Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Саяхатшылардың зерттеулері бойынша Бытығай ескерткішінің тағдыры

2650
Саяхатшылардың зерттеулері бойынша Бытығай ескерткішінің тағдыры - e-history.kz

Сурет: https://www.visitaqmola.kz/ru/post_wtg/mavzolej-botagaj/

Бытығай археологиялық ескерткіші Қазақстанның орта ғасырларының көркем объектілерінің бірі болып табылады. 2020-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ғылыми жобалар конкурсын өткізуге бастамашылық жасады, оның шеңберінде ҚР МСМ МК "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы" РМҚК-ның "Ортағасырлық кезеңдегі Теңіз-Қорғалжын ойпатындағы тұрғын үй архитектурасының дәстүрлі түрлері: эволюцияның бастаулары мен ерекшеліктері" тақырыбындағы жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды. Бірақ Бытығай ортағасырлық ескерткішінің зерттеу тарихы XVIII ғасырдағы саяхатшылардың сипаттамасынан басталады.

Бытығай кесенесінің қираған үйінділері Нұра өзенінің сол жақ жағасына, оның Қорғалжын көліне құятын тұсынан 30 км қашықта, Ақмола облысының Қорғалжын ауылынан шығысқа қарай 1 км жерде орналасқан.

Бытығай кесенесінің атауы әр түрлі айтылады: Батогай, Ботакай, Бутагай, Татагай, Татакай, Тотагай, Тотогай. Жергілікті халық оны Бытығай деп атайды. Бытығай туралы Қорғалжын ауылының байырғы тұрғыларының арасында Бытығай кесенесі жайлы бір аңыз бар.

 Аңыз бойынша: «Ерте замандарда Бытығай есімді шебер ұста-құрылысшы өмір сүріпті. Ол кедей болған екен, сондықтан өзінің қолөнерімен ғана күнелтіпті. Оған екі қолтығына екі бөрене қыстырып алып, Нұра өзенінен аттап өту бұйым емес екен. Әлдебір хан көзі тірісінде өзіне кесене салуды ұйғарып, сол үшін ұста Бытығайды шақырады.


26.jpg


Бытығай құрылысқа кірісіп кетеді де, көп ұзамай Нұра өзенінің жағасында керемет, шебер өрнектелген кесене бой көтереді. Кесененің зәулім екені соншалық, көлеңкесі мазардан 1 км қашықта ағатын өзенге дейін жетеді екен. Хан шеберлігі үшін ұстаны ұнатып қалады. Ал  Бытығай сол арадан көпір сала бастайды, қазір де ол Бытығай өткелі деп аталады. Көпірді салу кезінде жазатайым жағдай болады, көпірдің бөренесі ұстаның үстіне құлап, ол өліп қалады.

         Хан қайғырып, халықты жинап: “Бытығай тамаша адам және керемет ұста еді. Маған арнап салынған кесенеге соны жерлеуді ұйғардым. Есімі халықтың жадында мәңгі қалсын” – дейді. Біздерге ұста Бытығай туралы естелік Бытығай тамы, Бытығай өткелі, Бытығай соры деген атаулармен жетсе, ал ханның есімі ешкімнің де есінде қалмаған».

Бытығай кесенесі туралы ең алғашқы жазбаша хабарды 1762 жылы Орынбор экспедициясы канцеляриясының меңгерушісі П. И. Рычков берді: “Татагай Қырғыз-қайсақ ортаңғы ордасындағы үлкен қаланың қирандалары, ол Қорғалжын көліне құятын Нұра өзенінің бойына орналасқан қала, Қорғалжын көлі сол өзеннің сағасынан отыз шақырымдай жерде. Белгілері бойынша, осы қаланың көлемі он шақырымдай болған, сондай-ақ мұнан сарайларға ұқсаған төртбұрышты үйлер көрінеді, олардың көптігі (үлкендігі) соншалық, округта үш жүз сажындай. Онда бір мешіт  және көптеген қираған тас құрылыстар бар. Қырғыздардың айтуынша, мұнда көне замандарда Ноғайлар тұрған” [1, с. 261].

 П.И. Рычков келтірген сипаттамада елеулі дәлсіздік (қателік) жіберілген. Зираттар кешенінің қирандылары «қаланың қираған орындары», ал бұзыла бастаған кесене мешіт болып қабылданған.

