Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сәдуақас Ғылманидың өмірі мен өнегесі

2273
Сәдуақас Ғылманидың өмірі мен өнегесі - e-history.kz

ХХ ғасырда өмір сүрген ұлт зиялыларының ішінде өзінің бар бітім болмысымен еліне әлі толыққанды таныла алмай келе жатқан дін қайраткерінің бірі – Сәдуақас Ғылмани. Ақмола қаласы, Ерейментау топырағында дүниеге келген Садуақас Ғылмани – көрнекті қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, қаламгер, дінтанушы, ағартушы- күрескер, фольклоршы. Бұл кісі көптеген діни еңбектер жазған ерекше тұлға.

КСРО заманында Қазақстанда діннің шырағын өшірмеген, 20 жыл бойы дін исламды қоғап, (1952-1972) Қазақстан мұсылмандар қазиятының қазиы, сондай – ақ Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының алқа мүшесі болған. Ағартушы 1970 жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы», атты кітап, 110 мыңға жуық сөзді қамтыған «Арабша- қазақша» сөздік, «Ел аузынан жиған- тергендер» ( би- шешендер сөздері ) жинағын даярлады. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен уағыздарды да әзірлеген. Әйгілі үнді дастаны «Кәлилә мен Димнаны» қазашаға аударған. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын тікелей араб тілінен қазақшаға аударуға атсалысқан. Олжабай Нұралыұлы екеуі Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған. «Діни педагогика» оқулығын жазған. Осынша құнды мұра қалдырып кеткен ғұламаны, жерлестері мен туыстары және дінге қатысы бар адамдардан басқасы біле бермейтіні рас. Оның себебі кеңес кезеңінде ақынның шығармалары әдеби айналымға түсе алмаған. Еңбектерінің көбі тәрбиелік – танымдық діни тақырыпта болып, аудармалары мен арабша- қазақша сөздігінің өзі шарыққа шыға алмаған. Ал екінші жағынан мешіт төңірегіндегі адамдарға тек діни уағыз айтатын, аят оқитын адам, яғни молда ретінде ғана қарағанын айтуға болады. Ғылмани тек ислам ілімі мен әдебиеттің ғана көрнекті өкілі емес, сондай-ақ кеңестік идиологияның қысымын көзімен көріп, ауыр трагедиясын басынан өткерген тұлға. Өз елінің болашағынан үміт үзбеген Садуақас қажы халықтың басына төнген қасіреттерден сын жасай отырып жарыққа шығарудың бағдарын бере алған. Оның бір артықшылығы араб тілін жақсы білгендігінде, соның арқасында араб тілінде жазылған туындыларды қазақ тіліне тура аудара білді.

Белгілі ғалым Ақжан Машани кезінде әл-Фарабидың қазақ жерінен шыққан ғұлама екенін дәлелдемек болып, бүткіл Қазақстанда арабшадан аударатын адам табылмай, Садуақас қажыға жүгініп, ол «екінші ұстаздың» қажет болған еңбектерін қазақшалап, өлшеусіз еңбек сіңіргенін көп адам біле бермейді. Осыдан соң Машани Садуақас Ғылманиді «ғылыми жетекшім» деп атаған екен.

        Сәдуақас қажы Ғылмани шықан тегіне тоқталар болсақ, ол 1890 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданының Малтабар ауылында туыпты. Арғы аталары башқұрт елінен Арқа жеріне келген діндарлар екен, кейін Ереймендегі қанжығалы ішіне «естек» деген бір ата боп біржола сіңісіп кеткен. Өмірбаяны мен шығу тегі жайлы халфе өзі: «Тәржімахәл», «Ұзау себебім», «Өмір тарих» өлеңдерінде сөз етеді.

Жылым – қоян туған жыл жарық көріп,

Айтылған сөз атадан есептеліп.

Қай жұлдызда туғаным ұмытылған,

Жазылмаған сызықта көзге ілініп.

Ата – анам тәрбиелеп өсіріпті,

Басымнан қызық дәурен кешіріпті.

Сүт суалтар кенжесі мен болған соң,

Қағу, соғу жолданыр өшіріпті – дей отырып әке –шешесінің кенжесі, қиқар мінезді болып еркін өскенін айтады.

