Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаллеки театрына – 32 жыл

788
Қаллеки театрына – 32 жыл - e-history.kz

32 жыл бұрын дәл бүгінгі күні Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен шымылдығын тұңғыш ашқан болатын. 

Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы, дарынды режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Д.Попов атындағы алтын медальдің иегері Жақып Омарұлы сахналады. Сол кезде руханиятқа сусап жүрген жұртшылық «Тың игерушілер» сарайына ағылып, 1609 орындық көрермен залы лық толған еді. 1993 жылы Мәдениет министрлігінің орынбасары Әшірбек Сығайдың ұсынысымен Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай театрға есімі беріледі.

Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған киелі шаңыраққа дарынды өнер қайраткерлері Жақып Омарұлы, Қадыр Жетпісбаев, Кеңес Одағының Халық әртісі, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті. Театр 1996 жылы 31 мамыр күні Уфа қаласындағы түркітілдес театрлардың «Туғанлық» ІІ халықаралық фестиваліне Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясымен қатысып, үш номинация бойынша жүлдегер атанды. Содан бері биік белестерді бағындырған өнер ордасы тек елорда жұртшылығына ғана емес, алыс-жақын шет елге кеңінен танылды. 

Көрерменмен мағыналы 33 маусымын өткізген киелі шаңырақ туған күнін ерекше атап өтіп жатыр. Театрдың баспасөз қызметі даталы күнге орай бүгін Астанада өнер ордасының ұжымы театр негізін қалаушы актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Еңбек ардагері Шәміл Сыздықұлы Жүнісов он жыл бойы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатқанын хабарлады. Шығармашылық ғұмырын ұлттық театр сахнасында өткерген өнер майталманы 200-ге тарта рөлдерде ойнады. Шәміл Жүнісов дүниеге әкелген рөлдер – бірін-бірі қайталамайтын, бір-біріне әсте ұқсамайтын кейіпкерлер бейнесінің легі.

Театр репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңаша қойылымдармен толықтырып келеді. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай», «Қорғансыздың күні», «Айман-Шолпан», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қызыл орамалды шынарым», «Аққудың көз жасы», С.Тұрғынбекұлының «Мұқағали», «Шәмші», А.Дударевтің «Кеш», Дж.Патриктің «Қымбатты Памела», И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы», Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма», Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние», А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген», В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар», М.Әуезов пен Қ. Ысқақтың «Қараш-Қараш», О.Жанайдаровтың «Жұт», А.Чеховтің «Шие», У.Шекспирдің «Отелло», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Ф.Болоньяның «Байланыс аясы», И.Кальманнің «Кабаре жұлдызы», Р.Кунидің «Туған күн», К.Кизи «7+1», Ұ.Есдәулет «Зере»,  Т.Әсемқұлов «Құнанбай», Р.Мұқанова «Бопай ханым», О.Бөкей «Ұйқым келмейді», М.Сервантес «Дон Кихот», Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» спектакльдері елорданың мәдени өміріне нәр беруде.

Ендеше сахна өнерінің сұңғыласы Әшірбек Сығай айтқандай, «Тыныққыңыз, тазарғыңыз келсе, ойға шомып, қиялға батқыңыз келсе, өнерді аңсарыңыз бек ақиқат. Міне, ылғи да өз көрермендерін эстетикалық, рухани-мәдени ләззатқа кенелтіп келе жатқан осынау кіршіксіз де киелі дүниежүзілік театр өнерінің тылсым кереметтерінің нағыз жан дауасына айналғанына үш мың жылдың бедері болыпты. Сол таңғажайыппен көрісіп-тілдесу үшін ұлы өнердің нұрлы да сырлы сахнасы қазақ театрының ғажайып әлеміне...» жиі саяхат жасап тұрайық, ағайын!

Фото: Театрдың баспасөз қызметінен

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?