Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

КСРО кезіндегі қақтығыстар

1412
КСРО кезіндегі қақтығыстар - e-history.kz

КСРО империясы небір қанды қырғын, шайқастарды бастан өткеріп, құрылған мемлекет. Ата қазақ «жара жазылғанымен тыртығы қалады» дегендей, кеңес үкіметі кезінде қорлық-зорлыққа ұшыраған бәзбір этностар мен халықтардың, тіпті жекеленген адамдардың қоғамға деген реніші әркез бас көтеріп тұрды. Бұл оқиғалардан былайғы көпшілік хабарсыз еді. Өйткені, бұл жабық тақырып болатын. КСРО құлаған соң аталмыш оқиғалар туралы қадау-қадау айтыла бастаса, бұл тақырып бойынша зерттеген қазақ қаламгері, байырғы чехист Амантай Кәкенов ағамыз болатын. Осы кісінің еңбегіне сүйене отырып, КСРО кезінде болған қақтығыстар хақында сөз қозғадық. 

Тбилиси толқуы

КСРО тарихындағы үлкен оқиғаның бірі – 1953 жылы 5 наурыз күні Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының Бас хатшысы, генералиссимус Иосиф Виссарионович Сталин қайтыс болды. Көп кешікпей оның орнына тағайындалған С.Хрущев жеке адамға табыну жөнінде баяндама жасап, мұртты көсемнің кейбір әрекеттерін терістеу басталды. Бұл оқиға Сталинді тудырған ұлт грузиндерге ұнамады. Олар Сталинді қаралауға қарсы шығып, бұл іске  Хрущев, Булганин және Микоян кінәлі деген тоқтам жасады.  Оның сыртында мұртты көсем дүйсенбі күні жерленді, бұл да грузиндік әдет-ғұрыпқа үйлеспейтін жағдай. 

Әуелі 1955 жылдың наурыз айында Тбилисиде Сталинді жоқтауға арналған стихиялық түрде жиналған бірен-саран тобырлар бас қосқан. Билік бұған ол кезде пәлендей назар аудара қоймады. Ал бір жыл өткен соң бірінші хатшы Василий Мжаванадзе бастаған партия басшылығы болып бүкіл Грузия наразылық таныта бастады. 

1956 жылдың 4 наурызынан бастап, яғни Хрущев баяндамасынан кейін бір жұма өтпей жатып-ақ грузин жерінде толқу басталды. Аздап қызып алған бір сталинші сүйікті көсем ескерткішінің тұғырына шығып алып бір шөлмек шарапты асфальтқа ұрып сындырады да «Сталиннің жаулары осы бөтелке сияқты құрып кетсін!» деп айқай салады. Екі күн өткен соң грузин Орталық Комитеті КОКП ОК-нің жеке адамға табыну туралы құпия хатын оқиды. Сталинді еске алу кезінде мұндай құжатпен таныстыру асқан қорлық деп есептеп, халық көшеге шығады. Ең алдымен студенттер көтеріледі, ал 7 наурызда кешқұрым Тбилисидегі қарсылық акциясына қатысушылардың саны 70 мыңға жетеді.

9 наурызда наразылық нағыз көтеріліске ұласты. Көптеген мекемелер жұмысын тоқтатты – бәрі митингіге кетті. Хрущевті орнынан түсіріп, өкіметті ауыстыру талап етілді. Студенттер пошта мен телеграфты басып алуға кірісті. Сол күні кешке Мәскеуден келген КОКП ОК-нің хатшылары А.Аристов пен М.Суслов Закавказ әскери округінің қолбасшысы генерал И.Федюнинскийге көтерілісшілерге қарсы оқ атуды бұйырды. Түн ортасында Тбилисидегі байланыс үйінің жанында алғашқы қан төгілді. Қала ортасындағы Руставели даңғылында ашу кернеген қалың тобыр тролейбустар мен автобустардан баррикада жасай бастайды. Солдаттарды геспатовшылар, жауыздар деп оларға тас, шөлмек лақтырып, темір шыбықтармен ұра бастайды. Кісі өлімі молайды. Арпалыс кезінде «орыстарды ұрыңдар!», «қанға –қан!» деп ұрандатқанымен бақайшағына дейін қаруланған әскерге пәлендей мықты қарсылық көрсете алмайды. Мұндай толқулар Грузияның түкпір-түкпіріне (Гори, Батуми, Сухуми т.б) жайылып, жүздеген көтерілісшілер қаза тапты. Сосын жаппай қудалау, тұтқындау басталды. 

