
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанда Ресейдің әскери-тарихи музейінің филиалы ашылғанын сынға алып, оның орнына Ұлттық қару-жарақ музейін құруды ұсынды, деп хабарлайды e-history.kz порталы.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда Ұлттық қару-жарақ музейін ашуды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай мәдени орталық жас ұрпақты батырлық рухта тәрбиелеуге, тарихи жадымызды жаңғыртуға қажет.
«Бізде Ту, Елтаңба, Әнұраннан бөлек, ұлттық болмысты айқындайтын қосымша маңызды нышандар бар. Мысалы, Ұлттық музей, Ұлттық академия, Ұлттық кітапхана, Ұлттық театр және тағы басқа. Сол сияқты жас ұрпақты ата-баба ерлігі мен отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, елдің бірегейлігін көрсететін орталық қалыптастыру мақсатында бізге ерекше таным орны қажет. Ол – Ұлттық қару-жарақ музейі немесе Ұлттық қару-жарақ палатасы болуы мүмкін», - деді Ермұрат Бапи ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған депутаттық сауалында.
Ол мысал ретінде Франциядағы Париж әскери музейін, Ұлыбританиядағы Империялық әскери музей мен Корольдік қару-жарақ палатасын, Ресейдегі Кремльдің қару-жарақ палатасын және көршілес Өзбекстан мен Әзербайжандағы әскери-мәдени орталықтарды келтірді.
«Ал бізде неге жоқ?»
«Ал біздің тәуелсіз Қазақстанымызда мұндай ұлттық нақыштағы қару-жарақ музейі атымен жоқ. Біз Ұлы Даланы бірнеше ғасырлық жаугершіліктен сақтап қалған, ғұндар мен сақтардан бергі түркі халықтары шоғырланған континеттің ортасын мекендеген Қазақ ұлтымыз. Ендеше, бізде Ұлттық қару-жарақ музейі неге жоқ?» – дейді депутат.
Сондай-ақ Ермұрат Бапи қазақ қаруының түрлері мен атауларын, батырлардың сауыт-саймандарын мысалға келтіріп, олардың көбісі шетелдік музейлерде де кездеспейтінін атап өтті. Оның айтуынша, ағайынды Күлментегілер бұл салада көп жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді
«Мысалы, Доспамбет жыраудың «Сақетер тиді саныңа, сақсыраң толды қаныңа» деген жолдарында айтылатын «сақ етердің» бірнеше үлгісі – небәрі үш бөлмеден тұратын ағайынды шеберлер – Күлментегілердің шағын үй-музейінде сақтаулы тұр. Батырлардың «аймауыт сауыт», «көбе сауыт», «қанды көбе», «кебенек», «торғайкөз» сияқты қару-жарақ киімдерінің де көптеген түрі болған. Айтып өткен атауларымның көпшілігі өзбекстандық Әмір Темір музейінде де, әзербайжандық көшпенділер музейінде де жоқ. Ендеше, «Бұлар қайда қалды?», «Қазақ жауынгерлерінің көне қаруларын қайдан табамыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Жауабы дайын!», - деді ол.
Сонымен қатар депутат Қажымұқан Мұңайтпасов сыйға тартқан Т-34 танкі мен Ауған соғысындағы «Қара майор» атанған Борис Керімбаев пайдаланған техника сияқты кеңестік дәуір жәдігерлерін де музейге қоюды ұсынды.
Депутат Ресей әскери-тарихи музейінің елімізде филиал ашуына байланысты қоғамда туындаған наразылықты ескеріп, Қазақстан өз тәуелсіз әскери музейін ашуға тиіс деген ұстанымын білдірді.
«Шетелдік әскери музейдің ашылуы қоғамда теріс реакция тудырды. Мұндай жағдайда өзіміздің ұлттық музейіміз болуы керек», — деді сөз қорытындысында Ермұрат Бапи.