Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Жошы хан»: жаңа сапа, жаңаша пайым

8976
«Жошы хан»: жаңа сапа, жаңаша пайым - e-history.kz

Жаңа Қазақстанның жаңалықтары тек саяси оқиғалармен ғана емес, елдің рухын көтеретін, ойын тербетіп, еңсесін тіктейтін мәдениет жаңалықтарымен де толығып жатыр десек болады. Соның бір айғағы – Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік драма театрында қойылған “Жошы хан” тарихи драмасы. Қазақ мәденеиті әлеміне, руханияты тарихына "Жошы хан" премьерасының есімі жазылған күн деп есептеуге болады. 

Көл-көсір көңіл, жып-жылы сезім, ерен эйфория легі ойымыздан асып, бойымыздан қашып, кенересінен тасып шалқиды-ақ. Мұндайда айтылған сөз де, жазылған лебіздің де орны бөлек, әрине. 

“Жошы хан” драмасының идеясы қазақ даласындағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен, Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы – Жошы ханның образын ашуға арналған.  Десе де тарихтан белгілі болғандай, шығармада қан шеңгелдеп туса да, туған бауырын оққа қиса да, жарты әлемді қаһарымен жасқаса да, Шыңғыс ханның алдымен қаталдығы мен қайырымы астасқан әке, кешегі мен бүгінін, ертеңін де кеңінен ойлар тұлға, қаһармандық пен сатқындықты  безбендеп парасатты пайымға салар билеуші екенін ұқтырады. Премьераны арнайы тамашалауға келген белгілі журналист А. Төлеухан: “Бұл Шыңғысхан бұған дейін өнер туындыларынан көретін Шыңғыстан өзге шықты. Рөлді сомдаған әртістің де бейнені танудағы,  көрерменге танытудағы қапысыз ойынына тәнті болдық” деген пікірін қалдырған. 

Ұлттық мемлекеттігіміздің алтын дәуірі болған Жошы ұлысының негізін қалаушы, хандардың атасы Жошы тағдырына арналған драма тартысқа толы. Ол өз иелігіне берілген  Ертіс өзенінен Орал тауына, оңтүстіктен Каспий теңізі мен Арал теңізіне дейінгі жерлер, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасыннан Бұлғардың шетіне дейінгі Қыпшақтың кең даласына өз әмірін жүргізеді. Сартауыл жорығы кезінде Үргенішті алу үшін көзқарастар қайшылығы Жошы тұлғасын даралай бастайды. Драмада жас болғанына қарамастан, Жошы ханзаданың бейнесі керемет айшықталған. Ол – ұлысын қайырым-мейіріммен, ақылмен басқарған, халқына пана, қорған бола алған айбынды қолбасшы, ел билеу ісіне келгенде, тіпті, әкесінің кей көзқарасымен келіспейтінін ашық айта алатын өткір мінезді қайсар, жаужүрек тұлға ретінде сомдалған. 

“Жошы Хан” драмасында динамика бар екен, – деп жазады сыншы Н. Қабылбек, – Динамика бар жерде шынайылық пен шеберлік ұштасары анық. Актерлердің шеберлігі де көзге бірден шалынады.  Көрерменді баурап алып, бұлыңғыр ғасырдың бұралаң жолына жетелей жөнеледі. Әр актер өзіне бекітілген образды әдемі аша білген. Тартымды. Диалогтар көп сөзділіктен ада. Нақтылық бар. Талас-тартыс үстіндегі  одағай сөйлемдер де жамырап кетпейді. Көрерменді жалықтырып жіберер монологтар мүлде жоқ. Аз сөзбен көп ой айтуға талпыныс байқалады. Бұл шиеленіске толы драманың ауа жайылып кетпеуіне, құрылымының құлдырамауына кәдімгідей көрік беріп  тұр”. 

Сарайдағы сан алуан интрига, астыртын ымдасулар мен күдік-күмәнге толы ойлардың қалқып шығуы драма тартысын күшейте түсті. Ақыл-парасаты мен күш-қайраты, ең бастысы гуманистік адамгершілігі тұрғысынан Шыңғыс қағанның өзге үш ұлынан Жошының алапаты асып тұр. Алайда оны әр қадам сайын “шақырылмаған қонақ” деп бетіне басып отыруы спектакльдің өн бойында жүреді. 

