Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтан Қожықовтың туғанына 100 жыл

1912
Сұлтан Қожықовтың туғанына 100 жыл - e-history.kz

Сурет: egemen.kz

Биыл Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кинорежиссер Сұлтанахмет Қожыковтың туғанына 100 жыл толып отыр.

Ол 1923 жылы 10 наурызда Әулие-Атада дүниеге келген. 1939-1940 жылдары Алматы қалалық халық ағарту бөлімінде қызмет етті. 1941-1945 жылдары 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының құрамында шайқасты. Мәскеуден Курляндияға дейін жетті, соғыста жараланды. Соғыстан оралған соң мерзімді басылымдарда карикатуралар мен саяси суреттер жариялай бастады. Үлкен ағасы Құлахметтің кеңесімен ВГИК-ке режиссерлік факультетке түсіп, оқытушы-режиссер Лев Кулешов пен режиссер Александр Довженконың студиясында білім алады. 1953 жылдан Алматы киностудиясының, кейіннен «Қазақфильм» киностудиясының директоры, 1974 жылдан бастап оның көркемдік жетекшісі болды. 1955 жылы өзінің жеке сценарийі бойынша «Ана мен бала» алғашқы көркем фильмін, кейін Қажымұқан Мұңайтпасов туралы «Біздікілерді біл!» көркем фильмін түсірді. Ол бірқатар фильмдерінің сценарийлерінің бірлескен авторы, тарихи, заманауи және эпикалық тақырыптарға сценарий жазуға атсалысты, соның ішінде: «Біз Жетісуданбыз» (1958), «Егер біздің әрқайсымыз» (1961) және «Шыңдағы шынарда» (1965). Қожықов 1970 жылы ұлттық кинематографияның үздік фильмдерінің бірі «Қыз-Жібек» фильмін түсірді, оған Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Тбилисиде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде тарихи тақырыпты айшықты бейнелі шешкені үшін «Қыз-Жібек» фильмі арнайы дипломмен марапатталды. Ол ұлттық кинематографияның бүкіл өмір сүрген уақытындағы ең көп табыс әкелген фильмі болды.

Описание: C:\Users\Admin\Downloads\IMG_20230314_170406.jpg

Сұлтанахмет Қожықов Қызыл Жұлдыз орденімен және КСРО медальдарымен марапатталған. Оның құрметіне Алматы қаласындағы No39 мамандандырылған мектеп-лицейіне есімі берілді. Режиссердің өмірі мен қызметі туралы «Сұлтанахмет Қожықовтың соғысы мен бейбітшілігі» деректі фильмі түсірілді.

Бұл оның өмірінің қысқаша баяндамасы болса, тау тұлғаға қатысты айтылар сыр көп. Мэтрдің ғасырлық мерейтойына орай Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде «Алтынның сынығы, асылдың тұяғы» атты Қожықовтар династиясы көрмесі ашылды. Аталған мәдени шара тек біз білетін режиссер Қожықовтың ғана емес, ол дүниеге келген тұтас әулеттің бойына біткен ұлы дарын мен шексіз қасіреттен сыр шертеді.

Описание: C:\Users\Admin\Downloads\IMG_20230314_165740 (1).jpg

Көрмеден қазақ өнерінің төрт тарланы Қожа-Ахмет, Құлахмет, Нұрақмет, Сұлтанахмет Қожықовтың әкесі – XIX ға­сырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы айтулы қазақ зиялы­сының бірі, ағартушы, реформатор педагог, мәдениет тарихын зерттеуші ғалым, «Алаш» қозғалысының мүшесі, көрнекті саяси және қоғам қайраткері Қоңырқожа Қо­жықовтың (1880–1938), анасы – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сахна безендіруші, халық ісмері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Ләтипа         Мұ­­ңайтпасқызы Ләпиннің (1893–1960) өмір жолын баяндайтын архивтік құжаттармен де таныса аласыздар.

«Халық жауы» деген қара таңба таңылған отағасы, атақты ғалым-ағартушы Қоңырқожа Қожықов болды, оның бастамасымен тарихи-өлкетану мұражайы, көркемсурет галереясы, өнер мектебі ашылған. Әкесінің тағдырын Қазақстан өнеріндегі жаңа бағыт – карикатура мен плакат жанрының негізін қалаушы тұңғыш ұлы Қожахмет те қайталады. Ол дарынды суретші және иллюстратор ретінде де танымал.

Описание: C:\Users\Admin\Downloads\Ходжиков Кобланды батыр.jpg

Құлахмет Қожықов суреті

Ағайындылардың бірі Құлахметтің қызы, өнертанушы, Қазақстан Суретшілер одағының және Кинематографистер одағының мүшесі Сәуле Қожықова бұл трагеди туралы былай дейді: «Айдауда өткізген алты жыл ол үшін ауыр болды. Алайда Қожахмет Қоңырқожаұлы аман қалып, туған жеріне оралады. Әбден азаптанып қажыған ол туған үйінің босағасына отыра кетеді. Оны қайыршы екен деп ойлаған анасы Құлахметке: «Бер, жесін!» деп нан ұстатады. Бірақ Қожахмет інісінің нан тосқан қолынан ұстап: «Бауырым, мені танымадың ба?..» деген екен».

