Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Тайлақ сардар

2861
Қазақ батырларының тағдыры. Тайлақ сардар - e-history.kz

Тайлақ Мәтіұлының туғанынан – 330 жыл

Қазақ батыры қашан да жерінің қорғаушысы ғана емес, елдік пен рухтың жанашыры да бола білген. Осындай өмірінен өнеге алар батырлардың бірі - Тайлақ Мәтіұлы (1693-1739). Тайлақ батыр, мерген, қолбасшы және мемлекет қайраткері.

Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында берілген мәліметке назар аударсақ, Тайлақ Мәтіұлы – Кіші жүздің Жетіруының Телеу атасынан тараған. Әбілқайыр ханмен үзеңгілес, құрдас әрі ақылшы-кеңесшісі болған. 1726 жылы Ордабасы Құрылтайына, 1727 жылы Бұланты шайқасына және 1729 жылы Аңырақай шайқастарында Кіші жүз жасағын басқарған атақты қолбасшылардың бірі ретінде танылған [1].

Қоғам қайраткері М.Төлепберген «Саңырық батыр» тақырыбында жазған мақаласында: «Саңырық пен Тайлақ батырларды жалпы ұлттық батыр деңгейінде және сол биіктікте тану - ерен еңбекті бағалау және ақиқатқа жүгіну деп санаймыз. Ел арасынан алынған дереккөздерге қарағанда,  Саңырық Тоқтыбайұлы өзі Тайлақ Мәтіұлының жиені, жас жағынан нағашысынан кіші, бірақ көп емес, иықтас, замандас деуге болады» [2], - деп жазған. 

Тайлақ батыр әуелі ұрыстарда өзінің әкесі Мәті би, туыстары Шом батырлармен бірге жүріп үйренген. Солардың үлгі, өнегесін алған. Яғни, ізбасар, бабалар ізін жалғастырушы болған [3]. Тайлақ батыр өз заманынында асқан батыр, әскери өнерді жетік меңгерген және ұрыс айла-тәсілдерін шебер ұйымдастырушы, қолбасшы ретінде көзге түскен. Қазақ-қалмақ арасындағы шайқастарға Тайлақ батыр мен оның ағасы Дербіс батыр қатысқан. Сондай-ақ, Саңырық батырдың інісі Сарымерген және ағасы Дәнен есімді батырлар да қатысқан екен.

Тайлақ батырға қатысты деректер

Қазақ зиялыларының еңбектерінде: М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы», І.Есенберлиннің Көшпенділер трилогиясының «Жанталас» кітабында, Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романында, Ә.Әлімжановтың «Жаушы» кітабында, С. Байдәулетовтың «Алтын киімді ханзада ұранды қарт қазақтар» кітабында, С.Қойшыбаевтың «Тұлпар» кітабында Тайлақ батырдың ерлік өмірі суреттелген. 

Қазақ пен қалмақ шайқастары туралы І.Есенберлин «Жанталас» кітабында: «Қазақтың ежелгі атамекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласының, сар даласын қалмақтар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. Бүкіл дүниежүзінің айдаһары Сыр бойына жиналып, аузынан қар боратып, ысқырынып жатқандай, қарлы боран бірде-бір толастамады. Жығылғанға жұдырықтың кері кеп, жеті ағайынды жұт жетті. Арамнан жиналған ас болмайды. Халықты жылатып тартып алған қазақтың қыруар малы шөп жетпей мың-мыңдап қырылды. Қалмақтар бар табысынан айырылды. Ал, қазақ елінің бұл жылғы көргенін қағаз бетіне түсіру мүмкін емес еді. Тек сан айқасты басынан кешкен батыр ел бұл апаттан да тегіс қырылмай, әупірімдеп аман қалды.

Қазақ елі қалмақ қырғынынан кейін екі жыл уақыт өткенде есін жиып, басқыншыларға қарсы тұрды. Ең алғашқы жеңісті Кіші жүз Тайлақ батыр мен Ұлы жүз Ошақты руынан шыққан Саңырық батыр әкелді. Бұлар Бұланты-Білеуті өзендерінің ортасындағы «Қара сиыр» деген жерде қалмақтың қалың қолымен бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді [4], - деп жазған еді. Бірақ, І.Есенберлин бұл тарихи шығармасында М.Тынышбаев еңбегіне сүйеніп, жаңылыс жазған.Тарихи орынның шынайы атауы «Қарасүйір» деген жер.

