Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кенесарының Ақмола бекінісіне шабуылы — 185 жыл

1592
Кенесарының Ақмола бекінісіне шабуылы — 185 жыл - e-history.kz

Биыл Астана қаласының Қазақстан Республикасының елордасы атағанына 25 жыл. Десек де, бұл шаһардың тарихы осы бір ширек ғасырмен шектелмейді. Тарих құжаттарда қала іргесі алғаш рет бекініс ретінде – 1832 жылы 22 тамызда қаланып, осы күні Ақмола округі де ресми жарияланды, жаңадан ашылған округ құрметіне зеңбіректен 31 дүркін оқ атылды, дейді («Астана» классикалық энциклопедия кітап-альбомы, 2012 ж).

Бұл бекініске 1838 жылы күзде Ке­несары Қасымұлының жа­сағы ша­буыл жасады. Шабуылға төтеп беру жағы ескеріліп салынған бекіністі 80 казак қорғады. Приказды қоршай терең ор қазылып, кірер жол атаулының бәріне тосқауыл қойылған болатын. Ақмола бекінісін қорғау басшылығын аға сұлтан Қ.Құдаймендин мен әскери старшина Карбышев қолға алды. 

 – Кенесары Ақмола бекінісіне шабуылды 1838 жылы тамыздың жетісі күні таңсәріден бастады, - деп жазады аталмыш тақырыпты терең зерттеп аталыш оқиға жайлы кітап жазған үлкен жазушы Ілияс Есенберлин (Көшпенділер/ І.Есенберлин. – Алматы: «Книжный клуб» баспасы ЖШС, 2021. – 632 б). – Ең  алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Бекіністің күншығыс жағы бос — жарты шақырымдай жерде Есіл өзені. Содан кейін барып қолдың сегіз тұсында сегіз батыр тұрып алған. Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен үзеңгілес Бұқарбай. Қолдың шаңқай ортасында Басықара. Басықарамен қатарлас Төлебай. Төлебаймен үзеңгілес Құдайменді. Құдаймендіден солырақ Жанайдар. Сол қанатта Наурызбай. Таң құланиектеніп келе жатқанда бес мың атты әскер «Абылайлап» бекініске лап берді. Бір ғажабы қалың қол үзеңгілесе ат қоймай, дорбадан шашып жіберген бұршақ секілді, әр салт аттының аралары он-он бес құлаштай тым-тырақай шауып келеді. Екінші ғажабы, шапқыншылардың алдыңғы қатары зеңбіректер нысаналанған орға жақындамай, садақ оғы жетер жерден оқтарын ата сала кейін қарай бұрылып шаба жөнеледі. Бекініске тіпті ұмтылмайды. Көкпар, сайысқа үйренген қазақ бірі кейін шапса, бірі алға ұмтылып, оқты қардай боратты. Алдыңғы қатары орға жетпей кейін шегінгенде, көк жиектен лықылдап көрінген артқы жағындағы бытырай шауып келе жатқан қалың қол ұшы-қиыры жоқ құмырсқаның илеуі тәрізді. Мұның тағы бір кереметі, қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, төгілген тарыдай жер қайысқан жанның қайсысының басшы, қайсысының қосшы екенін ажырату қиын. Бәрі бірдей киінген. Әр топ өз батырларын тек өздері ғана біледі. Қорған басында тұрған Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа Ақмоланы қоршаған мынау қара нөпір қол - бес мың емес (солай деп Ожар күні бұрын хабар берген), бес жүз мың адамдай боп көрінді.

 — Япырмай, — деді таңданған Қоңырқұлжа, — мына Қасымның көкжалы үш жүздің бас көтерер жігітін тегіс жиған ба?

