Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қазақ ренессансын басынан кешірген жалғыз тұлға»...

1657
«Қазақ ренессансын басынан кешірген жалғыз тұлға»... - e-history.kz

Біз естеріңізде болса порталымыздың алдыңғы санында «Миллениумдер немесе Абай хакім» деген тақырыппен жас абайтанушы, Еуразия Ұлттық университетінің PhD докторанты, Haileybury Astana мектебінің ұстазы, халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері (АҚШ) Ақниет Озатұлымен екеуара сұхбатымызды жариялаған болатынбыз. Мына әңіме сол сұхбатымыздың екінші жалғасы. Қазіргі замана шындығымен демдеп, кемеңгер болмысына барлау жасаған осы әңгімені өздеріңізге тағы да шын көңілімізден ұсынып отырмыз.

-Ақниет алдағы әңгімемізде сөз болған Абайдың «хауас салим» ұғымын ары қарай үстей түссең?

-Осы жерде мен хакімнің «Айнығыш ер» ұғымы туралы да айта кеткенді жөн санап отырмын. Абайда «Айнығыш ер тартса салқын, бал орнына берер у» деген өлең жолы бар.

«Айну» сөзі қазақ тілінде, «бір нәрседен тез қайту, жалығу»   мағынасында қолданылатынын білеміз. Ендеше «айнығыш ер» түсінігін толығырақ ашу үшін кейбір статистикалық дерекке бір үңіліп алсақ. 2019 жыл деректеріне сүйенсек үйленген жас жұбайлардың 4/10-і некеден кейінгі 3 жыл ішінде ажырасып кеткен. Осылардың көбісі «шын махабаттарын» тауып, романтикалық эйфорияда үйленгендер болып саналады. Бірақ статистикалық дерек басқа жаққа қарап сөйлеп отыр. Ең өкініштісі, мұның артында қайта үйленуге байланысты ішкі комплекстерге тұмшаланған жас пен ендігі ғұмырында толық отбасынсыз немесе өгейлік қамқорлықта өсетін жарымжан бала қалатынын ескеруіміз керек. Себеп көп: әлеуметтік жағдай, көзге шөп салу, туыс, қызғаныш, түсініктер, мінездер қақтығысы секілді дүниелердң айтуға болады. Ал ол ажырасудың үлкен себебінің бірі ретінде осы АЙНЫҒЫШТЫҚ  мінез жатқандығын атап өтпесек болмас.

Әңгіменің әлқисасына оралсақ «Айнығыш ер» түсінігін Абай орыс халқының белді ақыны Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын аудару кезінде алғаш қолданады. Шығарма сюжетіне қарасақ Онегин: «Пенде көрер бар қызықты көрген, жүргіш жігіт. Өзіне ол тұрғыдан оппозиция кейіпкер Татьяна келгенде, өзінің нәпсіқұмар екендігін мойындап бас тартады». Оны Абай осылайша суреттейді:

 

...Бүгін сүйсем, сені алсам – ертең жалқып,

Суып қайтар көңілім желше шалқып.

Қуартып, қайғыменен суалтамын

Біреудің қызыл гүлін тұрған балқып.

Алғаш қарағанда реальды өмірден алыс көркем шығарма көрінсе де, өмірде кезікпейтін ахуал емес. Атақты дат ойшылы Серен Кьеркегорда Регина Ольсеннен осындай жағдайда екіге айырылады. Сол Серен күнделіктерінде: шексіз жыныстық құмарлықтың артына түсу ішкі бостыққа, тұрлаусыздыққа әкелетінін ескертетіні бар.   Кей жігіттердің некеге дейін жүріс жасап, үйленгеннен кейін қоятын шығармын десе де, сол әдетін қайта жалғастыра беретін жағдайлар кезігеді. Ал бұл туралы буддизм дініндегі: «Бір құмарлыққа ие бол, ал ие бола алмасаң, ары қарай мың құмарлыққа ие болуға тура келеді» дейтін толғамы да бірден еске түседі.

