Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әкемнің Әлихан жайлы әңгімесі (II бөлім)

1566
Әкемнің Әлихан жайлы әңгімесі (II бөлім) - e-history.kz

Ақаң ағам ақ патшаның алдында халқының қамын қаймықпай айтыпты дегенді елдің көбі желдей ұйтқытып аңыз ететін еді. Ал мынау Ақаңның інісі сот Смахан төренің үйі. Семейдің  игі жақсыларының бәрі де Жақып мырзаға аман-сәлем беруге келіпті. Томар мұрт өзінің Жақып мырзамен қай атадан қосылатынын әңгімелей бастағанда мені біреу үйге шақырып алып кетті.

Көшірлерге кіреберістен арнайы бөлме дайындалған екен. Мен  қолымды шайып  киімдерімді ретке келтіргенде, даяшылардың бірі қонақтар отырған бөлмеге ертіп алып келді.  Ақаңның үйіне қарағанда әлдеқайда кең, жерде түрлі- түсті кілемдер жайылған екен. Қонақ бөлменің төрінде Ақаңның оң жағын ала жазық маңдай, қияқ мұрт, жанары айнадай жарқыраған сымбатты бір кісі отыр. Сол жағында оған қарағанда дене бітімі талдырмаш, көзәйнек салған  оймақ мұртты, ал одан сәл төменірек алып денелі, малдас құрып отырғанның өзінде кесербасы керегеден биік тағы ббіреу отыр. Iшіндегі ең жасы да осы болар-ау деп топшыладым. Ақаңды Әлиаға деп отырған да осы кісі. Дәм дастарханға әлі әкелінбеген екен. Сырлы тостағандар жиюлы тұр. Басындағы ақ тақиясынан бастап аяғына дейін ыңғай шымқай ақ киген, үй иесі Смаханды кескін келбетіне қарап-ақ  Ақаңның інісі екендігін жазбай таныдым. Мен кіргенде Ақаң сөйлеп, басқалары  тыңдап отыр екен. Мені көріп: Смақ, қымыз ішейік, кәнекей, қандай  түрі бар деді. Смахан пәлендей-түгендей деп екі-үш қымыздың атын атап еді, Ақаң: «Жал мен қазыға  өлтірілген сарыала қымыз дұрыс болар, ол ең  әуелі қонақтардың тәбетін  ашады,  ал сары мейіз бен өрікке ашытқан бал қымызды кейін дәмнен кейін ұсынарсың»-деді. Шіркін, сол қымыздың дәмі  қандай еді дейтін әкем әңгіме үстінде тамсанып қойып. Өзімде  қымыз сапырып ет турауға, әбден машығып алғам.  

Мұнда не үшін шақырылғанымды бірден түсіндім. Үлкен сырлы тегенеге қымызды  асықпай құйып  сапыра бастадым. Ақаң барлық дәмнің ішінде қымызды  ерекше  қадірлеп ішетін. Көбіне ұзақ сапыртып, қымыз исі үйді кернеп алғанда ғана құюға рұхсат ететін. Одан  соң қой сүтін қорғасын  деп  қатты құрметтейтін. Етке тәбеті шапса да үнем құстамақ  мінез танытатынын да  жақсы білетінмін. Мен  қымыз сапыруға кіріскенде Ақаң үзілген әңгімесін қайыра жалғады. Жанында отырған әлгі көзілдірікті кісіге иығымен жартылай бұрылып, «Жақа, Тоқырауын бойындағы бес болыс елдің жай-күйі қалай? Ел іші тегіс, бүтін бе?» деп қойды. Әлгі Жақып мырза деген кісі осы екен ғой деп іштей ойладым. Ел ішінің  аман-саулығын сұрай отырып, сөз арасында Ақаң, Бижанның Хасенін, Сармантайдың  Ахметжанын, сұлу мұрт Ақайдың Хасені мен Мәдиді ерекше бөліп сұрағаны әлікүнге есімде қалыпты. Осы аттары аталған адамдардың ішінде бастапқы екі кісіні мен де бала кезімнен  білуші едім. Есімдерін естігенде бірден елең ете қалдым. Қымыз ұзақ  ішілді. Әңгіме арасында Жақып мырза Абайдың көзі тірісінде ауылында  арнайы екі-үш күн болғандығын, алған әсерлерін ерекше әңгімелеп берді. Үлкен дәмнің үстінде азды-көпті әзіл-қалжыңға да кезек беріліп, қонақтар сыртқа  шықты. Смахан үйінің алдындағы кіші  бақта әрлі-бері жүріп, бел жазып тынығып алып,  қайыра  үйге кірді. 