 1816 жылы Нұра, Жақсы Көң, Жаман Көң өзендерінің аңғарларындағы көптеген архитектуралық құрылыстарды зерттеген тау-кен  инженері И.П. Шангин Ботағай кесенесі туралы былай жазады: “ол кірпіштен тұрғызылған; ішінде алебастр сылақпен сыланған бағаналар орналасқан, қабырғалары да дәнекердің орнына төртбұрышты қарағай бөренелермен қиюластырылған, көлденеңінен екі тұтам (вершок), берік болулары үшін күйдірілген және қамыс жабындымен жабылған” [2, с. 1].

Бытығай зираттар кешені туралы мәліметтер генерал-майор С.Б. Броневскийдің мақаласында бар, ол: “Үлкен қала Татағайдың немесе Ботакайдың қирандылары,Нұра өзенінің сағасында, өзеннің көлге құятын тұсынан 30 шақырымдай жоғары орналасқан; соның артында көл бар. Қаланың көлемі 10 шақырымнан асады” деп жазады да,  П.И. Рычковтың жоғарыда келтірілген сипаттамасын береді [3, с. 251–252].

          Осындай сілтеме генералдың зираттар кешеніне бармағанын және кесенені көрмегенін білдіреді. Оны С. Броневскийдің жүзбасы А. Шахматовқа берген тапсырмасы растайды,1831жылы әскери-стратегиялық тапсырманы орындау кезінде жүзбасыға қазақ даласын дұрыстап қарап шығу, сондай-ақ «Татағай қаласының көне қирандыларын сипаттау»”тапсырылады. Тапсырма орындалады да, жүзбасы  Шахматов басшыларға “ежелгі Татағайдың суретін ерекше сипаттамамен береді. Бұл ретте ол көне қаланың белгілерін таба алмағанын баян етеді [4,  л. 1, 10].

XIX ғасырдың 50-ші жылдарында Қазақ даласындағы ескерткіштерге Ш.Ш. Уалиханов назар аударады, ол Сарыарқаның мемориалдық архитектурасының құрылыстарына жоғары баға береді және былай жазады: “… түрктердің …қалалары болған және солар өздерінің отырықшылықтары, байлығы мен саудасы туралы ескерткіштер қалдырған. … Осыдан кейін, айдалада, Ұлытаудың жанында, Кеңгірде өздерінің құрылысымен таңдандыратын көптеген молалардың болуы ғажап емес, олар: Камыр-хан, Алача-хан, Домбаул (аулие), Булган-Ана және басқалары…  Осы молалар бүкіл далада қайталанбайды,  тек Нұрада ғана бар, соның сағасынан алыс емес жерде Ботагай моласы жатыр; оның құрылысы туралы мен дұрыс ештеңе білмеймін” [5, с. 34].        

Ескерткішті бір кездері атаған немесе сипаттаған барлық авторлардың ішінен, оны тікелей тексеріп шыққандарды атап өту қажат, олар: И. Шангин 1816 ж., А. Шахматов 1831 ж., топограф Козлов, 1840 жылы Нұра өзенінің сағаларын топографияға түсіру кезінде бірқатар архитектуралық ескерткіштерді тіркеді. Әрі үлкен сенімділікпен мынадай жорамал жасауға болады: К. Миллер 1738–1739 немесе 1742–1743 жылдарда сол ескерткішке барған және оны бірінші болып, сипаттап жазған. Солардың барлығы Бытығай кесенесінің біршама тәп-тәуір жағдайда екенін көрген. Кесененің  негізгі қасбеті ғана бүліне бастаған. Зақымдалғанына қарамастан XIX ғасырдың соңына қарай ескерткіш бүтін құрылыс ретінде қабылданған, ескерткіштің архитектуралық-көркемдік дәрежесін, зерттеушілер де, сондай-ақ ескілікке қызығатын әуесқойлар да бағалаған.


02.jpg


            1974 жылы Бытығай кесенесіне ҚазССР ҒА Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізді (жетекшісі акад. Ә.Х. Марғұлан). Құрылыстың қалдықтары іші қуыс сопақ түрдегі, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан, диаметрі 30 метрдей, биіктігі 2 метрге жуық төбеге ұқсайтын еді. Ескерткіштің үстіңгі қабатында және ескерткішті қоршаған  айналада жақсы күйдірілген қызыл кірпіштің сынықтары бар. Бытығай кесенесінің қираған орындарынан оңтүстік-батысқа, әсіресе оңтүстікке қарай  аласа топырақтар үйілген көп молалар, сондай-ақ көлемді зираттар кешенінің қабір үстіндегі құрылыстарының қалдықтарына жататын төбелер қарайып жатыр. Бытығайдан солтүстікке қарай 12 метр жерден кірпіш күйдіретін еден үстіндегі пештің қалдықтары табылды [6].