Айнығыш ерлерге жолығып, алданып, ер күйігін тартқандар туралы :

Құдайдың толып жатыр күні бүгін,

Жігіттің тани алмай кемшілігін,

Бірі алып, қадірлемей, тастап кеткен

Тартып жүр қиянатшыл ер күйігін, – деп суреттеуі тап қазіргі ахуалдан

хабар беретіндей.

Шынтуайтында, ХХ ғасырдың екінші жартысында батыста болған сексуальды революция көп қатынастарды өзгертті. Қазір бізде бұл өмір салты, ұлттық түсінікті ығыстырып шығарып, доминатты күшке ие болып отыр. Сондықтанда біз Қазақстанда сексуальды еркіндік бар деп толықтай айта аламыз. Алайда соңғы кездегі әлеуметтанушылар АҚШ-та курорттық аймақтарда жастардың бей-берекет жыныстық қатынасқа түсуі, және де ол жерге барған адам міндетті түрде ондай орын алу керек деген стеоротипке сенетінін айтады. Бұл құрама штаттардағы отбасы институттарын қатты алаңдатып отыр. Сонымен қатар, психологтар: некеге дейін бірге тұру, азаматтық некеге қатысты көп негативті салдардың бар екенін айтып, дабыл қағуда. Сөздің қысқасы, қарт Еуропа демографиялық ахуалдың барынша асқынғанын білдіреді. Бірақ олардың бұл мәселеде еркіндікті қабылдауы бөлек екенін тағы да атап өтпесек болмас. Не десек те мәдениет пен болмыс екі бөлек.

Бұл жерде айтпағымыз қашанда әр нәрсеге талдау жасамас бұрын оның өзегін дәстүрге, дұрыс өмір тәжірбиесіне сынатып, негіздеп алған дұрыс. Сынау қайда,   дәл біздің хәлімізде осы сексуальды еркіндікті бейне бір 18+ кино тамашалағандай сырттан қарап тұрған ғана жайымыз бар. Тамырын дәл басар, әлеуметтанушылар, ғалымдар аузына құм құйылып отыр. Соған қарағанда қазіргі бұл «еркіндіктің» қайда апаратынын, қандай ықпалы болатын, нәтижесін көру үшін тағы бірнеше буын алмасуын күтуімізден басқа еш шарамыз да жоқ секілді.

Дәстүр демекші бұл қатынастар Абай шығармашылығында қалай өрнектелгеніне назар аударайық:

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!  

Сыртқы түрге ғана мән беру нәпсілік құмарлықтың нышаны. Адамда тән мен қатар жаны, рухы, мінезі, адамдығы, көзқарасы бар екенін мәлім. Жоғарыдағы келтірілген ажырасқандар колониясының көбеюінің түбінде осы тез қайтқыш нәпсілік қалаудың жатпағанына кім кепіл? Лапылдақ, әуелде алаулап тұрған «махабаттың», көп уақыт өтпей сөніп, жерініп шыға келетініміз неден осы?   Осы орайда бабамыз Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білігінде» айтылатын: «Сұлулықтан қырық күнде жалығарсың, сұлу мінезден қырық жылда жалықпассың» деген ойы еріксіз еске оралады. Ары қарай бұл ойын үстемелеген Абай:

Көп жүрмес жеңісқойлық, әлі-ақ тозар,

Жаңғырар жеңісқұмар, жатқа қозар.

Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,

Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар, – дейді.

Жеңісқойлық – инсан бойында бар қасиет. Мұның да жақсы жағы көп қой. Алайда   бұл мінез теріс арнада қолданылса Дон Жуандық аталып кететіні жаман. Міне, тығырық. Жалығасың, анығырақ сөйлесек нәпсің жалығады. Оның өзі табиғаты сондай. Бәріміз: «мен сені жақсы көрем» - деп айтамыз. Алайда «жақсы көру» танымға байланысты түсінік. Сөздің ішіне терең үңілейік: жақсы көрем. Қай жерін жақсы көруің керек? Мүмкін дене порымы шығар? Жоқ, мінезі, жаны, кісілігі мен қызығушылықтарын анық көру. Сол үшін романтикаға салынып ағыңнан жарылмастан бұрын қай жерін жақсы көріп (анық көріп) тұрғаныңды ойланып, бағамдап алуың керек шығар.

