Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сырымдықтар Астанада Алаш туын ардақтады

1571
Сырымдықтар Астанада Алаш туын ардақтады - e-history.kz

Биыл Алашорда үкіметінің құрылғанына 105 жыл толып отыр. Бүгінгідей өліара шақта  біздің қоғам қазақ тарихының осы бір елеулі кезеңіне қайта үңіліп, Алаш идеясының мәніне зер салып, зерделей түсуі керек еді, әзірге жалпы жұрт болып ондай деңгейге жете алмай жатырмыз. Дегенмен, көзі қарақты азаматтар, тарихшы ғалымдар, музей қызметкерлері тарапынан бұл күнге елеулі мән беріліп отырғаны да шүкір дегізеді. Апта басында осы атаулы датаға байланысты Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданынан арнайы делегация Астанаға келді. 

Алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай төрде тұрған Алаш туын көрген сәттегі толқынысын жасырмады. «Жалғыз қазақ емес, адам атаулының басындағы қасірет орналастырылған қабірстан ішінде тұрғанда ар мен ұятты, өткен-кеткенді шындықпен таразылауымыз керек деп ойлаймын. Сіздердің сонау сайын даладан самал желді әкеліп, өткен күндердің мұңын сейілтейін деп әруақтарды аспандатып отырғандарыңыз - олардың жердегі тартқан азабын сөзсіз жеңілдетеді. Алаштың алғашқы туы қасіреттің қазанынан көтеріліп тұр. Батыстан келіп отырған бұл тудың ұлы мағынасы бар. 1904-1905 жылы Халел Досмұхамедов досына жазған хатында «Жапония орыс империясын жеңді, түптің түбінде Алаш-ұранға бірігіп, жапон сияқты дүниежүзін билейтін мемлекетке айналамыз, даламыз еркін» деп жазған, сол үшін тергеу басталған. Сол 1917 жылы 17 майда Оралда «Қазақ - мәңгілік тәуелсіз ел, көтерілдік бостандыққа, азаттық» деген сөзді осы туға жазып, қазақ даласында тұңғыш рет тәуелсіздік деген сөз осы тумен көтерілген. Қазақтың азаттық идеясы бар бұл туды қашан да жоғары ұстап жүру керек. Алла адамды азаттық рухында жаратқан, теңдесерлікке жаратқан деген сөз. Құл болу үшін жаратылсақ, бұл туды көму керек, ал азаттық үшін  жаратылсақ желбіретіп ілу керек» - деді Тұрсын Жұртбай ағамыз.

Сырымдық делегация 2017 жылы «Жымпиты – Мәскеу» экспедициясы аясында Бутова полигонында болып, Жаһаншаның қабірінен бір уыс топырақты кері алып қайтқан екен, осы Астана сапарында сол топырақ салынған капсуланы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев «АЛЖИР» мұражай кешенінің директоры Самат Тергембаевқа табыстады. Бұдан бұрын Сырым ауданында С. Датұлы атындағы музей ұйымдастырған «Алаш оқулары» байқауында жүлдегер болған Ж. Досмұхамедов атындағы мектептің оқушылары Әмір Темір мен Айсана Мұратова, В.Шубин мектебінің оқушысы Гүлсезім Бақытжан, Жырақұдық орта мектебінің оқушысы Нұрберген Зинеден тебіреніспен жыр оқып, көрермен көңілін толқытты (жетекшілері – Алмажай Сүлейменова). 

«АЛЖИР» мемориалдық-музейінде өткен «Алашорданың батыс бөлімі қайраткерлерінің ұлттық идеология жолындағы күресі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда алаштанушылар Өмірзақ Озғанбай, Тұрсын Жұртбай, Дәметкен Сүлейменова, Альфия Байбулсыновалар тағылымдық мәні зор баяндамалар жасады. Бұл жиынға Алаш дәрігері Бақтығали Бисеновтың қызы Роза Бахышева, Жаһаншаның ұрпағы Гүлнар Бисенғалиевалар қатысты. Жиналғандар Алаш ардағы Жаһанша Досмұхамедұлының тойын ЮНЕСКО көлемінде атап өтіп, Халел екеуіне Астанадан ескерткіш қою жайындағы ұсыныстың сол күйінде қалмай, нәтижелі іске айналарына сенім білдірді.

