Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сағила Нұрланова: Ұлттық архив пен ел тарихы – егіз ұғым

3216
Сағила Нұрланова: Ұлттық архив пен ел тарихы – егіз ұғым  - e-history.kz
Қарт тарихтың қойнауындағы қаншама ақтаңдақтар мен айтулы даталар тасқа басылып, бүгінгі бізге дейін жетіп отыр. Ежелгі халықтар «Ертеңін білмегеннің болашағы бұлыңғыр» деген тәмсілді ерте түсініп, бастарынан өткен барлық маңызды оқиғаларын хатқа түсіріп, ұрпағына мұрағат етіп отырған. Кез келген мемлекеттің келешек кемесімен уақыт мұхитында тоқтаусыз жүзуі үшін бағытын болжайтын картасы да, компасы да – архив құжаттары десек, артық айтқандық емес. Қазақ еліндегі ең алғашқы мұрағаттар ХVIII ғасырда Бөкей ордасында пайда бола бастаған көрінеді. Ал заманға сай архив жүйесінің бастауында А. Байтұрсынұлы, С. Сейфуллин, М. Жолдыбаев сынды Алаш арыстары тұрды. Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві сол тұлғалардың салып кеткен сара жолын жалғастырып, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріндегі маңызды құжаттарды тарих толқындары арқылы келешек ұрпаққа аманат ететін қасиетті мекеме рөлін атқарып отыр. Осығаған байланысты Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осынау қарашаңыраққа арнайы барып, Ұлттық архивке жуырда ғана тағайындалған жаңа басшы – Сағила Нұрлановамен аз-кем сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

- Сағила Есімсейітқызы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Естуімізше, көп жылдар бойы мемлекеттік қызметші ретінде еңбек етіп, Президент Әкімшілігіндегі құжат айналымы саласында қыруар шаруа атқарыпсыз. Яғни, архив ісіне бұрыннан қанық, құжат мәселесінде тәжірибелі маман екенсіз. Осы орайда қазір өзіңіз басшылық жасап отырған мекеме жөнінде біраз ақпаратпен бөлісе кетсеңіз... 

- Көп рахмет! Қай мемлекет болсын, қандай ұлт болсын, оның төл тарихының қасиетті қазынасы осы архив қабырғаларында сақталатыны дау тудырмас ақиқат. Архивтің мемлекет тарихының қалыптасуындағы рөлі өте зор, өйткені архив халықтың құжаттық жадын там-тұмдап жинап, өскелең ұрпақ үшін сары майдай сақтайды. Осы үшін де архивті мемлекеттің баға жетпес байлығы деп айтуға әбден болады.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осынау тәу етер жалғыз киеміз – Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап бүгінге дейінгі барлық маңызды құжаттарды сақтап отырған Ұлттық архивтің ұжымы атынан Егемендігіміз еңселі, елдігіміз мәңгілік болсын деп тілеймін.

Сондай-ақ, 1998 жылы 22 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңы қабылданғандықтан, осы айтулы дата бейресми түрде архивистер күні ретінде айтылып жүр. Жуырда ресми түрде бекітіліп қалуы мүмкін деген үмітіміз де жоқ емес. Осы орайда барлық әріптестерімді де шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер дегім келеді.

Ал енді сұрағыңызға келер болсақ, иә, дұрыс айтасыз, мен 1998 жылдан бері Президент Әкімшілігінің Жалпы бөлімінде мемлекеттік қызметте болдым. Мемлекеттік қызмет мен үшін мәртебелі міндет деп санаймын. Ол қызметте 23 жыл бойы ең қарапайым маманнан бастап, меңгерушіге дейінгі жолды жүріп өтіп, Президенттің Жарлығымен «Ерен еңбегі», «Мінсіз қызметі үшін» деген мемлекеттік наградалармен марапатталдым. Осы жылдар бедерінде Президент Әкімшілігінде қағаз түріндегі құжат айналымын қысқарту, электронды құжат айналымының үлесін арттыру, іс-қағаздарын ресімдеу жолында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыру бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, көп жылдар бойы архивші болып, ПӘ бөлімдерінен құжаттарды архивке қабылдау жұмыстарын және қоймаларда ведомстволық сақтау жұмыстарын атқардым. Бір сөзбен айтқанда, Президент Әкімшілігінің үлкен мектебінен өттім деуге де болады. Енді осы білімім мен жинақтаған тәжірибемді, бар күш-жігерім мен қажыр-қайратымды салып, Ұлттық архив қызметін одан әрі жандандырып, дамыта түсуге, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің сеніп тапсырған ісіне селкеу түсірмей, жүктеген міндетін мүлтіксіз орындауға құлшына кірісіп жатқан жайымыз бар.