Жазушы Әнуәр Әлімжанов «Жаушы» романында Әбілқайыр хан өзінің ру басылары мен батырларына дөңгелек мөр алтын тай тұяқ үлестірген. Оның бетінде батырлардың ерекшеліктеріне қарай бүркіт, қабылан, жолбарыс, тау текенің айырма-белгісі болғанын жазған. Осы тарихи кітапта Бөгенбай, Малайсары, Саңырық, Қабанбай батырларға алтын арыстан белгісі бар алтын тай тұяқ, ал, Тайлақ батырға бүркіт бейнелі алтын тай тұяқ сыйлағандығы баяндалады. Одан кейін Тайлақ батыр көбінесе Ырғыз даласында бас батыр ретінде суреттеледі.

Осы аталған шығармаға назар аударсақ, қалмақтардың көмекке келе жатқан тың күшін талқандап, кейін қарай қуып тастаған соң өзінің сарбаздарын бастап Бұлантыға қарай жол тартқан Бөгенбай батырды Саңырық пен Тайлақ зор қошеметпен қарсы алды. Қапсағай бойлы, кең кеуделі Бөгенбай ақжарқын сабырлы еді. Ол батырлармен шын бауырларша көрісіп, өзінің дарқан мінезімен құрмет пен сенімге ие болды. Кездесуден кейін Тайлақ пен Саңырық  бірауыздан Бөгенбайды орталарынан бас батыр етіп сайлады [5], - деп мәлімет келтірген.

XVIII ғасырдағы қазақ тарихы бойынша ірі зерттеуші М.П. Вяткин «Очерки по истории Казахской ССР» аталатын еңбегінде орыс дерек көздеріне сүйене отырып, қазақ-қалмақ шайқасы туралы: «Басқыншылықпен келген қалмақтарға тойтарыс беруді қарапайым халық ішінен шыққан батырлар ұйымдастырады. Атап айтсақ, Кіші жүзді Тайлақ, Ұлы жүзді Саңырық және Орта жүзді Бөгенбай батырлар ұйымдастырып шықты. Олар 1727-1729 жылдары қазақ-қалмақ шайқастарында жеңіске жетіп, жауға тойтарыс берді» [6], - деп нақты тарихи дерек негізінде атап көрсеткен.

Қазақстан тарихына қатысты «Телеуге» арналған шежірелік басылымның VI томында Тайлақ батыр туралы мол мәлімет Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев жазбаларында берілген[7]. Одан кейін Батырдың тұлғалық бейнесін аша түсетін бірқатар мақалалар да жарық көрген. 

 «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»

1723 жылдың көктемінде жоңғарлардың қалың қолы шабуыл жасады. Шапқыншылар еліміздің оңтүстік өңірінде бейбіт елді қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын жаулап алды. Осы жылы қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерлерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлде қайда көп болды. Қорғануға мұршасы келмеген ел, әсіресе, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендері бойында көп қырылды. Тірі қалғандары ата-мекендерін тастап шықты. Тарихта бұрын болып көрмеген алапат құбылыс – қазақ халқының үдере қашқан босқыншылығы туды. Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырға, Шыршыққа құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп Ходжент, Самарқан иеліктеріне көшті. Кіші жүз Сауран қаласын айналып («Сауран айналған») Бұқараға ауды. Халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір ру-тайпалар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді [8]. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған мұңға толы «Елім-ай» әні дүниеге келді. 