«Екі дос атанған Жаһанша мен Халел Досмұхамедов біреуі Мәскеуге, екіншісі Санкт- Петербургке барып, сол   замандағы ең білімі мол адамдармен қатарласып оқыған екен. Мәскеу университетін аяқтап, Жаһанша прокурордың орынбасары болыпты, сол уақытта сол төңіректе орыс халқы «қара қазақ азиаттықты маған адвокат қылып берші» деп  арнайы сұрайды екен. Беделі  асқақтап шарықтап тұрған. 1917  жылы қазақ елінде болған ұлы шаруаларға қатысу үшін ол кісі қазақ жеріне қызмет жасаған. Бұл оңай кез емес еді.1917 жылы жалпы қазақта екі сьез өтті, сонда оның ішінде ең білімді адамдар болған.1917 жылға дейін Санкт-Петербургтің  заң университетін  20 жас қазақ бітірген.

Мен ел Президенті Қ. Кемелұлының мемлекеттік комиссиясының мүшесімін, екі жыл уақыт ішінде отыз бір кітап дайындап президент столының үстіне қойдым. Болашақта аты аталмай, Сталиннің жаналғыш машинасының оттығына түсіп кеткен ұлылардың қызметін насихаттайтын осы жұмыстын қорытындысы бойынша бірнеше заң қабылдайтын шығар, Алаштың қайраткерлеріне көрсететін  ықылас жаңа өріске  шығатын болар деп ойлаймын. Сондықтан  елдің астанасында осы ұлыларға арналған ескерткіштер ашылып, фильмдер түсіріліп, спектакльдер қойылып, кітаптар жазылуы өте  қажет, себебі өсіп келе жатқан жас ұрпақ толық мәлімет алуы керек» - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай сөйлеген сөзінде.

 

«Ақкиіз» көрермен көңілінен шықты

 

Айнагүл Ойшыбаева, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі: 

- 21-22 мамыр күндері Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы делегациясы Астанаға арнайы іс-шаралармен яғни Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтың өмір деректерін және олардың шығармашылығын наихаттау мақсатында келді. Биыл Батыс Алашорда үкіметінің құрылғанына 105 жыл, Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толып отыр. Сол іс-шаралар аясында «АЛЖИР» музейінде республикалық конференция өткізіп отырмыз. Делегацияны Сырым ауданы әкімі Төреғалиев Төлеген Серікқалиұлы бастап келді. Сондай ақ мәслихат төрағасы Шынар Сайлауқызы, облыс әкімінің орынбасары Артур Мұратұлы бар. 2017 жылы Мәскеу қаласында Бутырька-Таганск түрмесінде азап шегіп қайтыс болған Жаһанша Досмұхамедұлының жерленген жерінен әкелінген бір уыс топырақты Мұстафа Шоқай топырағы тұрған Алжир мемориалдық кешеніне табыстап кеткелі отырмыз. Осы бір уыс топырақ арқылы Жаһанша Досмұхамедұлы атамыздың әруағына тағзым етеміз. «АЛЖИРГЕ» келетін қонақтарға Батыс Алашорда ісін насихаттап, байланыс орнасын деген мақсат болды. 

Жымпиты халық театры қойған «Ақ киіз» тарихи драмасын көпшілік көрермен жылы қабылдады. Жаһанша Досмұхамедовтың қайраткерлік ісін баяндайтын «Ақ киіз» тарихи драмасының авторы - сырымдық ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Ширмединұлы. Қоюшы режиссері Алмат Шарипов. Жаһаншаның рөлін актер Сәндібек Өтеғалиев ойнады. Х. Досмұхамедов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов. М. Шоқай, Салық бай, Қуанай Хазірет секілді тұлғалармен қатар, өмірде болған, бірақ кітаптарда дерегі жоқ Таубай, Қабас деген байлар бар. Сонымен бірге Жаһанша мен Халелдің Ленинмен кездесуі де көрсетіледі.

