Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұхтарбек Каримов: Әлихан Бөкейханды Дума сайлауында қолдағандар көп болған

1241
Мұхтарбек Каримов: Әлихан Бөкейханды Дума сайлауында қолдағандар көп болған - e-history.kz

Сурет: El.kz

Думаның депутаттарын сайлау тікелей емес, төрт: ірі жер иелері, қалалықтар, шаруа және жұмысшы куриялары бойынша жеке таңдаушыларды сайлау арқылы іске асырылды.  Бұған көшпелі халықтың өз орталарынан сайланатын таңдаушылары қатысатын болды. 

– Мұхтарбек аға, қазір Қазақстан жаңа реформалардың қарсаңында тұр. Алда кезектен тыс Президент сайлауы келе жатыр. Әңгімемізді ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы сайлау туралы сөздерден бастасақ. 

– Адамзат тарихында ерекше орын алатын ХХ ғасырдың басталуы Қазақ елінде, сол сияқты бұрынғы Семей облысының жерінде де небір дүбірлі оқиғаларға толы болды. Қазақ жерінде жүргізілген отаршылдық саясат, ұлттық езгі жергілікті халық – қазақтардың наразылығын туғызды. Бұл өлкедегі қоғамдық-саяси өмірді тұрақсыздандыруға негіз болып қана қоймай, сонымен бірге ұлт-азаттық қозғалысының жаңа кезеңінің тууының да себепшісіне айналды.

ХХ ғасырдың басында жаңа сипатқа ие болып, бой көрсеткен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының өзіндік ерекшеліктері бар еді. Біріншіден, бұл қозғалыстың тууы қазақ жері толықтай Ресей отарына айналған, бұлқынуға мүмкіндік бермейтін империялық әкімшілік-территориялық басқару жүйесі енгізілген «бейбіт» кезеңге сәйкес келді. Екіншіден, ұлт-азаттық қозғалысының басына туған халқының ертеңгі болашағына алаңдаулы қазақ оқығандары келді. Үшіншіден, қазақ оқығандары жалпы қарулы күрестен бас тартпаса да, алдарына қойған ұлтының тағдырлық мәселелерін шешуде саяси күреске үлкен маңыз берді.

Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ХХ ғасырдың басында жаңа мазмұнға ие болуының көріністерінің бірі – қазақтардың Ресей мемлекеттік Думасына сайлануға қатысулары жатады. 1905 жылы тамызда II Николай патшаның Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифестке қол қойғаны тарихтан белгілі.

Патшаның Мемлекеттік Дума құру туралы манифесінде Ресей империясының бірқатар халықтарының (оның ішінде қазақтар да бар) сайлауға қатысуға құқықтары жоқ болып шықты. Жоғарыдан жергілікті билік органдарына сайлау науқанының алғашқы күнінен-ақ қазақтарды мекен-тұрағы жоқ «қаңғыбас халық» ретінде сайлауға қатыстырмауға айрықша нұсқау берілді. Бұл жағдай халықтың әділетті наразылығын тудырды. Қазақ халқы өздерінің өкілдерін Мемлекеттік Думаға қатыстыруды батыл талап етті. Мәселен, 1905 жылы жазда императордың атына Қарқаралы уезінен жіберілген петицияда: «Біздің мал шаруашылығымен айналысатынымыз рас, мал бағып, көшіп жүретініміз де рас. Бірақ, кейбір ұлықтар ойлағандай дала кезіп, жөн-жосықсыз қаңғып жүрмейміз. Осы үшін ғана мемлекет билігіне сайлау сияқты аса маңызды саяси праводан айрылуымызды қалай түсінеміз?» дей келе, «Сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігінде қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы империяның басқа халықтарымен тең екенімізді сезінеміз» дейді. Ақыры халықтың тегеурінді наразылығы, олардың талабына құлақ асуға мәжбүр етті. Нәтижесінде, қазақтар сайлауға қатыса алатын болды.       