Осы жантүршігерлік оқиғадан кейін грузиндер Одақтан бөлініп, тәуелсіз мемлекет орнату қажеттігін шындап ойлана бастайды. Олардың ішінде болған 17 жасар Звиад Гамсахурдия кейін КСРО құлаған соң Грузияның алғашқы президенті болған еді. 

Месхеттік түріктердің реніші

 1956 жылы месхеттік түріктерге олардың Отаны – Грузиядан басқа жердің бәріне көшіп-қонуға рұқсат етілді. 1968 жылғы жарлықта мұның себебі жер аударылған өңірге «сіңісіп кетуіне» байланысты деп түсіндірілді. 

1961 жылдан бастап месхеттіктер қозғалысын халықты Отанына қайтарумен айналысатын Уақытша ұйымдастыру комитеті басқарды. Комитет заң мен кеңес өкіметіне өзінің құрметпен қарайтындығын талай мәлімдесе де оның үш жетекшісі бірнеше жылға сотталып, қамауға алынды.

1968 жылы месхеттік түріктер еліне оралуды талап етіп, Тбилисиде 7 мың адам қатысқан митингі өткізді. Грузия компартиясының басшысы В.Мжаванадзе жылына жүз түрік семьясын қабылдаймыз деді. Бірақ уәде орындалмады.

«Қайта құру» кезеңінде олардың жағдайы тіпті қиындады. Сол жылдары Өзбекстанда жергілікті билік месхеттік түріктердің басына әңгіртаяқ орнатып, ақыры олар босқынға айналып, қаңғырып кетті.

Қырым татарларының қозғалысы

1956 жылдан бастап қырымдық татарлар еліне қайтуға рұқсат сұрап билікке ұжымдық хаттар түсіре бастады. Бұған бес мыңдай адам қол қойды. 1966 жылы жазылған бір құжатты барлық татар халқы – 130 мың адам қолдаған. Алайда, шағымға жауап берілмеді.

Кейін наразылық басқа түрге ауысты – көп адам қатысқан митингілер мен шерулер өткізілді. Мәселен, Өзбекстанда Қырым автономиялық республикасының құрылғанына 45 жыл толуына орай болып өткен толқулар (1966) қатыгездікпен басып-жаншылды. Солай бола тұрса да, 1967 жылы жарлық шығып, билік қырым татарларына бұрын орынсыз жабылған «Отанын сатты» деген жаланы алып тастады, алайда жаңа жерлерде «сіңісіп кетуіне» байланысты атақонысқа оралуға тиым салынды. 

Бірақ олар рұқсатты тоспай-ақ Қырымға келіп, бос жерлерге шатыр қалашығын жасап, тұрақтана бастайды. Билік ондай баспананы бульдозермен сырып тастайды. Тіпті татарлар сатып алған үйлерін де қиратты. 1978 жылы осындай бір сойқаннан кейін Мұса Мамұт деген қырым татары наразылық есебінде өзін-өзі өртеп жіберген. «Бульдозер майданы» 1990 жылдарға дейін созылды.

Қызыл алаңдағы шеру

1968 жылдың 25 тамызында күндізгі сағат 12-де Мәскеудің дәл төрінде қарсылық акциясы өтті. Кеңес өкіметінің Чехословакияға әскер енгізуіне наразылық білдірген жеті адам қолдарына «Сіз бен біздің бостандығымыз үшін!», «Тарт қолыңды ЧСКР-дан!», «Басқыншылар жойылсын!», «Азат және тәуелсіз Чехословакия үшін!» деген ұрандар ұстап, Қызыл алаңға шықты. Қарапайым киінген күштік құрылым қызметкерлері наразылық білдірушілерді төмпештеп ұра бастайды, қолма-қол бәрін тұтқындайды. Екі айдан соң бесеуіне сот болады. В.Дремлюга үш жылға, В.Делона екі жылға, қалғандары (Л.Богораз, П.Литвинов, К.Бабицкий) әртүрлі мерзімге – үш жылдан бес жылға дейінгі аралық мерзімге сотталады. В.Файнберг қызыл алаңдағы соққыдан алдыңғы төрт тісі сынғандықтан оны сотқа әкелмей, Н.Горбановскаямен бірге жындыханаға қамайды.

Литвадағы ұлттық күрес

Балтық жағалауындағы республикаларда, әсіресе Литвада ұлттық сипаттағы күрес бұқаралық сипат алды. Кеңес билігі тәуелсіздік үшін күрескен партизандардың – «орман ағайындарының» – соңғы отрядын 1956 жылы ғана жойып тынды. Ал 70 жылдардың басында ұлттық қозғалыстың жаңа толқыны басталғанда қарулы күрес кезеңі жұрттың әлі есінде болатын. 