Сәдуақас Ғылманидың «Тәржімахәл» өлеңіне тереңінен үңілер болсақ, оның ата- бабасының қазақ жеріне келу тарихымен туған туыс мәселелері жазылған тарихи- шежірелік шығарма екенін байқаймыз.

Биссмиллә, сөз бастайын хал жайымнан

Аңғарар дін қарындас ыңғайынан.

Уақиға ата- баба бастан кешкен,

Баяндап мен кетейін әр жайынан.

«Бабамыз башқұрт ұру, түрік заты,

Еуропалық Бұлғаның дәмін татты.

Гүберне Самар деген-зор бір шаһар,

Үйезге қарайтұғын Бүгілме атты.

Ауылды Деніс деген мекен етіп,

Тағдырдың басқа жазған бәрін күтіп.

Ғази атты атадан тарап өскен,

Сегіз туыс қатардан бәрі ержетіп.

Сол сегіздің біреуі біздің баба,

Шашқан ырызық тергізіп Хақ тағала.

Сарыарқаға дәм айдап кеткен шығар,

Тағдырдың айдауына бар ма шара?

Башқұрт, ноғай, түрік пен қазақ туыс,

Тарих жүзін көргенге-бәрі әшкәрә.

Бәрі ағайын, бірін де бөтендік жоқ,

Жаралан бір зат емес жеке дара», -деп өзінің арғы түбі Бұлға (Волга) бойынан,  Самара шаһары жағынан екенін білдіреді. Ғази деп отырған арғы бір аталары Уфада мүфти болған екен дейді кейбір жазбаларда.

837927_1377939001.jpg

«Өмір тарих» өлеңінде бұл дүниенің алдамшы жалған екендігі, ахиретті үнемі естен шығармаған адамның жалғанға еш уақытта көңілі толмайтынын «ахирет – егіндігі бұл жалған» - деп жазады. Бұл дүниеде берілген азғана ғұмырда адам адалдықпен, адамдықпен иман жолында өмір сүргені абзал десе, «Дүние -көпір мақсатқа мініп өтер, Болаттан беріктігі болсын бетер - яғни адам жаратылуының негізі –ұлы мақсатқа жетудегі міндеттеріне берік болу керектігін жазады. Келер ұрпаққа қалдырар өнегелі ісің болмаса, ешкімді айналып өтпейтін, уақытынан бір минут кешікпейтін ажал келгенде дүниеде бар жоғың беймәлім болар. Бай бол кедей бол, ең дұрысы адам бол.

«Көп алдында айтарлық сөзің қалса,Үлгі болар соңғыға ісім қалса» - деп ұрпаққа құнды мұра қалдыруды басты міндет санаған. «Өзі өлгенмен адамның сөзі өлмейді, кешкен уақиға кетейін хатқа салып, оқысын болса нәсіл артта қалып» – деп өлеңінде ары қарай өмірбаянын жалғастырады. Садуақас анасынан 11 жаста айырылғандығы, алғаш араб тілін өз бабасынан үйреніп, сонан кейін Шарықты жайлауында Байдүйсен қазіреттен сабақ алып, 14 жасында «бала молда» атанғанын жазады. Тасбақа, Өмірзақ ауылдарында шәкірт оқытып, 15 жасында бұрынғы оқуына көңілі толмай, бір қыс Төре ауылында Айтмағамбет молдадан «Бұғар Зада», «Тұхфаны» меңгергенін, тағы бір жылдан соң Тойғанкөлдегі Төлеңгіт ауылында Ақтамақ қалпе медресесінде Бейіс досы екеуі оқығанын, осында алты жыл болып, үш жыл оразада «елге шығып, азырақ қаражаттық дүние құрағанын» (Құран оқып, имандылық шарасын істеп), жетінші жылы Қайлан байдың ауылында бала оқытып, қыста қайта медресеге оралып, Хекмат ғайын, молла Жәлелден сабақ алғанын жазады. Сонымен қатар 24 жасында ауыл-аймақ ақсақалдарынан разылық батасын алып, Аққозы ауылында үш жыл бала оқытып, сөйтіп, өзі айтқандай, «надандық салдарынан» 1916 жылғы көтеріліске киліккенін («Әлекке кездестірді қараңғылық, Айтқанға тіл алмадық соңына еріп. «Күлің көкке ұшады» десе-дағы Жүре берді «айтақ» деп мазақ қылып.), жазалаушы әскердің сойқанын өз көзімен көрген. Сондай-ақ Қусаққа жасырынып, кіреші боп Екібастұзға астық тартқанын, 1917 жылы орыс әскерінің тағы да қырғынын көргендігі жайлы профессор Дихан Қамзабекұлының зерттеулерінде сөз етілген.

