Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түрік сарбаздары арасындағы текетірестер мен шайқастар

1317
Түрік сарбаздары арасындағы  текетірестер мен шайқастар - e-history.kz

Мәселен, Кудама ибн Джафар келесідей мәліметтер келтіреді:

«Түріктер Джурджанның көршілері ірі шекаралас облыстардың ішінен – түріктермен шектесетін аймақ, олар Джуржан аймағына іргелес шөлді иемденеді және олар (түркілер) сол жерден шығады. Оның тұрғындары (Джуржан) олардың (түріктердің) шабуылдарынан қорғану үшін күйдірілген кірпіштен қабырға тұрғызды.  Түріктер оларды жеңіп, олардың жерін Сул деген түрік патшасы басқарды, содан кейін оны (Журжан) мұсылмандар жаулап алды».

Әл-Балазури: «Аббас ибн Хишам әл-Келби маған әкесінің сөздерінен, Әбу Михнафтың және басқалардың сөздерінен олардың айтқандарын айтып берді. Сүлеймен ибн Абд-әл-мелик ибн Меруан билікке кіріскен кезде Ирактың билеушісі етіп Йезид ибн әл-Мухаллаб ибн Әбу Суфраны тағайындайды, ал ол Кутейба ибн Муслимнің (дұрыс жолдан) тайғандығынан Хорасанға аттанады. Ол Хорасанға бет алған кезде Сул-түрік оның жолын бөгеп, ол (Йезид) Сүлейменге хат жазып, оған (Сулға) шабуыл жасауға рұқсат сұрайды.  Оған рұқсат етіліп, алдымен Джилан мен Сарияға шабуыл жасалады, сосын Дихистанға жақындады, ал ол жақта Сул қоныстанған еді».

Бұл түркі әулеті туралы мәліметтер аз және бұлыңғыр. Олар Каспийдің оңтүстік-шығысында, шамасы, араб жаулап алулары басталғанға дейін билік жүргізген сияқты, себебі 642 жылы осында пайда болған Сувайд Мукарриннің алғашқы араб отрядтары белгілі-бір Рузбан Сулдың күштерімен қақтығысқа түскен, ал оның қоластындағылар түріктер деп көрсетілген. Жыл сайын салық төлеу шартымен олардың араларында бейбіт келісім жасалған  еді.  Шарт 18/639 жылмен белгіленген, бірақ Табари оны 642 жылғы оқиғалар қатарына жатқызды, өйткені арабтар Гурганда Нехавенд шайқасына дейін (642 жылы) пайда болуы мүмкін емес деп санайды. 

642 жылғы келісімнің шарттары, шамасы, орындалмаған, алым төленбей, 650 жылы Саид әл-Ас бастаған арабтардың  Гурган мен Дихистанға жаңа жорығы ұйымдастырылады. Бейбітшілік келісімі бойынша бұл жолы 100 000 дирхамнан 300 000-ға дейінгі аралықта белгілі-бір алым төлеу қарастырылды. Бірақ жергілікті халық алым-салықты уақытылы, ретімен төлемеген, содан кейін бізге белгілі, жоғарыда аты аталған Йазид Мухаллаб 716 жылы Сула бекінісін алып, ақыры бұл жерлерді өзіне бағындырған. Ал, Сулдың тағдыры болса толығымен анық емес: кейбір мәліметтер бойынша ол шайқаста қаза тапса, басқа деректер бойынша, қанды шайқастан кейін 14 мың түрік өлтірілген, содан ол беріліп, нәтижесінде өзінің және жақындарының өмірін сақтап қалған деседі.

