Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Отандастар қоры: қандастар үшін ең үлкен кедергі құжат мәселесі

2485
Отандастар қоры: қандастар үшін ең үлкен кедергі құжат мәселесі - e-history.kz

1992 жылы 28 қыркүйек – 4 қазан аралығында дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Сол жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. 2017 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайында Қазақстанның сол кездегі президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отандастар қорын» құруды тапсырды. Шетелдегі этникалық қазақтар мен оралған қандастарға көмек көрсету үшін құрылған қор жұмысын 2018 жылдың қазанында бастады. Дүнеиежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайынан бері 28 жыл өтіпті. Ал «Отандастар қоры» жұмыс бастағалы екі жыл болыпты. Осы даталарға байланысты «Отандастар қорының» ресми өкілі Еркін Байғабылұлымен сұхбат құрған едік.

– Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы 1992 жылы – еліміз тәуелсіздігінің екінші жылы-ақ ашылған екен. Осы құрылтайда шетелде тұратын этникалық қазақтар көтерген тіл туралы мәселенің оң нәтижелері жөнінде айтып берсеңіз.

– Иа, дұрыс айтасыз. Ел егемендігін алып, тәуелсіз ел атанғаннан кейін 1992 жылы Елбасы бастамасымен Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткізілді. Құрылтай күн тәртібіндегі Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, жарғысы бекітіліп, басшылық құрамды сайланды. 2002 жылы қасиетті Түркістан қаласында, 2005, 2011, 2017 жылы Астана қаласында өтті. Соңғы құрылтай нәтижесінде Тұңғыш Президент «Отандастар қорын» құруды тапсырды. 2018 жылы «Отандастар қоры» комерциялық емес акционерлік қоғамы жұмысын бастады. Қордың басты мақсаты шетелдегі отандастар мен елге келген этникалық қазақтарға жан-жақты қолдау көрсету. Шеттен келген ағайынның бейімделуіне жағдай жасау. Қордың 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленді.

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Туған тілін ардақтаған мемлекеттің болашағы жарқын болмақ. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында қандастарымыз кейінгі жас ұрпақтың ана тілін ұмытпауына байланысты мәселе көтерген еді. Жыл өткен сайын Қазақстан Республикасы шетелдегі қандастарымызға арнап түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырды. Биылғы ақпан айынан бері Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» және «Зерделі» ақыл-ойды дамыту орталығымен бірлесіп қазақ тілін онлайн қашықтан оқыту жобасын бастады. Қазақ тілі курсы барлық мемлекеттердің уақыт ерекшеліктеріне қарай бір күнде төрт мәрте, аптасына дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері өткізіледі. Әлемнің 12 елінің 23 қаласынан 31 қазақ сыныбы ашылды. Барлық сыныптардың тіл үйренуіне қажетты құрал-жабдықтар жеткізіліп берілді. Қазақ тілі курсына қандас балалар белсене қатысты. Тіл курсының бірінші семестрін аяқтаған тыңдаушыларға арнайы сертификат берілді. Жұқпалы дерт салдарынан тіл курсына қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен балаларды ел ішінде ұйымдастырылатын балалар лагеріне әкелу жұмысы кейінге қалдырылды. Қыркүйек айынан бері онлайн тіл курсының екінші семестрі басталды.

«Жүйріктен жүйірік озар жарысқанда» дегендей шетелдегі қазақ балалары мен жастардың ана тілін үйренуге қызығушылығын арттырып, ынталандыру мақсатында түрлі сайыстар өткізілді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150, ұлы сөз зергері Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай шетелдегі қазақ балаларының қатысуымен «Ана тілім-ардағым» халықаралық байқауы мәресіне жетті. Сәуір айында 18-35 жас аралығындағы өнерпаздардың қатысуымен халықаралық «Абай әлемі» байқауы жарияланды. Шығармашылық бәйгенің талаптарына сай Абайдың қара сөздері, өлеңдері мен әнінен үзінді орындап өнер көрсетді. Жеңімпаздарға «Туған елге саяхат» туристік лагеріне жолдама беріледі. Жұқпалы дерт салдарынан саяхат жасау уақыты кейінге қалдырылды.