 

Тарихи сәттің куәсі болдық

 

Рита Сұлтанғалиева, Махамбет Өтеміс атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

- Астана қаласындағы музыкалық жас көрермен театрында Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовке арналған «Ақ киіз» тарихи драмасының премьерасында болудың сәті түскен жақсы бір күн болды. Тарихи драманың авторы - ақын ініміз Бауыржан Ширмединұлы. Алмат Шариповтың режиссерлығымен қойылған бұл драмаға сын айтып, мін артудың қажеттігі жоқ деп ойлаймын. Толық құрам кәсіби театр әртістерінен емес, ауданның халық театры қойған қойылым. Қойылымда Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер қатар жүреді. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай мен Алаш қайраткерлеріне қолдау көрсеткен Салық бай, Қуанай Хазірет секілді тұлғаларды көрдік. Сахнадағы Жаһанша мен Халелдің Ленинмен кездесуі де ерекше әсер қалдыратындай. Алаш жолында аянбай қызмет етіп, күреске толы өмірінде қуғын-сүргін көріп, абақтыға жабылған тұлғаны Алаш қайраткерлерінің аруағы ақ киізге орап, үстіне Алаш туы жабылып, алып бара жатқанымен аяқталады. Қойылымның көркемдік шешімін табуында режиссердің еңбегі айқын көрінеді. Азаттықтың, елдіктің символы ретінде алынған детальдің өзі Алаш арыстарының сол жолдағы ерен еңбегін айғақтайды. «Қазір желбіреп тұрған бостандық туы бәрімізді бірлікке, бауырластыққа шақырады. Біздің мақсат - ел билеуді халықтың өз қолына беру. Қазақ өз тағдырын өз қолына алатын болады. Тек ауызбіршілікте болайық, бауырлар!» сөзімен жалғасқан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлең жолдарымен сахна шымылдығын жабады. Алаш арыстарының ауыр тағдырын сахнадан көрермен көрді, сөзін естіді, көздеріне жас алды. Менің алдымда Алаш қайраткері Бақтыбай Бейсенұлының ұрпағы Роза апай отырды. Жылап отырып көрді, ал қойылымнан кейін тебірене сөйлеген сөзі көпке ой тастағаны сөзсіз.

 

Алаш милициясына ел ішінде беделі бар, бірнеше тіл білетіндерді іріктеп алған 

 

Альфия Байбулсынова: тарихшы, ҚР Президентінің жарлығымен құрылған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс тобының мүшесі:

- Алаш тарихы, алаш лидерлері туралы бірқатар еңбектер жарыққа шықты, біз Алаш милициясы туралы айтайық. Алаш лидерлері ең бірінші мемлекетті қорғап, сақтап тұру үшін ұлттық милицияны құруды басты назарға алған. Жымпитыда 1918 жылы мамырда өткен қазақ сьезінде Жаһанша сөз бастаған. Қаратөбеде өткен екінші сьезі бар, бұл сьездерде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы Орал аймағынан үш жүздей адам қатысқан. Жанағы келгендердің ішіндегі біреуі тұрып сөз сөйлейді: «Жаһанша мырза, бастаған ісің он болсын, Құдай жарылқасын. Қолға алған ісінді орындап шығуыңа тілектеспін. Адайлықтар тілеулес. Ойылдан ашқалы отырған мектепке жүз жігіт беремін, олардың оқу бітіріп шыққанға дейінгі барлық шығынын өз мойныма аламын, сонымен қатар астарына мінетін аттарын да, барлық құрал-саймандары да менен болады.

Бұл Маңғыстаудан келген Тобанияз Әлниязов деген адам екен. Және Алаш Орда лидерлерінің бірі Ахметжан сөз сөйлейді.