1723 жылы қазақ-қалмақ болып жиылып соғысқанда, қалмақтың билеушісі Цеван Рабдан қазақтың көбін қырып, қалғанын қуып жіберген. Сонда қазақтар аш-жалаңаш, жаяу шұбап бір көлдің басына келіп, көлді айнала сұлап жатыпты. Сонда бір ақсақал кісі айтыпты:

Балалар, адам бастан кешкен жаңалықты қандай ұмытпаса, жаманшылық көргенін де сондай ұмытпауы керек. Біздің бұл көрген бейнетіміздің  аты: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мағанасы: табанымыз ағарғанша жаяу жүріп, көлді айналып жатқан күн еді және сол жолда айтылған, қазақтың ескі өлеңі мынау:

Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзге мөлтілдеп жас келеді... [9], - деп бұрынғы қайғылы оқиға туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы да жазған екен. 

Қазақ халқы өз өміріндегі аса ауыр апат, зор зобалаңға тап болып, адам айтқысыз аянышты күндерді басынан кешірді. Атақоныс, құтты мекен, мал-мүлкінен және баспанасынан айырылып, аш-жалаңаш, жяу-жалпы шұбырған қарапайым халық бұқарасы қатты қиналды. Ашаршылыққа ұшыраған жұрт жол жөнекей жер желегін, шөптің тамырын, қозықұйрық сияқты жабайы өсімдіктерді теріп жеп, қайыр сұрап күнелтті. Әйелдер мен балалар және қарт адамдар адам төзгісіз жол азабына шыдай алмай, жапан түзде қалып аштан қырылды. Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» [10], - деп аталды. 

Қалмақтарға қарсы жорық

Әбілқайыр ханның мол әскери күшпен Жайық бойында тосыннан пайда болуы Еділ қалмақтарының құтын қашырып, үрейін туғызды. Қазақтардың өздеріне қарсы бағыт алғанын анықтап білу үшін қалмақтар  алдымен барлау тобын жібергенімен олардың көзі жойылып, тек біреуі ғана қашып құтылған. Осы кезде Әбілқайыр хан Бұлқайыр сұлтан бастаған 20 мың қазақ қосыны Жайық өзенінен өтіп, Бақсай мекеніне тоқтаған. Ол туралы Досанг тайшы 1723 жылы Астрахан губернаторы А.П. Волынскийге хабарлаған.

Әбілқайыр хан бастаған қазақ қосыны 1723 жылы қыркүйекте және 1724 жылы көктемде Еділ қалмақтарына соққы беріп, 1724 жылы күзде Түркістанға шабуыл жасап, қаланы қалмақтардың қолынан қайтарып алды. Сол тұста Сырдағы қарақалпақ ордасында болған башқұрт Мақсұт молда Юнусов 1724 жылы 6 қарашада Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында: «Әбілқайыр хан мен бүкіл қазақтар қазіргі уақытта Түркістанда, мұнда қазақтардан ешкім жоқ. Аюкенің жиені  Шона батыр бұрын Түркістан шаһары мен 32 кентті алған еді. Әбіқайыр хан мен бірге қазақтардың бәрі жиналып, Түркістанға жорық жасап, Шона батырмен соғысып, оны қашуға мәжбүр етіп, Түркістан шаһарын қайтарып алды» [11], - деп хабарлаған.

Қазақ еліне Шығысы мен Батысынан қауіп төндірген және өзара қосылуға әрекеттенген Жоңар хандығы мен Еділдегі Қалмақ хандығы болды. 1724 жылы Аюке хан қайтыс болды. Бұл Қалмақ хандығы Қазақ ордасының соғыс қуатын кем бағалап, қателескен сияқты. Бұл айтқандарымызды оқиғалардың кейінгі өрістеуі дәлелдей түседі. Бұл кезде жоңғардың зор күші Шұбар теңіз маңындағы Бұланты, Білеуті өзендерінің бойына шоғырланған еді. Мұндағы мақсат – Еділ-Жайық жақтан келетін Аюке хан әскерімен қосылу болатын. Бірақ, бұл жоспарды қазақ қолбасшылары іске асыртпай тастады. Сәмеке, Әбілқайыр хан, Барақ сұлтандар бастаған 10 мың қазақ жасағы 1726 жылы Черен-Дондук хан мен Доржы Назаров иеліктеріне басып кірді. Бұл кез Еділ қалмақтарының таққа таласудың енді-енді арнасына түсе бастаған сәті еді. Орданың осындай іштей ыдырап тұрған сәтін пайдаланып жасалған жорық қалмақ ханзадаларының арасында үрей туғызды. Олар орыс шекара үкіметіне үсті-үстіне хабар жеткізіп, қазақтар шабуылынан қорғау, ең болмаса дипломатиялық жолмен ара түсуді сұраған өтініштер жасайды. 4 тәулікке созылған ауыр шайқаста Қалмақ хандығының 30 мың әскері келісім сұрауға мәжбүр болды [12]. Міне, Әбілқайыр хан бастаған қазақ батырлары Шығыс пен Батыстағы қалмақтардың өзара қосылуына және қазаққа қауіпті үлкен күшке айналуына жол бермеді.