Әйтпесе Абай айтқандай:

Күйлеме, жігітпін деп үнемі ойнас,

Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.

Ер жігіт таңдап, тауып, еппен жүрсін,

Төбетке өлекшінің бәрі бір бәс.

Әрине, тез күйлегіш, ойнас болып шыға келуің өте оңай. «Онегиннің күйін кешпе, таңда, тап, бақытты қыл. Күшіңді нәпсіқұмарлыққа емес, сол адамды тануға сал. Обалға қалма» – деген емеуірін анық байқалады.

Себебі:

«Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй таңдап тауып, Көрсе қызар, күнде асық – диуаналық»-дейді хакім.

Көрсеқызарлық, көзге шөп салу, ең бастысы қиянатқа бару диуана «есердің» қылығы. Арты неге апаратынын, кім білсін? Абай ондай жігіттерді аямай, әрқашан сын тезіне салып отырады:

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ.

Сыртымен ғана әуре боп, ішкі бостыққа, мағынасыздыққа ұрыну. Құмарлықтың артына түсуді өнер санап, қиянатқа бару – сидаң жігіттің сипаты. Қазіргі ахуалмен бағамдап көрсек, шыныменде кей қазақ жігіттерінің белбеуі босап қалғаны жасырын емес. Ең қызығы біз «жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болу керек» деп көп айтамыз. Бірақ бір сәт тоқтап,сол сырлы болу деген жерін бір ойланып көрейікші? Хәкім түсінігінде ол: ішкі тереңдік, әрқашан өз ішімен жұмыс жасап, прогрес үстінде, бос мақтан, ыржаң-қылжаң ит мінезден аулақ болуы шығар.

Сол туралы:

Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,

Бойына майдалықпен сыр сақтаған.

Кей жігіт арсыздықпен, ұятсынбай,

Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған, – деп үстеп өтетіні бар.

Осы «айнығыштық» ұғымымен қатар Абай «ер тану» ұғымын да қолданады. Айнығыш ерге алданып қалмау жолы, осы ер тану ілімі.

Ерге барған, ер танымай,

Ер қызығын кім көрер.

Шығарына жол таба алмай

Қайғыменен босқа өлер, – дегені де осы болса керек. Ерді жақсы танып алмай тұрып, тұрмысқа шығу жоғарыдағы статистиканы ұлғайтып жіберуіңе де көп әсер етуі мүмкін. «Зергерді зергер таниды» – дейді ғой халық даналығы. Ол үшін әуелі: Нәпсі не? Құмарлық не? – деген сұрақтарға жауап беріп алу керек секілді. Хәкім айтқандай: Екі жол бар: бірі– ғашықтық болса екіншісі– құмарлық. Соңғысы–нәпсі үлесі, түбі – өкініш пен кейіс. Идеальды жағдайда «Ер қызығын» көруің керек. Ер қызығын көруде Абай енгізген жаңа лексикон бар.

Жүректен ізі кетпес, қызық көрсек,

Жақсылықты аямай жұртқа бөлсек.

Жақынның да, жардың да, асықтың да,

Бәрініңде қызығын көріп-білсек.

Жақсы сонда сол айнығыш ерлер не істейді? Олардың үлесі не деген сұраққа келсек. Әр нәрсенің өз теңі, тартар тезісі бар. Хәкім шығармашылығында олардың теңін:

Бұлардың кейбірінің мінездері –

Еш нәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.

Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,

Орынсыз адамдармен жыртақтаған, – деп анық түстеп, атап өтеді.

