотосын жариялаған екен. Одан кейін қазақ әдебиетінің белді өкілі, балалар жазушысы Сапарғали Бегалин «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1977 жылғы желтоқсан айындағы санына «Әнші Әсет» атты мақаласымен бірге жоғарыдағы фотоны екінші рет жаңғыртып жариялапты. Қазіргі таңда жаппай қолданыста жүрген Әсет ақынның фотосының түп негізі осы. Бұл күндері ақын бейнесі компьютерлік мүмкіндіктер арқылы өңделіп, көркем түрлендіріліп тарап жүр.

Жоғарыдағы Әсет ақынның фотосын кім, қайда түсірді деген сұрақ туары анық. Өйткені бұл жәдігер туралы әр жерде, әр кезде қадау-қадау айтылғаны болмаса, жүйелі зерделеніп баяндалған жоқ. Бізге бұл фотоны қандай жағдайда, кім түсіргені туралы Алматы қаласының тұрғыны – жасы 94-ке келген Іңкәр Ба­пи­на апамыз айтып берді. Бұл кей­уа­наны таныстырар болсақ: апа­­мыз әуелі өткен ғасырдың қыр­­қыншы жылдары Шығыс Түркі­стан тарихындағы елеулі тұл­ға­лардың бірі, ұлт-азаттық армия­сының полковнигі, аудармашы, қа­ламгер Балқаш Бапинның жа­ры болса, одан кейін Әсет ақын­ның суретін түсіріп, оны тарихта қал­дырған әуесқой фотограф Мұ­ха­­метжан Юсуповтың туған қызы екен. Аталған суреттің түпнұс­қа­сы қазір осы кісінің қолында тұр.

Жуықта телефон арқылы апамызбен тілдескенімізде, әкесі Мұхаметжан Әбдікәрімұлы 1896 жылы Шәуешек қаласында туғаны туралы айтты. Мұхаңның әкесі Әбдікәрім атамыздың ұлты өзбек болса, осы кісінің бәйбішесі Зұлқижа Шөкіманқызы найман – қаракерей – тума екен. Әбдікәрім кезінде Шәуешектегі патша­лық Ресей консулының шабарманы міндетін атқарыпты. 1901 жылы консул Борниман қайтыс болғанда оның отбасын көшірісіп Петерборға жеткізіп тастаған көрі­неді. Яғни орыс, өзбек, қазақ, қытай, т.б. тілдерді өз деңгейінде игерген тұлға көрінеді. 

«Менің әкем Мұхаметжан консулдық мекеменің қасынан ашылған үш жылдық орыс мектебінде оқыпты, жастайынан өнерге бейім болған. Оның сыртында Ресейден орыс, қазақ, татар тілдерінде шығатын газет-журналдарды алдырып оқи­тын. Әкейдің алғырлығына тәнті болған консулдық мекеменің фотографы З.С.Суменко еліне қай­тарда өзінің меншік фото аппаратын әкеме беріп кетіпті. Осыдан бастап сурет түсіруге әуестенді. Шәуешек қаласының байлары әйелдерінің бетін бөгде адамға көрсетпейтін болғандықтан оларды менің анам Әмина барып түсіріп жүрді», дейді Іңкәр апай.

Заман құбылып, қуғын-сүргін өрістеген 1938 жылдары фотограф Мұхаметжанды қытай билі­гі түрмеге жапқан екен. Осы алма­ғайып күндері фото сіңіріл­ген бей­нелі әйнектерді (ол кезде пленка бол­маған) нан жабатын пеш­тің көме­йіне жасырады. 1951 жылы екін­ші дүркін тергеуге алын­ған тұста әйнек-фотолардың дені жо­йылып кеткен көрінеді. Бір ғажабы алаш арыстарымен бірге түс­кен Әсет ақынның фотосы аман қалған. 1955 жылы Мұхаметжан фотограф отбасымен кеңес еліне қоныс аударып Алматыға ке­ліп, Балқаш Бапинге жолығады. Балқаш Әлімқазыұлы бұл кісіні композитор Ахмет Жұбановпен таныстырады. Мұхаметжановтың қолынан Әсет Найманбайұлы­­ның фотобейнесін көрген ком­по­зи­тор оны өңдетіп, суретті жо­ғары­да айт­қа­нымыздай, «Замана бұлбұл­да­ры» атты кітабына жариялайды.