«Түрмеден оралған адамды тану мүмкін болмаған. Тек көз жанарынан ғана аңғарады. Құлахмет ағасын қолтықтап үйге кіргізеді. Туыстарының сүйіспеншілігі мен қамқорлығы Қожахметтің өмірін сақтап қалды, бірақ оның нашар денсаулығын қайтару мүмкін болмады. Ол кейін киностудияда декоратор болып жұмыс істеді, тарихи романдар мен қазақ эпопеясын көркемдеді, балаларға арналған кітаптар мен басқа да әдеби шығармалардың дизайнын жасады», дейді немере қарындасы.

Тағдыр оған қатал және әділетсіз болды, бірақ ол өмірі мен картиналарында қара түстердің үстемдік етуіне жол бермеді. Олардың барлығы шуақты, нұрлы, халқына, туған жеріне деген сүйіспеншілікке толы. Қожахмет өмірден өткенде небәрі 43 жаста еді. Оны білетіндердің бәрі хас талантын толық жүзеге асыруға өмірі тым қысқа болғанын айтады.

Описание: C:\Users\Admin\Downloads\Ходжиков Обручение Жибек и Тулегена.jpg

Құлахмет Қожықовтың  Қыз Жібек фильмі үшін салған эскизі

Ағайынды Қожықовтардың өзгелері мұндай азап көрмесе де, бір басына жетерлік қиындықпен сыналды. Құлахмет Қазақстан кинематографиясының тарихына «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Атамекен», «Гауһартас» және т.б фильмдердің қоюшы-суретшісі ретінде енді. Нұрахмет қазақтың алғашқы мүсіншілерінің бірі болды. Соғыста ауыр жараланса да өнерін тоқтатқан емес. Біз жоғарыда жазып өткен Сұлтанахмет кинорежиссер, қазақ кино тарихындағы үздік фильмдердің бірі – «Қыз Жібек» махаббат туралы поэтикалық аңыздың авторы ретінде қара таңба таңылған әулет тегін ақтағандай болды.

Көрмеде олардың анасы – Қазақстанның тұңғыш театр әртісі Ләтипа Қожықоваға арналған материалдар ерекше орын алады. Ол сәнгер және суретші ретінде спектакльдерге декорация жасады, театр әртістеріне мыңға жуық костюм дайындады. Қазақтың халық қолданбалы өнерін жетік білуі оған Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Күләш Байсейітова, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсековалар киген ұлттық бояумен безендірілген ерекше киімдер жасауға мүмкіндік берді...

Көрмедегі отбасының тарихы тек атақты ағайындылардың картиналары ғана емес, сонымен қатар сирек фотоқұжаттар арқылы ұсынылған. 

Вернисаждың ашылуына оларға тікелей және жанама қатысы бар, сондай ақ өнерін бағалаушы қауым жиналды. Әулетке қатысты тың аққпаратпен бөлісіп, сөз сөйледі.

Описание: C:\Users\Admin\Downloads\IMG_20230314_170224.jpg

Немере қарындасы Сәуле Қожықова Сұлтанахмет ағасының өзгеге беймәлім әскери өмірі туралы былай дейді: «Режиссердің міндеті – фильм түсіру. «Қыз Жібек» фильмі  Сұлтанахмет Қожықовтың пайдасына шешілмеді. Ол бірнеше рет инфаркт алды. Алайда жұмысын тоқтатқан жоқ. Сценарийлер жазды, түсіруге өтінімдер берді. Бірақ олар мақұлданбады. Осы кезде алғаш рет Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына барып, өзімен бірге соғысқан панфиловшылар туралы деректі фильм түсірді.

Оның арманы соғыс туралы шынайы көркем фильм түсіру болатын. Онда оның басынан өткерген окоптың шындығы көрсетіуі тиіс еді. Ал панфиловшылар туралы деректі фильм осы орындалмаған арманға жету жолындағы дайындық кезеңдерінің бірі болды. Киноға алғаш қадам басқанда панфиловшылар фильм түсіргісі келген екен. Бірақ ағасы Құлахмет оны басқа арнаға бұрып, кейіннен Қыз Жібек фильміне алып келген.

Ол ешқашан орден тақпаған, соғысқа қатысуы туралы айтпаған. Соғыс аяқталғаннан кейін ол тіпті артиллериялық академияға оқуға жіберілген».

Сұлтан Қожықов дәуір тынысын сезініп, қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүрін шынайы көрсетуге ұмтылған режиссер ретінде табысқа жетті. Оның Қыз Жібек фильмі ұлтымыздың кино тарихына қосқан үлкен мұрасы. Өз заманының қайраткері Сұлтан Қожықовтың бейнесі жылдар өткен сайын жаңара бермек. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?