Деректерге тоқталсақ, әл-Балазури:

«Ол (Йезид) оны (Дихистанды) қоршауға алды және онымен бірге екі қаланың халқынан, Сирия мен Хорасан тұрғындарының үлкен әскері болды. Дихистан халқы шығып, олармен соғысты, Йезид (қоршауды) күшейтіп, олардан азық-түлікті үзді.  Сонда Сул Йезидке кісі жіберіп, өзін, мал-мүлкін, отбасын аяы үшін амандық сұрап, есесіне оған қаланы, оның халқын және ондағы барлық нәрсені тапсыруға келісті. Йезид мұны қабылдап, онымен осы шарттармен бітімге келді және оны орындады.  Йезид 14 мың түрікті өлтіріп, сол жерде өз адамын қалдырды.  Ал Әбу-Убейда Мамар ибн әл-Мусанна Сулдың өлтірілгенін айтады, бірақ бірінші хабар сенімдірек болғанын айтады. Ат-Табари  «Саид ибн әл-Ас Джурджан тұрғындарымен бітімгершілік шарт жасасып, олар: «Бұл келісім бойынша бізге тиесілі сома», - деп кейде 200 000, кейде 300 000 төлеуге келіскен, алайда олар бұл төлемді кейде берді, кейде жүз мың төледі, ал кейде тіпті төлеуден бас тартты.  Содан кейін олар келісім-шартты бұзып, қайтадан кәпір болды және Йезид ибн әл-Мухаллаб оларға келмейінше хараж төлемей,тек ол елге басып кірген кезде онымен күш-қуат жағынан ешкім бәсекелесе алмағандықтан қайта міндеттерге келісе бастаған. Ол Сулмен бітімге келіп, әл-Бухейра мен Дихистанды жаулап алғаннан кейін Саид ибн әл-Аспен келісім шарты бойынша Джурджан тұрғындарымен бітімгершілік жасасады». Тағы да Ат-табари «Содан кейін ол қоршауды аянбай жалғастырып, бекіністің барлық 1320 жағынан әскерлерін орналастырып, бекіністі қорғаушылардың керек-жарақпен қамтамасыз етуін қиды. Ал олар шаршап, мұсылмандармен соғысуға шамасы жетпей, қоршау мен апаттар олар үшін шыдамайтындай болған кезде, Дихистанның дехканы Сул Йезидке елші жіберіп «Маған, отбасыма және мал-мүлкіме сенің кепіл болу шартыңмен мен қаланы және оның тұрғындарын саған тапсырамын, бітімге келемін»,-деп жеткізеді. Йезид онымен бітімге келіп, одан (шарттарды) қабылдап, оларды орындады.  Ол қалаға кіріп, ондағы дүние-мүлік пен қазынаны және сансыз көп тұтқындарды тартып алып, тұтқынға түскен 14 000 түрікті өлтіріп, бұл туралы Сүлейман ибн Абд-әл-меликке хабарлады».

Осы жерде ат-Табаридің бұл дерегін толығырақ баяндасақ, бітімге келудің себеп-салдары мен алғышарттары мәлім бола түседі.

«Фируз бен оның әл-Марзбан есімді немере ағасы арасында тартыс болды.  Әл-Марзбан одан бөлініп, әл-Баясанда қоныстанды. Түріктердің өзіне шабуыл жасауынан қауіптенген Фируз Хорасандағы Йезид ибн әл-Мухаллабқа барады, ал Сул бұл кезде Джуржанды басып алады.

 Ол Йезид ибн әл-Мухаллабқа келгенде Йезид: «Сені не әкелді?» - деп одан сұрай бастайды. Ол: «Мен Сулдан қорқып, одан қаштым», - деп жауап берді.  Йезид одан: «Онымен соғысудың айласы бар ма?» деп сұрады.  Ол: «Иә, бір нәрсе бар, оны меңгерсең оны не өлтіресің, не бағындыра аласың», – деп жауап берді.  Йезид: «Ол не?» деп сұрады.  Ол былай деп жауап берді: «Егер ол Джуржаннан әл-Бухейраға тоқтау үшін жолға шықса, сен оны сол жерде қуып жетіп, оны қоршауға алсаң, оны жеңесің. Жақтастарына хат жазыңыз, Джуржанда қалу үшін айла орнатуды сұраңыз және бұл үшін оған сыйлық пен жақсылықты уәде ет, хатты алған соң ол оны (Сул) құрметтейтіндіктен, хат арқылы оған жақындау үшін сенің хатыңды Сулға жібереді.  Және ол Джуржаннан өтіп, әл-Бухайраға қоныстанады.

