Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әл-Фараби еңбектеріндегі теология мәселелері

2543
Әл-Фараби еңбектеріндегі теология мәселелері - e-history.kz

Сурет: kazislam.kz

Тарихи дамудың нәтижесінде ортағасырлық араб-мұсылман ғалымдарының интеллектуалды кеңістігінде бірнеше ұстанымдар қалыптасты. Әр ұстанымның айналасында көзқарастар біртіндеп жүйеленіп, ұлы ойшылдардың шығуымен даму рефлексі негізінде концепциялы бағыттар пайда бола бастады.

Ретроспективті көзқараста айтылған бұл ұстанымдар белгілі бір жалпылықты әр түрлі көзқарастардан және мәселенің әртүрлі көріністерінен ажыратуға мүмкіндік беретін ерекше типологиялық идеализациялар болып саналады. Себебі бұл бағыттар кей тұста өзара келісіп жатса, басқа мәселеде бір-біріне қарама-қарсы позиция ұстанған болатын.

Бір бағыт құдай туралы ілімді тану немесе баяндау үшін ғылыми логикалық білімді меңгеру қажет деп есептеді. Бұл бағытты ұстанғандардың ішінде ірі ислам мутакаллимі Абул Хасан әл-Ашари және Әл-Фараби мен ибн Сина бастаған шығыс перипатетиктері болды. Келесі ұстаным құдай туралы ілімнің құранда қалай баяндалып, пайғамбар қалай жеткізсе, ірі ғұламалар қалай айтса да бір ғана мағынада дайын күйінде болатыны турасындағы түйінді ұстанды. Мұндай ұстаным сөзсіз догматикалық білімге жақын болды. Бұл бағытта логика танымдық іс-әрекеттің ажырамас құралы емес, керісінше ақиқаттан алыс, адасушылыққа апаратын құрал деп қабылданды. Үшінші ұстаным трансценденталды шынайы білімге қол жеткізу жеке тәжірибе мен талпыныстың нәтижесінде болатынын алға тартты. Ақиқатқа қол жеткізудің бұл тәсілін сопылар ұстанды.

Тарих көрсеткендей ислам мәдениетінде құран тәпсірін танудың әдіс-тәсілдері өте көп. Бұл жөнінде бірінші бөлімде кеңінен тоқталған болатынбыз. Исламдағы идеологиялық айырмашылықтар VIII ғасырдың ортасында, оның әртүрлі бағыт өкілдері - сүнниттер, шиіттер, мутазилиттер, харижиттер сияқты топтардың діни мәселелер бойынша пікірталастарға түскен кезінен байқалды.

Философия мен дін ортағасырлық ислам қоғамының бүкіл рухани өмірін қамтитын ең өткір қатынастардың бірі бола отырып, даналық пен дін арасындағы байланыс әртүрлі танымдық бағыттардың негізгі мәселесіне айналды. Ортағасырлық араб-мұсылман қоғамының интеллектуалды ортасында сенім мен білім мәселесі белсенді талқыланды. Философтар, сопылар және калам өкілдері жігерлі түрде трансценденталды негіз бен жалпыға ортақ ақиқатты тануға ұмтылды. Ислам философиясындағы фәлсафа бағытының соның ішінде әл-Фараби мен ибн Сина белді өкілдері болып есептелетін шығыс перипатетиктері ақылға негізделген ойлау жүйесі сенім мәселесіндегі ақиқатқа жете алатындығына сенімді болды. Олар тұжырымдамалық тұрғыда «қос ақиқат» немесе ақиқатқа жетер екі жол ұстанымын құптаған болатын.

beytül-hikmet-3.jpg


Ажырату бағытын ұстанатын зерттеушілер сенім мен ақыл қарама-қарсы құбылыстар деп санайды. Бұл жерде ұстанымдардағы айырмашылық олардың біреуі сенімнің басымдығын қорғаса, екіншісі ақылға баса назар аударатындығына байланысты. Зерттеушілердің біріктіру бағытын ұстанушылар, сенім мен ақылдың қарама-қайшылығын жеңуге тырысады, және сенім мен ақыл ақиқатты іздеуде бірдей әрі өзара байланысты деп есептейді. Себебі «сенім ақылды болуға ұмтылса» «ақыл сенімді болуға ұмтылады». Бұл позиция екі бағытты бір-бірімен байланыстыра отыра үйлестіруді мақсат етеді.

Шығыс мәдениетінде фәлсафа болмысты рационалды негізде тануға бағытталған, адамның сезімдерін индуктивті талдау арқылы ғаламның табиғи заңдылықтарын анықтайтын термин ретінде белгілі. Осы заңдылықтарды жалпылама түрде анықтай отырып, зерттеуші олардың нақты көріністерін дұрыс логикалық ойлау арқылы тани алады. Аталмыш жалпы танымдық принципке сүйене отырып, фалсафа өзіне ерушілерге дүниедегі заттардың шынайы табиғатын, сондай-ақ оларға болмыс заңдылықтары туралы қисынды түрде түсінік алуға мүмкіндік береді.