224271_1475214063.jpg

«Қазақстан – ата жұртым, қасиетті – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәніне арналған халықаралық олимпияданы Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «Отандастар қоры» ұйымдастырды. 8-12 сынып оқушылары арасында өткен өнер сайысына эссе жазу, кескіндеме, поэзия, театр, музыка жанрынан өнерлі қандастарымыз бақ сынады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлық пен грамоталар берілді.

– «Отандастар қоры» қандас жастарды отанға тарту және оларды қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарды?

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында қандастарымыз жастарға білім беру бағытында жұмысты ілгерлетуге өтініш білдірді. «Отандастар қоры» қандас жастарға арналған білім бағытындағы жұмысын жылдан-жылға жоспар аясында жемісті жүзеге асыруда. Елге келген жастардың басым бөлігі өзі тұратын елден мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орындарында білім алуға келді. «Білім инемен құдық қазғандай», - дегендей Қазақстанда білім алғысы келетін жастарға үлкен мүмкіндік жасалды. Қандас талапкерлерге арналып ел ішіндегі 24 жоғарғы оқу ордаларынан арнайы ұлттық біріңғай тестілеуге даярлайтын дайындық бөлімдері ашылды. Дайындық бөліміне 2018-2019 оқу жылына 1000 орын, 2019-2020 жылға 1300 орын, 2020-2021 жылға 1300 орын бөлініп, 825 адам оқуға қабылданды. Биыл ҰБТ тапсыруға 2025 талапкер өтініш білдірген. Олардың 1276 Қазақстанда тапсырып, 700 талапкер шектік бал жинады. «Отандастар қоры» көтерген түйткілді мәселе оң шешімін тауып, жұқпалы індет салдарынан елге келе алмай қалған қандас талапкерлер ҰБТ-ны онлайн режимде 733 студент тапсырды. Олардың ішінде 434 шектік нәтижеге қол жеткізді. Шектік бал алған 1134 талапкердің 1041 қандастарға арналған конкурсқа қатысып, 909 қандас грант иегері атанды. Конкурсқа қатысып, білім грантына ие болмаған 132 талапкердің мәселесі бойынша жоғарғы оқу орындарының басшыларына қолдау көрсетуін сұрап хат жіберілді. Колледжде білім алуға құжат тапсырған 539 қандастың барлығы 4 пайыздық квотамен білім грантына ие болды.

Елімізде карантин режимі енгізілген уақытта атажұртта оқитын оқушылар мен студенттер өздерінің отбасыларына, туған-туыстарына жете алмады. Елге келген қандас жастарға көмек көрсету мақсатында өзекті мәселелер оң шешімін тапты. Қор мен Қауымдастық жағдайға етене араласып, қандас жастарға қол ұшын созды. Құзырлы мемлекеттік мекемелермен бірлесіп жұмыс атқарды. Сыртқы істер министрлігі елшіліктер көмегімен шетелден келген оқушылар мен студенттердің отбасыларына қайтуына көмек көрсетті. Атажұртқа білім алу мақсатында келген барлық жастың мерзімі өткен визасын тегін ұзарту жұмысына көмек берілді.

Петропавл қаласы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай мемлекеттерінен келген 53 студентке өңірлік фронт-офистердің ұйымдастыруымен кәсіпкер азаматтар қаржылай қолдау білдірді. Олардың қатарында Ақеділ Жуанышпаев, Ерлан Сұлтанбеков, Бүркіт Жұмабаев сынды азаматтар жастардың азық-түлік алуы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қамқорлық танытты.

