Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жақсылық Сәбитов: Нағыз қазақ көк көзді еуропоид болған деген түсінік қате

2662
Жақсылық Сәбитов: Нағыз қазақ көк көзді еуропоид болған деген түсінік қате - e-history.kz

Бір рет болсын «біздің ата-бабаларымыз көк көзді еуропоидтар болған, кейін моңғол шапқыншылығынан соң бет-әлпетіміз өзгеріп кеткен» деген пікірлерді естіген шығарсыз. Бұл ойға байланысты ғалымдар арасында пікірталас әлі күнге дейін жалғасып келеді. Осы тақырып бойынша Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, философия докторы Жақсылық Сәбитовпен сұхбаттасқан едік.

- Қазақтардың түр-келбеті әртүрлі деп жатады. Жалпы, тілі мен ділінен бөлек халықтың физикалық антропологиясы қашан қалыптасты?

- Қазіргі таңда қазақ халқының физикалық антропологиясы 70% – моңғолоидтық, 30% – еуропоидтық. Бұл антропологиялық бейнеміз 13-ғасырда қалыптасты. Ол ортаазиялық жергілікті Оғыз, Қыпшақ тайпалары мен моңғол шапқыншылығымен бірге келген түркі-моңғол тектес рулардың араласуынан пайда болды. Осыған қарап, қазақтар аралас антропологиялық тип екенін анық байқаймыз.

- Нағыз қазақтар сары болған деген түсінік бар. Ежелгі тарихымыздан Қазақстан территориясында өмір сүрген мәдениеттердің нәсілі еуропоид болған деп оқып едік.

- Бұрынғы қазақтар сары болған деген аңыз кеңес кезінен қалған түсінік. Оразақ Ысмағұл еліміздің ежелгі территориясын мекендеген еуропеоидтардың көзінің көк, шашының сары болуы, бұл – екінші дәрежелі белгілер ғана деп атап кеткен болатын. Бұл аңызға келер болсақ, бұл саясат Қазақ ССР саяси элитасы үшін тиімді болды. Осы секілді Есік қорғанынан табылған «еуропоид» нәсілді сақ тайпасының тәуелсіз Қазақстанның символына айналуы таңғаларлық жағдай емес. «Нағыз қазақтар көк көзді еуропоидтар болған» деген тезис қате. Көк көзді еуропоидтар, яғни андроновтықтар қазақтардың бір бабасы ғана, оны жалғыз бабасы деп айтуға болмайды.

- Генетикалық зерттеулердің тарих ғылымына беретін пайдасы қандай?

Палеогенетика тарихымызды зерттеуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Соңғы 5 жылда бұл сала бойынша көптеген мәліметтер жинақталды. Қазір генетикалық зерттеулер нәтижесінде оның қай тілде сөйлегенін анық біле алмасақ та қандай генетикалық топқа жататынын, ұрпақтары мен ата-бабалары туралы қанық, дұрыс мәлімет алу мүмкіндігі туды. Сонымен қатар палеогенетика нәтижелері көп жағдайда палеоантропологиямен сәйкес келіп жатады. Мысалы, Шығыс Қазақстан жеріндегі сақтардың, скифтердің палеоантропологиясы бойынша зерттеулерді алайық. Совет кезінде, егер антропологияны қарастырмасақ, сақ, скифтер барлық өңірде бірдей болатын. Ал антропология бойынша қарастырсақ, онда Алтайда өмір сүрген сақтар мен Минусинск шұңқырында өмір сүрген сақтардың жақын екенін білеміз. Генетика да тура осыны көрсетеді, бұл жерде палеоантропология бұл жерде палеогенетикамен жиі сәйкес келетінін көреміз.

- Бұл тұжырымға байланысты қандай зерттеулеріңіз бар? 13-ғасырда қалыптасты десек, Алтын Орда халқын байырғы қазақтар деуге бола ма?