Барлық уақытта философтардың көкейінде эмпирикалық түрде қабылданатын болмыстың негізі қандай деген сұрақ басты назарда болды. Оны болмыстың нақты көріністерінен анықтай отырып ғана білуге болады. Дұрыс құралған абстракциялар тізбегі арқылы әр құбылыстың немесе объектінің бастапқы себебін анықтауға келеді. Қоршаған әлемде жұмыс істейтін себептік қатынастардың шынайы табиғатын түсініп, философиялық талдау принциптерімен қаруланған ойшыл өзінің табиғатын және осы ғаламдағы өзіне жүктелген рөлді түсінуге мүмкіндік алды.

Араб-мұсылман ортағасырында фәлсафа бағытын ұстанушыларды «фәләсифа» деп атаған. Антикалық мәдениеттен келген философия сөзінің орфоэпиялық ассимиляциясы негізінде араб-мұсылман ортағасырының өкілдері аталған танымдық тәсілдің қыр-сырын меңгергенін білуге болады. Философия пұтқа табынушылық мәдениеттің жемісі болғанына қарамастан, фәләсифалар бұл бағыттың күнә арқалайтындай кемшілік көрмеді.

Фәләсифалар мұсылмандық танымның негізгі қайнарларын мойындай отыра, дұрыс жүйеленген философиялық пайымдау сөзсіз мұсылман жазбаларында баяндалған идеялар мен құндылықтарға алып келеді деп сенді. Оның үстіне, фәләсифлар өзінің ұтымды табиғаты арқасында, діни идеялар мен құндылықтарды мифология мен аллегорияға жүгінбестен ақылға қонымды қылып ұсынған болатын. Сонымен, ортағасырлық араб-мұсылман қоғамында фәлсафа белгілі бір дүниетаным ретінде ғана емес, сонымен қатар ерекше, балама өмір салты ретінде де әрекет еткен деп айтуға болады. Сондықтан фәлсафа мен оның өкілдері сөзсіз құранның түсуі мен пайғамбардың әдет-ғұрпына (сүннетін) ғана негізделген сол дәуірде қалыптасқан дәстүрлі көзқарастар мен әлеуметтік ортаға қайшы келді.

1600025a.jpg


Фәлсафаның осы ерекшеліктері батыс шығыстанушылары тарапынан көрсетілген қызығушылықтың негізгі себебі болды. Батыс ғалымдары еуропаның либералды ортасында басым болған зайырлы скептицизм мен қатаң рационализм дәстүрлерінде тәрбиеленген болатын. Мұсылмандардың арасынан фәлсафа өкілдеріне деген ерекше қызығушылық екі тараптың ұқсастықтарын ескерсек таң қаларлық емес. Ойлау еркіндігі және ортағасырлық фәлсафа ғалымдарының нонконформизмі әлі күнге дейін батыс исламтанушы ғалымдарының назарын аударып келеді. Дегенмен олардың көпшілігі фәлсафа өкілдерінің өздерін нағыз мұсылман деп санайтындықтарын назардан тыс қалдыруға, тіпті терістеуге тырысатыны белгілі.

Ортағасырлық мұсылман қоғамында фәләсифалар әртүрлі көзқараста қабылданды. Мұсылмандар арасында оларды «пұтқа табынушылықты» уағыздаушылар немесе тура жолдан тайғандар деп санағандар басым болды. Сондықтан фәләсифалардың мұсылман бұқарасына әсері шариғи ғалымдар мен тіпті рационалды теологтардың әсерімен салыстырғанда әлдеқайда аз болды. Расымен шариғи ілімнің ғұламалары адамдарға мұсылман дінінің қасиетті негіздерін түсіндіруге бағытталған «құтқарылудың» нақты жолын ұсынды. Өз кезегінде фәләсифалар ұсынған жол көптеген мұсылмандарға діни сенімге сәйкес келмейтін абстракциялар мен қисынды ойлар сияқты көрінді. Теологияға (кәләм) келетін болсақ, ортағасырлық араб-мұсылман қоғамында исламды басқа дін өкілдерінің тарапынан жасалған сыни шабуылдардан қорғау үшін мұсылман ғалымдарына ресми міндет жүктелді. Егер мұсылман адам Алла тарапынан міндеттелген барлық нұсқауларды мұқият ұстанып, орындайтын болса оған ақылға қонымды жауаптар мен логикалық дәлелдер арқылы өз әрекеттері мен сенімдерін ақтаудың және қорғаудың қажеті жоқ деп есептелді. Кәләмға деген қажеттілік, ең алдымен, басқа дін өкілдерімен болған пікірталастар кезінде және мұсылман адамдардың өзі қандай да бір себептермен ұстанған сенім қағидаларына күмәнмен қарай бастағандардың көбейуіне байланысты пайда болды. Мұндай жағдайларда бұл күмәнді мәселелердің барлығы дерлік қалың бұқараны сендіретін ұтымды дәлелдерге қажеттілік тудырған болатын.