Жалпы, архив ісінің алып толқынына енді араласып жатсам да, бұл сала жаныма сондай жақын екенін бірден ұқтым деуге болады. Қарашаңырақтың үлкен ұжымымен лезде араласып, тіл табысып кеттік. Ұлттық архивтің ішкі-тысқы өмірін тереңірек танып-біліп, әлі де қат-қабат қыртыстарын «инемен құдық қазғандай» игерудеміз.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2006 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 692 қаулысы негізінде құрылған болатын. Тәуелсіздіктің 15 жылдығы қарсаңында, яғни 2006 жылғы 14 желтоқсанда салтанатты ашылуы болды. Келер жыл киелі шаңырағымызға, бұйырса, 15 жыл толады.

Архивтің басты бағдары – республикамыздың орталық мемлекеттік органдары мен ұйымдарынан, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардан құжаттарды қабылдап алып сақтау. Бізде мемлекеттік сақтауда еліміздің мемлекеттік органдарының, атап айтқанда, Жоғарғы кеңес, Парламент, Орталық сайлау комиссиясы, Үкімет Аппараты, Конституциялық, Жоғарғы, Жоғарғы арбитражды сот, Бас прокуратура, әділет; транспорттық құрылыс; байланыс; экономика; сауда; ауылшаруашылық; тұрғын үй мен территориялардың құрылысы; экология мен табиғи ресурстар; білім; мәдениет; денсаулық сақтау; геология; еңбек және халықты әлеуметтік қорғау; өнеркәсіп министрліктері және оларға бағынысты ұйымдардың қорлары сақталуда.

Бүгінгі таңда Ұлттық архив қоғамның материалдық және рухани өмірін бейнелейтін Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени маңызы бар тарихи жинақталған және үнемі толықтырылып отыратын архивтік құжаттар қорына айналып отыр.

7FF41661-C4BA-4BD6-BE4F-22F1E1CCA403.JPEG

- Ақиық ақынымыз Мұқағалидың: «Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз» дегеніндей, Ұлттық архивте өзіңіз атап өткен мемлекеттік мекемелердің ресми құжаттарынан басқа, еліміздің белгілі тұлғаларының құжаттары сақтала ма?

- Әрине, Мұқағалидай ақындарымыздың өшпес өлеңдері әрбір әдебиетсүйер қауымның жүрек түкпіріндегі мұрағаттарында сақтаулы ғой. Дегенмен ұлы тұлғалардың көз майын тауысып өз қолдарымен жазған маржандай жазулары мен жақұттай жазбалары архив сөрелерінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қолмен ұстап, көзбен көре алатын мәдени мұра болып қала берсе, «ғалымның хаты өлмейді» дегеніміз сол емес пе?!

Оның үстіне, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген ізгі нақыл әрдайым орындала бермейтіні өмір заңдылығы ғой. Қаншама ғұлама ғалымдарымыз бен қарымды қаламгерлеріміздің кей ұрпақтары олардың құнды жазбаларын толықтай сақтай алмай, жоғалтып алып жатады. Сондықтан, рухани мұрасының ертеңін ойлаған көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері көзі тірісінде-ақ Ұлттық архивке өздері келіп, көзінің қарашығындай болған құнды дүниелерін өз қолдарымен табыстап кетеді.

Бүгінде біздің архивте Жұмабек Тәшенов, Әлкей Марғұлан, Ақселеу Сейдімбек, Әкім Тарази, Мақсұт Нәрікбаев, Нұрғожа Ораз, Бейбіт Құсанбек, Кәри Әбитов, Қойшығара Сарғараұлы, Ілия Жақанов, Кәкімбек Салықов, Мырзатай Жолдасбеков, Роза Мұқанова, Бақытжан Ертаев, Марат Әбсеметов, Рысты Сариева, Сұлтанбек Исхаков және басқа да елуге жуық белгілі тұлғалардың жеке қорлары ашылып, ерекше құнды құжаттары тұрақты сақтауға қабылданған. Бұл жолдағы жұмыс әлі де жалғасын тауып жатыр. Жуырда ғана танымал жазушы Әлібек Асқаров пен айтыс ақтаңгері Аманжол Әлтаевпен де келіссөздер жүргізіліп, құнды мұралары жеке қорға өткізілді.