ХХ ғасырда жетпіс төрт жыл өмір сүрген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталатын мемлекетте ұлы орыстық шовенизммен ұштасқан коммунистік идея басым тоталитарлық жүйеде іс- әрекеті мен шығармашылығында діни көзқарас, ұлттық мақсат тәуелсіздікке ұмтылу идеясы бар тұлғалардың есімдерін ел есінен шығарып, ұмыттыруды мақсат етті.Оларды саясат бұғауында байлап, оқытпай жасырып келгені белгілі.

1920-30 жылдардың қысында мезгіліз қой қырықтырып, киіз бен арқан түттіруден басталған «қызыл жүн» науқаны елдің күнелтіс көзі малын сыпырып алып, қалғанын еріктен тыс құрылған колхозға ұйыстырды.

500-1000 қой ұстаған орта шаруалар бай, арнаулы медіресе бітіп, мешіт ұстағандармен қатар Құран танып, ораза- намаз тұтушы, балаларға «әліппи» мен намаз сабағын үйретуші адамдар молда саналып, қуғынға түсті. «Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен!» деген өлең жолдар сол кездің әнұранына айналған –ды. Малынан айрылып, ашыққандар күнелтіс, кәсіп іздеп, қудалауға ұшырағандар құт қара басын қорғайтын мекен іздеп әр тарапқа қаңғыды.

Қазақтың мұндай сергелдеңге түскен перзентерінің қатарында ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, аумалы-төкпелі заманда, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірмеген қазақ зиялыларының бірегейі - Садуақас қажы Ғылманида бар. Бұл кезең әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдан қандай қайшылықты қатал болса, оның шығармашылық жолы да көп иірімді, күрделі болғанын аңғаруға болады.

ХХ ғасырдағы қазақтың рухани мәселелерін көтерген, оны жинақтап, халыққа жеткізе білген ұлы тұлғалардың бірі Садуақас қажы Ғылмани ел арасында діндар адам болғаны үшін «Сәкен халфе» атанған.

Тарихта қазақты діни сауаттандыру жолында, ел арасында дамуына үлес қосқандар біршама. Мәселен Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұни, әл- Фараби тағы сол секілді ғұламалардың бүгінгі күнде алар орыны бөлек, осы ғұламалардан кейінгі буын өкілдері қатарына Садуақас Ғылманиды жатқызсақ ағаттық болып көрінбес.

Жалпы, ХХ ғасырдағы ислам мәдениеті мен ислам құндылықтарын, қазақтың ұлттық мәдениетін жалғастырып, жаңа заманға жеткізе білген Сәдуақас Ғылмани дін саласында да, әдеби ағартушылық саласынан да алар орыны биік. Сәдуақас Ғылманидың өмірі XX ғасырдағы қазақ халқының басынан кешірген ауыр тағдырымен тікелей байланысты. Сол ғасырдың 20-30 жылдардағы саяси қуғын сүргіннен соң кеңестік кезеңдегі әдебиеттің бет алысы бәсеңдеген шақта С.Ғылмани жырлары ұлт тауқыметін шынайы көрсетумен ерекшеленді. Бұл зұлмат жылдарың ызғарын Сакен қалпе 30-жылдардан бастап 46-жылға дейін тұрақ таппай бас сауғалауда болған ауыр ахуалын былайша «Мүнажат мұңы», «Ескерткіш», «Соңғы таю», «Ұзау себебім» өлеңдерінде кеңінен жазған.

Мен не үшін кездестім бұл мехнатқа,

Қылмысым өте ауыр, ісім жат па?

Не ұрлық, не қиянат, не сұмдықпен,

Болмаса абыроймен зор атақ па? - деп «Мүнажат мұңы» өлеңінде толғанады.

Қимадым елді, жерді қанша заман,

Жүрген соң жалтақпенен басым аман.

Үйі жоқ бөденедей бытпылдақтан,

Кешірдім көп өмірді оймен алаң.