Қарапайым мұсылманның көзқарасы бойынша кәләм да фәлсафа да артық ой толғау сипатында көрініс тапты. Мұсылман шариғи ғұламалары фәлсафаны сынаумен болды. Дегенмен ғылымға, ақиқатты, өзін тануға ұмтылған фәлсафа бағытының өкілдері грек философиясының жетістіктерінен бас тарта алмады. Осыған байланысты олардың бірнеше ғасыр бұрын христиан дініне жат дәлелдеудің эллинистік әдістерін қабылдаған және оларды інжілді түсіндіру үшін қолданған кейбір көне христиандық ғалымдарға ұқсастығын байқауға болады.

Фалсафа мен каламның ортақ тұстарының көптігіне қарамастан (екі бағыт та логикалық дәлелдер қолданады), олар өз әдістерін әртүрлі объектілерге қолданады. Мутакаллимдер ең алдымен құран аяттары мен пайғамбар хадистерін түсіндірумен айналысты. Соның негізінде олар сенім нышандарын қалыптастырып, өздерін исламның шарттарын ақыл тарапынан түсіндіруші ретінде көрсетті. Бұған белгілі мутакаллим Әбу Хамид әл-Ғазалидың «исламның дәлелі» атағын иеленуін айтуға болады. Сонымен қатар, жоғарыда айтылғандай, олар көп жағдайда мұсылман ілімін құран мен пайғамбар сүннетін мойындамайтын сыншылардың шабуылдарынан қорғау үшін тиімді дәлелдеу әдістерін қолданды.

Ал фәлсафа өкілдері өздерінің міндеттерін басқаша көрді. Олар логикалық пайымдау арқылы өздерінің көзқарастары негізінде әлемнің жан-жақты және үйлесімді моделін құрды. Фәлсафа өкілдері ежелгі грек философиялық мектебі мен логикалық ойлау әдістерінің ақиқатына соншалықты сенімді болғандығы таңқаларлық. Олар үшін фәлсафа дінді жоғары деңгейде ұғыну болды. Кейінірек көретініміздей, бұл бағыт идеялық көзқарастарды ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы ерекше ұстаным мен өмір салтын да қамтыды.

Фәлсафа мен кәләм өкілдері грек философиялық терминдерін мысалы: «мән», «субстанция», «акциденция», «болмыс» және тағы басқалары қолданды. Дегенмен екі бағыттың ортақ тұстары осы жерден ажырайды. Кәләмның фалсафадан басты айырмашылығы, араб тілінің (ақиқатты жеткізуші тіл ретінде) және мұсылмандық танымның грек тілі мен грек философиялық ойынан шүбәсіз артықшылығын негіздей отыра ой қортуында болды. Олар Аристотель логикасының барлық сенімділігімен де Алланың адамзатқа жіберген үндеуін жеткізуге таңдаған араб тілінің астарларын дұрыс түсіндіре алмайды деп түйіндеді. Бұндай келіспеушіліктер ақыр соңыңда бір арнаға тоғыспайтын болып шықты.

i-1024x768.jpg


Ислам философиясында және тұтастай ислам мәдениетінде, әсіресе классикалық «алтын» дәуірінде, ақыл мен сенім арасындағы қатынасты түсінуге әсер еткен екі дәстүр өздерін көрсетті. Ол ажырату және біріктіру. Ой елегіндегі және практикалық мәселелерде ақыл мен сенім талаптарын қолдана отыра шешуге тырысты. Осы тұста Аристотель философиясынан сенімнің ақылға қонымды негіздерін христиандық шешім тұрғысынан іздеген Фома Аквинский ортағасырлық ислам философиясының белді өкілдері әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд, Ибн Туфейл тұлғаларының әсер еткенін еске түсірген жөн. Олар Аристотель идеяларын жекелей дамыта отыра христиандық батысқа жеткізген болатын. Құранның өзінде ақылды құрметтеу және надандықты жеңуге байланысты терең идеялар көп кездеседі. Құранның алғашқы аяты «Оқы» деген нұсқау арқылы Алла адамның ұдайы жетілу мен үздіксіз дамып отыруын бұйырады.

Сенімнің басымдылығы мен құранның ақбарын сөзбе-сөз қабылдауды қолдаған әл-Ашаридің ұстанымы арқылы сенім мен парасатты ажырату дәстүрі кәләмда айқын көрінді. Шығыс перипатетиктері керісінше, сенім мен ақылдың үйлесімділігін құп көріп, сенім мен ақыл ұштасқан қос ақиқат тұжырымдамасын ұстанды. Ибн Рушд: «...дін жаратылысты зерделеп, ақыл-парасатпен ұғынуды жөн көреді..., дін жаратушы Алла-Тағаланы және оның жаратылыстарын дәлелдеу арқылы тануға шақырады» дейді.

Ортағасырлық ислам философиясының барлық бағыттары Алланы және оның кітабын, сондай-ақ адамның осы контекстегі мақсаты мен мәнін түсінуге тырысты. Исламның рухани кеңістігіндегі ойлар толқыны бір жерде тоғысып, екінші жерде ажырап жатқан бір мақсатқа жетудің түрлі жолдары еді. Трансценденталды негізді түсіну барысында біреулер иррационалдыққа, біреулер рационалдыққа, кейбіреулер сезімталдыққа, басқалары ақылға жүгінді. Дегенмен бұл жолдардың арасында идеологиялық ағым өкілдерінің бірімен келісетін және екіншісіндегі басқа тараппен келіспейтін аралық позицияны иеленген көптеген өкілдер болды.