Ордабасы Құрылтайы

Қазақ даласын сол бір жан-жақтан жау анталап, іргеден қиқу кетпей тұрған тұста күллі ұлтты ұйытып, рухани бірлікке мұрындық болған кемеңгерлер: Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билердің орыны бөлек. Алауыз болып қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен ру арасындағы талай жылғы келіспеушілікті тоқтатқан еді.

Қаратаудың күнгей биігіндегі оқшау биік Ордабасында үш жүздің баласы бір бәтуаға келіп, ата жауға аттануға анттасқан сәті – ең шешуші кезең болса, бас сардар Әбілқайыр болып сайланып, қазақтың барлық батырлары бірге тізе қосып жауға қарсы аттанғанда, тұлпарлар тұяғы мен сауыт киген адамдардан жер қайысқан күйде еді [13]. 

Қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде: «Үш жүздің әскери қосындары біздің ойымызша, Бадам  өзені жақтағы «Ордабасы» тауына жақын жерде, яғни «Орда Басы» деп аталатын тарихи орында бас қосқан. Ол тарихи орын Алатау мен Қаратау тауларымен шектесетін Арыс пен Бадам алқабының еңіс ойпатында орналасқан, жекелеген биіктіктермен, аласа жоталармен төбешік далаға айналып жатқан бұл шағын тау бүкіл төңіректі алыстан бақылауға ыңғайлы орын. Өзеннің ойпатынан көтерілген биік төбе, Арыстанды, Шаян немесе басқа жерлерде Ордабасыға тән төбе бірден көзге түседі. Ордабасының арғы бетінде бір кездері суы мол, ең бай шалғындығы бар жерде Бадам өзені Ордабасыдан батысқа қарай ағады. Оңтүстікте көптеген шабындықтарда елеулі ордаларды жасыруға болады. Дәл осы жерде ортақ келісім жасалып, бір-біріне адалдық антымен серттесіп, бірауыздан Әбілқайыр ханды бас қолбасшы сайлап, халық әдет-ғұрпы бойынша ақбоз атты құрбандыққа шалған» [14] , - деп жазған.

XVIII ғасырдың 20-жылдардың ортасына қарай Қазақстанның оңтүстік шекарасында қалыптасқан аса шиеленісті және үрейлі жағдай күштірек және жақсы ұйымдасқан жаумен күресу үшін Үш жүздің күштерін тез арада біріктіруді талап етті. Осындай әскери одақтың шұғыл өзектілігін негізге ала отырып, 1726 жылдың аяғында Шымкенттің батысында орналасқан Орда басы төбесінде Үш жүздің халық өкілдерінің құрылтайы шақырылды. Еділ қалмақтары мен Шығыс Түркістан қалмақтарына қарсы осы алқалы кеңесте ортақ келісім бойынша қолбасшысылыққа Әбілқайыр сайланып, есімі бүкіл қазақ даласына танылды. Дәстүр бойынша құрбандыққа шалынған ақ боз атты болашақ табыстың ырымы ретінде қабылдады [15]. Ордабасы Құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, даңқты қолбасшылар мен батырлар шақырылған.

Осы кезден бастап қалмақ-қазақ соғысындағы шабуыл бастамасы қалмақтардан қазақ жасақтарының қолына өтіп, олар Әбілқайырдың қолбасшылығымен оңтүстік майданның әр түрлі бағыттарында жаулап алған аймақтарынан қалмақ жасақтарын белсенді түрде ығыстыра бастады.

