Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі, тарих ғылымдарының кандидаты, қару зерттеуші-этнограф, суретші Қалиолла Ахметжанның «Қазақ батырларының қару-жарағы» деп аталатын көрмесі өтті.
Өзінің ғылыми жұмыстары үшін Қ. С. Ахметжан әр дәуірдегі көшпелі жауынгерлердің қару-жарақ жиынтығының көптеген ғылыми-графикалық реконструкцияларын жасады, олар еліміздегі және шетелдегі ғылыми қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болды. Соңғы 10-15 жылда ол осындай әр замандағы көшпелілер жауынгерлерінің қару-жарақ жиынтықтарының ғылыми-заттық реконструкцияларын жасап келеді. Олардың көпшілігі еліміздегі түрлі мұражайлар экспозицияларына қойылған.
Суретші және қару зерттеушісі Қ. С. Ахметжан көптеген мұражайлық, жазбаша, фольклорлық және бейнелік деректерге сүйене отырып, сонымен қатар өзінің көп жылғы ғылыми және мұражайлық зерттеулері негізінде қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарының барлық түрін қалпына келтіруді өз шығармашылығының басты мақсаты деп санайды.
Автор жаңғыртпаларының қатарынан сонау сақ-сармат(VIII-VII ғғ.), ғұн, үйсін тайпалары, түркі тайпалары мен XIX ғасырға дейінгі Қазақ хандығы кезеңінде қолданылған қару-жарақтар мен сауыт-саймандарды көруге болады.
Көрмеде қазақ жауынгерлерінің шабуыл қаруларының және қорғаныс жарақтарының түрлері мен типтерінің реконструкциялары – ату және суық қарулар, олардың жабдықтары, жауынгерлік бас киімдері, сауыт-саймандары көрсетіледі.
Бұл заттардың кейбіреулері бір кездері қазақтың атақты батырлары ұстаған, олардың ұрпақтары мен мұражай коллекцияларында сақталғанг ескерткіш бұйымдардың көшірмелері, мысалы: Бөгенбай батырдың дулығасы, Қабанбай батырдың шарайнасы, Арыстан сұлтанның қалқаны, шарайнасы мен найзасы, Жанқожа батырдың селебесі және тағы басқалары. Қазақтывң әскери қаруларының бүгінгі күнге дейін сақталмаған кейбір түрлерін де қайта жаңғыртып жасаған.
Көрме қазақ халқының тарихын, мәдениетін, әскери дәстүрін білуге ұмтылатын көпшілікке қызықты болмақ.