Мен  бағана Ақаң  айтқан тәтті қымызды сапырып қонақтарға құйып беріп отырдым. Одан  не екенін білмедім Смахан  ғана татқан  жоқ. Ол кісі жатар орынға тостаған толмас шұбат ғана ішеді екен. Әңгіме арқауы жиі өзгеріп, елдің жағдайына келіп тірелді. Аласапыран уақыт  сөз жоқ, жақындап қалды . Әрине, мұны айтқан Ақаң еді. Содан соң біраз үнсіз отырды да «қазақтың байтақ даласына шашқан тарыдай бытыраған халқымызды замана олай-бұлай шайқаса тауықтың бөтегесіне түскен кәдімгі жемдей қылады. Елдің іргесін қазірден  бүтіндеп, қамын  ойлауымыз» керек деді. Мен әрине, Ақаңның көп сөзін түсінген жоқпын. Дегенмен де осы отырыста  «Ленин», «большевик», «партия» деген сөздерді тұңғыш рет естіп құлағыма құйып алдым.  Соның төңірегінде көптеген қызу пікірталастар болып, қонақтар  түннің бір уағында тарасты. Жақып мырза Смаханға өз рахметін айтып, Ақаңның үйіне бізбен бірге жүрді . Мен Жақып мырзаны алғаш  және соңғы көруім де осы болатын. Ал, Жүсіпбек Аймаутов, Әлімхан Ермеков және Смаханның отбасы мен Ақаңның арқасында жиі араласып, жиі көрісіп тұрдық. Ақаң ағамыз «аумалы-төкпелі заман келеді» деп бекер қауіптенбеген екен. 

Бастапқыда патша құлатылды деп естідік. Іле Семей төңірегіне ақтар келіп,  пәленше деген бай-құлақ тұтқынға алыныпты, енді Семейде Кеңес үкіметі орынайды. «Жаңа заманда  бәріне тамақ ортақ, жатар орын да бір, менікі, сенікі деген еш болмайды, тіпті әйелдері де ортақ болады екен» деген  әңгімелерді де  естіп жүрдік.  Бұл күндері Ақаңның қабағы сынық жүрсе де еш тыным тапқан жоқ. Күнде кешкілік, не түсте әр үйлерде бас қосып,  ұзақ отысысатын. Бұрынғыдай  мені ет турап,  қымыз  сапыруға шақырмайтын. Үйіне де  сирек қонып жүрді. Ақыры  Ақаң балалары мен  зайыбын кемеге мінгізіп, әлдеқайда шығарып салды. Содан бастап  күймеге мінуді де тоқтатты. Мен Ақаңның өтінішімен апа-жездемнің қолынан уақытша осы үйге ауыстым. Кешкілікте дүкенге барғаным болмаса сыртқа шығуға Ақаң рұхсат етпейді. Қала іші күні-түні сапырылыс.Мылтық атылып, сатырлаған ат тұяғының дүбірі жиі естілетін еді. Ақыры дүкен атаулы тоналып жабылып жатты. Осындай күндердің бірінде Ақаң: «Ал, Райжен, есің барда еліңді тап. Мына, аумалы-төкпелі заманда босқа құрбан болып кетерсің. Уақыты келгенде мен де қаладан кетпекпін. Ақаңның жүзіне қарасам, бәз-баяғы қалпы екен.  Үрей де қорқынышт та жоқ. Қазір елге  жету оңайға түспейді. Ат қорада қалған арық-тұрық аттар бар. Оған ешкім қызықпайды. Бүгін сол аттарды  қаладан алып шық та жасырып біраз күн  жайып  күт. Аттары мініске жарады-ау дегенде  қалаға қайтадан  айдап кел де қызылдарға табыс ет. Саған  құрмет көрсетеді. Одан  еш қорықпа. Партияға өт десе шегінбе» деп ақыл айтты.