Бұланты шайқасы

Қасиетті Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті өзендерінің аралығындағы кең жазықта қазақ халқының тағдыры шешілген шайқас болғандығы анық. Қазақ халқының тарихында 1723-1727 жылдар аралығын қамтыған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын қайғылы оқиғадан кейін Үш жүздің ру-тайпалары бас қосып, алқалы кеңес өткізген жер Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасы болды. Осы арадан бірлікпен аттанған қазақ жасақтары Әбілқайыр ханды бас қолбасшылыққа сайлаған. Қазақ жауынгерлері алғашқы жеңіске 1726 жылы Шұбартеңіз маңында қол жеткізді. Одан кейін мықты қаруланған жоңғар әскеріне қарсы Ұлытау мен Сарыарқаны қорғау мақсатында 1727 жылы Бұланты мен Білеуті аралығында «Қарасүйір», «Қалмаққырылған» деген жерде жан алып, жан беріскен шайқас өткен [16].

Белгілі тарихшы Б.Б. Кәрібаев осы шайқас туралы: «Ордабасы тауындағы жиыннан кейін қазақ әскерлерінің алғашқы ірі жеңісі шамамен 1727 жылы Сарысу өзенінің батыс жағындағы Бұланты бойында болды. Әбілқайыр хан бұған дейін тек қана Кіші жүз бен Орта жүздің жекелеген руларының әскеріне қолбасшылық жасап, қазақтармен жеке майданда соғысса, Бұланты бойындағы шайқаста бүкіл қазақ әскерін басқарып, тұтас майданда ұрысқа шығады. Өзен бойындағы «Қара сиыр» деген жерде Кіші Жүздің жетіруынан Тайлақ батыр мен Ұлы Жүз ошақтыдан Саңырық батыр ерекше көзге түскен [17]», - деп жазды .

Көрнекті фольклоршы, этнограф Ә. Диваев біздің заманымызға талай тарихи аңыздарды жеткізді. Атап айтқанда: «Аңыздың бірінде былай делінген: Кіші жүздің үш руы Орта орданың бір бөлігімен бірге Сарыарқаның солтүстік шекарасында жоңғарлармен соғысты. Ұрыстарда атақты мергендер Тайлақ Кіші жүзден және оның жиені Саңырық мерген Ұлы жүз Ошақты тасжүрек руынан көзге түсті. Жоңғар езгісінен арылуға шақырған жалынды ұранға барлық қазақтар үн қосты деп жазған [18]. 

Қалмақтармен күрестің бұл кезеңі туралы М.П. Вяткин былай деп атап өткен: «Орасан көп адам мен малдан айырылу қазақтарды топтастыруға мәжбүр етті. Қазақтардың ойраттарға алғашқы соққыны сұлтандардың басшылығымен емес, қайта Кіші Жүзден Тайлақ, Орта жүзден – Бөгенбай және Ұлы жүзден Саңырық батырлардың бастауымен жасағанын атап өту назар аударарлық. Бұл қақтығыстың зор маңызы болды, ол барлық Үш жүз қазақтарының күштерін жаппай ұйымдастыруды бастап берді [19]», - деп жазды. 

Осы Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста ерекше көзге түскен және ең алғашқы жеңістің туын желбіреткен Кіші жүз жетіруынан Тайлақ батыр мен оның жинені Ұлы жүз ошақты Саңырық батырлар туралы деректі қазақ қарияларынан ең алғаш рет жазып алып, Әбубәкір Диваев «Көк-Кесене мовзлейі»  атты мақаласында 1905 жылы жариялаған. Одан кейін қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде жазған. Осы аталған еңбектерге кейін тарихшы Ирина Ерофеева сілтеме жасаған             [15, 142].

Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. 2019-2020 жылдары Бұланты-Білеуті шайқасына қатысты зерттеулер жүргізіп, экспедицияға жанашыр азаматтармен барғанбыз. Шайқастың болғандығы рас. Шайқас алаңында батырлардың қорымдары бар, ондағы Үш жүзден қатысқан батырлардың ру таңбалары қашалған. Тіпті, жебе ұшы мен мылтық оқтары да табылды. Бірақ, әлі көп зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, болашақта дұрыстап зерттеулер жүргізіп, мақалалар жазып, іргелі ғылыми еңбектер шығаруымыз керек.

Аңырақай шайқасы

Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқы Отан соғысының (1729/1730) жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады. Сондай-ақ, М. Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған. Тарихта Аңырақай шайқасы өткен алқап Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде болғандығы айтылады. 

Аңырақай шайқасы өткен аймақ Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматы бағытында 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Ол жерде «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіретіндігі күмәнсіз. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Асқақ рух сезімімен қанат біткен олар өздерінің ерлігін, ержүректігін, тастүйін бірлігін және жоғары әскери машықтанғандығын танытты. Әбілқайыр ханның өзі мен оның серіктерінің ең жақсы қасиеттері осы шайқаста көрінді [20]. Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары, барлық үш жүздің өкілдері болды.

Қалмақ басқыншылығына қарсы қазақ халқы Отан соғысының жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады, сондай-ақ, оған М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған. 

Аңырақай шайқасының уақыты мәселесіне келгенде барлық авторлар негізінен бірауызды. Ауызша аңыздарды пайдаланғандар да, М. Тынышбаевтың ізімен жүрушілерде солай деп жазды. Отан соғысы шамамен1730 жылы екендігін анықтайды. Аңырақай қырғыны (Болаттың қайтыс болуында) «1730 жылдың көктемінен кешікпей болған, өйткені сол жылдың шілдесінде Әбілқайырдың елшілігі Уфаға жетіп те үлгереді», - деп сеніммен жазады.

М.Тынышбаев Аңырақай шайқасы өткен жерді Балқаш көлінің Оңтүстік шетінен оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде жатыр, ол қазақтар арасында «Итішпес деген атпен мәлім» деп санауы орынды. 1730 жылы жазға салым қазақ жасақтары өз аттарын Мойынқұм, Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінің аңғарларында тыңайтып алып, Хантау, Аңырақай таулары өңірлеріне шықты.

Аңырақайдағы шайқаста Әбілқайыр хан басшылық етті. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Шайқасқа барлық Үш жүздің жасақтары қатысты. Бұл шайқаста батырлардың бойын ерлік, қайсарлық, өздерінің жеңісіне деген мызғымас сенім биледі [14, 79]. 

Осы аталған Аңырақай шайқасы туралы Ж.Қ. Қасымбаев: «Тек соңғы жылдардағы ізденістер негізінде осы бір қоныстың қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте жер жастанған ойраттың Аңыра атты батырының есімімен байланыстылығы айқындалды. Бұған күмәнданатын негіз жоқ. Қаскелең, Боралдай, Шарын өзені және тағы басқа қоныстар ойрат есімдерімен аталғаны белгілі» [21], - деп жазды.

Аңырақай шайқасына байланысты тарихшы И.В. Ерофеева өзінің «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» атты еңбегінде нақты деректер келтірген. Онда Аңырақай шайқасына қатысқан Бөгенбай, Қабанбай, Тайлақ, Саңырық, Малайсары және тағы басқа көп батырар қатысқан деп жазды.

Ғалым бұл еңбегінде қазақтар мен қалмақтар шайқастан кейін бейбіт келісім жасады дейді. Осы шайқастың өткендігі туралы 1730-1731 жылдары Әбілқайрдың Башқұрттарға барған елшілері айтқан. Башқұрттар қазақ-қалмақ арасында осындай үлкен шайқас болдығын Ресей үкіметіне хабар берген [15, 147].

Аңырақай шайқасынан кейін Үш жүздің ханы Болат өлді, таққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Болаттың ұлы Әбілмәмбет таласты. Таққа Әбілмәмбет отырды. Соғыс алаңын әуелі Әбілмәмбет, іле-шала Сәмеке тастап кетті. Қазақ қонысы шегінді, Орта жүз Шу бойына кетті, Ұлы жүз қалмаққа бағынды. Әбілқайыр орыс шекарасына жылжып, іресін Орта жүзден аулақ салды, сүйтті де Ресеймен одақ болу жөнінде келіссөздер жүргізді [22]. 