         Негізгі қасбеттің алдындағы ашылған алаң санаулы ғана, бірақ бірегей жәдігерлер берді, ол өсімдікті ою-өрнекпен өрнектелген,терракотадан жасалған тассүңгілер. Осы тассүңгілер  кіре берістегі есік орнының қуысында, қаланған қабырға сүйір аркаға ұласатын тұста және ғимарат интерьеріндегі күмбездердің қолтықтарында пайдаланылған. Осындай түрдегі тассүңгілер Тимдегі Араб-ата кесенесінде пайдаланылған (Өзбекстан). Терракотадан өсімдік түрінде өрнектеліп жасалған тақталардан басқа, қазба жұмыстарының нәтижесінде геометриялық сурет салынған екі тақтаның сынықтары және сұлтан таңбасы бейнеленген, қалыңдығы 5 см, күйдірілген кірпіштің сынығы табылды. Ою-өрнекті терракоталардың табылған сынықтары кесененің декорына қолданылған тақтаның бес түрі туралы айтуға мүмкіндік береді. Табылған заттар бойынша кесенені салу кезінде пайдаланылған кірпіштердің көлемдері анықталды: 22х11х4,5 см; 22х11х4 см; 35х22х5 см, сондай-ақ шаршы 22х22х5 см; 22х22х4 см.

           1974 жылы табылған көлемі 21,0х17,4 кірпіш Бытығай кесенесінің корпусының үші тұғыр болған.

         Зерттеушілердің жарияланған деректері мен Бытығай кесенесін зерттеу материалдарының негізіне сүйене отырып, ол жартылай сфералық күмбез орнатылған, сегіз қырлы барабанмен, порталды-күмбезді құрылыс болған деген жорамал жасауға болады [6].

Кесененің негізгі қасбеті оңтүстік-батысқа қаратылған. Ғимараттың қабырғаларын тұрғызуда шаршы түрдегі және тікбұрышты кірпіштер тізбекпен қаланған, тікбұрышты кірпіштер тікесінен және жатқызылып қаланған. Кесене құрылысшылары алебастр ертіндісін пайдаланған. Бытығай мазарының алаңын қалау әдістеріне және осы өңірдегі алтынордалық кесенелердің аналогтарына қарағанда, ескерткіште іргетас болмаған. Іргетастың орнына, ескеркіш тұрғызылатын жердің топырағын мұқият таңдау жүргізілген. Ол қатты жыныстардан құралуы және ылғалды оп-оңай өткізуі керек. Қабырғалардан күмбездің арқауына ауысу сүйір аркалардың сегіз қырлы ярусымен жүргізілген. Сегіз қырлы ярустың үстіндегі күмбездің салбыраған ұштарында ою-өрнекті өсімдіктер салынған сталактиттер болған. Сызбаларға қарағанда сегізқырлы материалдың бұрыштарына кірпіш бағаналар қойылған, сондай бағаналар Бұқарадағы Саманидтер кесенесінде (IX–X ғ.ғ.) және Тим елді мекеніндегі (Өзбекстан) Араб-ата кесенесінде кездеседі, солар тегістелген кірпіштерден қаланған және кеңейе түсетін капительмен аяқталған. Интерьердің төрт қабырғасында ғимараттың негізгі осьтері бойынша біршама терең аркалық текшелер(қуыстар) орнатылған, солардың ұштары қабырғалардың арқауларына тіреледі. Ескерткіштің күмбез деңгейіндегі жоспары, жартылай сфералық күмбездің сегізқырлы барабанға орныққанын көрсетеді. Ғимараттың осьтері бойынша күмбезде төрт терезенің ойығы болған.