Шетелден келген қандас-студенттердің бір бөлігі Қарағанды Экономикалық университетінде оқиды. Талапкер жастар өздері кездескен қиындыққа байланысты көмек сұрап өтініш жіберген еді. Осы өтініш университет басшылығына жеткізілді. Қандас жастардың өтінішін орындауға ректор Ерқара Аймағамбетов шешу жолдарын қолға алды. Университеттегі әр студентке 25 мың теңгеден қаржылай көмек беріліп, 2 ай жатақханада тегін тұруға, сонымен қатар оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлік алуына жәрдемдесті. «Отандастар қоры» мамандары Нұр-Сұлтан қаласы «Шипагер» медициналық колледжінде оқитын студент қандасымыздың өтінішін оқу ордасының басшысы Әсел Әділхановаға жеткізді. Колледж директоры Әсел Мәдениетқызы аталған студентті ақылы бөлімнен босатып, қаржылай қолдау көрсетті.

– Атажұртқа келген қандастарға құжаттарын рәсімдеуде, ел ішінде бейімделуге ақпараттық-кеңес беру мәселесі жолға қойылды ма?     

Шетелден келген қандастарымыз түрлі қиындықтарға ұшырамас үшін, ақпараттық кеңес беру жағынан қолдауды қажет етеді. Қордаланған мәселенің оң шешілуі үшін «Отандастар қоры» елге келген қандастар мен шетелдегі этникалық қазақтарға қолдау көрсету мәселесін күн тәртібіне енгізді. Атажұртқа келген қандастардың саны миллионнан асуының өзі мемлекетіміз үшін зор қуаныш. 2019 жылы «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы» жұмысын бастады. Орталықтың басты мақсаты – бюрократиялық кедергілерді жедел еңсеру, елге оралған қандастардың қоғамға бейімделу барысын барынша жеңілдету, қандастар кездескен мәселелердің шешілу жолын қадағалау. Өңірлердегі қандастар кездескен мәселелердің уақтылы шешілуін қамтамасыз ету үшін Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларында 10 фронт-офис жұмыс істейді. Қандастарымыз «Отандастар қоры» біріңғай ақпараттық орталығының 1404 телефон нөмеріне тегін қоңырау шалып немесе әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы хабарласып алаңдатқан сұрағына жауап ала алады. Былтырғы жылы ақпараттық орталық нөмеріне 2640 қандасымыз хабарласса, фронт-офистердің қабылдауына 1587 қандасымыз келген. Барлық ақпараттық көмек сұраған қандастарымызға тиесілі ақпарат пен заңдық кеңестер берілді. Биылғы жылы да қандастарды ақпараттық қолдау жұмыстары тоқтаған жоқ. «Байланыс орталығына» 987, аймақтардағы фронт-офистердің көмегіне 1851 қандасымыз жүгінген. Жалпы тоғыз айда 2838 қандасымызға көмек көрсетілген.

Сұрақтардың басым бөлігі азаматтық алу барысында кездескен сұрақтарға жауап беруін өтінген. Бұған қоса 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек туралы көп сұрақтар жолдаған. Сонымен қатар, қандастарымызды уақытша тіркеу, ықтиярхат алу мәселелері де алаңдатады. Өңірлердегі қандастармен тығыз жұмыс істейтін 10 фронт-офистегі мамандардан көмек сұраған қандастарымыз да бар. Олардың барлығына тиісті ақпарат пен кеңестік көмек берілді.

Атажұртқа келген қандастарымыз кездесетін басты кедергілердің бірі құжат жасату екені жасырын емес. Әр елдің ішкі саясатына байланысты өз аумағында тұратын азаматтарға құжат беру жұмыстары да алуан түрлі болып келеді. Азаматтардың туу туралы куәлігінен бастап, азаматтық, неке куәліктері мен дипломының нотариуспен заңды негізде қолданысқа енгізу үшін түрлі анықтамалар жинап, 5-6 мемлекеттік мекемелердің есігін қағуға тура келеді. Осы қиындықтарды ескере отырып «Отандастар қоры» бастамасымен шетелден келетін қандастарды құжаттандыру жұмысын жеңілдету үшін бір терезе қағидатын енгізу ұсынылды. Болашақта бір терезе қағидаты аясында қандастарға құжат жасату жұмысы 6 айдан 3 айға дейін қысқарып, талап етілетін құжаттар тізімі 46-дан 20-ға дейін азаяды.

maxresdefault (1).jpg

– 2020 жылы әлемге таралған жұқпалы дерт салдарынан елімізде онлайн жұмыс режимі енгізілді. Шетел мен ел ішіндегі қандастарға «Отандастар қоры» қандай көмек берді? «Қазақ» картасының тиімділігіне тоқталып өтсеңіз?