Сенім мен ақыл мәселесін шешу қажеттілігі араб-мұсылман ортағасырында барлық нәрсенің исламдық дүниетаныммен байланысты болуында. Ислам - адамның мемлекет пен қоғамға, саясат пен мәдениетке деген көзқарасын анықтайтын жан-жақты дүниетанымдық жүйе. Бұл тек діни ілім ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық институттардың, мемлекеттік құқықтық жүйенің, саяси идеологияның және философиялық теориялардың, тарихи дәстүрлер мен моральдық қағидалардың негізі болды. Ислам өзінің ұстанушылары үшін өмір салты, мінез-құлық кодексі және адамның бүкіл өмірін басқаратын құндылықтар жүйесі болды. Бұл туралы әл-Фараби: «Дін – барлығына алғашқы бекет ретінде алдын ала шарттармен айқындалған көзқарас пен әрекеттер. Діннің көмегімен әркім өзінің іштей қалаған мақсаттарына қол жеткізеді». Кәләм өз кезегінде «...ислам дінінің қағидаларын зерттейтін және оған қандай ережелер тиесілі екенін, олардың қалай және қандай жолмен дәлелденетінін және олар туралы туындаған күмәндерге қандай жауап беретінін анықтайтын ғылым».

Шығыс перипатетизмі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінде рационалды ойлауға негізделген философиялық ілім концепциясы болуымен ерекше. «Философия - бұл ақыл-ойға бағытталған және оның не екенін білдіретін білім». Дін адамның жанына бағыттала отырып, оған мәңгілікке апаратын жолды көрсетеді және осылайша аян арқылы жеткен бағытта жүру-жүрмеу туралы шешім қабылдаған кезде адамның тағдырын анықтайды. Құран исламдық мәдениеттің берік парадигмасы бойынша, құдайдың шынайы сөзі болып саналады. Ол бүкіл адамзат үшін, әр адамға жеке-жеке бағытталған.

Адам өзінің іс-әрекетері арқылы қалыптасқан қоғамдық мәдениет сияқты, құран аяты мазмұнды алуан түрлілігіне бойлай отырып, құранның мәнін түсінуге, тануға ұмтылды. Зерттеу нысаны ретінде оның мәнін анықтады. Бұл мағыналарды терең зерттеу сәйкесінше әр түрлі мәселелерді туғызады. Жоғарыда айтылғандай, ортағасырлық араб-мұсылман ортасында белсенді түрде талқыланатын тақырыптар бұл құдайдың жалғыздығы, оның мәні мен қасиеттері, жаратушының оның жаратылысына деген көзқарасы, «адамның іс-әрекетке қатынасы» және тағы басқалары талқыланған мәселелердің әр алуан бағыттары өрбіді.

Бұл мәселелелердің өзекті болып, алдыңғы қатарға шығуы осы нақты жағдайда және осы тарихи кезеңдегі саналы сұраныстардың қажеттілігінен туындаған болатын. Шығыс перипатизмінің өкілдері исламның ортағасырлық философиясының пікірталас алаңына әртүрлі мәселелер бойынша өзіндік ұстанымдары мен көзқарастары арқылы кірді және логикалық білімнің әдіснамасы негізінде дәлелдеді. Бұл ең алдымен ислам философиясының басты тақырыбы болған монотеизмді қарастыру және негіздеу барысында көрініс тапты.

Мұсылмандық орта ғасырлық мәдениетте тұжырымдамалық теологиялық негіздеме алған Мұхаммед пайғамбардың монотеизм идеясы, шығыс перипатетиктерінің философиялық шығармалары арқылы тек теологиялық ортада ғана емес, сонымен бірге қоғамдық санада да орныға бастады.

Мутазилалардың рационалды бағыты негізінде шығыс перепатетизмі құдайды «маңызды қажеттілік» категориясында анықтады. Шығыс перипатиктері «маңызды қажеттілік» кез келген себепке тәуелсіз бар болады. Оның болуының себебі тек өзінде және ол нақты болмыс деп түйіндеді. Ибн Синаның және әл-Фарабидің айтуы бойынша «маңызды қажеттіліктің көп болуы мүмкін емес, ... және онда әртүрлі атрибуттардың болуы да мүмкін емес... маңызды қажеттілік өзгермейді,… барлық мүмкін болатын салдарлар жалғыз маңызды қажеттіліккке барып оралады»-дейді.

Философиялық және әлеуметтік-саяси және этикалық трактаттарда фәләсифалар Алланы бір деп таниды. Философияның дүниетанымы мен теориялық негізін анықтайтын бұл идея Құранның алғашқы сүресінде келтірілген исламның іргелі постулатын білдіреді: Алла әлемдердің иесі, мейірімділердің мейірімдісі, қиямет күнінің патшасы «Ол - Алла - бір, Алла - мәңгілік; «Ол тумады, туылмады және оған тең келетіндер жоқ». Діннің қоғамдағы мақсаты мен рөлін анықтай отырып, сонымен қатар исламдық теологиялық ойдың әртүрлі бағыттарының тұжырымдамалық ұстанымдарын қарастыра отыра әл-Фараби монотеизм тұжырымдамасын әдіснамалық негіздеу тұрғысынан өте маңызды пікірлерін «Екі философтың Платон мен Аристотельдің ортақ көзқарастары туралы» еңбегінде баяндайды. Ол құдайдың шынайы жаратушы әрі теңдесіздігі жайындағы білімге қол жеткізуге ұмтылған бағыттардың арасында Платон мен Аристотельдің ұстанымдары мен әдістеріне негізделген философтардың артықшылығын көрсетді. Бұл пікір кейіннен Ибн Рушдтың философтардың мақсаты шынайы ақиқатқа жету деген тұжырымынан көрінеді.