Содан Йезид ибн әл-Мухаллаб Табаристан әміршісіне былай деп жазды: «Мен Джуржандағы Сулға жорық жасағым келеді, бірақ менің ниетім осы болса, ол әл-Бухейраға көшіп, сонда қоныстанып кетпей ме деп қорқамын, өйткені ол жерге жетсе, мен оны жеңе алмаймын. Ол сізді тыңдайды, сізбен кеңеседі. Егер оны биыл Джуржанда ұстасаң және ол әл-Бухейраға көшпесе, мен саған 50 000 мисқал (алтын) жеткіземін. Оны Джуржанда қалдыру үшін бір қулық жаса, өйткені ол сонда қалса, мен оны жеңемін». Бұл хатты көрген Табаристан әміршісі Сулға жақындағысы келіп, оған хат жібереді. Хат Сулға келгенде, ол адамдарға әл-Бухейраға баруды бұйырды және онда күш-қуат алу үшін азық-түлікті де жүктейді. Йезидке оның Джурджаннан әл-Бухейраға жолға шыққаны туралы хабар жетіп, ол Джурджанға баруды ұйғарды.  Йезид 30 000 әскерді басқарып жолға шықты;  Оның қасында Фируз ибн Кул болды;  және ол Махлад ибн Йезидті Хорасанға, ұлы Мувиа ибн Йезидті Самарқанд, Кеш, Несеф және Бұхараға, Хатим ибн Кабис ибн әл-Мухаллабты Тохаристанға қалдырды.

Йезид ол кезде қала болмаған, бірақ оны қоршап тұрған таулар мен өткелдер, шыңдары бар, оның бір өткелінде адам тұрғанда оған ешкім жақындай алмайтындай Джурджанға да жетеді. Йезид Джурджанға аяқ басты, сөйтіп ұлылықта онымен ешкім бәсекелесе алмады. Сол жердегі мүлкін тартып алған Йезид адамдармен бірге әл-Бухейраға барып, Сулға шабуыл жасады.  Және ол оларды қоршауға алды, ал Сул кейде оған қарсы шығып, онымен соғысып, кейін бекінісіне қайта оралып жатты.

Йезидпен бірге куфилер мен басрилер болды. Түріктер қоршауда қалып, соғысып, шайқастарға қатысып, құмда тұрып қалған суды іше бастағанша алты  ай бойы өз бекіністерін қорғауға тырысты.  Олардың арасында тұзды суды пайдаланудан пайда болған ауру жайлап, олардың арасында өлім белең ала бастады.  Осы жағдайда Сул бейбітшілік үшін елшілік жіберді. Йезид ибн әл-Мухаллаб: «Жоқ, тек егер ол менің рақымыма бағынбаса», - деп жауап қатқан. Бірақ Сул ұсынысты қабылдамады және оған: «Мен сенімен өзімді, мал-мүлкімді және отбасым мен серіктерімді  аяу шартымен сенімен татуласамын, содан сен әл-Бухейраға орналасасың», - деп хабар жіберді. Ал Йезид бұған келісті.  Сул өз мал-мүлкімен және қалаған үш жүз адамымен шығып, Йезидке қосылды.  Йезид тұтқынға түскен түріктердің 14 мыңын өлтіріп, қалғандарына мейіріммен қарап, ешқайсысына тиіспеді».

Біраз уақыттан кейін, 720 жылы Дихистанға іргелес Кухистан аймағының билеушісі ретінде көрсетілген Сулдың ұлы орталық үкіметке қарсы көтеріліске шыққан Йазида Мухаллабтың жақтастарының қатарында болды, олар халиф Язид Абд әл-Мәліктің әскерлерінен ойсырата жеңіліске ұшырағаннан кейін тұтқынға алынған. Осымен сарапшы-зерттеушілер Гурганда, Дихистанда, мүмкін Кухистанда билік еткен Түрік Сул әулетінің тарихы үзілген деп есептейді .

