Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өтелбек Шнанов: ру-тайпа таңбалары меншік мәнін білдірген

2755
Өтелбек Шнанов: ру-тайпа таңбалары меншік мәнін білдірген - e-history.kz

Қазақ тарихының бір тармағы рулық, тайпалық бірлестіктердің өзіндік ерекшеліктері арқылы ашылады. Тарихтан әр ру мен тайпаның өз белгілері, таңбалары болғаны туралы білеміз. Осы белгі-таңбалардың мәні мен шығу тарихы туралы тарихшы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің докторанты Шнанов Өтелбек Ризабекұлымен шағын сұхбат жасаған едік.

– Тарих – әрине, кең-шалқар ұғым. Оның ішінде қазақ тарихының ашылмаған, айтылмаған беттері жетіп-артылады. Не себепті «Қазақ ру-тайпалары таңбаларының этникалық тарихы» деген тақырыпты таңдадыңыз? Қызығушылық қалай пайда болды?

– Қазақ ру-тайпаларына қатысты тақырыпты таңдаған себебім – ру-тайпалық таңбалар арқылы этникалық тарихты зерттеудің маңызы ерекше. Таңбаларда этникалық тарихқа қатысты сан ғасырлық құпия сақтаулы. Жасыратыны жоқ, ру-тайпалар таңбаларының этникалық тарихты зерттеудегі ролі және көне таңбалар белгіленген Тамғалы тас немесе таңбалы жар есткерткішінің қазақ тарихындағы маңызы жайлы маған ең алғаш айтқан менің ғылыми жетекшім тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаев болды. Тақырыпты зерттей келе, осы тақырыпқа терең бойлап, қызығушылығым арта түсті. Таңбаларға қатысты жалпы арнайы зерттеу еңбектері аздығына көз жеткіздім. Тың тақырыпты алу бір жағынан қиындық туғызса, екіншіден қыр-сыры толық беймәлім таңбалар тақырыбының сырын ашуға деген қызығушылығым да артты. 2018 жылы жетекшіммен және Оңтүстік Қазақстан жеріндегі археолог ғалымдар, музей қызметкерлерімен бірге Созақ ауданы территориясындағы Таңбалытас есткертекішіне   тарихи-этнографиялық экспедицияға қатыстым. Әлкей Марғұлан, Қаныш Имантайұлы Сәтпаев бұл есткерткішке ерекше мән беріп, қазақ хандығының құрылу тарихының куәсі ретінде баға берген. Бұл есткерткіш туралы алғаш мәлімет қалдырған Л.Кузнецов, Ю.Шмидт, А. Шренк, М.И. Иванин сияқты орыс саяхатшы, зерттеушілері. Таңбалы жар таңбаларын фотоға түсірген Х.Бекхожиннің фотолары Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивінде сақталуы мүмкін деген болжам бар. Сонау оғыз заманынан келе жатқан таңбаларды көріп ерекше таңданыс білдірдім. Таңбалар сырын теерң білуге деген қызығушылығым тереңдей түсті. Екінші жағынан осындай құнды дүниелерімізді аяқ асты етіп қорлап, бұзылып жатқанына ішім ашыды.

Басқа елдерде осындай тарихи жәдігерлерді сақтау ісіне ерекше көңіл бөледі. Бар дүниені бағаламау әрине өкінішті. Келешекте бұл есткерткішті қалпына келтіру мен сақтау ісін қолға алу қажет. Ру-тайпалардың таңбаларын зерттеу, яғни олардың шығу тарихы, таңбалардың мәні мен қалыптасуы және дамуына қатысты мәселелерді анықтаудың қазақ тарихындағы маңызы өте жоғары. Ру-тайпалардың таңбаларын зерттеу жұмысы – көне замандардан бастау алатын тарихымызды бүтіндеуге өзіндік септігін тигізеді. Таңбалардың зерттелу мәселесі толыққанды жүзеге аса қойған жоқ. Тіпті М. Тынышпаев уақытындағы зерттелу деңгейінен әрі аса қойған жоқ десек те артық айтқандық емес. Таңбалар тарихын зерттеуде Еуразия даласын мекендеген халықтардың ру таңбаларының тарихына қатысты зерттеулерді толық шолып шығу аса қажет. Өйткені таңбалардың пайда болуы мен қалыптасу кезеңіне дейінгі тарихын түбі бір түрік халықтарына ортақ байланыстарын анықтап алмай жалпы ерекшелігін танып-білу мүмкін емес. Ғылыми зерттеулермен қатар архив құжаттары, сондай-ақ Еуразия далаларының әр жерінен кездесетін тасқа салынған таңбалардың жиынтығын жасау да қажет. Жалпы түркі халықтарының, қазақ таңбалары жайлы да жекелеген зерттеулер мен ғылыми еңбектері жоқ емес. Алайда таңбалардың Н.А.Аристов Қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы еңбегінде көрсеткендей, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан 26 миллионнан асатын (сол уақыттағы есеп бойынша. авт) түрік халықтарының таңбаларын кешенді зерттеуді қажет етеді. Сол арқылы таңбалардың жалпы мәні, ру-тайпалардың таңбалары арқылы этникалық байланыстарын анықтауға болады. Таңбалардың ерекшеліктерін анықтау барысында ру-тайпалардың шығу тегін анықтауға мүмкіндік ашылады.