 «Әр кез  мына сөзімді есіңе ұста, менің есімімді айтып, ешқашан істес болдым деме» деді. Ақаңа бір жарым жылдай атқосшы болғанда мені жанына жақын тартып, дәл осылай пікірлесіп  сөйлескен емес еді. Кешікпей Ақаңды да Керекуге көп адам жиналып шығары салды. Олардың ішінде  өзім танитын Жүсіпбек пен Әлімхан,  Міржақып пен Смахандар  да бар еді. Ахаңның сол ақылын еш бұлжытпай орындадым. Жарықтық көріпкел екен. Жылқыны бағып қайыра айдап әкелгенде, қызылдардың бастығы маған біраз дем ал, содан соң біздің қатарымызда боласың деп қолыма мөр басылған тілдей қағаз берді. Сөйтіп қалада емен-еркін жүріп тұратын болдым. Бірде көшеде келе жатып қүл-қоқысты арба үстіндегі темір шарбаққа  тиеп жатқан адамдар арасынан Смаханды бірден  тани кеттім. Үрейленгенім сонша сол маңайға үш келіп, үш рет қайттым. Барайын десем маңайында жүрген солдаттар еш жолатпайды. Оларға қолымдағы тілдей қағазымды көрсеткеннен кейін ғана жолығуыма рұхсат етті. Смекеңнің сақал-шашы өсіп, ұрты солып қалыпты. Оның алғашқы сөзі «Мына найсаптар дін десе кірпідей жиырылады екен. Көп күнгі намазым қаза болды» деді де, «мына хатты Жүсіпбектің қолына тапсыр.  Ол газетте істейді» деп алақаныма тілдей қағазды ұстата салды. Смекеңнің түрмеде жатқанын естіген нағашы жұрты тобықтыдан Ахмет, Жәмет деген зиялы азаматтар  келіп, мен арқылы  бірнеше рет тамақ  әкеліп беріп қайтты.

Үш ай мерізімнен соң Смахан босап, Қу  болысының Едірей еліне сот ағасы қызметіне жіберілді. Мені қоярда қоймай жүріп, өзіне атшы етіп бірге алып кетті. Смекеңмен болған сол  бір жылдың әңгімесі өз алдына бөлек дейтін әкем біртүрлі көңілі марқайып.

Тағдыр толқынымен сыртта жүрген екі жарым жылда туған ауылды, ел-жұртты да қатты сағынған едім. Смахан төре де соны сезгендей елдің амандығын біліп келетін мезгілің болды деп жолға дайындай бастады. Ел  ішінен өз қаржысынан маған тәуір бір ат сатып әперді. Топшылауымша осы арадан Қарқаралы 250-300 шақырымдай жол екен. «Сұлу мұрт Хасенді тапсаң Ақаңның амандығын да, ел жұрттың жаңалығын да түгел  сол біледі» деп арнайы хат беріп аттандырып салды. Мен Ақайдың Хасенін ағамның үйінен екі-үш мәрте көргенім бар. Ұзын бойлы әдемі қарасұр адам еді. Сұлу мұртын ширатып, құлағынан асырып қойғанда  арқар мүйізденіп тұратыны тіптен ғажап  еді. Ақаң «бай атаулының бәрі  Хасендей ақылды болса, елдің жыртығы бүтінделер  еді-ау» деп отыратын. Сол Хасеннің ауылына үш қонып  жеттім. Хасен замана бүгелек атып тұрса да ата-салтымызды аттамаймыз деп өздерінің  бір әулие адамына ас берудің қамымен осы төңіректегі игі жақсылардың басын қосып отыр екен.  Ебін тауып жаңағы  хатты табыс еттім. Ел алдынан босаған болса керек, онан соң мені  оңаша шығарып алып, ол жақтағы елдің жағдайын егжей-тегжей сұрады. Содан соң барып «ел-жұрттыңды тегіс аман,  еш алаңдама» деді. Ал, Ақаңа келсек, Тоқырауын бойындағы әкесінің үйіне аз уақытқа келген, суыт жүрсең жолығып та қаларсың деп қуантты. Сөйтіп ауылдан маған  арнайы қара жорға ат мінгізіп шығарып салды.  Жан -жүрегім елжіреп, бүйрегім қанша бұрып тұрса да ауылымның үстінен қиыстай өтіп Желтаудың Бегазыға қараған бетіндегі Қасым қыстағынан  (қазіргі Ақтоғай ауданының жері)  бірақ шықтым. Кезінде осы жерді Қасымхан деген төре мекен етіпті. Қасым  қыстауы деп аталуы да содан екен. Бүгінде ол Мұханның үрім-бұтағының мекені. Желтаудың  құлама сайының аяғын ала жіңішке көк өзекті бойлай киіз үйлер тігіліпті. Келген адамдардың мініс аттары қаңтарулы тұр. Жерошақтардан көк түтін баяу көтеріледі. Уақыт намаздыгерге жақындап қалған сәт. Үрген ит, жүгірген бала-шаға еш көзге түспейді. Төре ауылында мұншама үй бекерге тігілмегенін өзіме де сезіп келемін. Не де болса екпіндете келіп, шеткі үйге іліккенімде астымдағы ат пысқырынып тура қиыстай берді. Жас көгалдың үстінде бірнеше сойыс малының терісін қатар жайып тастаған екен Атты кермеге байлай сала үйге енсем жаюлы дастархан мен дөңкиіп жатқан құс жастықтан басқа ештеңе де көзіме шалынбады. Ытып сыртқа шықтым.  Желтаудың қарақошқыл биігінен құлаған сілемнің жіңішкеріп барып үзілетін тұсында кебежедей қаратас бар болатын. Айналасы көгеріп, су мол жылдары сол жерден  бұлақ ағатыны да бар. Тәттіхан екеуіміз осы тастың үстінде талай  рет ойнағанбыз.