Алайда, ат-Табаридің екі хабары зерттеушілер назарынан тыс қалып қойған тәрізді, одан әлдеқайда кейінірек, 835 жылы белгілі бір билеуші ​​Сул Ар-текин (немесе Тегін) өз қол астындағылардың бір тобымен (ахл биладихи) бірге Аббасидтік халиф әл-Му'тасимге шынжырланған күйінде әкелінген. Шамасы, халиф оны кешіріп, ықыласына бөлеп, тіпті оны мемлекеттік қызметке де алған көрінеді: 839 жылы ол Дамасктің әскери билеушісі ретінде айтылады. Шамасы, бұл Сул Тегін 835 жылға дейін оңтүстік-шығыс Каспий аймағындағы иеліктерін сақтап келген Сулидтер әулетінің ұрпағы болса керек.

835 жылы белгілі болғандай, халифаттың Әзірбайжан мен Солтүстік Иранды қамтыған Бабектің ұлы көтерілісімен ұзақ мерзімді күресіндегі бетбұрыс болды. Көтерілісшілерге көптеген жергілікті билеушілер қосылды. 837 жылы халифаттың сол кездегі астанасы Самаррада Бабекпен бірге қол-аяғын керіп шегеленген, Гурганға іргелес жатқан Табаристанның Каспий аймағының билеушісі Мазйар Карин ерекше атаққа ие болды.  Сул Тегін алғашында Бабекті қолдап, кейін одан алшақтап, сол арқылы халифаның ықыласына ие болған еді.

Сулдың өзі исламды қабылдаған болуы әбден мүмкін, ал оның ұрпақтары IX ғасырдың басында араб тілін де, мұсылман мәдениетін де қабылдағаны сөзсіз. Бұл әулеттен ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің кем дегенде екі көрнекті өкілі шыққан: IX ғасырдың атақты ақыны Әбу Ысқақ Ибраһим әл-Аббас әл-Сули және артында X ғасырдағы Аббасидтер тарихын қалдырған атақты тарихшы Әбу Бәкір Мұхаммед Яхья ас-Сули болды. Арабтардың жаулап алуының ең алғашқы кезеңінде кездестірген түркі әулетінің тарихы деректерде қысқаша осылай қамтылған.

Сулидтерден басқа Мавераннахр аймақтарында арабтар басқа да түркі билеушілерімен байланысқан. Бұхара билеушісі Бұхарахудат Тұғж Шадпен (бухарахудат Тугдж Шад), Соғды мен Самарқан билеушісі соғдылық ихшид Гурекпен, Бадгис аймағындағы түрік билеушісі Низак Тархан және тағы басқалары жаулап алушыларға табанды қарсылық көрсетіп, олардың абыройы мен іс жүзінде тәуелсіздігін қорғаған бұл түріктер Халифаттың ұлы мәдени және саяси өрлеуінің басынан қалыс қала алмады.  IX ғасырдың басында осы билеушілердің ұрпақтары, атап айтқанда Бұхарахудат пен соғдылық ихшидтің ұрпақтарын халифа әл-Мамунның (813-833) ең көрнекті қолбасшыларының қатарынан көреміз.

Олар халифаттың қоғамдық өміріне араласқан жалғыз түріктер болған жоқ.  IX ғасырдың басында-ақ бұрын Исламға қарсы болғандар ислам қоғамының прогрессивті дамуының маңызды факторларының біріне айналды. Олардың күш-жігерін қолдану саласы негізінен саясат және әскери істер болды. Оның айқын дәлелі ретінде Аббасидтер жасақтарындағы түркілердің тарихын келтіре аламыз.