Сырт бүтін көрер көзге тұрмысымда,

Саналды көрушіге емес жаман,

Іш түтін, тартқан мехнат азабым мол,

Мешіт, кітап, ми жетім күні қараң - деп өзінің басынан өткерген тауқыметін өлеңдерінде сөз етеді.

Сәдуақас Ғылманидың өлеңдерінің көбі түрмеде, қуғында елден жырақ жүрген кездерде үлкен көңіл толғанысында пайда болған. Соның ішіндегі көңіл- күй өлеңдері қапаста болғандағы қайғы- мұңы мен шерін, арман қиялын аңғартады. «Тілек мұңы», «Арманды ой» атты өлеңдерінде түс арқылы немесе қиялмен еркіндікке шарлап еліне деген сағынышын бір сәт басады.

Мол мехнет көріп қандай жағдайда жүрсе де, ауыр халін ойлы өлең жолдарын үнемі қағаз бетіне түсіріп отырған. Сан рет сұм ажалмен бетпе- бет кездесседе, діндарлығы мен қайсарлығы оны қиындыққа мойытпады.

Ақынның «Мүнәжат мұңы» өлеңінде басына келіп үйірілген тұманның себебін «дінді діңгек қылып табанымды мығым тіредім. Бұл жолда жылап көзім қанға толсада, жүдеп жүзім солсада, мен тағдырға ризамын»- деп, дін үшін бұндай күйге түсудің өзін бақытқа санап, балаша көңілін жұбатады. Нұрмұратовтың «Рухани құндылықтар әлемі: әлеуметтік философиялық талдау» еңбегінде: «Құндылықтар рухани өндірістің өнімі, нәтижесі ретінде, қоғамдық сананың белгісі ретінде қарастырылады.». Қоғамдық сана өзіндік дүниетанымға негізделе тіршілік етеді. Құндылықтар өзінен - өзі материалды және рухани құндылықтар жүйесімен айқындалып, олардың арасында өзіне тән иерархия жүйесі болады. Осы құндылық иерархия жүйесінде адам әрқашан бақыт деген ұғымды жоғары қоятыны белгілі, сонымен қатар бақыт кез – келген адамның жоғары рухани құндылығы деп қарастыратын болсақ, бақыт пен бақытсыздықтың арасы біз ойлағаннан әлде қайда жақын. Адам қажетіліктерінің қанағаттандыруын бақыт деп айтады. Ал қажеттілік шкаласы қанағатқа қарсы пропорционалды өседі ендеше, бақытты құндылықтың абсолюттік шкаласы ретінде қарауға болмайды. Бақытқа қарағанда болмысының толы болуын аңсаған қазақ береке, бірлік, үш байлықтың нақты барлығы сондықтанда оны жүзеге асыру мақсатында түбегейлі жоба құрастырылады, ол мәнге толы өмірлік жол деген.

Ғылмани бақытты түсіндіруде «бақыт не қандай нәрсе бақ болады, сол жеріне қараңызшы барлау салып»деп «Бақыт деген не?» атты өлеңінде бақыт ұғымын түсінуде жауап іздейді:

Сол бақыт малдылықпа, ұлылықпа?

Болмаса беделділік пе жолы сараң?

Болмаса шешендік пе тілге ұста?

Болмаса ғалымдық па, болмай надан?- дей келе ақын бақыт түсінігін «Менімше бақыт» атты өлеңінде бақыт- адам үшін тыныштық, бар мен жоққа қанағат, қайғы мен тарлыққа сабырлылықтан басталады деп жазады. Туған жер өскен елінде,бір- бірін көріп, амандық саулықта болу, не көрседе көппен көріп, ұлттың қамын ойлайтын бір басшыға бағыну, әр кім ел болашағы үшін атқарған ісіне сыртқы күштерден еш қағажу жоқ, қағу жоқ, міне нағыз бақыт осы деп санаған.

Адам баласы бақытты болудың сырын біле бермейтін сияқты, Ғылмани   пайымдауында бақыттың қанағаттың төңірегіндегі құбылыс екендігін түсіндіреді.Сәдуақас қажы шығармаларында дін мәселесіне ерекше басымдық бере отырып, қазаққа ежелден салт- дәстүрмен біте қайнасып қалыптасқан дәстүрлі дінді үйретеді. Сәкен халфе сонымен қатар ислам дінінің үлкен теоретигі болғанын айта кеткеніміз жөн. Олай дейтініміз, ол сол заманда-ақ уахабизм, салафизм секілді біздің дәстүрлі исламға жат ағымдардың жақсылық әкелмейтінін айта білген алғашқы адамдардың бірі.

