Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көрермен ықыласына бөленген театр

1848
Көрермен ықыласына бөленген театр - e-history.kz

Орал қаласының қақ ортасында орналасқан Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры – қала жұртшылығы мен қонақтары үшін сыртқы салтанаты келіскен, ал ішкі мазмұны бай әрі биік өнер ордасына айналғалы қашан. Жас көрермендер де театрға қуанып келеді, өйткені оларды да ерекше қызықты қойылымдар күтеді. Шетелдерде өткен өнер байқауларында бірнеше рет гран-при, жүлделі орындар иеленіп, республика театрларының ішінде өз орнын әлдеқашан белгілеген театрдың мақтаныштары ­– талантты актерлері.  Олардың есімдерін ел біледі, шеберлігін талғамы биік көрермен бағалайды. «Қазақстан тарихы порталы» интернет-жобасы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатовпен сұхбаттасқан еді.

- Сұхбатымызды алдымен осы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының тарихынан бастасақ, театр қай кезде құрылған,  тарихы қызық шығар дейміз… Жалпы осы театр тарихына қатысты мәліметтер толықтырылды ма?

- Оралда облыстық қазақ драма театрын құру жайлы 19 маусымдағы 1992 жылғы қаулыға сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов қол қойған. 1993 жылдың 16 желтоқсанында – тура Тәуелсіздік күні облыстық қазақ драма театры М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясымен өз шымылдығын алғаш рет ашты. Театрдың алғашқы бас режиссері Жамбылбек Есенбеков, қоюшы-режиссері Елкен Жылқышинов болды. Ең алдымен, сонау 1997 жылы осы театрға бас режиссер болып келіп, алты айлап жарықсыз, жылусыз жұмыс істеп, тоқырау жылдарында да театрдың тұралап қалмауына ерен еңбек еткен режиссер, кино және театр актері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР-ның еңбек сіңірген артисі Сердеш Қажымұратовты атағанымыз жөн. Бұдан кейін Орал театрының кәсіби өнер ордасы атануына ерекше үлес қосқан режиссер, ҚР еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахмановтың еңбегін айрықша атап өту керек. Сонымен қатар Асхат Маемиров пен Мұқанғали Томанов жыл сайын екі-үш жаңа премьераларымен театр қоржынын байытып, өндіріп жұмыс істеген таланатты режиссерлар. 1998 жылы Тараз қаласында өткен республикалық театр фестивалінде С.Асылбековтың «Бір түнгі оқиға» /реж. М.Ахманов/ қойылымы бас жүлдені жеңіп алды. 2002 жыл – тек театр емес, бүкіл облыс өңірінің тарихында қалатын маңызды жыл. Кәрі қаланың қақ төрінен ойып тұрып орын алып, айна терезелі, алтын керегелі ғимараты арнайы салынған қазақ театры сән түзеді. Оның тұсауын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен КСРО Халық артисі, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов кесті. Осы жылы Алматыдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын енді бітірген жас түлектер театр ұжымына қосылып, сахнаға жаңа леп әкелді. Олар – А.Дайрабаева, Д.Базарқұлов, А.Шоман, Н.Сейітмаханбетов, С.Мұратбекова, А.Жансеріков, Ж.Мамедова, Ә.Хамидуллина және Н.Вахитов, Е.Рамазанов. Бүгінде Орал театрының сахнасында қанаттары қатайып, Алматы мен Астананың төрінде өнер көрсетіп жүрген бұл артистер Оралдағы қарашаңырақты «өз мектебім» деп санайды.

- Театр жұмысын алғаш ұйымдастыруда кім деген белгілі тұлғалардың есімі аталады? Алғаш ашылғанда театр сахнасында кімдер ойнаған?