Бұл бір жағынан бұл аса тереңдікті қажет етпейтін, қарапайым мораль сияқты көрінуі де мүмкін. Шыныменде бұл дүниелер бір жағынан ӘДЕП мәселесі ғана. Алайда, қазіргі жағдайда қоғам үшін айтылуы керек, аса зәру мәселе деп ойлаймын.

-Трайбализм мен жершілдікі аға буынның ең үлкен қасіреті десек те болатындай. Осыдан қаншама талантты жас жапа шекті. Хакім өз шығармашылығында осы феноменге қатысты не дейді?

-Хәкімнің «Жер жүзінде екі миллиардтан астам адам бар» – деп басталатын қара сөзінде қазақтың достығы, дұшпандығы басқа халықтарға ұқсамайтынын және бір-біріне қызғаныш, қастық қылмай жүре алмайтынын көріп қатты налитыны бар. «Дос жылатып айтады». Ойымызша, хәкімнің сыны – бұл жерде орынды. Сөз басынан қарасаңыз әлемде басқа қаншама халық барын айтып, шыға ойлауға, салыстыруға шақырады. Алысқа бармай-ақ бұл қара сөз жазылған уақыт тарихына бір үңілейікші. Он тоғызыншы ғасыр соңы, әлем тарихында бұрын соңды болмаған ең үлкен Британ империясы салтанат құрып тұрған шағы. Сол уақытта Британ колонияларының аумағының үлкендігі сондай «Жерінде ешқашан күн батпайтын мемлекет» деген сөз қалған. Бірақ оның артында миллиондаған езгіден көз ашпаған халық жатқанында ұмытпауымыз керек.

Қазіргі кезде ағылшын тілін біріміз ықыласпен, біріміз зорлаумен, біріміз амалсыздан, итшілеп үйреніп жүрміз ғой. Әйтеу, соның бәрі бір жағынан осы алып империяның доминатты экспансиясының салдары. Себебі, ағылшындар Абай заманында тиімді дипломаттық жүйе қалыптастырып үлгерді. Оның артында ғылыми жаңалықтар: жылудан, судан энергия өндіруді игерді. Қалалар арасында темір жол қатынасы, телеграфтық байланыс орнатылды. Шәкәрім сол шақтағы қазақ ахуалын:

Жер жүзі жұмылғанда ғылым жаққа,

Қазақ жүр құмарланып құр атаққа... – деп суреттейтіні бар. Бірінің атының озғанына, балуанының жеңгеніне масаттанып, қуанбас нәрсеге қуанып жүрміз деп налитыны да осыдан хәкімнің. Қуанатын ештеңе жоқ, әліге дейін бір боксердің «әкем – орыс, шешем – корей, өзім – қазақпын» деуі ең үлкен ұлттық экстаз біреулер үшін. Тіпті кейбіреулерге өз халқыңды сүйуіңнің дәлелі: Мұхиттың арғы жағындағы сол боксердің жекпе-жегін ерте тұрып көріп, жанкүйер болуыңмен есептеледі. Осы екі қазақтың арасында парық бар ма?

Тарихты бағамдасақ: Ресей империясының «бөліп алда билей бер» деп аталатын,Тевкелеев заманынан бері сыналап жүргізілген трайбализмдік саяса рулық алауыздықтың күшейіуіне үлкен ықпал еткенін тарихтан білеміз. Шынтуайтында, Абай шығармашылығындағы қазақ әлеуметінің психологиясына отаршылдықтың әкелген кесепаттары үлкен зерттеудің жүгі деп ойлаймыз. Аталған рушылдық мінез әлі халқымыздың бойында бар. Себебі, әрегідік солтүстік пен оңтүстік т.с.с. бөліну. Жұмысқа алу кезінде руыңды, шыққан жеріңді ат тергеп сұрап жататын жағдайларға ұшырасамыз. Білік, жеке кәсібилік қасиеттер емес, айың оңынан туып, дұрыс жерде, дұрыс рудың өкілі болғаның, сәттілік есептелуі, ешбір логика мен ғылым түсіндіріп бере алмайтын үлкен парадокс.