- Қадірменді Тобанияз мырзаның айтқан сөздері, жасаған жомарттығы көптің ойынан шықты. Мен өзімнің қаржылай көмегімнен басқа, офицерлер мен әскерлер мінетін он арғымақ беремін.Үкімет шаруасына қажетті жүктердің бәрін тасып беру шығынын өз мойыныма аламын және үлкен керуен шығарамын.

Сосын осы халықтың ішінде отырған Шұғыл қажы сөз сөйлеп: «Құрметті! Жаһанша мырза, мемлекет әскері мінетін елу жылқы менен болсын» дейді. 

Үкімет басшылары барлығына ризашылығын білдіріп жатқан кезде бірінен кейін бірі жиналып, сьездің шешімі бойынша екі мың адам әскер қатарына алынып, әскер жасақтау мәселесін шешеді.Сарбаздарды соғыс ісіне үйрету үшін 15-20 офицер тағайындалады. Кеше дайындаған 500 адамның ішінде санап отырып Алаш Орда үкіметіндегі 25 офицерлердің тізімін жасап шығарады. Одан басқа ең бірінші Алаш милициясын бастап әскерді жасақтауды қолға алады. Алаш милициясына алынғандар 18 жастан 30 жасқа дейінгілер болды. Және олардың барлығы қаруды қолдана алатын және елдің ішінде беделі бар, бірнеше тілді білетіндерді іріктеп алды. Бір қызығы Алаш Ордасы құрамында болғандардың көпшілігі көп тілді білген жоғары білімді азаматтар. Уфадан, Казаннан, Мәскеуден, Санк-Петербургтен, Самарадан оқып келген. Мысалға, дәрігер Дәулетшаһ Күсепқалиев деген дәрігер, Алаш Орда лидері. Жиырмасыншы жылдарда Жайық бойын ашаршылық, одан кейін инфекциялық түрлі аурулар жайлап кеткен кезде дәрігер өзінің інісі мен баласын көмекке шақыртады. Оның баласы Шайхы Агроинститут бітіріп келген керемет ғалым болған. Одан басқа інісі ветеринар, керемет мал дәрігері екен. Түйені будандастырып, жаңа түрін ойлап тауып, соның шұбатымен адамдарды емдеген. Жылқы тұқымын асылдандырып, Жайықтың екі жағындағы топырақты, сол жерде өсетін емдік шөпті мұқият зерттеп, түйе мен жылқыны сол жерге жайып, емдік шөптерден керемет дәрілер ойлап тауып, оны Дәулетжанның шәкірті Мәжит Шомбаловқа үйреткен. Яғни бұлар кешенді түрде Жайық бойындағы халықты аурулардан қорғау үшін күрескен. Оларды айыпталған кезде «Жапонияның шпионы», «девизиялық топты бастағандар»,»терористік ұйымды құрғандар» деп жала жапқан. 

 

 Олардың тағдыры 1918 жылы жоспарланып қойған

 

Белгілі тарихшы, алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменова Алаш Орданың батыс бөлігінің 1918 жылы 8 қыркүйекте құрылған тарихынан тартып айта келіп, оның қызметі, Алаштың ардақты ұлдарының идеяға беріктігі, Алаш Орда таратылғаннан кейінгі оның орынына қазақ-қырғыз халқының мәдени тұрмыстық экономикалық мұқтаждықтарымен қанағаттандыру ісін басқаратын Алаш жөніңде бас өкілдік қана тағайындалғаны жөнінде баяндады. Бұл жерде төтенше сьезде көтерілген мәселелер туралы да деректер қызық.