Өзіңіз мысалға келтірген Мұқағалидің өлеңіндегі «шаң басқан архивтер» деген ұғымды бүгінде мүлде басқа қырынан қарауға болатын сияқты. Біздің архив заманға сай технологиямен жабдықталған, бүкіл ғимараттың ыстық-суығы, ылғал-құрғағы бір ғана тетікпен реттеліп, құнды құжаттардың сапасына сызат түсірілмей ғасырлар бойы сақталады. Архивтің жоғары білікті мамандары мұрағат жәдігерлерінің бетіне қабат-қабат шаң жұқтырмақ түгілі, бір түйір тозаң да түсірмей қорғап-қорғаштайды. Сондықтан да бізде сақталған құжаттарға көне ғимараттың көбіксүрей шаң-тозаңы сіңіп, сыны мен сапасы кете бермейді, керісінше, кәрі тарихтың қатпар-қатпар замана жүгі жамалып, маңыздылығы арта түседі.

- Архив дегенде, ең алдымен, көненің көзіндей болған, шет-шетін уақыт мүжіп, бойына қаншама сыр сақтаған тарихи құжаттар елестейтіні бар. Ұлттық архивте негізінен Тәуелсіздік жылдарындағы құжаттар сақталғанымен, еліміздің тарихына қатысты шет мемлекеттердің архивтерінен әкелінген құнды құжаттар да бар шығар? Солар туралы айта кетсеңіз...

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыру бүгін басталмағанын және тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқарылғанын атап өткені белгілі. Бұған дәлел – өзінің бастамасымен іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Ол халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін; ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады. Бұл бағдарламаны стратегиялық ұлттық жоба деуге болады. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы еліміздің тарихына қатысты маңызды құжаттарды анықтауда үлкен рөл атқарды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында мемлекеттік сақтауға жақын және алыс шетел мемлекеттерінен: Ресей, Армения, Өзбекстан, Польша, Мысыр, Америка, Түркия, Қытай, Венгрия, Франция, Испаниядан Қазақстан тарихына қатысты түпнұсқа ретінде саналатын құжаттардың көшірмелері алынды. Бұл мұрағат қоймаларында тәуелсіз мемлекет қалыптасуының тарихи оқиғаларын, экономиканы қайта құру, еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуы үрдістерін айқындайтын бірегей ақпарат жинақтауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 14 мамырында Түркия Республикасының Осман архиві Осман империясы және Орталық Азия хандықтары арасындағы байланыстар туралы құжат көшірмелері электрондық тасығыш түрінде біздің Ұлттық архивке сыйға тартылды. Сыйға тартылған құжаттардың ішінде 1714 жылғы 16 қаңтарда Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің қалмақтардың жеңіліске ұшырағанын хабарлау үшін жазып, елшісі Сейіт Мұхамедқұл арқылы Сұлтан III-ші Ахметке жолдаған хатының аудармасы басылған картина, араб тіліндегі хат көшірмесі бар.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша архив саласында жұмыстар атқарылуда. Нақтылап айтсақ негізгі мақсаттар мен міндеттер белгіленіп, архив тарапынан берілген шетел архивтері мен мәдени орындарында сақталған Қазақстан тарихына қатысты деректерді айқындап, көшірмелерін алу, жариялау, оларды сандық жүйеге көшіру, материалдық базаны жақсарту, қажетті заманауи құралдармен қамтамасыз ету, жаңа заманауи архив ғимараттарына қол жеткізу және т. б. мәселелер қамтылған. Осы «Архив 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы Ұлттық архив директорының орынбасары Тұрсынгүл Құсайынова Білім және ғылым министрлігі жанындағы ғылыми-зерттеу тобының құрамында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласының мемлекеттік архивтеріндегі біздің еліміздің тарихына қатысты құжаттарды анықтау бойынша жұмысына қатысты. Қазіргі уақытта Ұлыбритания, Франция, Италия, Ресей, Украина, Польша архивтерінен археографиялық экспедициялар нәтижесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты алып келген және Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне өткізілген архивтік материалдардың цифрланған нұсқасына түгендеу жүргізілуде.