Әрбір сөз сөйленіп қана тұрған жоқ, ол сөз жүрек болып соғып, бойына қан жүгіріп, тіріліп тұрады. Әрбір қимыл шашаусыз, артығы жоқ, өз орнымен, өз уақытымен өтеді. Әрбір ойын әбден дайындалып, бабына келгенде басын жіберген бәйге аттарындай ытырылып, алма-кезек ауысып, визуализациямен астасып жүреді. 

Режиссер Болат Ұзақов әр рөлге әртіс таңдауда жаңылмауымен бірге қойылымның барлық ішкі иірімдерін көрерменге жеткізуде асқан шеберлік, кәсібилік биігінен көрінген, сондықтан да болар барлығы тұтасқан, органикалық тұрғыда мінсіз өрілген дүние айналып шыға келген. Бұл жерде ең негізгі жүк актерлерге артылғаны анық. Актерлар құрамында мін жоқ. Ұлы қағанның ролі (Асылбек Қапаев) сендіргені былай тұрсын, оның өзі арамызда тірі жүргендей әсерге бөледі. Оның “Шыңғысы” – алыс-жұлыстан қашып, бойын парасат билеген, ұлағатты ойлар қозғайтын салмақты тұлға. Ұлы қағанның әрбір сөзі діттеген жерге дөп тиіп жатты, ойлы, мағыналы, терең. Әбден сендіреді. Бұл актердің ғана шеберлігі меемес, жылдар бойы ойланып, терең зерттеген, тақырыптың іші-қыртысын білген жазушының шеберлігі де болса керек. Расында да хан деген осылай болса керек! Сұсы да, мысы да, сесі де, есі де басып тұру керек. 

Жошы болып ойнаған жас актер де (Қайыржан Садық) өз биігінде алып шықты. Алғашқы дебют, алғашқы ойын, алғашқы қошемет! Сахналық киімдер, декорациясы, тәңірлік дүниетаным белгілері, көне сарындармен табыстырған бағзы әуендер (Еділ Құсайын), бақсы ойындары – бәрі де әдемі өріліп, жарасымды болып жатты. 

Режиссердің (Болат Ұзақов) тақырыпты ашудағы еңбегі емес, жанкештілігіне дейікші, қол соғуға болады. Ұлттық намыс пен мінезден туады нағыз өнер. Бұл – көне тарихтың ізі ғана емес, рухтың оралуы, ерлік пен елдіктің көркем шежіресінің көрінуі. Оның мұндай батыл да тосын қадамға баруына сонау Ақмола кезіндегі оқыс оқиға себеп болғанға ұқсайды. Қоғамдық көлікке мінген режиссермен сөзге кеп қалған жергілікті орыстың “бабулялары” қайдан келдің сонда бар дегенге дейін барған екен. Осы бір оқиға режиссердің ойына кіріп, күндіз де, түнде де мазасын қашырып тұратын үлкен сауалға айналады. “Мен кіммін?” “Қайдан келдім?”, “Олар неге өктемшіл?” деген мазасыз сұрақтарға жауап беру керек? Бірақ қалай? Немен? Әрине, өнермен! Сөйтіп Б. Ұзақов өздерін баяғыдан “целиноградтықпыз” деп өрекпитін оларға бұл жердің иесі де, киесі де Кенесары екенін ұғындыруға кіріседі. Жазушы Думан Рамазанды драматургияға әкелген алғашқы қадам да осы тандемнен сәтті шыққан “Кенесары - Күнімжан” драмасы болатын. Бұл тақырып жылдар сайын тереңдеп соңғы түйіні десек те болатындай “Жошы ханмен” ұластып отыр. Ал бұл елдің ішіндегі реттелмеген мәселені қойып, геосаяси оқиғаға, әлемдік тақырыпқа өнер көзімен қарауға бағытталып отырған құбылыс деп бағалауға боларлық. 

Ал автор жайлы айтарымыз көп. Жазушы, драматург Думан Рамазанның шығармашылығын бақылап келе жатқан адам ретінде пьесаның ұлттық бұлқыныстан, таптаурын болған тақырыптардан қашып, өз бетінше ізденуінен, тың жол табуынан туындаған кеп екенін байқап отырмыз. Туған әкесі мен бауырларының сенімсіздігі арқасына аяздай батқан Жошының сезімталдығы, жалғыздығы бізді көп ойларға жетеледі. Әр қилы көзқарастардың тас-талқанын шығарып, тарихымызды жылжытып қана қойған жоқ, баяғы замандарда болып, біраз уақыттарда өшіп қалған ерлігімізді, рухымызды, өрлігімізді қайта тірілтіп отыр. 