Ел жұрт осында екен. Оның оң жағындағы кіші жыра сайда шикі кірпіштен өріліп салынған мектеп тұр. Сөз арасында айта кетейін, Бұл мектепті қаржысын інілеріне көтертіп Әлихан  салдырды дегенді бұрыннан білетін едім. Ол турасында  өз әкем  «Мектеп біткен соң Әлихан төмендегі ауылдан Бижанның Хасенін арнайы шақыртып ерулікке Хасен бірталай кітап, сия-сауыт әкелгенде ішінде болғанмын» деп отыратын Тоқырауын бойынан оқуға тартылған оқушылар арасында менің де екі інім  сауат ашқаны бар. Кейін 1920 жылдардың ішінде үлкен қалалардың бірінде оқитын Райымхан Бөкейханов жазғы демалысында ауыл-ауылдан арнайы  бала жинап, осы мектепте дәріс  беріп жүрді. Одан бертінде Қасым қыстауындағы осы мектепте Тілеудің Тәжікейі деген азамат  ұстаздық етті. Олбір көпшілік ерекше құрметтеген ғажайып  жан еді. Мен білетін Әлихан мектебінің тарихы міне осындай болатын.

Кебеже  тасты бір қауым жұрт қоршап алыпты.  Алдыңғылары жайғасып, арты түрегеліп тұр екен. Мен сығылыса келіп солардың арасына ендім. Сол тасқа жайылған ақ киіздің үстінде отырған Әлихан көзіме бірден  оттай басылды. Iшім елжіреп барады. Шоқша сақалды тақауда ғана қойса керек, соққан жел лебімен бетегендей үлпілдейді. Ақаң сөйлеп отыр. Бірін ұқсам, бірін ұқпай, құр сүлдерім ғана тұр.  «Енді іргелі ел боламын десеңдер егін салып, отырықшылыққа үйрену керек.Тоқырауынның екі қапталының да топырағы нәрлі, су көзі жақын. Халықты асырауға толығымен жетіп жатыр». Сәл кідіріп,  сөзін қайта жалғады. «Мына  жаңа заманда білекті емес, білімді жеңеді. Ұрпақ оқып білім алмаса күніміз қараң. Осыны ұғыңдар халқым. Тағы бір айтарым бар. Малға  бауыр басып отыра  берсек, күні ертең өз итің өзіңді қапқандай күйге түсеміз. Басы артық малдарды осы бастан туған-туысқан, кедей-кепшікке үлестіріп беріндер. Жаттың қолында кеткенше