Салафи – (әс- салафа) деген сөзінің аудармасы – бұрынғы бабалар. Алғашқы мұсылмандардың «ең қайырлы буынның» (әс- салафа әс- салих) өнегелі жолын ұстанушы адам деген мағананы білдіреді.Салафилерді бүгінгі таңда «уаххабилер» деп те айтады. Салафи-уаххабилік дәстүрді ұстанушылар үшін Аллаға ғибадат ету (құлшылық қылу) тек ғана Құранмен сүннетте бекітілген.Ғұрпы исламда кейбір жаңалық салт- дәстүрлер атам заманнан келе жатса да мойындалмайды.

Бұл қозғалыс құрушысының атымен Уаххабизм деп аталады. Белгілі мұсылман ғалымдары Ахмед Ибн Ханбал, Ибн әл-Жеузие, Ибн Таймия көзқарастарын жүзеге асыра отырып, әхли сунна уәл жамаға жолын ұстанатындарын алға тартады. Бірақ бұлардың діни сенімінде және өз жұмыстарында көптеген жаңа негіздер қабылдағандарын, лаңкестіктен қан төгісіне дейін барғандықтарын, адамдардың пікірін ар- ождан бостандығын танысы келмейтіндіктерін айтқандарда баршылық.

Қазақ мұсылмандығы ескілікті тәңірлік сенім-наным мен исламдық танымның біте қайнасқан синтезі ретінде қалыптасқаны жақсы белгілі. Қазақстан мұсылмандары ұстанатын Әбу Ханифа мазхабы өз жамағатына көп жеңілдік беруімен, әрі демократиялығымен ерекшеленеді. Соңғы жылдарда осы ерекшелікке қарсы әрекеттер біршама көрініс табуда. Мұның салафизм ағымы тарапының көзқарасы мен әрекеттері екендігі сөз етіліп жүр.

        Сол сияқты еліміздегі салафизмнің теріс ықпалы аруақтардың, ұлы тұлғалар рухының әсерін жоққа шығаруда анық бой көрсетіп отыр. Олай дейтін себебіміз, олар дұғаларда пайғамбарлардың, әулиелердің, періштелердің есімдерін айтуға, өлгендерге Құран оқып бағыштауға қатаң тиым салады. Жер бетіндегі әр ұлттың ұлы тұлғаларының рухына тағзым етпей, аруағын сыйламай жатса оның арты неге апарып соғарын көзге елестетіп көріңізші. Әрине тәу етуге тұрарлық жүздеген, мыңдаған ескерткіштер мен кесенелерді түбімен қопарып жойып жібердік делік, содан адамзаттың имандылығы нығаяды түседі дегенге сенгің келмейді.

        Салафизм өкілдері Құран аяттарын өз өрелері жеткен деңгейде, шолақ ойлап, дәлелсіз тәпсірлеуде. Шариғатты бұрмаламай дұрыс тәпсірлеу тек нағыз данышпанға қолды дүние, себебі, әр сырлы сөздің астарынан сүйіспеншілік пен әділет заңдылығын, Ғылманиша діннің тазасын, шын негізін, діннің адамды бір бауыр қылмақ мақсатын көре білу шарт.

1943 жылы Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы ашылып, оған Зияуиддин Бабаханов деген адам мүфти болып тағайындалады. Осы Бабаханов негізгі діни идеологиясы салафизм болып табылатын Сауд Арабиясында алған біліміне сүйеніп, Орта Азия елдерінде салафилік тұрғыдағы «таза ислам» орнатпақ үшін әрекет етеді. Міне, осы кезде сол басқарманың Қазақстандағы өкілі, яғни қазиы және алқа мүшесі бола тұра, Сәкен Ғылмани бұған барынша қарсы болып, уахабшылар идеясын теріске шығаратын Мухаммад Махлуф деген кісінің «Құран сөздерінің мағыналарына жасалған ашықтама» атты еңбегін аударып, салафизмнің негізін салушы Ахмад ибн Таимия бағытының қате екенін көрсететін 21 түрлі  дәлел келтіріпті.