- Қазақтардың антропологиялық келбеті генетикалық түрде дәлелденген. Оразақ Ысмағұл қазақтардың физиологиялық түрі XIII ғасырда пайда болған десе, дәл солай генетикалық зерттеулер де өз нәтижесін берді. Мәселен, Баязит Юнусбаевтың мақаласында қазақтар этногенетикалық ұжым ретінде 13-ғасырда «қазақ» деген атау болмаған кезде қалыптасқан. Біз қазақ деп білетін этногенетикалық ұжым жергілікті халықтардың араласуынан пайда болды. Бірақ ол кезде қазақ ұлты да түсінігі болмаған.

13-ғасырға дейін біздің мекенде моңғолоидық және еуропоидтық типтегі халықтар 50/50 болды, яғни, тең болып келді. Кейін Шығыс Азиядан көшпелілер моңғолдар, наймандар, жалайырлар және олармен бірге басқа тайпалар легі келгеннен соң бұл қатынас моңғолоидтардың пайдасына 70/30 өзгерді. Осыған сай антрополог Леонид Яблонский қазақтардың Алтын Орда көшпенділеріне өте жақын екенін айтып кеткен болатын.

Әзірге тек көп таралған руларымыз жақсы зерттелген. Бұл ретте арғындар туралы деректеріміз шықты. Қазақтың тағы бір ірі руы қыпшақтар туралы жазу үстіндеміз. Керей мен Қоңырат рулары жайлы зерттеуді биылдан бастап қолға алдық. Сонымен қатар ұлы және кіші жүздеріміз туралы көлемді мақалаларымыз бар. Алдағы уақытта орта жүздің рулары туралы жалпылама көлемді еңбек жазамыз деп үміттенемін. Арасында әлі де ізденуді талап ететін рулар бар. Мысалы, кіші жүздің Жетіруі жайында біраз үлгілер жинау керек. Жалпы қазақ руларының 70%-ы зерттелді.

- Генетикалық зерттеулеріңізде шежірені жиі пайдаландыңыздар. Ғылым мен шежіреміздің байланысы бар ма?

- Шежіренің ДНҚ зерттеулерімен сәйкестігін айтар болсақ, біріншіден, көбіне халық шежіресі генетикалық тұрғыда дәлелденеді. Екіншіден ДНҚ шежіренің нақты тұсы мен мифологиялық жақтарын ажыратып береді. Қай жерде шындық жазылғанын, қай кезде басқа деректерге көз жүгірту керектігіне мүмкіндік береді. Әрине, әр кез 100 пайыз шежіремізді шегендеп, дәлелдедік деп айта алмаймыз. Дегенмен, ДНҚ зерттеуімізде сүйенетін дереккөзіміз осы.

- Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан аумағын мекен еткен ежелгі тайпалар туралы генетикалық зерттеулер не айтады?

- Сақтар мен скифтерден бөлек тайпалар екені дәлелденген. Яғни, батыс сақтар мен шығыста тұратын сақтардың генетикалық айырмашылықтары бар. Орталық және Шығыс Қазақстанда тұрған сақтардың аутосомалық маркерлері қазақ, қырғыз басқа түркі тілдес халықтардың ата-бабасы екені генетикалық түрде дәлелденді. Бұл аутосомалық маркер жағынан. Ғұндар да сол сияқты. Бұл тарап та әлі біраз терең зерттеулерді қажет етеді.

Біз аутосомалар мен Y-хромосомалар туралы айтатын болсақ, онда біз шын мәнінде аутосомаларда барлық руларымыздың бір жерден шыққанын және қазақтардың аутосомалық жағынан онша ерекшеленбейтінін анық көреміз. батыстан Адай, шығыстан Найман, солтүстіктен Арғын, оңтүстіктен Дулат аутосомалық түрде шамамен бір бейнені көрсетеді. Ал аутосомалық қазақ рулары көрші халықтардың кейбір руларына қарағанда бір-бірінен аса қатты айырмашылығы жоқ. Дегенмен бұл халықтар бір-біріне өте жақын өмір сүрген еді. Ал қазақ рулары арасындағы барлық айырмашылықтар Y-хромосома бойынша тікелей аталық сызық бойымен жүреміз. Бізде шын мәнінде белгілі бір аутосомалық бірлік бар, бұл ерекшелік пен айырмашылықтар – шежіреміз.

- Әңгімеңізге рақмет!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?