Театрдың қаз тұруы үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жиырмаға жуық кәсіби маман шақырылды. Атап айтқанда, сол кездегі артистердің басын құрап театрдың тарихындағы алғашқы қойылымдарды сахналаған режиссерлар Жамбылбек Есенбеков пен Елкен Жылқышинов – Арқалықтан, ҚР еңбек сіңірген артистері Қайыпберген мен Шаһарбану Есенқұловтар – Жезқазғаннан, театрдың алғашқы нағыз директоры әрі артист Амантай Сұлтанғалиев пен ҚР Халық артисі Гүлнар Жақыпова (Оралдың қызы, сол кезде Атырау театрында қызмет еткен) – Атыраудан, ол кездегі артистер Мұрат Ахманов пен Хазима Нұғманова – Талдықорғаннан, жас түлектер Боранбай Молдабаев, Жанкелді Тілекқабылов, Айнұр Тілебалдиева (Жүгінісова) – Алматыдан, Мықтыбай Жылыбаев – Қызылордадан, Темірболат Есенғалиев – Шымкенттен, Сайлау Сембаев, Сәтқали Әуелбаев – Атыраудан, Тельман Имашев, Гүлбаршын Әбішева, Бибігүл Исалиева, Мұсағали Бектенов, Бақтыгүл Жақыпова – Оралдан және облыс аудандарынан келді. Осылайша «асарлап» құрылған театр өз жұмысын бастап кетті. Ескі ғимаратты театр сахнасына ыңғайландыру мақсатымен жөндеу жұмыстары қойылым репетицияларымен қатар жүріп жатты.

Жоғарыда аты аталған өнер адамдарының (оралдық үш-төртеуінен бас-қасы) түгелдейі дерлік театрды ашып, тәй-тәй бастырғаннан кейін бірі қызмет бабымен, енді бірі туған елін сағынып, жан-жаққа тарап кетті. Бірақ қазір қай қиырда жүрсе де олар Орал театрын «менің театрым» дейді. Олай деуге толық қақылары да бар. Өйткені олар – театрдың өсіп-жетілуіне ғаламат үлес қосқан алғашқы «мұзжарғыштар». 1997 жылы театрға сол кездегі Дәулеткерей атындағы өнер институтының (қазіргі М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ) бір топ жас маманы жұмысқа алынды. Оралда ашылған актерлік-режиссерлік курстың тұңғыш түлектері: М.Томанов, Э.Мақашева, С.Әбуов, Қ.Амандықов, Н.Жұбатова, Т.Жігеров, Ж.Құрманғалиева, Х.Шамелова, А.Жарылғапов және ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаса да, тума талантымен танылған Е.Есендосов – театрдың бұғанасы бекуіне үлкен сеп болды. Бүгінде бұл артистер – театрдың алтын діңгегіне айналған дарынды өнерпаздар.

- Ал енді қазақ театр өнеріне үлкен еңбегі сіңген актриса Хадиша Бөкееваның атын қай жылы алды? Жалпы театрда актрисаға арналған мұражай бар ма?

- 2018 жылы 21 маусым күнгі  шыққан БҚО әкімдігінің қаулысымен 24 тамыз күні  Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ленин», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерінің иегері, профессор Хадиша Бөкееваның есімі берілді. Театр мұражайында Хадиша апамызға арналған арнайы орын бар, ол жерде апамыздың рөлде ойнаған костюмдері, тұрмыста қолданылған заттары фото суреттері қойылған. 2018 жылы  16 желтоқсанда Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театры өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. 


-  Театр кезінде алыс-жақын шетелдерге шығып, бірнеше​ гран-при алып, дүркіретіп жататын...

- Иә, көптеген жүлделерді иемденген театр. 2003 жылы қаламызда өткен М.Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХІ республикалық театр фестивалінде Иран-Ғайыптың «Махамбет» /реж.М.Ахманов/ қойылымымен  бірінші орынға ие болды. 2005 жылы Каир қаласы, VІ халықаралық театрлар фестиваліне Иран-Ғайыптың «Қорқыт» /реж.Қ.Қасымов/ қойылымымен қатысып, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғарғы бағасын алды. 2008 жылы Ақтау қаласы, ХVІ республикалық театрлар фестивалінде А.Камюдің «Калигула» /реж.М.Томанов/ трагедиясымен қатысып «Ең үздік ер бейнесі» /Қ.Амандықов/, «Режиссер дебютант» /реж.М.Томанов/ номинацияларымен марапатталды. 2009 жылы Алматы қаласы, Орталық Азия елдері арасында өткен III халықаралық театрлар фестиваліне Ә.Олбидің «Зоопарк» қойылымымен қатысып «Ең үздік ер адам бейнесі» /Д.Базарқұлов/ номинациясына ие болды. 2011 жылы Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» /реж.Қ.Қасымов/ қойылымымен қатыстып қазылар алқасы мен көрермендердің жоғарғы бағасын алды. 2012 жылы Орал қаласында Ә.Мамбетовтің 80 жылдық  мерейтойына арналған ХХ республикалық театрлар фестивалі өтті. Театр ұжымы Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» /реж.Қ.Қасымов/  қойылымы қатысып, «Екінші пландағы ең үздік әйел образы» /Б.Исалиева/ номинациясымен,  Х.Бөкеева атындағы арнайы  сыйлығымен /А.Каирова/ марапатталды. 2012 жылы Қостанай қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде Г.Гориннің «Атың өшсін Герострат!» /реж.М.Томанов/ қойылымы жеті бірдей жүлдемен марапатталды. 