        Бүгінде келер ұрпақты шыдамдылыққа, төзімділікке, қажырлылыққа тәрбиелеуде Ғылмани өлеңдерінің өнегесі, тәлімдік маңызы зор. Ақынның азаматтық ерлігін, діндар тақуалығын, елін сүюшілік сияқты адамгершілік ұлы қасиеттерін қастерлеу – халыққа, жас ұрпаққа үлгілі көрініс болмақ. Бұл алдымен, халықтың «Ел үшін туып, елі үшін өлген ердің» еңбектерін дәріптеуін білдіреді және жастарға, келешек ұрпаққа оның ерлік ісін өнеге етіп көрсету.

Қазақ халқының діни ахуалы мен ағартушылық мәселелері сан алуан өзгерістер мен реформалардан өткен. Патшалық Ресей бодандығы түрлі отарлау саясаттарын жүзеге асырып жатты. Мәселен тек 1891 жылғы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ережесін » (Дала ережесі) қабылдады. Олар бірнеше толықтырулар мен өзгертулермен бірге 1917 жылы одан кейінгі жылдардағы кеңе деректерін қабылдағанға дейін әрекет етті. «Уақытша ереже» мұсылман дінінің қазақтарға және қазақтардың қоғамдық өміріне ықпалын шектеуге бағытталған шаралар да қамтылды. Қазақ рухани істерін Орынбор мұсылмандар ұйымының қарамағынан аластатып, Ішкі істер министірлігіне бағынышты етілді. Әр облысқа бір молда белгіленіп, мешіттердің салынуына, мұсылман мектептерінің ашылуына тыйым салынды. «Ережеде» мұсылман дін иелеріне шектеулер қойылса, ал христиан дінің қабылдаған қазақтарға жеңілдіктер жасалынды. Сондай ақ қазақтарға балаларын ана тілінде оқытуына тыйым салып, тек орыс - қазақ мектептерінің ашылатыны айтылды. «Ереже» осылайша әкімшілік қайта құрулар - қазақ даласын орыстандыру, рухани отарлау, саясатын жүргізді. Бұл рухани құндылықтардың құлдырауы ақынның шығармаларынан айқын көрініс тауып отырған. Ғылмани шығармалары ХХ ғасырдың басындағы саяси әлеуметтік өзгерістердің әсерінен қалыптассада, бүгінгі күнгі заман талаптарына жауап бере алатын құнды жәдігер іспетті. Оның көтерген ынтымақтастық, діни үйлесімділік, тақуалық, ар-ұждан, әділдік, сауаттылық, мейірімділік элементтері қазіргі ұлттық сана үшін өте өзекті құндылықтық мәселелер. Ғылмани өз заманындағы дәстүрлі түсініктерді ой елегінен өткізе отырып, қандай рухани құндылықтар тарихи сабақтастықпен сақталып келе жатқанын, ал қандай кемшіліктерге назар аудару керек екендігіне мән берген. Репресия жылдардың ызғарын басынан өткеріп жатқан елінің мүшкіл хәлін өз көзімен көрген ғұлама, ел еңсесі биік болса екен деген ой арманы « Тайып Шериязданұлы» атты өлеңінде былайша көрініс табады.

Еркім есен, ер көңілім солмаса,

Еркіндікті еркін Құдай оңдаса.

Жалғыз бақыт менде болсын демеймін,

Солып, сөнген еркелі елім оңалса.

Қызығы не барлық өмір тірліктің,

Ертелейтін елім өсіп, оңбаса.

Ақын ел ағасы ретінде, елінің дұшпаннан азат, бауыры бүтін, түтіні түзу, халқы иманды, жастары сауатты болып, өніп өскенін көксегені анық. Бұл ретте әрине негізгі салмақты келер ұрпақ жастар тәрбиесіне, соның ішінде білім ғылымға салу керектігін айтады. Адамға қазына байлық, дәулет жолдас болмас, ал ғылым мәңгі өмірсерік, білімсіз бірде бір іс ілгері баспайды деп өнеге еткен.