30.jpg


         Оңтүстік-батысқа қараған негізгі қасбетінің композициясы жартылай дөңгелек аркамен жабылған, ортасында үлкен қуыс (текшесі) бар, сүйегі мықты порталдан тұрады.Текшенің қуысына ағаш маңдайшамен жабылған, тікбұрышты есік орны орналастырылған. Кіру порталы қабырғаларының тегістігі «П» тәріздес белбеуше түріндегі тік және көлденең сызықтармен бөлінген, ол эпиграфиялық фризбен толтырылған. А.Шахматов кезінде Бытығай кесенесіндегі фризден жазуларды тіркеген. Өсімдік суреттері салынған ою-өрнекті сталактиттерге қарағанда, эпиграфиялық фриздегі жазу «куфи» немесе «гүлденген куфи» қолтаңбасымен жазылған.

         Зерттеулер кезінде табылған өсімдіктердің суреттері мен геометриялық өрнектер ойып салынған,  терракота тақталарының Қазақстан ескерткіштерінде ғана емес, бүкіл Орта Азияда теңдесі жоқ екенін айтамыз.

         1998 жылы белгілі археолог К.А. Ақышев Бытығай археологиялық ескерткішінің аумағында барлау жұмыстарын жүргізді [7].

2000 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ археологтар тобы археологиялық қазба жұмыстарын жалғастырды. Т. ғ. д. М. Е. Елеуовтың басшылығымен қазба жұмыстары барысында тағы бір кесене зерттелді [8].

2006-2009 жылдары ескерткіш аумағында "Қазреставрация" РМК мамандары М.К. Семби мен Ж. Шайкеннің басшылығымен Бытығай кесенесінің қирандыларына қайталама қазба жұмыстарын жүргізді [8].

2021 жылы ҚР МСМ "Бозоқ "мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы" РМҚК қызметкерлері археологтар М.К. Семби және С. К. Сәкеновпен бірлесіп бірінші далалық маусым өткізді, онда өндірістік бөлім – шеберхана зерттелді. Өндірістік орталықтар мен ортағасырлық сәулет нысандарының зерттеуі Теңіз-Қорғалжын аймағында бір кездері өркендеген қаланың бар екенін көрсетеді.

Ескерткіш аумағындағы археологиялық және пәнаралық зерттеулерді одан әрі жалғастыру Сарыарқадағы қалалық мәдениеттің пайда болуы мен дамуы туралы жаңа деректерді жинақтауға және тұжырымдаманы негіздеуге мүмкіндік береді.

 

Әдебиет:

1.     Рычков П.И. Топография Оренбургская. Санктпетербург: Императорская Академия наук, 1762. - 331 с.

2.     Шангин И.П. Извлечение из описания экспедиции, бывшей в Киргиз-Кайсацкой степи в 1816 году// Сибирский вестник. Санкт-Петербург. - 1820. Ч. XI. -  Кн. 1. - С. 1-40.

3.     Броневский С.Б. Записки о киргиз-кайсаках Средней орды //Отечественные записки. - 1830. -Ч.43 - 419 с.

4.     Центральный Государственный архив РК. Ф.338. Оп.1. Д. 714.

5.     Валиханов Ч.Ч. О киргиз-кайсацких могилах (молах) и древностях вообще // Собр. соч. в пяти томах. / Отв. ред. академик А.Х. Маргулан. – Алма-Ата: Изд-во «Наука», 1964. – Т. III. –663 с.

6.     Сембин М.К. Мавзолеи Ботагай, Сырлы-Там, Сулу-Там. (историко-археологические материалы). Отчет проектно-сметного отдела Научно-реставрационного отдела Министерства культуры КазССР. – Алма-Ата, 1975. – 80 с.

7.     Елеуов М.Е. Средневековые города, места обитания и караванные пути районов Сарыарка, Шу, Талас, Келес // Отчет о научно-исследовательской работе. Астана. - 2000. - Оп. 6. №1-8.

8.     Тлеугабулов Д.Т. Исследование сакральных объектов в пространстве Тенгиз-Коргалжынского региона // Маргулановские чтения – 2020: материалы международной научнопрактической конференции «Великая Степь в свете археологических и междисциплинарных исследований» (г. Алматы, 17–18 сентября 2020 г.). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2020. Т. 2. – С. 510- 522.

Бурбаева Сауле Букихановна

П.ғ.к., ҚР МСМ МК "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы" РМҚК директоры

 

Семби Марат  

ҚР МСМ МК «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-ның  "Ортағасырлық кезеңдегі Теңіз-Қорғалжын ойпатындағы тұрғын үй архитектурасының дәстүрлі түрлері: эволюцияның бастаулары мен ерекшеліктері" жобасының аға ғылыми қызметкері

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?