- Сонымен бірге ойнаған рольдеріне байланысты «Ең үздік ер адам бейнесі» т.б. жүлделерге ие болғанын білеміз...

- Иә, мұндай табыстар жетерлік. Сол жолы «Ең үздік  әлемдік классика аудармасы үшін» /Қ.Төлеуішев/, «Ең үздік режиссер жұмысы үшін» /М.Томанов/, «Ең үздік ер адам бейнесі үшін» /М.Бектенов Б.Өтеғалиев/, «Ең үздік әйел бейнесі үшін» /Т.Мутигуллина/, «Екінші пландағы үздік эпизодтық роль үшін» /Т.Жігеров/ аталымдарымен марапатталды. 2015 жылы Қырымның Керчь қаласында өткен «Боспорские Агоны» антикалық ХVІІ халықаралық театрлар фестиваліне Еврипидтің «Троя арулары» /реж.Қ.Қасымов/ қойылымымен қатысып бас жүлдені және «Ең үздік режиссерлық жұмыс» /Қ.Қасымов/, «Ең үздік әйел бейнесі» /Б.Исалиева/ номинацияларын  иемденді. 2015 жылы Өскемен қаласы, ХХІІІ республикалық театрлар фестиваліне Ш.Айтматовтың «Жәмилә» /реж.М.Томанов/ қойылымымен қатысып «Ұлы Отан соғысы тақырыбы бойынша ең үздік қойылым» атанды. 2015 жылы Атырау қаласы, Р.Отарбаевтың мерейтойына арналған халықаралық театрлар фестивалінде Р.Отарбаевтың «Хан Жәңгір» /реж.М.Томанов/ қойылымымен  қатысып бірінші орынды және «Ең үздік ер бейнесі» /Қ.Амандықов/ номинацияларымен марапатталды. 2016 жылы Македония мемлекетінде өткен «Стоби-16» антикалық қойылымдар фестиваліне Еврипидтің «Троя арулары» қойылымымен қатысып «Гран-при», «Үздік режиссура» /Қ.Қасымов/, «Үздік әйел бейнесі» /Б.Исалиева/ жүлделеріне ие болды.  2016 жылы Орал қаласында «Мәңгілік елдің Алтын адамы» республикалық театрлар фестиваліне Иран-Ғайыптың  «Мәңгілік елдің Алтын адамы» /реж.М.Ахманов/  қойылымымен қатысып «Гран-При», «Үздік әйел адам бейнесі» /Н.Жұбатова/, «Үздік режиссура» /М.Ахманов/ номинацияларына, Орал қаласының әкімшілігі  атынан  дайындалған арнайы сыйлыққа ие болды. 2017 жылы Атырау қаласы Иран-Ғайыптың 70 жылдық мерейтойына орай «Мәңгілік елдің алтын адамы» театрлар фестивалінде «Үздік әйел бейнесі» /Н.Жұбатова/ дипломымен марапатталды. 2017 жылы Македония мемлекетінің Велес қаласында  өткен «Стоби-2017»  халықаралық театрлар фестиваліне Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымымен қатысып бас жүлдені, «Ең үздік ер адам бейнесі» /С.Түменов/, «Ең үздік әйел адам бейнесі» /Н.Жұбатова/ аталымдарын жеңіп алды.

- Театрдың соңғы жылдардағы жетістіктерін атап өтсеңіз...