– Қазақ ру-тайпаларының таңбалары не үшін пайдаланылған? Кеңірек тоқталып, деректер келтіре кетсеңіз.

– Ру-тайпалар таңбаларының этникалық тарихты зерттеу ісінде атқаратын жан-жақты рөлі бар екендігін – мұрағат құжаттары, Еуразия даласындағы тастағы басылған таңбалар, таңбалар жайлы зерттеулерден байқауға болады. Қазақ ру-тайпаларының таңбаларының қалыптасу тарихы сонау қола дәуірлеріне, тіпті одан әрі кезеңдерге барып тірелетіндігін тарихи-археологиялық деректер арқылы анықтай аламыз. Таңбалардың күрделі функционалдық рөлі толық ашылғанда өткен тарихқа қатысты біршама деректердің көзін ашатынымыз анық. Таңбалардың рулар мен тайпалардың өзіндік белгісіне айналған тұстан бастап, сол ру мен тайпаның өткен өмірінің тарихын өздігінше баяндап бере алатын сандықтың кілті (коды) деп айтуға болады. Ру-тайпалар көне кезеңдерден бастап, кейінгі дәуірлерге дейінгі уақыт аралығында қандай халықтың құрамында өмір сүргендігін, тіпті наным-сенімдері туралы да ақпараттарды таңбалар арқылы алуға болады. Ру-тайпалар таңбаларының этникалық тарихты зерттеудегі маңызы зор.

Ру-тайпалар таңбаларының бірнеше қолданыс аясын нақты айтуға болады: 1.Ру-тайпаның жеке меншік белгісі түрінде қолдану (кей жағдайда жеке отбасы немесе адамның жеке белгісі); 2. Белгілі бір ру-тайпаның территориялық аумағын білдіретін белгі ретінде қолдану; 3. Жерлеу орындарында қойылған таңбалар; 4. Құжаттарда мөр, қолтаңбасы ретінде қолдану.

Таңбалар тарихын зерттеу барысында таңбаның қолдану аясының кеңдігіне куә боламыз. Таңбалар ең алдымен алғашқы уақыттарда меншік белгісін білдірген. Меншік белгісі ретінде таңбалар жиі қолданылды таңбалар тарихын зерттеген ХІХ-ғасырдағы Ресей шығыстану ғылымының көрнекті өкілі Н.А Аристов: «Таңба меншік белгісі емес, рулық белгісі, тек рулық меншік белгісі ретінде ғана қарағанда таңба анықтамасы нақтыланады», – деп жазды.

В.С. Драчук таңбалар жайлы: "Сонымен қатар, бастапқыда – рулық меншік белгісі – өте сирек жағдайда алғашқы ата-бабалардың тотемдік белгісі ретінде болды», – дей келе таңбалардың жеке меншікпен байланысты шыққандығы туралы пікірді қолдайды. Көне жерлеу орындарының көпшілігінде қайтыс болған адамның аты-жөні, басқа да мәліметтер берілмей тек ру таңбасы көрсетіледі. Мұның себептерінің бірі – жаугершілік уақытта қайтыс болған адам басына таңба белгісін қою – шыққан тегін көрсететін. Тіпті бірнеше жерлеу орыны бар қорымда тек бір ғана таңба берілген тұстар да кездеседі. Бұл жерленген адамдардың бір ру-тайпадан шыққандығын аңғартады. Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Бұланты шайқасы өткен аумақта таңба белгілері ғана салынған жерлеу орындары кездеседі. Кейбір жерлеу орындарында таңбамен қатар жерленген адамның аты-жөні, руы, туған және қайтыс болған жылдары көрсетіледі. Мұндай жерлеу орындары көбінесе кейінгі кезеңдерге қатысты. Таңбалардың жерлеу орындарында қойылуы оның қайтыс болған адам туралы мәлімет беретін төлқұжат есебіндегі ролін көрсетеді.

Ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерде, тарихи жырларда таңбалар жайлы мәліметтер көп кездеседі. Таңбалардың шығуы туралы аңыздардың бірінде Алаша хан атымен де байланыстырады. Қобыланды батыр жырында: «Әліп таңба Қыпшақтың, атағы озған Алаштан», – деген жолдарда қыпшақтардың әліп таңбасы туралы мәлімет айтылады. Ру-тайпалар таңбаларын белгілі бір құжаттарды растайтынын білдіретін қол қою, мөр ретінде пайдаланды. Мұрағат құжаттарында таңбалар көбінесе сот істерінде, ант беру кезінде, куә болу ретіндегі құжаттарда қолтаңба ретінде пайдаланғандығының куәсі боламыз. Сондай құжаттардың бірі Алматы қаласындағы Ұлттық архив құжатында: 1856 жылы қазақтарға көктемгі егіс кезінде тарыны қарызға беру туралы іс-қағазында қазақ егіншілерінің тарыны алғандығы жөнінде куәлікке өз тегі мен атын және «О» таңбасын басқан архив дерегі сақталған. Сондай-ақ Кіші жүзде жаңа хан сайлауы туралы іс-қағаздар дерегінде: «Жантөре хан Айшуақұлының орнына Бөкей Нұралыұлын ұсынған Адай, Байұлы руларының сұлтандары мен би старшындарының хатында мөріміз бен таңбамызды басамыз дей келе мөр, таңбаларын қойғаны» РФ Орынбор қаласындағы облыстық архив құжаты сақталған.

– Таңбалардың көне түркі жазуымен байланысы туралы қандай пікір айтасыз?