Сонымен бірге, әл-Фарабидің парасатты көзқарасы метафизикалық мәселелерді түсінуге келгенде барлық бағыттар мен ислам философиясының өкілдері оның төркініне бара бермейтінін, екінші жағынан, бір мәселені түсіну барысында құран ақиқатына негізделген қажетті әдістемелік бағытта ізденіс жүргізбейтінін айтады.

Ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінде ақиқатқа жетудің рационалды тәсілдерін кәләм өкілдері, шығыс перепатетиктері, мистикалық бағыт өкілдері сопылар және екі бағытқа да арқа сүйеген ишракизм өкілдері ұстанды. Кәләм мен сопылық философияға қарсы тұра отырып, көп сұрақтарда әр түрлі позиция ұстанды. Бұл араб-мұсылман ортағасырындағы интеллектуалды ортаның қалыптасып тарихи-мәдени дамуына өз үлесін қосқаны анық. Бұл туралы М.Мотаххари «Мистика мен калам ислам философиясы кеңістігінде орнығуының өзі бәсекелестік бағытта жаңа толқынның тууына әсер етті» дейді.

Философия адам бостандығын мойындауда, абсолютті тағдырдан бас тартуда, адамның өз іс-әрекеті үшін жауаптылығында, құдайдың адамдарға қатысты ең дәл әрекеті - әділеттілікте және осы секілді сарындағы ойлаудың жаңа көкжиектерін ашты. Философия мен теологияның ортағасырлық ислам мәдениетіндегі, яғни фәлсафа мен кәләм өкілдері арасындағы байланыстың мәнін, дәлелдеме ерекшеліктерін, олар ұсынған нақты мәселелерді шешу әдістері мен тәсілдерін түсіну үшін тарихқа жүгінген жөн.

Пайғамбардың көзі тірі болған кезеңде ислам қоғамында идеологиялық және саяси келіспеушіліктер туындаған жоқ. Олардың аракідік бар болғанының өзі де, ол дүниеден өткеннен кейінгі кезеңдегідей шиеленіс тудырмаған болатын. Біріншіден, пайғамбар өзі айтқан тұжырымдарын нақтылап отырды. Екіншіден, оның сөзіне толық сенетін мұсылмандар, оның жеткізген хабарларын ақыл елегінен өткізуге тырыспады. Себебі оның айтқан әрбір сөзі ақылға қаншалықты қонымсыз болғанның өзінде де жаратушының алдында қайырлы амал болып саналатын. Осылайша, құранда бекітілген діни заңнамалық ережелер мен моральдық-этикалық нормалар Мұхаммед пайғамбардың өмірінен алынған мысалдармен (сүннет) бірге мұсылман қоғамының рухани және әлеуметтік өмірін реттеп, тұрақтылығын қамтамасыз етіп тұрды. Пайғамбар дүниеден өткеннен кейін жағдай мүлдем басқа арнаға ауысты. Қоғамда дінге ғана емес, сонымен қатар саяси басшылыққа қатысты даулардағы келіспеушіліктер мен қақтығыстар көбейіп, агрессивті сипатқа ие болды.

Ислам мәдениеті дамуының ортағасырлық кезеңі қарқынды рухани және интеллектуалды ізденістердің ырғағымен туындаған түрлі бағыттардың қалыптасуымен ерекшеленді. Олар исламнан басқа өркениеттердің әртүрлі мәдени әсерлерімен өзара әрекеттесуі және мұсылман қоғамының ішіндегі пікір-таластар нәтижесінде пайда болды. Шариғат көптеген мұсылмандардың бойсұнуға негізделген санасын діни догмалық әдіс тәсілдер арқылы басқаруымен сопылық пен рационализмге оңай қарсылық білдірді. Шариғи формадан тыс көзқарас халық тарапынан қолдауға ие болуы ол өте сирек құбылыс. Шариғаттың жақтаушылары барлық ішкі келіспеушіліктерге қарамастан, бір нәрсе де ортақ позиция ұстанды: сенім негіздері және олардан туындаған моральдық міндеттер әр адам үшін құран мен хадистерден алынуы керек. Олар жақсылық пен жамандықты анықтауда адам ақыл-ойының араласуын мойындамады және шариғаттың тек сыртқы формасына қызмет етті. Яғни олар құран мен хадис мәтіндерін сөзбе-сөз қабылдауға сүйенді. Олар құран мен діни нормалардың логикалық түсіндірмесін жасауға тырысқандардың барлығы және оларды жақтаушыларды адасушылар екендігіне күмәнданбады. Олар үшін жеке адамның моральдық өмірі мен білімінің негізгі көзі қасиетті кітап, одан кейін хадистер, содан кейін пайғамбардың жақын серіктерінің пікірлері болды. Өйткені олар аян түсу кезінде Мұхаммед пайғамбарға тікелей жақын болғандықтан, олардың діни түсініктері ақиқатқа жақын еді. Сонымен қатар, белгілі шариғат ғұламаларының пікірін де беделді дереккөз деп санауға болады.