Түркі қолбасшылары өте ерте кезден бастап-ақ, халифтың әскерінде қызмет етті. Әл-Мансурдың қолбасшысы Хаммад ат-Туркидің (754-775), әл-Махдидің қол астында қызмет еткен Мүбарак ат-Түркидің (775-785) және тағы басқалардың есімдері сақталған. Жеке түркі бірліктерінің қалыптасып, кең таралуы халифа әл-Мутасим есімімен байланыстырылады. Әл-Мутасимнің болашақ түркі гвардиясының өзегі әл-Мамунның тұсында-ақ қалыптасса керек.

Әл-Мутасимнің түркі корпусының тәуелсіз әскери экспедициясы туралы алғашқы мәліметтер 202 (817-818) жылға қарай кездесе бастайды, дәлірек айтсақ, оларды Бағдат маңындағы Махди Дилванның қарсылығын басуға жіберген кезде болды.

Әл-Мутасим таққа отырғаннан кейін (833-842 ж.) түркі гвардиясы халифаға ең жақын әскери күшке айналды, әсіресе ескі әскердің бір бөлігі әл- Мамунның ұлы Аббастың қастандығына араласқаннан кейін.

Алайда, түріктер мен бағдаттықтар арасындағы кикілжің, Бағдадта орналасқан әскерге деген сенімсіздік әл-Мутасимге жаңа Самарра қаласын салуға түрткі болады, онда ол өзіне адал түрік гвардиясымен бірге қоныстанған еді. Жаңа астана орнын сол жерден құрлық-су арқылы Бағдадқа жетіп, көтерілістерді басып-жаншуға ыңғайлы болатындай іздестіргендігі де айтылады. Жаңа астанасында әл-Мутасим түріктер қоныстанған кварталдарды қаланың басқа бөліктерінен оқшаулауға тырысқан.

Мемлекеттің әскери күшінің негізі ретінде түркі ұландарының маңызы арта түскен сайын түркі әскери басшыларының да ықпалы күшейе бастаған. Әл-Мутасимнің өзі Махди Дилванға қарсы алғашқы тәуелсіз операцияда ерекше көзге түскен Ашинаға үлкен құрмет көрсетеді: оны отырғызып, басына тәж кигізеді.

Халифа әл-Васик тұсында түркі қолбасшылары халифаттың үлкен аумақтарының билеушілері болды.  Мысалы, сол Ашина «сарай есіктерінен Батыстағы шеткі ауданға дейінгі барлық жерлерге тағайындалды», тағы бір түркі қолбасшысы Итахқа Хорасан мен Синд берілген.

Рас, бұл тағайындаулардың барлығы тек көрнекті әскери басшыларды құрметтеу және бос әурешіліктерін қанағаттандыру үшін жасалған «жоғары лауазымдар» болды, өйткені, мысалы, Синд сол кезде халифаттан мүлде тысқары қалып кеткен болатын, ал Хорасанда әл-Мамун дәуірінен бері Тахиридтер әулеті бекініп алған еді.

Түріктер алайда уақыт өткен сайын ең белсенді әрі жауынгер күшке айналады, олар мемлекеттің барлық дерлік әскери кәсіпорындарына қатыса бастайды, византиялықтарға қарсы жорықтарға қатысады, халифаттың шетіндегі көтерілістерді және ел ішіндегі көтерілістерді басу үшін де жіберіледі. Мәселен, түріктер 816 жылы Әзірбайжанда басталған халифат тарихындағы ең ірі көтеріліске жетекшілік еткен Бабекпен ұзақ мерзімді соғыс кезінде Афшинге қосымша күш ретінде жіберілген болатын.