Жастар арасында ауыл қазағы (бейресми аты мамбет) мен қала қазағы немесе южан, пингвин деген т.с.с. ат қойылып, айдар тағылып жатады. Шыныменде, бұл аса қауіпті үдеріс, бөлініске әсер ететін негізгі факторлар: жер, дін, ру, әлеуметтік мінез-құлық және ең бастысы – тіл. Бір мысал: осы әлеуметтік топтардың ішінде социумада әр түрлі саладағы ықпалы мен орны ескерілмей жүрген топтың бірі шетелден келген қандастар, немесе оралмандар. Әуелі бұл көш 20-ғасырдың алпысыншы жылдарында басталса, негізгі миграция тәуелсіздік алған жылдардың үлесіне тиді. Статистикаға сенсек миллионнан астам этникалық қазақ ата жұртына қоныс аударды. Аз сан емес. Жасыратыны жоқ, қазіргі өнерде, әдебиет, білім салаларында қазақ тілді контенттің алға жылжуына айтарлықтай үлес қосып отырғанда осы – топ. Тіпті алысқа бармай-ақ, сол алғашқы алпысыншы жылдары қоныс аударған қазақ көшінің ұлттық бірегейлікті сақтаудағы атқарған қызметі,   орны мүлде зерделенбеген. Қазақ елінің болашағы үшін әр әлеуметтік топ, құбылыс талданып, орынды, уақытында баға беріліп жұмыс жасалуы керек. Бұл Мерке сияқты форс-мажор қақтығыстардың алдын-алу үшін аса қажет дүние және ел саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Жоғарыда тіл үлкен фактор екенін атап өттік. Тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі көп полярлы тіл саясаты осы бөлініске әсер еткенін жасыра алмаймыз. Алматыда өскен Тимур мен Адель қазақ тілін білмесе де, қызмет атқарып жүрсе, сол Жұмабай мен Айгүл нан табу үшін орыс тілін үйренбеске болмайтынын жанымен ұғады. Бірақ мұның артында көптеген саяси, идеологиялық,тарихи себептердің жатқандығы баршамызға аян.  

Қазіргі заман суреті қандай? Осыны шама-шарқымызша бағамдауға тырысып көрейік. Жақында белгілі теле -журналист Дархан Әбдік өз сұхбатында рушылдықты сынай келе, одан ары ұлтшылдықтың өзі үлкен «ішкі комплекс» деген ала бөтен ой білдірді. Шынымен де, таңсық ой. Өкініштісі әдеттегідей айтылды, қалды. БАҚ-та немесе ғылыми айналымда бұл туралы сөз қозғалмады, дұрысы интеллектуальды дискурстық мәдениеттің жоқтығы тағы бір сыңай танытып өтті. Байқағанға бұл интертекстуальды тұрғыда Абай айтқан оймен сабақтасып жатыр. Бәріміз білетіндей қазіргі кезде ұлтшылдық түсінігінің өзі трансформацияға ұшыраған. Бүгінгінің кішісі ертеңгінің кісісі екенін ескере келе алдыңғы толқынға бір үңіліп көрейік. Қазір жұмыс барысында өскелең буын өкілдерімен   бірге жұмыс жасаудамын. Оның ішінде халықаралық мектептегі 40-қа жуық әр ұлттың балалары да бар. Байқағанымыз бұл ұрпақта көзқарас этникалық ұлшылдықтан гөрі азаматтық ұлтышылдыққа жақынырақ. Сондықтанда оларға экология қорушы: өз замандасы швед қызы Грета Тунберг сияқты тұлғалар ұлтшыл активистермен салыстырғанда анағұрлым танымалдыққа ие. Экология жауынгері (eco warrior), вегандық мәдениет, цифрлық аскетизм т.с.с. тенденциялардың шығуы да осыдан.