 Қарапұшық (старшина Карбышев) аға сұлтаннан да бетер сасуда еді. Оның ойынша Кенесары сарбаздары лықылдап келіп алдыңғы қатары орға тірелгенде, артқы қатары оларды орға құлата-мұлата өздері амалсыз топырлап тоқтауға тиісті еді. Сол сәтте төрт зеңбірек бірдей оқ жаудыруы керек. Қарапұшық күні бұрын зеңбіректерді де әдейі осы ордың арғы қабағына көздетіп қойған. Ал Кенесары сарбаздары оның бұл ойынан шықпады. Орға келіп тірелмек түгіл, тіпті оған жуымай, анандайдан садақтарынан жебе қарша боратқан қалыптары жалт береді. Бір қызығы, сарбаздар оқты қанша атса да, бірлі-жарым солдатқа ғана тигені болмаса бәрі бірде асып кетіп, бекіністің ішіне түсіп жатыр. Егер қолдарынан келері осы болса, мейлі, оқтарын жаудыра берсін! әйтсе де Қарапұшық өте сасуда еді. Бұл оның көрмеген соғысы. Ол қазақты зеңбіректің аузына байлап атып үйренген. 

Ал мына қу Кенесары оны істетер емес. Зеңбіректі сонау тым-тырақай ерсілі-қарсылы шауып жатқан сарбаздарға атқаныменен қаншасын қирата алады? Әр салт аттының арасы он-он бес құлаш, көп болса екіүш адамды оққа ұшырады. Ал зеңбіректі оқтап, білтесіне от беріп атудың өзі қаншама уақыт алар бір қияпат іс! Қарапұшық Кенесарының сарбаздары осылай құр текке шауып жүрген жоқ-ау деген ойдан да күдікті еді. Көп кешікпей бұл күдігі де анықталды. Кенет Қоңырқұлжаның:

— Ойбай, үйлер жанып жатыр! — деген үрейлі даусы шықты. Осы сәтте Қарапұшықтың дәл қасына кеп қорған ернеуіне бір садақ оғы шаншыла түсті. Қарапұшық қолын созып суырып алды. Қауырсынына қара майлы білте шүберек байланған. Заматта білте шүберектегі кіп-кішкентай қызыл шоқ пысылдай жана бастады. Қарапұшық енді түсінді! Жүрегі бір сұмдықты текке сезбеген екен! Кенесары сарбаздары бағанадан бері садақты босқа беземепті.

Олардың атқандары мынау оқ тәрізді, әдейі бекініс ішіндегі ағаш үйлерге өрт салуға арналған оқ боп шықты. Қарапұшық бекініс ішіне қарап еді, әр жерден көкке лаулай көтерілген өртті көрді. Қалдерінің қиынға айнала бастағанын енді түсінді. Өрт молайса оқ-дәрі, азық-түлік қоймасын да алады, онда бұлардың шаруасы біткені! «Зұлым Кенесары қулығын асырды! Бірақ тұра тұр әлі, көресіңді көрсетермін!». Қарапұшық бағанадан бері Кенесары сарбаздарына оқ жаудырып жатқан солдаттарының қырыққа таяуын амалсыздан өрт сөндіруге жіберді. Қалғандарына жолдастарын жоқтатпауды бұйырып, зеңбірекшілерге: 

— Зеңбіректеріңді ордың ернеуінен алып, анау қалың қолдың дәл ортасына меңзеңдер, — деп ақырды. Бес минут өтпей зеңбірекшілердің: 

— Дайынбыз! — деген дауыстары естілді. 

— От! – деді ызаланған Қарапұшық қолын төмен сілтеп. Аралары елу метрден қойылған төрт зеңбірек, бірден күндей күркіреп гүрс гүрс етті.

 — Солай ма екен! – деді қуанып кеткен Қарапұшық. Түс кезі болып қалған-ды. Ортадағы зеңбіректің оғы дәл тиген бір атты сарбаз ат-матымен көкке ұшқанын Қарапұшық анық көрді. Екі-үш жігіт шет жақтан құлап түсті. Өз тұсынан да екі жігіт ат-матымен омақата оққа ұшып қаза болды. Қарапұшық зеңбіректерді тағы да аттырды. Бірақ бұ жолы оның оғы далаға кетті. Өзі де түсінбей қалды, бұ не ғажап! Зеңбірек даусы шыққаннан кейін, сарбаздар қорқып кейін қашудың орнына, кенет бес қатар боп бірінің соңынан бірі тізбектеліп, араларын тағы да он-он бес құлаштан салып, бекініске лап қойды.