Осы орайда атап өтуге тұра­тын келесі бір дерек «Қазақ әде­биеті» газетінің 1990 жылғы 18 мамыр күнгі санына «Асыл аға­ларды суретке кім түсірді?» деген бір тұтам жазба жарияланып­ты. Авторы – Іңкәр апамыз. Жаз­бада әкесінен естіген ес­тел­ікті кел­ті­реді. Онда: «1918 жыл­дың апрель айы. Шәуешекке Рос­­сия­дан қонаққа келген қазақ жазу­шы­лары Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы, Райымжан Мәр­секұлы құрметіне қала сыр­тын­дағы бақшалардың бірін­де қаланың қазақ жастары қо­нақ-мәжіліс жасады. Сол қонақ-мәжілісінен бүтін уәләият бо­йынша бірден-бір фотограф менің әке­ме рәсім түсіруге дағуат қыл­ды. Мәжіліс ашылысында Бақты­дан Шәуешекке жеке ісімен кел­ген қәдірменді Қанағат болыс Сүй­лейменұлы (Қабанбай батырдың ұрпағы) жолдастарымен жеті-сегіз адам келіп қатысты. Солардың арасында Әсет ақын да бар еді. Бұл Әсет ақынды осыдан төрт-бес жыл бұрын Барлық-Арасанға бара жатқан жолымда Еміл бо­йын­да Әлімғазы болыстың (Балқаш Бапинның әкесі) атажұртын­да мейман болып қонған кезім­де көргем, салған әнін естігем. Келу­шілер мен шақырылған меймандарды таныстырып болған соң Міржақып Әсет ақыннан бірер ән, өлең айтып беруді өтінді. Бұған сонда болған халық та қосылды. Басында Әсет  ән салуға тамағы ауырып жүрген­дігін сылтау қылып, қабыл алмады. Бірақ сұраушылар қайта-қайта ықылас еткен соң: «Мен домбырамен айтушы едім», деп домбыра талап етті. Қайдан екенін білмеймін бір жақсы домбыра тауып келтірілді. Бұны қолға алып арлы-берлі шертіп көріп, мұны­мен ән-күй айта алмайтынды­ғын білдірді. Және: «Жақсы гармонь болса», деді. Гармонь да табылды. Біраз уақыт Әсет қысылып, ыңғай­сызданып отырды да, әнге салып, өзінің өнерін көрсетті. Әсетті ес­ту­шілер мақтап, оған биік баға берді. Қонақ-мәжілістің соңынан рәсімге түсіру болды. Әсет сонда бір шетте отырып түсіп қалған еді», деп жазады.

Сондай-ақ Алаш арыстары­ның Шәуешекке келген себебі туралы Мұхаметжан Юсупов жоға­ры­дағы естелігінде көкейге қо­нымды мынадай пікір айтады: «1916 жылы патшалық Ресейдің «Қазақ жастарын майданның қара жұ­мысына алу туралы» оғаш сая­сатының кесірінен көптеген ша­ңырақ қытай еліне асып кеткен болатын. 1917 жылы орнаған Кеңес үкі­меті сол адамдарды қай­тарып әке­лу мәселесі бойынша қазақ зия­лыларын жіберген», депті.

Жоғарыдағы әңгімелерді айып берген Іңкәр апамыз: «Әкем Мұхаметжан Юсупов 1975 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) шаһарын­да қайтыс болды. Осы күнде әр кез Әсеттің суреті жарияланғанда оны түсірген менің әкем екені еш­қашан айтылмайды. Өкпе-наз айтайын деп отырған жоқпын. Бірақ қаншама қуғын-сүргіннен өткенде пештің көмейіне, құран қобдишасына, етігінің қоны­шына тығып, аман-есен сақта­ған еңбегінің ескерілмегені көңілге қаяу түсіреді», деп назын айтты.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?