Олардың әскерге алынуының себебін іздейтін болсақ, халифтердің қарамағында жергілікті халықпен еш қатысы жоқ шетелдік жауынгерлердің болуы маңызды болған деп есептеген зерттеушілердің көзқарасы неғұрлым орынды болып көрінеді. Мұндай жауынгерлер халифпен жеке байланыста болып, соған жеке адалдық танытқан әскери күш бола алатын еді, бірақ бұл жауынгерлер ел заңымен қорғалатын қандай да бір материалдық мүдделерге ие бола салысымен, өз билеушілерінің сенімді тірегі болудан қалған. Бұл пікірді әл-Якубидің әл-Мутасимнің сақшыларды (түрік жассқтарын) жергілікті халықтан оқшаулау үшін қолданған шаралары туралы мәліметтері де растайды. Екінші жағынан, әскерді оқшаулау халифа тұсында басқа жат жерліктердің жоғары лауазымға ие болып, халықтың қалған бөлігінің табысымен салыстырғанда жоғары жалақы алуы, жергілікті тұрғындардың жек көру және араздық сезімдерін тудыруы да мүмкін.

Алайда, түркі жасақтарының құрылуының басты себебі тереңде жатқан сияқты. Халифаттың экономикалық саясатының табиғи тенденциясы мемлекет кірістерін шамамен бір деңгейде ұстау болды.  Бұл мақсатқа түрлі жолдармен қол жеткізілді, мемлекеттік астықтағы алыпсатарлық, дивандарға кіретіндердің санын қысқарту, қарапайым шенеуніктердің және әскердің жалақысын азайтудың түрлі айлалары болды, бірақ ең негізгісі салық режимін күшейтудің әртүрлі шараларымен байланысты болды. Сәйкесінше, бұл шаралар салық төлеушілердің наразылығын тудырғаны сөзсіз, ал оларды басу үшін жергілікті халық бұқарасымен ортақ мүддесі жоқ, мүмкіндігінше одан мүлде оқшауланған кәсіби мамандардан құралған күшті әскер қажет болды. Түркі жасақтары бастапқыда бұл талаптарды толығымен орындады. Халифтар бұл қасиеттерді олардың бойында сақтауға тырысты, мұны Самаррадағы оқшаулау әрекеттері де дәлелдейді.  Көптеген түріктер тіпті араб тілін де білмеген. 

Бұл түркі жасақтарын құрудың экономикалық негізделген қажеттілігі туралы идея бірінші рет айтылып жатқан жоқ.

Алайда, түрік жасақтары халифтердің қолында көпке мойынсұнғыш құрал болып қала алмады.  Әл-Жәһиздің «Фатху Хаканға түріктер мен бүкіл халиф әскерінің қасиеті туралы жолдауынан» шағын үзінді келтірсек өте орынды болар еді:

«Түріктер кек алуды да, қулықты да, екіжүзділікті де, өтірік айтуды да, жала жабуды да, туысқанға тәкаппарлықты да, жолдастарға қысым көрсетуді де білмейді, олар бидғаттың азғындығына ұшырамайды, олар әртүрлі нәрселерге байланысты мүлікті иемденбейді. Олардың кемшілігі мен азап шегуінің себебі – үйге деген сағыныш, қаңғыбастық, жорық жасауға деген құмарлық, тонауға құштарлық және әдет-ғұрыптарына қатты берілумен байланысты. Ең бастысы, бұл оларды қашуға итермелеп тұрды, оларды кері тартты және ұзақ уақыт бойы олардың қабілеттерін білмеу, жақсы қасиеттерін білмеу және оларды қолдану мен пайдаланудың қолайлы сәттерін елемеу халифат жерінде тұрудан жиіркендірді. Ал оларды басқа жауынгерлермен бірдей жағдайға қойғанда (сөзбе-сөз оларды басқа жауынгерлердің үлгісімен қайта жасақтады) соңғы қатарда және басқалардың арасында болғысы келмеді, олар ортада қалғысы келмеді. Қарапайым әскерден құралған және жалпы жауынгерлер жасағына кірген олар бұны өздеріне лайықсыз деп есептеп, оларға не қажет екенін көрсетті және езгіге төтеп беріп, күңгіртте қалудың өздеріне лайық емес екенін көрді. Олар өз құқықтарын білмейтін адамға қасақана оны осы құқықтарынан айыруға әрекеттенген адамға қарағанда нашар қарайды.  Ал олардың басына сабырлы, адам тағдырын жетік білетін, жаман әдет-ғұрыптарға бой алдырмайтын, құмарлықтарға көнбейтін, бір елді екінші елден артық көрмейтін, елден хабары бар сабырлы билеушісі болса, онда қай жерде билік жүргізсе де, не болса да, ақиқатты мойындай бастаған, жаман әдет-ғұрыптан бас тартқан, өзі үшін ақиқат жол таңдаған, туған жерінен алыстаған, озбырлықтан имаматты артық көрген және өзі бауыр басқан дүниелеріне қарамастан, саналы болғандары өз бақытын түсінер еді».