Асылында, жүздеген жылдар бойы отар болған біз сияқты халықта ұлтшылдықтың дифференциясы басқаша болу керек екендігі мәлім. Десек те, бұл мәселе либеральды қоғамда азаматтық ұлтшылдық негізінде қабылданып, адамның құқығының құрметтелуі, таңдау еркіндігі, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарға сүйенеді. Батыс осыған 20 ғасырдағы этикалық ұлтшылдық желеуімен жасалған (ариилік қан пропогандасы), миллиондаған адамның өмірін қиған қантөгістер мен геноцидттер негізінде келді. Бірақ қанша десек те, кез-келген құбылыстың екі жағы бар. Абай қара сөздерінде осының қайсысын сынады?

Ұлтшылдық дегеніміз не? Өз туған жерін, тарихын, халқын, мәдениетін, өнерін сүйіп, сол үлкен кеңістікке өзіңнің тән екеніңді түйсініп, бөлшегі екеніңді сезіну. Әрине, пайдалы жақтары өте көп. Қарапайым елдіктің символдары: елтаңба, көк туыңның асқақтағанын көргенде шаттануың, жүрегіңнің сол жағына қолыңды қойып тұрып «Біздің ел бақытты, Біздің ел осындай» – деп әнұранды шырқауың. Кейбіреулер осы патриотизмдік сезім үшін салық төлейді, сұранып әскерге барады (белгілі факт, екінші дүние жүзілік соғыста көп азаматтар жасын қосқызып өз еркімен қанды майданға аттанды), кейбіреулер меценаттықпен айналысады. Біреулер жалақысы төмен болса да, елге қызмет етемін деп: мұғалім немесе басқа да мамандықта қызмет етіп, альтуристік таңдау жасайды. Әркім өз деңгейінде патриотизмін көрсетеді: ақындар өлең шығарады, палуан күреседі, тіпті кей әншілер «Қазақ болып тумағанда, не етер ем? – деп ән шырқайды.

Бұл өзі саяси өте керекті, позитивті қырлары көп ұғым. Тарихи танымда бар мінез. «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» деген сөздің тамыры да осында. Кез-келген елдің бірегейлігін сақтау үшін керек дүние. Мысалмен сөйлесек ұлшылдық үкімет қолындағы үлкен топты жақсы жұмылдырушы қару сияқты дүние, жақсы мақсатта да қолдануға болады, барлығымыз тегіс индивидуалист болып кетсек не болар едік? Оны да қаперден шығармағанымыз жөн болар деген ойдамын.

Қаруды (ұлтшылдықты) шартты түрде қамшы деп алайық. Сенің бір көршің (басқа ел) бар, екеуің татусыңдар. Бірақ бір күні сол көршің қамшымен келіп сені сабай (әскери, экономикалық) жөнелсе қамшың жоқ сенің таяқ жейтінің хақ. Ең бастысы сол көршіңнің саған қамшы алып жүгірмейтініне деген сенім керек. Жаһандану дәуірі: келешекте шекаралардың болмайтынын, этникалық бөлініс тарихтың еншісінде қалады деп қаншалықты уәде берсе де, қазіргі орын алып жатқан саяси оқиғалар «қамшы» туралы бір ойлап қоюға емеуірін танытып отыр. Бірден-бір супердержава АҚШ-тағы өткен президент сайлауында Трамп мырзаның «Make America great again» ұлы американы қайта жасаймыз деген   лозунгы өз халқында үлкен қолдау тапты. Басқа да ірі державалардың ұлттық амбицияларының күшейуінен кей елдер (Сирия) саяси билігінен айырылып, халқы босқын болып кеткенін демократия салтанат құрды деген XXI ғасырда көріп отырған жайымыз бар. Қазіргі құрама штаттарға бәсекелес дәргейіне ұмтылып жүрген, көрші Қытай мемлекетінде өндіріс еселеп дамып (парникалық газдардың үштен бірі осы елдің үлесінде), қоршаған ортаға зарар беруде. Бұл текетірес КСРО мен АҚШ арасындағы ядорлық қару жасау жарысу сценариін еске түсіретіні де жасырын емес. Жоғарыда айтылғандай сенім жоқ, бірі тоқтап, екіншісін күтіп тұра алмайды.   Оның арты экономикалық жарысқа ұласып, жалпы homo sapiens-ке ортақ жер ғаламшарының экологиясына үлкен қауіп төніп тұр. Зерттеулер соңғы жүз жылда адами факторлардың әсерінен жануарлар дүниесінің 60 пайыз популиясының азайғанын ескере келе (BBC, our planet І ), 2050 жылға қарай Арктика мұздықтарының еруінің салдарынан Ақ аюды немерелеріміз   (динозаврларды көргендей) суреттен қана көріп отыруы мүмкін дейді.