Дуылғалы Дала перзенттері Тайлақ пен Саңырық батырлардың Бұланты мен Аңырақай шайқастарында қазақ сардарларының қолын бастап шыққаны, ту ұстаған батырлардың бірегейі болып танылуы тарихи ой-түйін айтуға да негіз болады. Ең әуелі мына мәселені атап өтуіміз қажет. Саңырық батырдың көтерілген биігі, оның батырлық абыройы, қиын-қыстау сұрапыл кезеңде елі мен жерін қорғау жолында ұран салған ерлігі мен жеңісі бүкіл қазақ даласына мадақ болып естіліп, мақтаныш болып жырланған. Тарихи жырда:

«Босқан елді құрап ал,

Қол бастаған Cаңырық.

Алладан медет сұрап ал,

Жол бастаған Саңырық.

Қарсы келген жауына,

Қырғын салған Саңырық.

Анталаған қалмаққа,

Сүргін салған Саңырық.

Тайлақ батыр екеуі,

Серік болған Саңырық...» [13, 6-7], - деп жырланып, арғы замандардан халық арасында ерлік дастаны болып жеткен.

Қаратаудағы шайқас

Қалмақтар Қалдан Цереннің кезінде 1739-1741 жылдары қазақ даласына үлкен жорық ұйымдастырды. Олардың Үш түменге бөлінген әскерін үш қолбасшы басқарды. Ертіс пен Тобыл бағытында – Септен ноян, Ташкеттен Сарыарқа мен Есіл бағытында – Лама Доржы және Түркістаннан -Сыр бойының бағытында Сары-Манжа ноян басқарды. Алғашқы жорықтары 1739 жылдың көктемі мен жазында басталған [23].

Қолбасшы Тайлақ батыр мен жинені Саңырық батырдың Ордабасы, Қаратау және Қазығұрт аймағында қалмақтарға қарсы соғысқанын көп ел біле бермейді. Ол шайқастар туралы кезінде ескілікті қариялардан көп тыңдаған және сол мәліметті жеткізуші Әбілдә бидің келіні, руы құлшығаш Қылышбектің қызы Үрзия. Бұл Әбілдәнің аталары Тайлақ батырдың немересі Қазанғап батырмен туыс болған. Қазанғап батыр осы Бадам төңірегіне қоныстанған соң өзі сұрастырды ма, әлде ескі қариялардың көрсетуімен айтты ма екен? Тайлақ батыр мен Саңырық батырдың қалмаққа қарсы соғысқан жері деп қазіргі Қараспан төбеден ары Бадамға шыға берістегі бұрынғы Жамбыл елді-мекенінің жерін айтады екен. Шайқаста Тайлақ батырың мыңбасы батырлары қасында жүрген [3, 224]. 

Міне, осындай жойқын шабуылдардың бір бағыты Cары-Манжа ноянның қол бастауымен Сыр бойына бағытталған уақытта 1739-1740 жылдары шамасында Тайлақ батыр жаумен шайқаста қоршауда жараланып шығып, кейін Қаратау мен Шиелі арасында қаза тапқан сияқты. Міне, осындай қазақ халқының даңқты тұлғасы -Тайлақ Мәтіұлына қатысты тарихи шайқас орындары мен «Тайлақ өлген», «Тайлақ бұлағы» деген жерлердің атаулары да сақталып қалған.

Қорытындылай келгенде, қазіргі уақытта Тайлақ пен Саңырық батырлардан тараған ұрпақ және елінің азаматтары бар. Олар бір-бірімен тарихи туысқандығын біледі. Өйткені, қазіргі буын олардың 8-9-шы ұрпақтары саналады. Әр қазақ жеті атасын жақсы біледі. Батыр бабаларының жорық жолдарына қатысты тарихи мәліметтерден де хабардар.