– Көне түрк бітіг (руна) жазуының шығу тарихына қатысты ғылыми пікірлер мен тұжырымдамалар сонау XVІІІ-ғасырдан бастау алса да, осы күнге дейін шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Бұған себеп, Орхон-Енисей жазуларына қатысты зерттеуердің әлі де болса терең, жан-жақты қолға алынбай жатқандығын байқатса, екіншіден еуроцентристік көзқарастағы ғалымдардың көне түркілік жазудың жергілікті төл жазу екендігін мойындағысы келмеуі немесе керісінше кейбір зерттеулердің бітіг жазуын асыра дәріптеп, ғылыми көзқарастардан алшақ көзқарастардың орын алуынан болып отыр. Тіпті көне түріктердің «руна» жазуы атауының өзіне қатысты нақты пікірлер де толық қалыптасты деп айтуға ертерек. Түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы өз еңбегінде: «Жазулар Скандинавия руналық жазуына ұқсас болғандықтан алғаш рет «руна» жазуы деп аталды. Бұл атау соншама дұрыс қойылмаса да үш ғасырға жуық өзінің мән-мағынасын сақтаумен жалғасып келеді», – деп жазып, руна атауының нақты қойылғандығына күмән келтіреді. М. Томанов, Ә. Құрышжанов Ежелгі мәдениет куәлары атты еңбегінде: Орхон-Енисей жазуын «жазылу ерекшелігі мен қолдану өрісіне қарай» үшке бөледі: 1.Талас жазуы; 2. Енисей жазуы; 3. Орхон жазуы. Осы еңбекте редакциялық жасаған әйгілі ғалым Ә.Марғұланның болуы да кездейсоқ емес екендігі анық. Көне түрік руна жазуын зерттеуші ғалымдар руна жазуы жергілікті халықтарды төл жазуы деген пікірді толығымен қолдайды. Бітіг (руна) жазуының шығу генезисіне қатысты түркі әлемінің өзіне тиселі төл жазуы екендігі ғылыми тұрғыдан толық мойындалмай отырғандығы ақиқат. Жалпы алғанда ғылымда түрік бітіг жазуының пайда болуына үш түрлі жазудың әсері болған деген пікір қалыптасып отыр. Біріншісі, арамей жазуы, келесі соғды жазуы және түркі халықтарының төл туындысы. Үшінші пікірді қолдаушы Н.А. Аристов, Н.О. Маллицкий, Д.Н. Соколов, т.б. зерттеушілер ру-тайпалар таңбаларынан бітіг (руна) жазуы келіп шығуы мүмкін деген болжамды алға тартады. Сарқожаұлы Қаржаубай көне түркі жазуының арамей жазуынан шықты деген пікір мүлдем істен шықты дей келе, соғды теориясының қателіктерін көрсетеді. Рашид-ад-дин, М.Қашғари, Әбілғазы еңбектерінде кездесетін көне оғыз таңбаларының арасында көне бітіг жазуымен дәл келетін таңбалар кездеседі. Түркістан облысы, Созақ ауданы территориясындағы Бетпақдалада орналасқан қазақ тарихында ерекше орын алатын «Таңбалы жар» есткерткішінде көне оғыз таңбалары жиі ұшырасады. Осы таңбалардың жоғарыда келтірген ортағасырлық зерттеушілер еңбектеріндегі таңбалар екендігіне көз жеткізу қиын емес. Бітіг жазуының таңбалармен байланысы туралы пікірді қолдаушы Н.Г. Маллицкий өз қолжазбасында: «Некоторные тамги имели сходно со знаком древне-тюркского, так называемого орхонского алфавита, – например «ай-тамга», идеографическое изоброжение полумесяца и вместе с тем соответственный знак орхонского алфавита. Другие тамги указывает на старинные культурные связи племени, – например крест у кереев, третьи были заимствены у явлений окружающей природы или тех предметов хозяйственного обихода»,– деп келтіреді. Ғ. Айдаров таңбалардың шығуы туралы ғалымдар еңбектеріне тоқтала келіп: «Енисей, Орхон, Талас жазуы сонау Табғаш іргесінен басталып Орта Азия мен Венгрия жеріне дейін тарап кең жайылған. Осыған орай бұл жазулардың өзара толып жатқан ұқсастық жақтарымен қатар олардың арасын жазылу (графиялық) ерекшеліктері де кездеседі»,– деп жазды. Көне жазу үлгілерінде жазу сол халықтың мәдени, тарихи, наным-сенім, әлеуметтік құрылымынан да хабар, ақпарат береді. Осы пікірмен келіссек, бітіг жазуында негізінен жергілікті халықтың наным-сенімдерімен байланысты мәнін аңғаруға болады. Томсен оқыған алғашқы жазу «тәңір» сөзінің өзі көне түріктердің нанымдарымен байланысын анық ажыратуға болады. Ақселеу Сейдімбек қазақтың ауызша тарихы еңбегінде: «Түркі өркениетінің жетістігі болып табылатын жазу мәдениеті де ен-таңбаларды мұқият салғастыра зерттеу барысында өзінің төлтума тегін орнықтыра түсуге тиіс», – деп жазып, бітіг жазуының төлтума жазу екендігін терең зерттеу қажеттігін меңзейді.

– Қазақтың ру-тайпаларының таңбалары қашан және не себепті пайда болған?