1972 жылдың мамыр айында Каунас қаласының дәл ортасындағы саябақта Ромас Каланта деген жас жігіт өзін-өзі өртейді. Ол мұндай қадамға «Кеңес әскерлерінің Литваны басып алуына қарсылық» көрсету үшін барған. Оны жерлеу (18 мамыр) үлкен манифестацияға ұласып, мыңдаған адамдар көшеде «Литва!», «Азаттық!» деген плакаттар мен ту көтеріп шеруге шыққан.

Милиция қалың топты қуып, таратуға кіріседі. Тәртіп сақшыларына тас атып, бір милиционер жарақаттанады. Шеру келесі күні жалғасады, билік төрт жүздей адамды тұтқындайды, оның 8-і сотталып, түрмеге қамалады. Осыдан кейін жыл сайын мамыр айында Р.Калантаның қаза тапқан жеріне гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған.

Вильнюсте 1975 және 1977 жылдары футбол ойындарынан кейін көпшілік қатысқан митингілер өтеді. 1977 жылғы 7 қазанда «брежневтік» ата заң қабылданған күні, мыңға жуық адам «Басқыншылардың Конституциясы жойылсын!» «Литваға бостандық берілсін!», «Орыстар, тайып тұрыңдар!» деп қатты дауыстап, көше-көшелерді аралайды. Үш күннен соң шеру тағы қайталанады.

КСРО-ға үкім шығарған офицер

1975 жылдың 8 қарашасында Рига портында тұрған Қызылтулы Балтық флотының сүңгуір қайыққа қарсы пайдаланылатын «Сторожевой» деген әскери су кемесінде көтеріліс болған. Мұны М.В.Фрунзе атындағы жоғары әскери-теңіз училищесін, В.И.Ленин атындағы Әскери-саяси академияны тәмамдаған, талай жыл әскери қызмет атқарған тәжірибелі теңізші, әскери су кемесінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары үшінші рангалы капитан Валерий Саблин басқарған. Ұжымды жинап (200 адам) оның алдында сөз сөйлеген. Ол коммунистік идеалдың Кеңес елінде ұмыт қалғанын тілге тиек етеді. Осыған байланысты қоғам және КСРО басшылығы алдында өз пікірін ортаға салғысы келеді. Халық есебінен өзі және өзінің жақындары үшін «өмірдің өскелең қажеттігін» өтеп жүрген партия-мемлекет басшыларының тойымсыздығын сынайды. Мемлекеттік қызметкерлердің біліксіздігін, үкіметтің өрескел сәтсіз қадамдарын, биліктегі жемқорлықты, шамадан тыс шенге бас ұрушылар (чинопочитание) оның ашуын шақырған. 

Валерий Саблин елде көппартиялылықтың болуын, сөз бостандығы мен пікір алысудың еркіндігін, партия мен ел ішіндегі сайлау жүйесін өзгертуді қалаған. Әскерилер арасындағы офицер абыройы деген қасиетті ұғымның құнсызданып бара жатқанына күйінген. 

Осындай жалынды сөз сөйлеген ол әскери су кемесіндегі матростар мен старшиналарды аз уақытта өз жағына шығарып алды. Кейбір офицерлер мен мичмандар қолдамағандықтан көтерілісшілер оларды тұтқындайды. Радио мен теледидар арқылы сөйлеуге мүмкіндік беруді талап етіп В.Саблин үкіметке жеделхат жібереді. Түнде кеме теңізге шығып, Ленинградқа бет алады.

«Сторожевойды» қуғындап, оның соңына соғыс кемелері мен әскери ұшақтар түсті. Бас қолбасшы Л.Брежнев қажет болса бүлікшілердің кемесін суға батырып жіберуге рұқсат берді. Алайда, мұның қажеті бола қоймады. Теңіз кемесі әуелі атқыланды, сосын басып алынды. Саблин осы ұрыста тапанша оғынан жарақат алады. Александр Шеин деген матроспен екеуінің ісі сотқа тапсырылады. Отанын сатты деп табылған В.Саблин ату жазасына кесіледі, ал А.Шеин – сегіз жылға бас бостандығынан айырылады. 1976 жылдың 3 тамызында үкім орындалады: 37-жасар Валерий Саблин атылған.

Бірде американдық журналистер АҚШ-тың қорғаныс министрі, ал оның алдында Орталық Барлау Басқармасының (ЦРУ) директоры болған Роберт Гейтске сұрақ қойып, КСРО-ның құлдырау кезеңі қашан басталғаны туралы пікірін сұрайды. Ол «1975 жылғы кеңестік әскери теңізшілердің көтерілісінен кейін» деп жауап берген.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?