Бұ жолы олар нағыз бір шыр көбелек айналған құйын тәрізді көпшілігі ордың арғы қабағын қоршай шауып, қауырсын жебелерді тағы да қардай боратты. Жақын жерден көзделген мерген оқтары қорған үстіндегілердің басын көтертер емес. Ал Басықара, Төлебай басқарған әскердің бір тобы, зеңбіректерді солдаттар қайтадан ордың қабағына меңзегенше, оңтүстік пен солтүстіктегі қақпа алдындағы жіңішке жолдардан бері өтіп, қорғанның іргесін айнала шауып, бекіністің үстінде тұрған солдаттарға қыл арқан-бұғау лақтырды. Қорғанның әр жерінен басын қылтың еткізіп көтерген бес-алты солдатты лақтырған бұғау іліп те әкетті. 

Екі жақтан бірдей атылған мылтық, тартылған садақ, әлем-тапырық бір қияпат. Дәл осы кезде айқай-шу, жан таласқан айқасты пайдаланып, бекіністің солтүстік жақтағы шойын топсалы, шананың табан темірімен шандылған, шынжыр құлыпты қарағай қақпаның сыртынан бір топ сарбаз шелектеп қара май жағып, түбіне қара маймен ысталған қызыл тобылғыны үйіп, өрт қойып жатты. Бықси жанған тобылғының үстіне бірнеше шелек қара май тағы құйылды. Жалын алғашқы рет лап етіп көкке көтерілген кезінде, ор қабағына қайтадан меңзелген зеңбіректердің де жер жарған гүрсілі естілді. 

Бұ жолы да жиырма шақты жауынгерді оққа алдыртып жарлық бойынша Кенесары сарбаздары кейін шапты. Бірақ бұл кезде бекіністің іші қалың өртке айналған еді. Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа енді бар әскерін екіге бөлуге тура келді. Өрт сөндіруге жіберген жауынгерлерді қоспағанда, бекіністі қорғауға жарайтын не бары екі жүздей ғана солдат қалды. Оның үстіне екі зеңбірекшіні Кенесары сарбаздары арқанмен тартып әкетіп, бұлардың күші тіпті азая түсті. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық халдарының мүшкіл бола бастағанын сезіп не істерге білмей әбден сасып тұрған кездерінде солтүстік қақпаның лапылдап жанып жатқанын көрді. 

Бесіннен өте өртене бастаған қақпа ағашы екіндіге жетпей жанып болды. Енді темір қоршаулар саудырап жерге түсіп, қорғанның солтүстік жағының жиырма құлаштай жері үңірейе қалды. Қауіп қай жақта екенін көздері көрген Қоңырқұлжа мен Қарапұшық осы қақпаның қарсысына дереу құм салған қаптардан кедергі істетіп, отыз карабін мылтықты солдатты сол қаптардың тасасына отырғыздырды. Бағанадан бері құр садақ тартып, мылтық атып, алыстан тиіп-қашып жүрген Кенесары сарбаздары да, енді қамалға кірудің мүмкіншілігі барын көрді.

 Бәрі бірдей лап қоюға қақпаның алдындағы жол жіңішке, жау бар зеңбіректерін, қаруын осы араға меңзер болса, топырлап шапқан жұрт босқа қырылады. Осыны ойлаған Кенесары, ұрыстың түйіні шешілетін жерге өзі келіп: 

— Қайсың барсың жүз адамменен бекініске кіретін? – деп айқай салды. Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді. 

— Жолың болсын! – деді Кенесары. Өзге батырларға да: жау көңілін бұру үшін, сендер де бекіністің жан-жағынан оқ жаудырыңдар деп бұйырды. Басықара батыр Кенесарының ризалығын алысымен өзінің мың әскерінен таңдап жүз сарбазды бөліп алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кер төбелі қалың шөпті бауырлай ұшқан құс тәрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы. 