                                                                                                                                             

Думаның депутаттарын сайлау тікелей емес, төрт: ірі жер иелері, қалалықтар, шаруа және жұмысшы куриялары бойынша жеке таңдаушыларды сайлау арқылы іске асырылды.  Бұған көшпелі халықтың өз орталарынан сайланатын таңдаушылары қатысатын болды. Семей облысы қазақтары үшін бекітілген тұрақты ереже 1906 жылдың 18 наурызынан қолданысқа енгізілді. Бұл бойынша көшпелі қазақ тұрғындар I Мемлекеттік Думаға Семей облысының бес үйезінен бір ғана депутатты сайлай алатын болды. Ережеге сәйкес облыстық сайлауға қатысу үшін әрбір болыстан екі таңдаушы сайланады делінді. Мемлекеттік Думаға сайлау бойынша жұмыс атқаратын қалалық және үйездік комиссиялардың құрамы анықталды. Бірақта Мемлекеттік Думаға облыстардан бөлінген орындардың ұлттық құрам тұрғысынан алғанда тең болмағанын зерттеушілер, оның ішінде белгілі алаштанушы ғалым М.Қ. Қойгелдиев ашып көрсетеді.

Өзіңіз жақсы білетін Семей өңірінен Дума депутаттығына сол кезеңде көсем болып таныла бастаған Әлихан Бөкейхан түсетін болды. Уақыт машинасымен сол кезеңге шолу жасасақ дейміз.

– I Мемлекеттік Думаға сайлау үшін ұсынылған таңдаушылар туралы мәлімет бүгіндері жоқтың қасы. «Семипалатинские областные ведомости» газетінің 1906 жылдың 27 сәуіріндегі санында, 23 сәуірде Қарқаралы үйезінің Тоқырауын болысында таңдаушыларды сайлаудың өткені айтылған. Осы сайлауда  Тоқырауын болысының тумасы ретінде сайлаушы болу құқығын  Әлихан Бөкейхан иеленген. Бұған байланысты «Семипалатинские областные ведомости» газеті 1906 жылы 4 маусымда Әлихан Бөкейханның Тоқырауын болысының №7 ауылынан сайланған заңды түрдегі таңдаушы екендігі туралы теллеграмманы жариялаған.

1906 жылдың 5 маусымында Әлихан Бөкейхан Семейге келді. Бірнеше күндердің ішінде облыс орталығына уездерден сайланған 184 таңдаушылардың 176 келіп жеткен. Бұлардың бірінші жиналысы 10 маусымда «Халық үйінде», сағат 12-де басталды. Жиналыстың төрағасы Темірғалы Нүрекенов болған. Жалпы сайлаушылардың жиналысы 5 күнге, маусымның 10-нан 14-не дейін созылған. Сөйлеушілер халықтың тағдырлық мәселелерін көтерген. Алғашқы күні сөйлеген Әлихан Бөкейханнан басқа, кейінгі күндерде Шәкәрім Құдайбердин, Ілияс Жанғарин, Сәдуақас Шорманов, Қызылмолда Көккөзов, Ақатай Әлиханов, Отыншы Әлжанов, Иманбек Тарабаев, Көлбай Төгісов, Ахмет Тышқанбаев, Әубәкір Құрманов сияқты депутаттар екі немесе үш реттен де сөйлеген. Өскемен үйезінің Сұлусары болысынан келген таңдаушы Қайрамбай Тоқтыбаев Мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайлануға Әлихан Бөкейханды ұсынды. Бұл ұсынысқа бірде-бір адам қарсы болмаған. Нәтижесінде Әлихан Бөкейхан таңдаушылардың дауысын бір өзі алды. Бұл көрсеткіштің осылай болуы бір жағынан, сол кезеңде Семейге жиналған таңдаушылардың ауызбіршіліктерін қалыптастыруға үлкен мән берген Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты және т.б. ел сөзін ұстаған, ықпалды тұлғалардың, қазақ халқының басына төніп келе жатқан, болуы әбден мүмкін, ұлт ретінде жойылуға әкелетін жойқын өзгерістерді түсінулерінде жатты. Бұлар, ертең Ресейдің Мемлекеттік Думасын-ның мінбесінен туған халқының мүддесін қорғай алатын адамды таңдаған.

– Өскемен уезі Сұлусары болысынан Шыңғыс хан тұқымы Жүніс қажы деген кісілердің ел басқарғаны жайлы оқып-білген едім. Қайрамбай Тоқтыбаев деген кім болды?