Алла-Тағала о бастан Құранның тәрбиелік мақсатта түсірілгеніне назар аудартуды қалады. Бұл – адам баласын жан-жақты дамытатын, Жаратушыдан келген жетік әрі кәміл тәрбие. Ислам діні бізден білімді әрі білікті адам болуымызды, ғалымдардың саны өсіп, білімсіздердің санының аз болуын талап етеді. Өйткені бұл дін мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отыратын салт немесе зиянға қарсы оқылатын дұға, мойынға тағып жүретін тұмар емес. Расында ол Алла тарапынан уақи арқылы түскен Құран мен Пайғамбар сүннеті, яғни ақиқаттар мен ережелер.

Осы аяттан барша саналы адамға, оның ішінде әрбір мұсылманға білім үйрену парыз екендігін аңғарамыз. Өйткені Жаратушысының ұлылығына бас иіп, сансыз нығметтеріне шүкір етіп, білім арқылы ғана өз міндетін атқара алады. Сондықтан, пайғамбар Мұхаммед хадис шәріпінде: «Ғылымды бесіктен көрге дейін ізде», «Білім алу әрбір мұсылмен ермен әйелге парыз», «Ғибадаттың ер артығы – білім іздеу», «Қытайда болсада барып білім алыңдар» деген. Құран мен хадистің ұстанымдарына сүйене отырып оқу, білім, ғылымды дәріптеген ақын:

Құдайдың сөзі Құранды,

Пайғамбардан мұра алды.

Ғылым қуған ғалыммен,

Келді оқырлық заманы.

Адам болсаң құмар бол білім жаққа,

Білімсіз бас қара жүз күйеденді.

Білім жолы оқумен не қараумен,

Кітап жүзін көзіне не ілінді – деп үгіт айтқан.

Жасынан білім, ғылымға ден қойған Садуақас қажы Ғылмани халық үшін надандықтан арылып, оқу- тоқуға ден қойудың орыны ерекше екенін «Ғылымдар мен надандар туралы (Әйуһәл уәләттің біраз аудармасы)» өлеңінде де өнеге етіп көрсеткен. Бұл жерде білімділердің қарапайым халықтың көзін ашу мақсатта ақыл айтып, жақсылықты істеуін, жамандықтың жолын жоюды қармағанын жазады. Ғалымды дәрігерге, ал наданды ауруға теңей отырып, шала ғалымның білім берудегі, шала дәргер болса оның ауруды емдеудегі олқылықтарын сынайды.

Өнер мен білімге кез келген мойынын бұра бермейді, сарылып ізіне түсу екінің біріне қолды емес. Мұндай жауапты ты да азапты іске надандар, жалқаулар, менмендер мен такапарлар бара алмайды. Ғылым қажырлы да төзімді адамға ғана қолды қадірлі де қасиетті дүние деп, Сакен ақын жақсы мен жаманды, білімді мен білімсізді осылайша талдайды.

Ғұламаның тағы да «Өкіну» атты өлеңін алар болсақ, басты идеясы жастық шақтың қадірін біліп, әр сәтті тиімді пайдаланып, білім ғылымға ерекше ден қойюды үгіттейді. Ақын бұл ретте білім алыңдар деген құрғақ үгіт айтпай, өз өмірінен өлең жолдарында мысал келтіреді:

Ересен жалқау

Ой - пікірім тарқау,

Болдым ғажап бір адам.

Қанша білген ғылым,

Жинамадым бірін,

Талқылып жазып қалмаған – деп өкінішін білдіреді.

Бұл ретте қазақтың ұлы ақыны – Абайдың – «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі еріксіз еске түседі. Абай жасында ғылым қажет екенін ескермей, есейген соң қолын кеш сермеп, одан махрұм қалғанын өз басының айықпас қасіреті ретінде өкінішті сыр етіп шертеді. Бірақ бұл өлеңдерінде қос ақынның өзегін өртеп отырған қатардан қаламай сауат ашу емес еді. Олардың көксегені – нағыз зерделі де терең ғылым жолы. Адамның борышы жалған атақ мансап емес, саналы азамат болып, туған халқына қызмет ету деген үлкен ордалы ой тастайды. Сөйтіп өз басының кемшілігін, орны толмас өкінішін әлеуметтік деңгейге көтеріп, келер ұрпаққа сара жол сілтей отырып, жастарға өмірлік бағыт бағдарды анықтап береді.

 

                                                                                              (жалғасы бар...)

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?