– Таңбалар көмегімен оны қолданған халықтардың дүниетанымы, мәдениеті, діни нанымы т.б. туралы маңызды дерек алуға болады. Таңбаларды пайдалану түрік, моңғол, иран, кавказ халықтарында кең тараған. Таңбаны қолдану уақытын археологиялық деректерге сүйене отырып, шамамен қола дәуіріне жатқызуға болады. Осы тарихи кезеңнен бастау алған таңбалар дами отырып, қазіргі күнге дейін аракідік пайдалану жалғасуда. Мал шаруашылығында меншікті білдіру белгісі ретінде әсіресе жылқыға оң немесе сол жақ жанбасына ру-тайпаның таңбасын басу ертеден қалыптасқан. Қазақ халқында бұл дәстүр қазір де кездеседі. Қазіргі кезде жылқыға ру таңбасы немесе адам есімі, басқа да белгілерді таңба ретінде басу ұшырасады. Көнеден келе жатқан таңбалар бүгінгі күнге дейін сақталып, тіпті қолдануы таңбалар арқылы сол халықтардың көне тарихына зер салып, терең зерттеу ісінде көмегі мол. Таңбаларды зерттеу арқылы этникалық тарих жайлы маңызды дерек көздерін ашуға болады. Таңбалар арқылы этностың тек мәдени-интеграциялық жүйесі ғана емес сонымен қатар әлеуметтік-этнологиялық қалпы, этностың дүниетанымы жайлы да ерекше мағлұматтарды алуға болады. Ру-тайпалар таңбалары этнос жайлы жан-жақты өте көп информация береді. Таңбалар халықтардың саяси, экономикалық өмірі туралы, рухани және материалдық мәдениеті туралы жан-жақты хабар бере алады. Түркі халықтарында таңбаларды пайдалану жиі ұшырасады.

Түрік халықтарындағы таңбалар жайлы Н.А. Аристов: «Кроме родовых имен, другим указателем этнического состава тюрков-кочевников, также связанным с родовым бытом, могут служить родовые тамги, т.е. знаки родовой собственности, налагаемые приемущественно рода и его членов и употребляемык в виде гербов, печатей, взамен подписей и т.д.»,– деп жазады Н.А. Аристов алғашқылардың бірі болып түрік халықтарындағы таңбалар жайлы зерттеулер жүргізді. Кейінгі таңба туралы зерттеушілер көбінесе таңбалардың пайда болуы жайында Н.А. Аристовтың таңбаның жеке меншікке қатысты шыққандығы туралы пікірді қолданады. Бұл пікірді жоққа шығаруға болмайды. Алайда таңбалардың қолдану аясы Н.А. Аристовтың өзі көрсеткендей өте кең ауқымды қамтиды. Таңбалардың әсіресе гербтерге (елтаңба) белгіленуі бұл елдіктің, сол мемлекеттің немесе ру мен тайпаның өзіндік ерекшелігі мен еркіндігін де байқатады. Мемлекеттілік болу үшін қажетті белгілер елтаңба, территория, басқару органдары т.б. көне Еуразия халықтарында сақталды. Көне ру-тайпалар белгілі бір елдің құрамында болған уақытта да өз таңбаларын сақтап қалып отырды. Таңбалардың рәмізге қатыстылығы жайында Ә.Қайдар: «Рәміз деп отырғанымыз – түркі, моңғол т.б. Алтай тобына жататын көшпелі тайпалар мен ұлыстардың тұрмыс-салтында сонау көне замандардан келе жатқан, о баста көшпелі елдердің мал шаруашылығына қатысты меншіктілікке, одан дамып, аталық, рулық, тайпалық ұлыстық жіктелуге байланысты пайда болған сол мемлекеттілік пен өзара жіктелуді тұрақты түрде айқындап, айыру үшін зеректікпен ойлап табылған символдық белгілер»,– деп көрсетеді. Зерттеуші Ғ.А.Меңлібаев: «Таңбалар әрбір жеке тайпаларды танып, түстеп беретін коды. Сол белгі арқылы пәлен деген түсінікті екінші, үшінші жақ алады. Малға басқан таңба пәлен тайпаның малы деген ақпарат алады. Ал, біздің рәміздеріміз (герб), тікелей тотемге (киетекке) байланысты екенін көпшілік біле бермейді. Киетек (тотем) деп аталған ұғым тайпалардың намысына, арына тікелей байланысты болды»,– деп жазды. Таңбалардың көшпелілер арасында ерекше киелі қасиетке ие екендігі туралы Л.Р. Кызыласов: «Жергілікті халықтардың қасиетті мерекелерде таңбалар салынған жартас маңында құрбандық шалып, өздерінің таңбаларын қалдырады»,– деп келтіреді. Қара теңіз жағалауындағы таңбалар тарихын зерттеген В.С. Драчук: «Өте сирек жағдайларда таңбалар алғашқы ата-балалар тотемі бейнесінде»,– болғандығы жөнінде жазады. Таңбалардың жалпы түрік халықтары арасында киелілік маңызы ерекше. Қазақ халқы да таңбаларға ерекше мән беріп, киелі деп ұғынған. Соңғы уақыттарда ру-тайпалар таңбаларын түрлі тұтыну заттарына салу, тағы басқа да орындарға бей-берекет қолдану кездеседі. Бұл әрекет ата-бабаларымыздың киелі санаған белгісіне деген құрметті аяқ асты етумен бірдей деп айтуға болады. Көшпелі халықтарда төрт түлік малға оның ішінде жылқыға таңба салу әдісі тіпті күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

– Бұндай таңбалар тек қазақтарда ғана болған ба? Әлде тұтас түрк халқтарында да осындай таңбалар қолданылған ба?