ел-жұрттың өзінде қалсын».  Жамбасына қалың төсеніш салып, жұрттың қақ ортасында баласына қасқая қарап отырған  Бегім ханымға (Әлиханның шешесі ғой)  көзім түсті. Ақ жаулығының ұшымен жиі- жиі көзін сүртіп егіліп отыр. Ақаң қоңырқай үніне салып ұзақ сөйледі. «Қазақ-қазақ болғалы, дұшпаны тұс-тұстан анталап тұрса да, өз ішінде екі көзінің бірі жау болып атысумен жүр. Осыдан тиылмасақ, күндердің-күнінде игі жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздан  түгел айырылып опық жейміз. Бүгінгідей аласапыран заманда арамыздан қыл өтпейтіндей бірлік керек» -деп өз сөзін аяқтады. Бұдан соң өзінің еретең ұзақ жолға жүретіндігін айтып «Еш үрейленбеңіздер, мені ешкім тұтқындауға келген жоқ.  Мына кісілер мені Мәскеу деген үлкен шаһарға шақырғалы келіпті» деп қасындағы солдаттарды көрсетті. «Менің аман-есен  жетуімді ойластырып, арнайы солдат жіберуі де осыдан болса керек. Ал бүгін ел-жұртпен бірге бір дастархан басынан  дәм татып, ақ баталарыңызды алуға арнайы ниеттеніп отырмын» дегенде әйелдер жағы сыңсып қоя берді.  Ең өкініштісі аpaдa бір неше жыл өткенде осы отырысқа жиналған ер-азаматтардың көбі  «халық жауы» мен «бай кұлақ», «алашордашы» деп  аталып, айыпқа тартылды деп әкем көз жасын бір  сығымдап алатын еді. Ақаңның маған есімімді еш атама, істес болдым деме деуінің мағынасын да  сонда ғана түсінген едім. Ақаңның інісі Базылхан1928 жылы Тоқырауындағы тобықтылар көтерілісіне қатысып, ұсталды да  содан еш хабар-ошарсыз кетті. Ал Әзілхан інісі, Желтаудың Жекежал қыстағында  тұрып,  үйін мектепке беріп, өзі  іргедегі Қасым жұртына қоныс аударғаны есімде.  Ал қарындасы Нұрбек, інісі Смахан бертінге дейін ортамызда болды. Мен Смахан төремен өл-өлгенше араласып тұрдым деп отыратын еді  әкем жарықтық. Сол күні Ақаңның қалауымен  жанында болып, бірге түнеп шықтым. Ертеңінде Ақаңды шығарып салуға кешегіден де халық көп жиалды. Содан соң Ақаң топ ортасында дауыс салмаса да егіліп тұрған анасы Бегімханымға тақап келіп: «Апа,ғұмырым аз ба, көп пе, енді оны бір Құдай  ғана білер. Барар жер алыс, менен топырақ бұйырмаса, аналық ақ  ақ сүтіңді кеш» деп енесін емген ботадай иіліп келіп, шешесінің кимешегін көтеріп төсіне маңдайын тигізіп, мейірлене искеп тұрып қалды. О, ғажап!  Сонда ел айтса нанғысыз оқиғаны өз көзіммен  көрдім. Әлихан басын көтергенде анасының омырауынан атқылаған ақ сүті бетін жуып кетті. Оны көргендер ішінен көзіне жас алып, еш  жыламаған жан қалмады. Сол кезде ашаң өңді, жеңіл денелі Бегімханымның жасы жетпістер шамасында еді. Ақаң бұрынғы сабырлы қалпын сақтап, қоңырқай үнін бұзбай жиналған жұрттың әрқайсысының қолын жекелей  алып,  бәрімен хоштасып шықты.

 Бұл ұмытпасам  1922-жылдың шілде айы еді. Сол ары қарап кеткен қайран Ақаң бері қарап  еш келмеді ғой.

Осындай адамды  қандай адам қолы барып қиянатқа қиғанын еш түсінсем бұйырмасын деп  көз жасын көлдеткенде мен де әкеммен бірге қоса егілетін едім...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?