Кәләм рационалды танымға негізделген мутазилалардың ізденістері нәтижесінде қалыптасқан болатын. Мутазилалар аян мен ақыл бір-біріне қарама-қайшы келе алмайтындығына сенді. Тіпті құранда айтылған нәрсені әрқашан ақылмен білу керек деп дәлелдеді. Бұл ұмтылыс исламдық рухани мәдениетте рационализмге нақты бағдарланған тұрақты бағыттың пайда болуына әкелді.

Аль-Ашаридің жаңа ортодоксальді ілімі кәләм дамуының келесі кезеңі және дәстүрліліктің дамыған түрі болды. Аль-Ашари ақылға ғана үлкен мән берген мутазилиттердің көзқарасын жоққа шығарды. Сондықтан оның дүниетанымында ақыл мутазилалардың көзқарасындағыдай маңызды орын алмады. Ол қасиетті кітапта жазылғандарды дәлелдеу үшін ақыл мен логиканы қолдануға тырысты, және басқа пікірлер иелерінен айырмашылығы, ұқсастық пен жалған пікірдің жол берілмейтіндігі туралы пікір таластыра отырып, ол құранға осыған негіз болатын ең сенімді дерек көзі ретінде жүгінді.

Араб-мұсылман ортағасырының әр қилы дәстүрлі қоғамы шариғат пен сопылықты философияға қарағанда көбірек қолдады. Себебі шариғатты қарапайым адамдар оңай түсінді. Шариғат шарттарын ұстану діндарлықтың жоғарғы формасы ретінде көрініс тапты. Сопылық жаңаша бағыт ретінде алдымен практикалық сипатта дамыды және өз ерушілерін философияны игеру үшін қажет болатын қиын жолдардан өтуге мәжбүрлемеді.

Кейіннен сопылық үлкен интеллектуалдық күш-жігерді қажет ететін ілімге айналды және оны Ибн Араби сияқты интеллектуалды ойлаудың өкілдері ұстанды. Философия өзінің антикалық негіздерінің әсерінен «бөтен ғылым» ретінде қабылданып шабуылға ұшырады. Сонымен қатар, оны интеллектуалды деңгейде тану белгілі бір дайындықты қажет еткен болатын. Бұған әл-Фарабидің «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы» трактаты дәлел.

Ортағасырлық ислам мәдениетінің интеллектуалды кеңістігінде философияның ілгерілеуі және оған қызығушылық танытқан тұлғалардың көбеюі бір жағынан философия мен шариғат, екінші жағынан сопылық арасындағы қарама-қайшылықдың пайда болуына әкелді. Дәстүрлі дүниетанымдық ұстанымда бастысы иман және құранға сүйену болды. Сонымен қатар діни түсініктердің мағынасын ашу мен түсіндіру жұмыстарында қияс, рай, иджма, истислах сияқты түрлі әдістер қолданылды. Түсіндірудің кең таралған тәжірибесі ол тәпсір әдісі болып табылады. Бұл қасиетті кітаптағы сөздерді терең зерделеу, мағыналарын ашу, оның ұғымдарын анықтау және негіздеу. Сол кезде қалыптасқан ислам заңнамаларының негізгі мектептері құран мен сүннетке сүйене отырып, өз мектептерінің белгілі бір құқықтық ережелер мен нормаларын ұстанудағы дұрыстығын дәлелдеуге ұмтылды. Егер «иджма» құранды түсіндіру әдісі ретінде көпшіліктің қолдауын құптаса, «рай» керісінше кез-келген діни немесе шариғи мәселеде жеке түсіндіру әдісі болып саналады. Қияс  ұқсастық бойынша (аналогия) үкім шығару әдісі болса, истислах құран мен хадис баяндары арқылы ортақ үкімге келу ретінде қаралды.

Ортағасырлық ислам мәдениетінде перипатетикалық, мистикалық және кәләмдық философиялық дискурстар дамыды. Әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Насир ад-Дин Туси, Ибн Рушд, Ибн Баджа бастаған көрнекті фәлсафа өкілдері рационалды дәлелдерге ғана арқа сүйеді.