754531BE-A508-4C1A-96D7-4763ABC0330C.JPEG

- Ұлттық архив тағы қандай бағытта қызмет атқарады?

– Ұлттық архивтің негізгі бағыттардың бірі – құжаттарды пайдалану. Архивтік құжаттарды пайдалану дегеніміз ол құжаттарды көрмелер арқылы халыққа таныстыру, баспаға шығару, сұраныстарды орындау. Азаматтардың заңды құқығын қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары өз отандастарымызға, сонымен қатар шетел азаматтарына архивтік құжаттар негізінде әлеуметтік-құқықтық сипатта архивтік анықтамалар беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілуде, жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін сұраныстарды орындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Сұраныстар мысалы Ресей, Украина, Қырғызстан, Башқұртстан, Германия, Малайзия және т.б. мемлекеттерден де келіп түсуде.

Ұлттық архивтің оқу залдары архивтің маңызды қызметтерінің бірі – зерттеу мақсатында пайдалану үшін құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Оқу залдарында қазақстандық зерттеушілермен қатар жақын және алыс шетелдердің ғылыми мекемелерінің өкілдері де жұмыс жасайды.

Құжаттардың мәңгі сақталуы мен пайдалануын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві азаматтық қоғамның нығаюына, құқықтық мемлекеттің құрылуына, демократиялық көзқарастардың қалыптасуына, қазақстандықтарды азаматтық, отаншылдық, толеранттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді және де тарихи-мәдени, ғылыми-оқу мекемесі ретінде барлық ұйымдармен және мекемелермен қызметтестік қарым-қатынас орнатуға әрқашан дайын.

– Қазіргі таңда бүкіл қоғам цифрландырудың әлеміне еніп барады, сол цифрландыру технологиялары архив саласына не береді?

– Иә, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Осы бағытта Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен мемлекеттік органдарда электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі және мемлекеттік органдардағы электронды құжат айналым жүйесінде қалыптасқан құжаттарды электронды құжаттар қоймасына көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Түптеп айтқанда, қабылданған өзгерістер мен толықтырулар электрондық жүйедегі құжаттарды электрондық түрге айналдыруға, оған қолжетімділікті қамтамасыз етуге және электрондық архивті басқаруға мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде құнды құжаттарды цифрлық нысанға көшіру жұмыстары жүйелі негізде атқарылып келеді.

BDC87674-762A-45C7-912D-F37A1543F12B.JPEG

- Архив саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы айтып өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімшесінің (ЕВРАЗИКА МСА) мүшесі болды. Соңғы жылдары Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Арменияда болып өткен «Евразиканың» барлық шараларында Қазақстан делегациясы құрамында Ұлттық архивтің қызметкерлері белсене араласады. Тек республикалық деңгейдегі емес, халықаралық ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялардың жұмысына да қатысамыз.

Сонымен қатар, 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрілігі мен Ұлттық архив қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы Стамбул қаласына жасаған іссапары барысында Түркия Республикасының Орталық мемлекеттік архивімен (Осман архиві) өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойған. Бұл әріптестік бұдан кейін де өз жалғасын тауып, архив ісі саласындағы ортақ мүддеміз бір мұратқа жұмсала беретініне сенімдіміз.

Сондай-ақ, 2019 жылы құрамында біздің архивтің қызметкерлері бар делегация Біріккен Араб Әмірліктерінің архивіне қызметтік іс-сапармен барды. Сапар барысында қазақстандық делегация Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық архиві мен Сақтау және қалпына келтіру орталығында болды. Қызметтік сапар аясында тараптар архив ісі саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жөнінде келісімге қол жеткізді.

Айта берсе, мұндай сапарлар көп. Бүгінде еліміздегі архив ісінің, оның ішінде Ұлтық архивтің мамандары шетелдік әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, еліміздегі архив саласының дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Болашақта да бұл үрдіс өз жалғасын табады деген үміттеміз.

- Сағила Есімсейітқызы, алтын уақытыңызды бөліп, арнайы сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Ел тарихын ертеңге жеткізудегі ерен еңбектеріңізге табыс тілеміз.

- Көп рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?