– Елдегі денсаулық сақтау саласы мамандарының шешіміне сәйкес, «Отандастар қоры» жұмысын онлайн режимге көшірді. Қызметкерлеріміз сақтық шараларын сақтай отырып жұмыс істеді. Шеттегі қандастардың арнайы өтініші бойынша Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» мен «HAZIFA» шеберлік мектебі бірлесіп тегін онлайн тігін курсын ұйымдастырды. Курста күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдармен бірге ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді тігу жұмыстары үйретілді. Қор мамандары жетекшілігімен қандастардың көңілінен шыққан келесі жоба «Денге саулық, дертке шипа - «Айкүне» атты онлайн гимнастика курсы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) тілінде жүргізілді. «Айкүне» қазақ гимнастикасы орталығының жетекшісі Абай Ахатұлының онлайн курсы үйде отырған қандастардың уақытын тиімді пайдалануына жол ашты. Курсқа ел ішінен бөлек көршілес алыс-жақындағы қандастар қатысып, қазақ гимнастикасын үйренді. «Ас адамның арқауы» дегендей жұқпалы ауру тараған уақытта халық арасында құнарлы тамаққа деген сұраныс артты. Осы орайда қор қызметкерлері «Қазақтың ұлттық тағамдары - Ұлы дала бренді» онлайн ас даярлау курсын ел назарына ұсынды. Ұлтымыздың ет және сүт өнімдерінен жасалған тағамдарын даярлау жолдары кеңінен таныстырылды. Ұлттық тағамды әзірлеуді үйренген ел іші мен шетелдегі қандастарымыз ризашылық білдіріп, алғысын білдірді. «Домбыра – ұлттық рухтың аспабы» атты онлайн жоба да дәстүрімізді дәріптеу жолына бағытталды. Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлеңі ұлттық аспабымыздың болмысын айқындап бергендей. Халықаралық мәдениет күніне орай дәстүрлі ән өнеріндегі үздік талантты әншілердің бірі, қандасымыз Сәулежан Тағзияұлының онлайн концерті көрермен көңілінен шықты. Дәстүрлі әнші, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасының финалисі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының халық әні бөлімінде қызмет атқаратын өнерлі бауырымыз әуелете ән салып, болашақ шығармашылық жоспарымен бөлісті. Қауымдастық, қор және «AMANAT music» ұйымдастыруымен өткен жобада домбыра дәрісін сахна төрінде 35 жылдан бері ән салып келе жатқан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова жүргізді. Ұлтымыздың қасиетті аспабының құлағында ойнауға ниет танытқан талапты қандастардың бұл жоба да көңілінен шықты.

Әлемде жұқпалы індет таралған уақытта еліміз сақтық шараларын қолға алып, карантин режимі енгізілді. Осындай ауыр кезеңде шетелде тұратын қандастарымыз атажұрттағы ағайынға қол ұшын созып, жанашырлық танытты. Еуропа мен Түркиядағы қандастарымыз Қазақстандағы қиын жағдайды ескеріп, өз еріктерімен гуманитарлық көмек жіберді. 900 киллограмға жуық медициналық заттар елге жеткізілді. Науқас азаматтарға қажетті медициналық құрал өкпені жасанды желдету құрылғылары мен қорғаныш костюмдері, термометр, бетперде және тағы басқа заттар табыс етілді. Түркиядан арнайы келген қазақ диаспорасының өкілдерімен бірлесіп қауымдастық пен қор өкілдері Алматы, Шымкент, ШҚО-ғы ауруханаларға жеткізіп берді

Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус ауруына шалдыққан науқастарға «Бауырсақ» қайырымдылық қоры жинаған қаражатты қандасымыз Тұнық Қаппарқызы «№3 Көп бейінді қалалық ауруханаға» табыс етті. Осы орайда Қауымдастық пен Қор атынан Қазақстандағы ағайынға көмек көрсеткен ақеділ жүректі, бауырмал қандастарымызға алғыс білдіреміз.