Өз қатарында Баязид Бастами, Ибн Халлаж, әл-Мисри, Сарраж, Ибн Араби және басқала да ірі сопылардың қызметі арқасында өзінің мықты ұстанымдарын иемденген сопылық, адамның кемелденуін жанның тазаруына негіздеген бағыт болды. Сопылардың айырмашылығы трансценденталды негізді түсінуде ақылдың тұжырымдарын қарастырмаған болатын. Кәләм, фәлсафа сияқты, рационалистік дәлелге негізделсе де айырмашылықтары болды. Мутакаллимдер өздерін құран мен сүннетке адалмыз деп санады. Яғни олар өздерін исламның қасиеттілігін қорғауға міндетті көрді. Сондықтан кез-келген талқылау мен пікір-талас барысында олардың пайымдау мақсаты алдын-ала анықталып тұратын. Ал фәлсафа өкілдері ой ерікіндігіне жол беріп, пайымдау барысында объективті көзқарас ұстанды. Кәләм ілімінде басты үш бағыт ерекшеленеді. Олар: мутазилиттік, ашариттік және шииіттік. Ислам философиясының жетекші бағытының «кәләм» атауы бірнеше мағынаға ие және ол ұзақ уақыт бойы талқыланып келеді. Кең мағынада, кәләм дегеніміз діни-философиялық тақырыпты талқылау болып саналы. Исламдық түсіндірме ғылымының «кәләм» деп аталуының тағы бір түсіндірмесі бұл бағытты ұстанушылар өз жұмыстарын «кәләм (баяндама) мынау және сол туралы ...» деп бастайтындығында. Кәләм ілімін тереңдеп зерттеушілер арасында тағы да бір қатар түсіндірмелер кездеседі.

Құранның аятын түсіндіруде және құранға қатысты интеллектуалдық дауларда ең ортодоксальды позиция ұстанған ханбалилер болды. Бұл ағымның өкілдері теолог ғалымдар бола отырып, негізінен каламаға, яғни исламның негізгі проблемалары туралы интеллектуалды пікірталастарға қарсы шықты және оны адасушылық және шариғатқа қайшы деп санады.

Ханбалилердің шығуы өздерінің пікірінше спекульятивті теология мен рационалды әдістердің таралуы нәтижесінде қалыптасқан мұсылман қоғамының жан-жақты бөлінуімен байланысты. Ахмад ибн Ханбал сүннетке сүйене отырып, исламды «жаңашылықтардан» тазарту идеясын алға тартты. Ханбалилердің пікірі бойынша, сүннет құран мәтініне тәпсір болып жарияланды. Ал хадис қарсы пікір мен күммән келтіретін талқылауға түспейтін қасиетті мәтін деңгейіне көтерілді. Олар құран мәтінін рационалды тұрғыдан түсіндірудің барлық жолдарын жоққа шығарды және құран мен хадистерде тікелей негізі жоқ кез-келген пікірлерді жоққа шығарды.

Ежелгі грек философиясы мұсылман ойшылдарының интеллектуалды орталарына тарала бастауы ислам қоғамында шариғаттың толық үстемдік құрған уақытына тура келеді. Оның өкілдері өздерінің көзқарастарын берік түрде қорғап бақты. Қоғамның саяси элитасы арасында және ислам қоғамының әр түпкірінде діни көзқарасы бойынша қоғамның барлық салаларында басым қолдау тауып, үлкен беделге ие болды. Сопылық та өз дәрежесінде лайықты ықыластан кем болған жоқ. Сондықтан, мұндай жағдайда фәлсафа қоғамның рухани өмірінің осы екі күшті идеологиялық ағымына қатысты анықталуы керек еді.

Фәлсафа өкілдері философияны терең түсіну арқылы жаңа идеялар ұсынып қана қоймай, сонымен бірге дін мен философия арасындағы байланысты үйлестіруге тырысқан болатын. Әл-Фараби бірінші болып рационалды дәлелдерге сүйене отырып жауап іздеді. Жоғарыда айтылғандай, фәлсафа өкілдерінің рационалды көзқарастары Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін пайда болған пікір-таластар атмосферасының пісіп жетілген формасы болса керек. Шығыс перипатетизмі философиясының сыни рухы және оның рационалистік ұстанымы қадарит-жабариттік полемикада болды. Жабариттер фатализм ұстанымдарына иланып, құдай туралы исламға дейінгі қатыгездік сипаттарын жаңғыртты. Олар құдайды дүниеде болып жатқан барлық іс-әрекеттерге толықтай жауапты ретінде, адам тағдырының төрешісі деп санады және адамның имандылығы, сондай-ақ оның күнәһарлығы құдайдың еркіне тәуелді екенін айтты.

Қадариттер болса, адамның тәуелсіз әрекет ету құқығын қорғап, сол арқылы жабариттерге қарсы шықты. Олар қарсылық сипаттағы: егер құдай адамға ақыл, ойлау және шешім қабылдау сынды мүмкіндік берген болса, ерік-қалау мен таңдау еркін де берді емес пе дейді. Осы сыңайдағы тағы бір қатар сұрақтар қояды. Осы сипаттары үшін оларды «дауласушылар» деп атады. Құранда жабариттердің де, қадариттердің де көзқарастарын растайтын тіркестер бар. Дегенмен қадариттер мен жабариттерге қатысты пікір-таластарының негізгі тамыры пұтқатабынушылық кезден қалған құдайға сипат беру әрекеттерімен ұштасады.

Кадариттердің ізденісін жалғастырған мутазилиттердің танымында калам, дамудың жаңа сатысына - жалпыға бірдей және интеллектуалды көрініс кезеңіне өтті. Бұл ислам дінін ұстанушылардың көзсіз мойынсұну дәрежесінен ақыл мен ой елегінен өткізіп илану дәрежесіне көтерді.