Басықараны мұндай шапшаң қимылдайды деп солдаттар да ойламаған болуы керек, мылтықтарын оқтап кезенгенше, Басықара сарбаздарын соңынан шұбырта, бекіністің ішіне кіріп те үлгірді. Қақпаның дәл қарсы алдындағы үйілген қапшықтан кер төбелін секірте өтіп, қарама-қарсы келіп қалған бір-екі солдатты кеспелтек сойылмен доптай қағып қайта оралғанында, ұзын бойлы қара бұжыр солдат орнынан ұшып тұрды да, мылтығын шапшаң кезеп Басықараны дәл көкірек тұсынан дәлдеп атты. Аңғал батыр сауытсыз еді, «қош бол елім» деп ат үстінен сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті. Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба жөнелді. Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын алып қалды. Шегінген тобырдың соңынан иесіз ойнақтап шыққан Басықараның кер төбелін көргенде Кенесары шыдай алмай:

 — Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына! –  деп тұлғасы бөлек көк буырыл бестісін ойната әмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғайланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға әйгілі «ортеке» аталған сәйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді. Бұл кезде Кенесарының қасында өзге батырлардың ешқайсысы да жоқ еді. Наурызбай да, Ағыбай да, Бұқарбай да бөтен шепте болатын. Екі жүз қадамдай жерде жеке кетіп бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады. Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады. «Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды. Айқай-шудан жер сілкінеді. Күн батып қара көлеңкеленіп бара жатқан кез еді. Таң сәріден нәр татпай күні бойы Кенесары сарбаздарымен екі жақтан алысқан ер жүрек солдаттар да, енді шыдай алмады, біртіндеп шегініп үй-үйді тасалап атысуға мәжбүр болды. Әйтсе де белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің әскері жеңілді. Тек қара түнді пайдаланып азғантай әскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы қақпасынан қашып шықты. 

«Жеңіске мастанған қатігез жауынгерлер қорғансыз қалың қойға тиіп қанға құныққан аш қасқырлардай, жұрттың жазықты-жазықсызына қарамай, түні бойы ойран салды. Таланбаған мүлік, былғанбаған абырой қалмады. Қандай ұрыс болса да ең алдымен бүліншілікке ұшырайтын халық. Бұ жолы да солай болды. Жыламаған бала, боздамаған ана жоқ. Бұл қырғын тек таң ата ғана толастады. Сөйтіп Кенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын құлатып, жермен-жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі Шығыс Сібірдің отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға қарай шегінді», - деп жазады тарихшылар (Есенберлин І. Көшпенділер: Тарихи трилогия. «Қаһар»: — Алматы: «І. Есенберлин атындағы қоры», 1998, 111-114 бб).

****

Дүние бір орында тұрмайды. Өзгереді, өңейеді, ескі тозады, жаңа көктейді... Ал уақытта солай... әр патшалықтың тұсында қоғам, яғни адамдар саяси сұрқылтай биліктің сойылын соғады, шындықты жасырады, жалғанды асырады. Қараңыз, кеше қан майдан ашып, отарлаушы патшалық Ресейдің жергілікті қамал-қорғаны Ақмолаға шабуыл жасаған Кенесары бәрі бір жетістікке жетпеді. Ақыры жеңілді. Қырғыз жерінде сол туғандардың қолынан қаза тапты. Бірақ... дүниенің шырайы жүз айналып, ХХ ғасырдың соңында Қазақия тәуелсіздігін алды. Кенесары шапқан орыстың Ақмоласы тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасы атанды. Осыдан 185 жыл бұрын Сарыарқаның жүрегіне тікендей қадалған Ақмола бекінісіне ат ойнатқан азаттық үшін арпаласқан Кенесарының алып ескерткіші дәл қазір бұрынғы отарлаушылар орнатқан есік-қамал қорғанның орнында асқақтап тұр. Ақиқат асықпайды, шындық иіледі, бірақ сынбайды деген осы болса керек. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?