– Қалай десек те, Әлихан Бөкейханды бір кісідей сайлайтын жағдайды қалыптастырудың да оңай болмағаны байқалады. Ол заңдылық еді. Себебі кең байтақ облыстың түкпір-тікпірінен келген тыңдаушылардың Әлиханды естіп білсе де, жеке тұлғалық қасиеттерін білмеулері әбден мүмкін болатын. Сондықтан да таңдаушылармен бетпе-бет кездесіп, оларға өзінің шын мәнінде кім екенін білдіру Әлихан Бөкейхан үшін қажеттілік болды. Ол туралы Ә.Н. Бөкейхан:

«...Таңдаушы болып бүкіл облыс аумағынан құрметті ақсақалдар, қажылар және жас байлар сайланды. Таңдаушылар жергілікті жерлерде қоғамдық және саяси істермен айналысып жүрген тұрғындар тобының өкілдері болатын. Сайлауға екі күн қалғанда Өскемен және Зайсан таңдаушыларының арасында менің кандидатурама қарсы, өзін сайлауды ұсынып, үгіт таратып жүрген кәрі доктор қазақ туралы естідік. Кешке қарай сол доктордың жездесі С. Шормановтан өзінің үйіне қонаққа келуге шақыру алдым. Маған достарым онда бармауды ұсынды. Бірақ мен, Мемлекеттік Думаға сайлануға кандидат өз таңдаушыларынан қашпауы керек дедім де, Шормановтарға тарттым. Онда негізінен біріңғай жұртшылық: молдалар, қажылар, және ақсақалдар, жиыны қырық шақты кісі жиналыпты. Олар менен дінге қалай қарайтынымды және Мемлекеттік Думада қазақтардың діни мүддесін қалай қорғайтынымды тәпіштеп сұрады, нағыз тергеу жасады. Біздің әңгімеміз таң атқанға дейін созылып, өскемендік қажы
Қайырбайдың («Қайранбай»): «Ертең Әлиханды сайламаған әйелінен айырылсын және кәпір болып кетсін» деген тұжырымды батасымен аяқталды» деп еске алады.

Осы жерде Әлихан Бөкейхан айтып отырған «кәрі доктор қазақ», түбі Баянауылдың тумасы, ол кезде Өскемен уезінде дәрігер болып істейтін, өз заманының ерекше тұлғаларының бірі Міржақып Дулатов: «Өскемен үйезінде Әміреден өзге зиялы адам жоқ. Соның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» деп айтқан Әміре Дүрменұлы Айтбакин болар деп шамалаймыз. Бұл сөзді Міржақып Дулатов 1918 жылы Алашорда үкіметінің атынан іссапармен Өскеменге барғанда ренішпен айтқан.

Сол сияқты осы жерде Әлихан Бөкейхан үшін сол бір шешуші сәтте, оған батасын берген «Қайранбай кім?» деген заңды сұрақ туады.  Қайранбай қажы Тоқтыбайұлы бұрынғы Өскемен үйезінің Сұлусары болысының Былқылдақ деген жерінде (қазіргі Жарма ауданы) туған, осында ер жеткен. Өзінің үлкен адамгершілігімен, әділдігімен дүйім елге сыйлы, ауқатты, қайырымды және сауатты адам болуымен жақсы аты қалған. Ол кісі жасында Қайранбай молда атанып бала оқытыпты. 1893 жылы өз қаржысына Былқылдақ деген жерде сол өңірдегі жастарды оқыту үшін медресе салғызады. Ол мұнымен ғана шектелмей, осы медресе жанынан қоғамдық негізде, балалар жатып оқитын Қалба өңіріндегі алғашқы интернатты да ашқызады. Кейіннен 1915 жылы осы медресе мен интернат негізінде мектеп ашылады [6, 71]. Қайранбай Тоқтыбайұлы 1914 жылы жанына үшінші ұлы Шәріпті алып қажылық сапарға аттанады. Шәріп Меккеде қайтыс болады да, Қайранбай қажы сапардан қайтып келе жатқан жолында Ресейдің Пенза қаласында бақилық болып, топырақ жат жерден бұйырады. Бұрынғы қазақ жөнімен тарататын болсақ Тоқтыбайдан Қайранбай, Қайранбайдан Шәріп, Шәріптен Әди Шәріпов туады. 

Әди Шәріпов дейсіз бе? Кәдімгі жазушы, партизан Әди Шәріпов пе? 