Елімізде карантин режимі енгізілген уақытта атажұртта оқитын оқушылар мен студенттер өздерінің отбасыларына, туған-туыстарына жете алмады. Өзекті мәселелердің оң шешім табуы үшін Қоғам мен Қауымдастық жағдайға етене араласып, қандас жастарға қол ұшын созды. Құзырлы мемлекеттік мекемелермен бірлесіп сындарлы жұмыс атқарды. ҚР Сыртқы істер министрлігі елшіліктер көмегімен шетелден келген оқушылар мен студенттердің отбасыларына қайтуына көмек көрсетті. Атажұртқа білім алу мақсатында келген барлық жастың мерзімі өткен визасын тегін ұзарту жұмысына көмек берілді.

«Отандастар қоры» ел ішінен бөлек шетелдегі қандастарға жан-жақты көмек көрсетіп, қолдау білдіру мақсатында «Қазақ картасы» жүйесін қоғам талқысына ұсынған болатын. Аталған бірегей жоба әлемдік тәжірибеде өзінің тиімділігін көрсеткен. Атап айтсақ, Түркияның «Көк картасы», Польшаның «Поляк картасын» айтуға болады. Болашақта «Қазақ картасына» қол жеткізген этникалық қазақтар республика азаматтарымен тең құқылы болады. Ел ішінде кәсіп ашуына, тұрақты мүлік иемденуіне, еркін келіп-кетуіне, білім алуына, емделуіне ешқандай шектеу қойылмайды. «Қазақ картасы» жобасын қолданысқа енгізу мәселелері құзырлы мекемелермен бірге пысықталуда.  

– Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында атажұртқа оралуға ниет танытқан қандастарымыз көші-қон саласында жаңа жоба ауыл болып топтасып көшіп келуді ұсынған еді. Осы жоба жайындағы атқарылған жұмысқа тоқталсаңыз?

– Тәуелсіздік жылдарынан бері қазақ көшінің керуені тоқтаған жоқ. Ат мініп, атан жетектеген Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Иран және тағы басқа елдерден атажұртқа оралған ағайынға арналып түрлі жобалар жүзеге асты. Елбасы қолдауымен іске асқан «Нұрлы көш» бағдарламасына 60 млрд теңге бөлінді. Мемлекет қаражатына әр өңірден қандастарға арналған ауылдарда тұрғын үйлер салынды. Шымкент қаласы маңындағы «Асар» ауылына 27000 қандасымыз, Ақтөбе облысы Хромтау қаласында 230 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына 400, Шығыс Қазақстан облысына 700 үй салынды. Атамекенге оралған ағайындарға берілген Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарындағы үйлердің кейбірінің құжаты әлі дұрыс дайын болмағаны, сапасыз салынғандары бар екендігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көтерілді. «Отандастар қоры» жанынан құрылған Қоғамдық комиссия осындай кемшіліктерге жол берген екі облыстың жауапты мекемелері өкілдерін өз отырыстарына шақырып, олқылықтарды тезірек жөндеуді талап етті. Қазір олардың орындалу барысы комиссияның жіті қадағалауында.

Былтырғы жылы қандастардың көші-қон саласына байланысты бірегей жоба жүзеге асты. Пилоттық жобаны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» ұйымдастырды. Моңғолия елінен жеткен көш керуенінде 13 отбасының, 80 адамы атажұртқа оралды. Қандастарымыз Моңғолияның Баян-Өлгей, Қобда аймақтарынан Павлодар облысына қоныстанды. Олардың ішінде медицина саласының маманы, мал дәрігері, механизатор, техника мамандары, бастауыш сынып және ағылшын тілі мұғалімдері сынды әр саланың мамандары бар.

– Мағыналы сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?