Қазақ халқының азаттығы жолында күрескен тарихи тұлға, даңқты қолбасшы – Тайлақ Мәтіұлының ерлігі мен жорық жолдарын әлі көп зерттеу қажет. Ол үшін тарихи орындарға экспедициялар қйымдастырып қарау керек. Одан кейін Ресей архивтері мен кітапханаларынан материалдарды қарау үшін көп ізденіс жасалуы тиіс.

Есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері қазақтың әрбір өлкесінде бар. Олардың есімін әрдайым ұлықтаудың, жас ұрпақ біліп өсуінің маңызы өте зор. Біз тарихымызды тасқа басқан бабаларымыздың ұрпағы ретінде Тайлақ батыр сияқты тұлғаларымыздың есімін әрдайым дәріптеп, есте қалдыру шараларын қолға алуымыз керек деп білеміз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

1. Дайрабай Т. Тайлақ Мәтіұлы // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2006. - 177 б.

2. Төлепберген М. Саңырық батыр //Асыл мұра. - 2015. - №5.  – 7-20 бб.

3. Байдәулетов С. Алтын киімді ханзада ұранды қарт қазақтар. ІІ Кітап. 223 б.

4. Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи тирлогиясы. Жанталас. Екінші кітап. – Алматы: Жазушы, 1976. – 320 б.

5. Әлімжанов Ә. Жаушы. Романы. Орысшадан аударған С.Мұратбеков. – Алматы, Жазушы, 1976. – 320 б.

6. Вяткин М.П. Материалы по истории Казахской ССР (1741-1751 гг.). ІІ том.  /(Акад. наук КазССР. Ин-т истории)/. - 1948. – 320 с.

7. Қазақ ру-тайпаларының тарихы.Телеу. VI том. – Алматы: Алаш,  2006. – 704 б.

8. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Исин А.И. Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы– Алматы: «Сөздік-словарь», 2011. - 251 б.

9. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. 2-басылым. – Астана: «Алтын кітап», 2007. – 50-51 бб.

10. Нығымет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Арап қарпінен көшірген – Мұратқан Қани. Алматы: Жалын, 1994. – 273 б.

11. Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023. – 88-89 бб.

12. Златкин И.Я. История Джунгарского ханства. – Москва: Наука, 1983. – С.255.     

13. Төлепберген М. Саңырық батыр. Тарихи-танымдық зерттеу, ойлар мен толғаныстар. – Алматы: «Казстанинформ», 2007. – 31 б.

14. Тынышпаев М. История Казахского народа: Учебное пособие. (Сост. и авт. предисловия проф. А.Такенов и Б.Байгалиев). – Алматы: «Санат», 1998. - С. 164. 

15. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы: Санат, 2002. – С.141.

16. Моисеев В.А., Сулейменов Р.Б. Из истории Казахстана XVIII (о внешнейи внутренней  политике Аблая). Алматы: Наука, 1988. – С. 23.

17. Кәрібаев Б.Б. Қазақ-қалмақ-орыс қатынастарындағы Бөкенбай батырдың рөлі  // Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, 2011. – 24-35-бб.

18. Диваев А. Мавзолей Кок-Кесене. Историко-археологическая заметка. Протоколы заседаний и сообщения членов Туркестанского кружка любителей археологии. Год десятый. Ташкент, 1905. С.40-42.

19. Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. Алма-Ата: Огиз.Госполиздат, 1941. - С.121. 

20. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: «Атамұра, 2010. – 130-131-бб.

21. Қасымбаев Ж.Қ. Тағы да Аңырақай шайқасының ақиқаты хақында // Қазақ тарихы. - 2000. - №2. - 53-56 бб.

22. Левшин А.И. Описание киргиз-казачых, или киргиз кайсацских, орд и степей (под общей редакцией академика М.К. Козыбаева). – Алматы, «Санат», 1996. – С.169-170.

23. Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIII вв). - Алма-Ата: Ғылым, 1991. – C114–118.

Қанат Еңсенов,

Мемлекет тарихы институтының

 жетекші ғылыми қызметкері,

 тарих ғылымдарының кандидаты,

 қауымдастырылған профессор

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?