2012 жылы солтүстік жарты шарда соңғы мыңжылдықтағы ең жоғары ауа температурасы тіркелді. Сол өндірістік жарыстан бөлінген парникалық газдардың әсерінен 2021-2022 жылы ортақ ауа температурасы күтілген 1 целсиға емес, 1,5 градусқа көтеріледі деген болжам жасалуда. Мұның артында биоалуандылыққа орасан зор зиян, және көптеген апаттардың келетінін айтып ғалымдар дабыл қағып отыр. 2015 жыл әлемдік жылынудың алдын-алу үшін жасалған Париж келісімнен АҚШ-тың шығып кетуі эколог мамандардың үрейін туғызды. Жануарлар дүниесі бір бөлек, ғаламдық жылынудан әсіресе үшінші әлем Африка және Азия мемлекеттеріне (құрғақшылық, су басу, топырақ эрозиясы т.б.)   үлкен табиғи, азық-түліктік катастрофалар әкелуі мүмкін екендігі ойландырады. Байқасақ ұлттық амбициялардың күшейуінің өзі үлкен ғаламдық проблемаға айналды. Қазірде Илон Маск сияқты пассионар тұлғалар біз келешекте Марсты клондаймыз деп ұран көтеріп жүрсе де, мұны таза ғылыми аналитика, адам қолымен қандай жағдай жасалса да Марста өмір сүру уақытын 1-мили секундқа да өзгерте алмай отырған жайы бар, тіпті 0,0001 % мүмкін емес екенін айтуда. Шынымен де, бұл үшін эволюция қайта жасалып, адам ауамен дем алмайтындай болуы керек. Түсінгеніміз бізде бір-ақ өмір сүре алатын территория бар. Ол – жер. Басқа мүмкіндік жоқ. Қазіргі буын азаматтық ұлтшылдыққа жақын болуының да сыры осында. Аты шулы Ninety One тобы айтқандай «Жеті миллиард бір бүтін ел» бола аламыз ба, әлде жоқ па? Уақыт еншісіндегі сұрақ.

Хәкім пікірлеріне келсек,

түсінігімізде ол этникалық ұлтшылдыққа қарсы. «Екінші қара сөзіндегі» қазақты басқа ұлттардан артық санаудың қате екендігіне тоқталатындығы да сондықтан. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» немесе қара сөзіндегі «Адам баласына адам баласының бәрі – дос». Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне хаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?... Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?» – деуі хәкімнің тек қазақ қарындасы үшін ғана емес, жалпы адамдық құндылық идеясына жақын екендігін тағы бір көрсетеді. Ұлтшылдық пен рушылдық Абай сын тезіне салған, ұлт бойындағы бар мінез. Мүмкін бағымыз, мүмкін сорымыз әлі де бар. Сол ағайыншылық кәсіби қарым-қабілеттен асып өтіп: «Бәке, Сәке, Тәке» атанып, кланданып, рушылданып, жершілденіп тұрғандығы жаныңды қынжылтады. Ал бұл бәсекелестік ережесін аттап өтіп, дамуды алапат регрессиға ұшыратып тұрғандығы баршаға аян. Абай мұны «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады» дейді.

                                             

(жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?