– Ру таңбалары түрк және моңғол халықтарына тән ерекше нышандық белгілер болып табылады. Таңбалардың географиялық таралуы да кең аумақты алып жатыр. Таңбалар қазақ, қырғыз, башқұрт, азербайжан, моңғол, өзбек, карачай, балкар, осетин, шешен, ингуш, тағы басқа да халықтарда кең тараған. Тіпті ХІХ-ғасырда ру таңбалары туралы зерттеу жүргізген Н.А. Аристов еңбегінде түркі тайпаларының таңбалары өздерінің көптеген белгілері жағынан Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Колифорниядағы жартастарға салынған таңба-белгілерге өте ұқсас екендігі айтады. Ру таңбаларын зерттеу арқылы тек қазақ руларының тарихы ғана емес түркі халықтарының арасындағы да тарихи-туыстық қатынастардың барлығына көз жеткізуге болады. Н.А.Аристов ру таңбаларының тарихи маңызын айта келе түркі халықтарының арасындағы тарихи байланысты анықтауға болатындығына көз жеткізеді: «... тамги – осебенно когда они будут собраны и изучены у возможно большого числа тюркских племен и народностей, сохранющих кочевой образ жизни и родовой быт, – могут служить весьма важными указателями этнического состава племен и родов»,– деп жазды. Енисей бойында табылған, қазақ жеріндегі Таңбалытас, Қырғызстан жеріндегі Тамғабел т.б. көптеген аймақтарда табылған көне ру таңбалары бедерленген есткерткіштердегі ұқсастықтар тарихи байланысты аңғартады. Таңбалардың таралу аймақтарына қарай отырып түркі халықтарының кең алқапты алып жатқандығына және таңбалар бедерленген аймақтарда өмір сүргендігін дәлелдейді. Белгілі археолог С.В. Кисилев та Ениесей бойындағы бітік жазудың таңбалармен тығыз байланысы барлығы туралы пікір білдірген.

Башқұрт халқының таңбаларын зерттеуші Р.Г. Кузеев таңбалар тарихын зерттеу арқылы түркі халықтарының тарихи байланысын анықтауға болатындығына көз жекізеді. Башқұрт ру құрамында қазақ руларының аттары жиі ұшырасады. Мәселен: қыпшақ, табын, қаңлы т.б. қазақ жүздері құрамына кіретін негізгі ру аттары башқұрт халықтары арасында да кездеседі. Кіші жүз құрамындағы тамалардың ру таңбасы ІІ екі алып таңбасы, қаракесек руының босаға таңбасы П, кіші жүз тілеу руының ашамай таңбасы, Х жағалбайлы руы таңбасы T, башқұрт ру таңбаларында ұшырасады. Кіші жүз құрамындағы ру атаулары мен таңбалары да башқұрт халқының арасында кездеседі. Ал өз кезегінде қазақ руларының да арасында туыстық байланысты осы таңбалар арқылы байқауға болатын сияқты. Мәселен ұлы жүзде қыпшақ руының ІІ таңбасы тама ру таңбасына, қаракесек руының П босаға таңбасы орта жүздегі қоңырат руының таңбасына сәйкес. Ай таңба, ашамай таңбалар қырғыз руларында да жиі кездеседі. Кавказ халықтарында кездесетін таңбалар көне сармат және қазақ ру таңбаларының арасында да бар. Мәселен Т таңбасы карачай, осетин, балкар халықтарында да кездеседі. Таңбалардың бастапқы негізі сақтала отырып қосымша белгілер қосу арқылы туыстас ру таңбалары пайда болып отырады. Негізгі белгіге қарай отырып рулар арасындағы байланыстарды анықтауға болады.

– Мағыналы, әрі тың ойларға толы сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?