Дәметкен Сүлейменова, белгілі алаштанушы ғалым, жаһаншатанушы:

- Мәселен, Ойыл уәлаяты деп Жаһанша мен Халел 1918 жылы 18 мамырда құрған үкіметін таратады. Оның орнына Алаш орданың батыс бөлімі деген бөлімшені құрады. Байқадыңыздар ма, екі жеп биге шығады. Бұлар Алаш Орда үкіметін сақтап қалды және Алаш Орда батыс бөлігі үкіметін құрып, жетекшісі етіп Жаһанша Досмұхамедовты сайлады. Енді осы жерде мынадай сұрақ туады, неге осылай істеді? Оның бірнеше себептері болған, бірінші себебі - енді соғыс жағдайына байланысты Қазақстан территориясы екі ірі бөлікке бөлініп кетті. Екі ірі бөлік деп отырғаны Семейдегі Алаш Орда үкіметінің орталығы, сосын Алаш Орданың батыс бөлігі. Екіншіден, Самар-Ташкент теміржолы тармақтарын казак әскерлері басып алып жолдарды жауып тастады. Қатынас жоқ, арғы беттен бергі бетке, жалпы қазақ жерінде байланысты үзіп тастады. Үшіншіден, жол қатынастарының нашарлығы мен алыстығы бар, бір орталықтан басқаруға мүмкіндік бермеуі. Батыс бөліміне енді Бөкей ордасы мен Торғай облысы жерлері қосылды, осылайша Алаш ордасы бөлімінің орталық Алаш Орда үкіметіне заңды түрде, соның филиалы ретінде қызмет атқаруға мүмкіндік беріледі. Төртіншіден, енді Алаш Орданың батыс бөлігінің қүрылуының негізігі себебі - ақ гвардияшылар мен казактардың  Алаш қайраткерлерін, Алаш үкіметін жан-жақтан қыспаққа алуы себеп болды. Осындай шиеленіскен саяси жағдайда Алаш Орданың батыс бөлімшесі құрылды. Енді Алаш Орданың батыс бөлімшесінің жетекшісі Жаһанша Досмұхамедов, бірінші орынбасары Халел Досмұхамедов, орталығы Жымпиты деп көрсетіледі. Өйткені Жымпитыда бұл кезде телефон, телеграф сымдары болған, қатынас болған, сондықтан да бүкіл жарлықтың барлығын да Досмұхамедов Жаһанша жүзеге асыруға шешімге келеді. Осы Алаш Орданың батыс бөлігі құрылғанына қол қойған бұл Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Бірімжанов. Бүгінгі танда «Алаш Орданың батыс бөлігі, шығыс бөлігі деп, Торғай Алаш ордасы, Жетісу Алаш ордасы деп бөлуге болмайды, Верный Алаш ордасы деп бөлуге болмайды» деген ғалымдар шығып жатыр. Олар ол кездегі саяси жағдайды құжаттық негізде аяғына дейін толықтай зерттемей тұрып алыпқашпа пікірге жол береді. Біз ешкімді бөлектеп жатқан жоқпыз, бұл сол кездегі саяси жағдайға байланысты құрылған Алаш Орданың батыс бөлімі. Занды үкімет және сол үкіметті құрған кезде мынадай ұсыныс береді, егер де орталық Алаш Ордамен байланыс болмаған жағдайда бүкіл билікті Алаш Орданың батыс бөлімі өз тарапынан жүзеге асыра алады деген, міне қарап отырсаныздар, осылайша Алаш орданың батыс бөлігі құрылды. Бүгінде батыс Алаш Орданың құрылғанына 105 жыл толып отыр. Ол үлкен тарих, сол кездегі миссия, ол кезде егер батыс Алаш Орда құрылмаған кезде онда жағдай қалай болар еді? Енді мына нәрсеге назар аударыңыздар, 1919 жылы ноябрь айына жетпей Семейдегі Алаш Орда таратылды. Әлихан Бөкейхановты әскер қызметіне алып кетті.