- Актерлердің еңбегін толығырақ атап өткен дұрыс деп есептегендіктен, айтып өтейік. 2019 жылы Қырғызстанның Ош қаласында өткен VII халықаралық «ART-ORDO – 2019» театр фестиваліне  Ш.Айтматовтың «Арманым-Әселім» спектаклімен қатысып, спектакльдің режиссеріне «Алтын Жетіген» /реж.Т.Теменов/ мүсіншесі берілді. «Үздік әйел образы» /Н.Шадыева/ бойынша екінші пландағы үздік рөл номинациясымен, ТURKSOY халықаралық мәдениет орталығының арнайы жүлдесімен, Ош шахары мэрінің алғыс хатымен, «Ел алғысы» дипломымен, министр А.К.Жаманқұловтың арнайы сыйлығымен марапатталды. 2019 жылы Қарағанды қаласы Жанат Хаджиев атындағы ІІІ Халықаралық театрлар фестиваліне Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымымен қатысып «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» аталымына ие болды.  2019 жылы Кырғыз Республикасында «Jeti Oguz жұлдыздары» IV - халықаралық конкурс-фестивалінде «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша Э.Макашева Гран-При иегері атанды. 2019 жылы «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының салтанатты марапаттау кешінде «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» /С.Қажымұратов/, «Ең үздік дыбыс режиссері» /Е.Қажымов/, номинацияларымен, «Үміт» сыйлығымен /Н.Шадыева/ марапатталды. 2021 жылы  қаңтар «Халықаралық театр сыншылар бірлестігі» қорытындысы бойынша Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры үздік ондыққа кірді. Сыншылар жүлдесінің «Жылдың жаңа есімі» /реж.Г.Адай/, «Үздік актер» /Е.Есендосов/ («Мен» қойылымындағы Мен рөлі үшін) номинацияларымен марапатталды. 2021 жылы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында Т.Айтқожанов атындағы I республикалық «Бес қару» театрландырылған сахна сайыстары фестивалінде театр жастары лауреат атанып, алғысхатпен марапатталды. Атырау қаласында өткен Рахымжан Отарбаев драматургиясынан ІV республикалық театр фестиваль – форумына театрымыз Р.Отарбаевтың "Хан Жәңгір" қойылымымен қатысып, жүлделі III ОРЫН,  ал спектакльдегі "Император" рөлі үшін  Сердеш Қажымұратов  "Көрермен көзайымы" номинациясын иеленді. Сәуір айында Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған VI Халықаралық «BALAUSA» эксприментальді спектакльдер фестиваліне Р.Мұқанованың «Қаралы Сұлу»  драмасымен қатысқалы отырмыз. Режиссері – Алмат Шарипов.

- Репертуар жөнінде тоқталып өтсеңіз. Жалпы республикадағы режиссерлер бұл салада зәрулік барын айтады. Бұл мәселені қалай шешесіздер?

- Жалпы репертуарымызда 155 тен астам қойылым бар. Әлі күнге өзектілігін жоймаған, көрермендердің сұранысымен сахнадан түспей келе жатқан шығармалар да аз емес. Театрға келген жас режиссерімізде мұндай мәселе жоқ деп ойлаймын. Себебі қазыр жас драматургтеріміздің шығармалары жетерлік. Драматург пен режиссер арасында шығармашылық байланыс болса мәселе болмайды деп ойлаймын.

- Халықтың театрға келуі қалай? Гастрольдерге шығасыздар ма? 

- Әрине, күнен күнге артып келеді десек болады. Себебі жаңаша бағыттағы қойылымдар сахналанып жатыр.  Жалпы театрымыз әр маусым сайын  облысымыздағы алыс-жақын аудандарға гастрольдік сапарлармен барып жүр. Биыл жыл басында Ақтөбе қаласында гастрольдік сапармен болдық. Бұйырса, мамыр айында Ақтау қаласына барамыз.

- Кішкентай көрермендерге арналған дүниелеріңіз көп пе?

Кішкентай көрермендерге арналған «Үй таңдаған лақ», «Қызыл телпекті қыз», «Ойыншықтар оқиғасы», «Қошқар мен теке», «Капитан қасқыр», т.б. ұзын саны он бес шақты қойылымдарымыз бар. 

 

- Әңгімеңізге рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?