Осы үзіндіге сүйене отырып, түркілердің бастапқыда басқа жауынгерлерге қарағанда ешқандай артықшылығы болмаған деген қорытынды жасауға болады. Алайда, халифа әл-Мутасим тұсында (әділ билеуші ​​туралы жоғарыдағы соңғы үзіндіде сипатталған адам соған тиесілі) түріктер өздеріне лайық деп санайтын нәрсеге қол жеткізеді және үзіндінің соңғы бөлігінен болжауға болатындай, олар елге толығымен сіңісе бастайды.

Аббасилер әскерінің құрамын зерттей келе, ол әуел бастан-ақ әртүрлі тайпалық және этникалық топтардан құрылған деген қорытындыға келуге болады. Бұл, ат-Табаридің сөзімен айтқанда, кейбіреулерін басқалардың көмегімен басу мақсатымен жасалған.

Әл-Мутасим қол астындағы түркі жасақтарының санын нақты анықтау мүмкін емес. Әл-Якубидің айтуынша, әл-Мамун тұсында әл-Мутасим өз адамдарын Самарқандқа түркі құлдарын алу үшін Нух Асадқа жіберіп, жыл сайын белгілі бір жасақ саны келіп тұрған, кейін олардың саны 3 мыңға жуықтаған. Әл-Мутасим ел ішінде де құл сатып ала бастаған: осылайша Ашинас, Мамлюк Нуайым Хазим, Салам әл-Абрашта аспаз болған Итах, ан-Нуман әулетінің қару ұстасы Васиф, Фадл Сахлдан сатып алынған Сима ад-Димашки - Халифаттағы ірі әскери жетекшілер мен саясаткерлердің қатарында болған еді.

Әл-Масудидің айтуынша, Самарра салынған кезде әл-Мутасимде 4000 түркі сақшысы болған.  Кейінгі дереккөздер әл-Мутасимнің сақшыларының саны 70 мыңға жеткенін хабарлайды .  Енді Әл-Мутасимнің замандасы, ақын Әли Джахмның халифаны былайша сипаттаған пікірі назар аударарлық.

 «Жебені тез ата алатын жиырма мың түріктері бар имам».

Дереккөздердегі осындай қарама-қайшы мәліметтерге байланысты әлі күнге дейін түркі әскерлерінің саны туралы біржақты пікір орнықпаған, сонымен қатар бүкіл Аббасид әскерінің мөлшері және оны ұстауға кететін шығындар туралы сұраққа да нақты жауап беру мүмкін емес.  Халифа гвардиясы туралы жақында жарық көрген арнайы монографияның авторы оның сандарын айта отырып, әртүрлі ақпарат көздерін біріктірудің басқа жолын таппай, гвардияшылар санын 4-70 мың деп белгілейді.

Түркі әскерлерінің қолынан қаза тапқан халифа әл-Мутаваккил (847-861) қайтыс болғаннан кейін түркілер араб деректері бойынша мемлекет пен халифтердің тағдырын басқарушыларға айналады.  Олар таққа өздері қалағандарын отырғызып, қарсы болғандарын мұсылмандардан сұрамай, иман жолына түспей тақтан құлатқан деп сипаттама айта бастайды.

Алайда, көп ұзамай түріктердің өздері арасында алауыздық басталды, оның құрбандары тек халифалар ғана емес, түркілердің әскери басшылары да болды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?