Торғай Алаш ордасы 1919 жылы таратылып, оның басшысы Ахмет Байтұрсыновты Мәскеуге жұмысқа алып кетті. Кеңес үкіметі билікті енді өз қолына алып, азамат соғысын аяқтап, жан-жақтағы үкіметтерді таратуға тырысып жатты. Міне, сонда Торғай Алаш Ордасы таратылып, Семейдегі Алаш Орда жұмысын тоқтатты. Алаш Орданың батыс бөлігі ғана жұмыс жасап жатты. Мінекей, сол кезде Торғай облысы, Ақтөбе облысы, Маңғыстау облысы, қазіргі Атырау облысы және Батыс Қазақстан облысы түгелдей Алаш Орданың батыс бөлігінің териториясына кірді. Екіншіден, осы жерде мекендеген бір миллион жарым халық Алаш Орданың батыс бөлігінің қарамағына кірді. Үшіншіден, Жымпиты Алаш Орданың нағыз күретамырына айналды. Себебі Жымпитыда сауда жасау үшін банктер, әскерлер дайындау үшін мектептер ашылды. Оқу білім саласы, кооператив құрылды, сауда-саттық жүзеге асты. Және осы кезде қазақ тілді газет шығарылды. Қызыл армия ақтарды жеңіп, Жымпитыға жақындап келеді, сол кезде Жаһанша Досмұхамедов 1919 жылдың ноябрь айында Орал қазақтарының бесінші сьезін өткізіп, үкіметті яғни Алаш Орданың батыс бөлігін Ойылға көшіреді. Ойылға көшкеннен кейін бір айдан кейін қызыл әскер Ойылға қарай бағыт ұстаған кезде Жаһанша Досмұхамедов Алаш Орданың батыс бөлігін тағы көшіреді. 1919 жылы желтоқсанның жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Жаһанша Досмұхамедов Алаш Орданың батыс бөлігінде алтыншы сьезін жасайды. Сол сьезде айтады: «біз енді кеңес үкіметін мойындаймыз. ол үшін біз кеңес үкіметі жағына өзіміздің қару-жарағымызбен, әскери күшімізбен, қаражатымызбен келеміз. Сөйтіп сол кезде ақтардың, казактардың армиясын қарусыздандырып, бүкіл қаражатын жинап алып, олардың бес жүзден астам адамын тізе бүктіреді. Оралдан келе жатқан Қызыл әскерді жеңіспен қарсы алады. 1920 жылы 9 наурызда ғана Алаш Орданың батыс бөлімі кеңес үкіметінің билік өкіметінің қолына өз еріктерімен, жеңілгеннен емес, қалған уақыттарында қазақ халқына оқу, білім беріп, қызмет істеу үшін қосылады. Жаһанша Досмұхамедов: «Кімде кім кеңес үкіметі жағында әскерде қалам десе рұқсат, ал егерде қалмаймын десе елде қалуына болады» деп әскеріне рұқсат береді. Мінекей, осылайша кеңес үкіметі Алаш Орданың басшыларының барлығына кешірім жарялайды, бірақ олар Алаш Орданың батыс бөлігі тартылғаннан кейін Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлы бастаған басшыларды бірден халықтың арасынан алып, Орынборға жібереді. Неге? Себебі халық арасында олардың беделі өте жоғары болды, олар сескенді, «шынында да бұлар тұрған кезде халық біздің үкіметті мойындамайды» деп ойлады. Міне, кейінен оларға кешіктіріп барып миссия береді, ол миссияның барлығы уақытша болады. Кешегі «Ақ киіз» қойылымында көрсетілгендей,  Лениннің айтатыны бар: «Бізге олардың қазір білімі керек, Алаш оқығандары өте білімді, сондықтан біз оларды уақытша пайдаланамыз, «придёт время, мы их уничтожем» деген хаты, құжаты бар, мен өз көзіммен көрдім, Орынбор архивінде сақталған. Владимир Ленин деген қолы тұр. 1918 жылдың 9 наурыз айында. Алаш қайраткерлерінің тағдыры 1918 жоспарланып қойған ғой. 1937-1938 де бәрі атылды, олардың өздерін ғана атып қойған жоқ, бүкіл үрім-бұтағын құртты. Әйелдерін лагерьге жапты. Біз «Алжирге», қасірет шеккен Алаштың ардақты аруларының жеріне келіп, осы іс-шараны өткізіп отырған себебіміз осы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?