А. Мецтің ойынша X ғасырда мұсылман теологиясының заңнамалық сипаттан босап шығуы қоғамның рухани өміріндегі өте маңызды өзгерісті көрсетеді. Себебі алдынғы ғасырлардың теологиялық жазбаларында догматикалық реңк басым болды. Мутазилалар кез-келген заңды тенденциялардан бөлек алғашқы мұсылмандық ағым болды. Мутазилалар көтерген мәселелер исламның догматикалық сипаттарын анықтауда және логикалық шеберлікті қажет ететін нәзік ақыл-ой жұмысына көшуде жаңаша бет бұрыс болып қана қоймай, сонымен қатар кейбір жалпыға бірдей қабылданған қағидалардан бас тартуға түрткі болды. Барлық мутазилитттік бағытты ұстанушылар Алланың мәңгілік екендігін мойындап, оның сипаттарының мәңгілік болуын мойындамады. Олар сонымен бірге сөз уақыттың еншісінде жасалды деп мәлімдеді. Осы негізде олар құранның жаратылғаны туралы дәлелдер келтіріп, құран нақты және дәл мағынаны бермейтін жағдайларда аллегориялық түсіндіруді талап ететін алға тартты. Мутазилиттер Құдайдың антропоморфтық сипаттарын және оның адамға қандай-да бір дәрежеде ұқсайтындығын жоққа шығарды. Олар адам өздігінен әрекет етуге қабілетті және жақсы ма, жаман ба адам өз іс-әрекетін жаратушысы сондықтан сол үшін жауапты деп түйіндеді. Жақсы мен жаманның не екенін адам ақылмен түсінуі керек. Діни міндет адамға пайғамбарлар арқылы Алланың рахымы ретінде жіберіледі деген көзқарасты ұстанды. Осылайша, мутазилалар «рационалды сенімнің» негізін қалай отырып, рационалды теологтардың позициясынан «барлық міндеттер аян арқылы беріледі, ақыл ештеңеге міндеттеме бермейді, не жақсылықты да, қатыгездікті де анықтамайды» деп сендірді. Алланы тану ақыл арқылы жүзеге асады және аян арқылы міндеттеледі деді. Ақылға арқа сүйеу - олардың ақиқатқа жету туралы ілімінің маңызды құрамдас бөлігі болды. Мутазилиттердің көзқарастары ислам дінінің дамуында маңызды рөл атқарғанмен, олар кеңінен қолданылмады. Олардың үлкен еңбегі құранның талас мәселелерін рационалистикалық рефлексияның айналымына енгізу мен ислам мәдениетінде философялық дискурстың пайда болуына тигізген әсері болып саналды. Ол сол кезеңдегі ислам қоғамының сауаттылық және объективті көзқарасқа ұмтылу жігеріне сәйкес үлкен қолдауға ие бола алмады. Ал ашаризм өз кезегінде маңызды кәләм мектебіне айналды. Әл-Ашари мен оның ізбасарлары «сүннет пен келісімнің адамдары» деп танылды. Олар мутакаллим деген атқа ие болып, кәләмның мутазилалардан кейінгі екінші ірі мектебі болып саналды. Ханбалиттік дәстүршілдер ашарилерді «жаңашылдықтары» үшін сынға алды. Негізінен құран мен сүннетке сүйеніп, кей теологиялық мәселелерде рационалды философиялық тәсілдерді қолданғаны үшін дінге жаңшылдық қосушылар деп айыптады. Әл-Ашари мутазилаларды мойындағанына қарамастан, оны ілім қағидаларын түсіндірудің кейбір аспектілері бойынша, атап айтқанда, құранның жаратылыс, Алланың көзқарасы және адамның жаман пиғылдары өзінен деген тұстарымен келіспеді. Ол мутазилалардың құранның жаралғанына байланысты құрандағы сөздің мағынасы мәңгілік, сөздің өзі мәңгілік емес, яғни құран құдайдың мәңгілік сөзі, ал айтылуы мен оқылуы жаралған деп пікір білдірді. Алланы көру мәселесінде антропоморфизмді жақтаушылар, әсіресе ханбалилер, бұл мүмкіндікті мойындады, ал мутазилалар «дене» сипатын құдайға тән емес деген болатын. Аль-Ашари ханбалилердің бұл көзқарасына қосылды. Дегенмен, оның ұстанымында аллегориялық түсіндіруге жол бергендіктен, оның кейбір ұстанымында екі жақтылық кездеседі. Ашариттер сонымен қатар кейбір илаһи атрибуттардың (білім мен ерік) мәңгілігін мойындады; олар адамның ерік бостандығы туралы тезисті жарияламай, исламдық дәстүршілердің фаталистік ұмтылыстарымен ымырада болуға тырысты. Сонымен, әл-Ашари адамның ерік бостандығы мәселесінде мутазилалардың позициясынан бас тартып, адамның барлық іс-әрекеттерін жамандықты да, жақсылықты да жаратушы құдай деп мәлімдеп, «касб» доктринасын қалыптастырды.


                                                               жалғасы бар...

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?