“Бұл шығарманы жазуда негізінен фило­софия мен ойға құрдым. Көбінесе іс-әрекет пен қимылға емес, астарындағы ойға, көрерменнің санасына жететін ойға баса мән бердім. Сондықтан пьесаны сах­на­ламас бұрын режиссермен келісіп ал­дым. Сах­на­да атыс-шабыс, соғыстан гө­рі­ қазаққа, ұлтқа қажетті ой ай­та­йық­ дедім. Болат Ұзақов та мені то­лық құп­та­ды. Халыққа руха­ни­ нәр беретін ерекше­ туынды­ жа­са­ғы­мыз келді. Енді шын баға­сын кө­рер­мен берер”, – дейді Думан Рама­зан. 

Драматург пен режиссердің ортақ тіл табысуының арқасында “Кенесары – Күнімжан” драмасынан соң “Абылай ханның арманы” сахнаға шықса, тағы бір қазақтың талантты, ұлтшыл режиссері Сахан Әкелеевтің “Керей – Жәнібек хандар” спектаклі қойылған болатын. Өнер ортасы, көпшілік қауым, жалпы жұртшылық бұл қойылымдарды ыстық ықыласпен қарсы алғанына куә болған едік. Мұндай мазмұндағы ұлттық тақырыптар киелі өнер арқылы көп нәрсе жасауға болатынын ұқтырды. Театр, кино, жалпы мәдениет қандай формасында да қоғамның рухын көтеріп, идеологияны жүректің түбіне жеткізуге болады екен. Яғни “жұмсақ күш” (soft power) арқылы ішкі саясатты да, сыртқы саясатты да реттеуге болатынына анық көзіміз жетті. 

Сондықтан осы үштаған тандем (драматург-режиссер-театр) тарихи сананы қалыптастыруда, бүгінгі ұрпақ жадына көркем өнер арқылы дарытуда өлшеусіз еңбек сіңірді деп білемін. «Театр – күрделі интеллектуалдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер», – деп жазған екен Сағат Әшімбаев. Қойылым кейіпкерлеріне айналған алыптардың есімінің өзі-ақ осы интеллектуалдық гармонияның қандай болғанын айтып тұр емес пе? 

“Жошы хан” – “Қазақ мемлекеттігі жоқ”, “Оның тарихы да болмаған” деген суық та жат көзқарастарға жауап. Соңғы жылдары елімізде үлкен мелекеттік деңгейде Жошы тұлғасы ұлықталып жатыр. Президенттің Ұлытау облысын ашуы, алғашқы құрылтайды Ұлытау төрінде өткізуі сияқты ірі оқиғалардың қатарына оның осы “Жошы хан” спектакліне баруына жатқызуға болады. Бұл – әлем қауымдастығына, әсіресе көршілес алпауыт елдерге берілген белгі. “Қазақтың тарихы тереңде”, “Біздің бабаларымыз үлкен империя құрған”, “Қазақ мемлекеттігі Жошы ұлысынан басталады” деген ұстаным.

Тарихи қойылымның пермьерасына арнайы қатысқан Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев: “Құтты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін” деп шынайы тілегін жеткізді.

Оылайша “Жошы Хан” тарихи драмасы тақырып жаңашылдығымен, тәрбиелік мағынасымен, ұлттық рухты асқақтата көтеруімен көңіліміздің төрінен орын алды. Жаңа ізденіс, жаңаша пайым, жаңа  сапа десек те болады.

“Жошы хан” – әуелі біздің халыққа дәл қазір қажет рухты шығарма. Елдігіміздің іргесін бекемдеп, ұлы ұлыстардан қалған жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, тарихымызды танып, тілімізді құрметтеп, өнерімізді дәріптеуге шақырады бұл өнер! Олай болса, өнерді шырақ етіп ұстай алған халықтың арманы орындалғай! Драмада жазылғандай: “...Заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халық­ты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған Жошы” тұлғасы ұлықтала берсін! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?