– Иә, дәл өзі! Қайранбай қажы халқымыздың біртуар, ардақты перзенті, үлкен ғалым, жазушы, мемлекет қайраткері Әди Шәріповтың үлкен әкесі екенін осы жерде айтуымыз керек. Бұл әулеттің елге сыйлы болуы, дін және халықты ағарту жолын ұстанғандары кейіннен Қайранбай ұрпақтарына өте ауыр болған. 1937-1938 жылдары Алаштың сойылын соққанның ұрпақтары, «халық жаулары» ретінде Қайранбайдың жеті ұлының ішіндегі Фазыл мен Сыдық ұсталып, атылған, ал Әди Шәріпов мейлінше қуғындалған. Әди ағаның артында отырған, бүгіндері көзі тірі зайыбы Клара Жағыфарқызы Мыңжасарованың айтуынша, сол бата беруден кейін Әлихан мен Қайранбай арасындағы байланыс үлкен достыққа ұласқан көрінеді. «Әлиханды атамыз елге шақырып, қонақ жасапты, соны білетін үлкендердің кейінге дейін айтатының өзім куәсі болдым» деп Клара Жағыфарқызы еске алады.

Сол бір қилы кезеңді еске түсіргенде, I және II Мемлекеттік Думаға сайлау кезінде «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» күш-жігерлерін аямай Әлихан Бөкейханды және ортақ мүддені қорғаған қайраткерлердің ішінде Ахмет деген адамның аты аталады. Зерттеушілер Л.С.Ахметова, В.К. Григорьев, Г.Н. Шойкин өздерінің кең көлемді «Алиқан Букейханов. Поиск ориентиров» атты мақалаларында, туындаған саяси себептерге байланысты II Мемлекеттік Думаға өзі сайлануға мүмкіндігі болмағаннан кейін, өз тарапынан Ахмет, Кәкітай, Шәкәрім, Қасен және Темірғалидың кандидатураларын ұсынғанын айтады. Зерттеушілер одан әрі Э.Т. Сейітовтың «А.Н. Букейхан как историк и общественно-политически деятель» деп аталатын кандидаттық диссертациясындағы осы Әлихан аттарын атағандардың кім екендерін таратқан тұсына тоқталады да, Ахметке келгенде, оны мировой судья, торғайлық Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов болар деген пікір айтады.

Ал, осы аты аталатын Ахмет, сол кездегі Семей өңіріндегі көрнекті тұлғалардың бірі – Ахмет Тышқанбаев деген азамат еді. Ахмет Тышқанбаевтың бүгіндері көзі тірі немересі, кезінде жауапты партия, кеңес, оқу-ағарту қызметтерінде істеген, Семейде тұратын, жасы тоқсанға келіп қалған Дүйсенбек Уәлиханұлы Ахметов: «Ахмет Тышқанбаев бұрынғы Қарқаралы үйезінің Дегелең болысындағы №4 ауылда (кейінгі Абыралы ауданының жері) дүниеге келіпті. Ескіше айтсақ тарақты боламыз. Атамыз Тышқанбай Қашақұлы заманнында аты шыққан би болған. Үлкен әкем Ахметті гимназия оқыған, өте сауатты болған деп айтатын. Болыс та болыпты. Ол кісінің Әлихан Бөкейханға, басқа да адамдарға жақын болғанын және кезінде Алашордаға да малын малдай, киімді киімдей, ақшаны ақшадай беріп көмек жасағанын үлкендеріміз айғайлап айтпаса да, айтатын, олар әлі күнге дейін құлағымда. 

 Жалпы біздер Тышқанбай әулеті өскен тұқымбыз. Бірақ, кезінде Ахмет Әлихандарға жақын болды және байдың тұқымы деген қаңқу сөздерден біздің әулет арылмады. Біраз ағайындар бас сауғалап басқа өңірлерге кетуге мәжбүр болды. Солардың ұрпақтары Қытайда да бар. Өзімнің туған ағам, Семейдің зооветинситутында мұғалім болып істеген Мәнкеш Уәлиханұлы Ахметовты соғыстан кейін, 1950 жылы Мәскеуде Ломоносов атындағы университетте тарих факультетінде оқып жүрген жерінен алаштың, байдың ұрпағы деген, ел жақтан болған көрсетіндіден кейін оқудан шығарып жіберді» деп еске алады. Осы жерде, қалай болғанда да Әлихан Бөкейханның бейсауат, жай адамды II Мемлекттік Думаға ұсынбайтыны ойға оралады.  Ахмет Тышқанбаевтың өз кезеңінің жарқын тұлғаларының бірі болғаны күмәнсіз.

Өте қызықты, тың деректерді айттыңыз, Мұхтарбек аға! Сұхбатыңызға көп рақмет!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?