Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көпес Ушаков және Қарағанды көмірі

2755
Көпес Ушаков және Қарағанды көмірі - e-history.kz

Қала мәртебесіне Қарағанды 1934 жылдың ақпанында ие болды. Алайда осыған себеп болған оқиғалар әлдеқайда бұрын, БОАК (ВЦИК) Төралқасының қаулысы шыққанға дейін жүз жыл бұрын болған. Қарағанды өз атауын қайдан алды, қарағанды көмірін бірінші болып кім тапты және бұл ретте көпес Ушаков қандай рөл атқарды, бұл жайында Qazaqstan Tarihy порталы әңгімелемек.

Қарағанды қаласының атауы жергілікті флорамен тікелей байланысты деп есептеледі. Ақмоланың оңтүстік-шығысындағы елді-мекенде ежелден-ақ бетеге, жусан мен қараған қалың өскен. Құнарлығы аз, сортаң жерде тікенек қараған көбірек өскен. Сондықтан да тұтастай осы елді-мекенді қазақтар «Қарағанды» деп атаған. Қарағандының тарихы қарағанды көмір бассейнінің табылу, оның қазылу тарихымен тығыз байланысты. Қарағанды көмірін кім тапты деген сұраққа қатысты бірнеше көзқарас бар. Олардың алғашқысы бақташы бала Аппақ Байжановтың есімімен байланысты, оның құрметіне 1999 жылы Қарағанды облыстық өлкетану музейінің кіреберісіне ескерткіш қойылған. Бұл аңыз бойынша 1833 жылы Қарағандыбасы шатқалындағы суыр індерінің бірінің жанынан, қазіргі Северная шахтасының аумағында, бақташы Аппақ Байжанов жануы жақсы қара тастарды тауып алады. Көп жылдар өткен соң жазушылар Мәжит Дәулетбаев пен Абдолла Асылбеков Қарағандыда Аппақтың туыстарының бірі Омар Байжановты кездестіреді, соның сөзінен әлемге Қарағандыны ашқан адамның өмірбаянын жазып алады. Бұл мақала 1932 жылы республикалық газеттердің бірінде басылып шығады да, Аппақ Байжановты қарағанды көмір бассейнін ашқан алғашқы адам қылады. Осыдан жиырма жыл өткеннен кейін, 1953 жылы, «Оянған өлке» романында Ғабит Мүсірепов осы аңызды қайталайды: «...Игіліктің қойын бағып жүріп, Байжанның баласы Аппақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Салпақтатып суырын, қойнына толтырып тас кемірін əкесіне əкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, əр жағы сіресіп жатқан тас көмір екен. Содан бастап әр күз сайын Байжан өзінің жомарт қолымен туыстарына қап-қап көмір таратып беріп отырған».

Жалпы бақташы бала Аппақ туралы аңыз кейін Қарағанды туралы барлық әдебиетте қайталанып отырады, кейін Аппақтың атмен көмір шахтасы, Курьянов кентінде көше, Қарағандыдағы қазіргі Нұркен Әбдіров атындағы даңғыл аталады. Алайда Аппақ Байжанов есімімен қатар Қарағанды қаласының тарихында көпес Никон Абрамовия Ушаковтың есімі де жиі қайталанып жүр. Кеңес уақытында оны алғашқы ашушы деп атай қоймас еді, өйткені ол көпес болған әрі пролетариаттың жауы болып саналған. Дегенмен сонау 1928 жылы академик Қаныш Сәтпаев қарағанды және сарань таскөмір кен орындарын тап осы кісі ашты деген пайым жасаған. Зерттеушілер Батыс Сібір және қырғыз округтеріндегі түрлі кендер мен металдарды іздеп, қазуға құқық беретін алғашқы рұқсат куәлігін Ушаков 1846 жылдың сәуірінде алған деп атайды. Бір жылдан кейін, шілде айында, ол Петропавлдан Сарыарқаға экспедициямен келіп, Соқыр өзенінің бойындағы Саран көмір кенін қазуға өтінім береді. Кейіннен оның жолы болып оңтүстікке қарай, Нілді мекенінен, мыстың бай кен орнын табады, көп жылдар өткеннен кейін бұл жер Успен мыс кен орны деп аталады. 1848 жылы Ушаков Нілді шатқалы мен Саран көмір кенін сатып алады. Бір қызығы, табылған тас көмірді Ушаков мыс балқыту үшін пайдалана алмаған, өйткені ол кезде мысты тас көмірмен тек Еуропада (атап айтқанда Англияда) ғана балқытқан, ал Ресей аумағында мыс қорыту зауыттарында мысты ағаш көмірімен ғана балқытқан. Бұл үшін өте көп ағаш керек еді, егер де Батыс Сібір мен Оңтүстік Оралда бұл жағынан еш мәселе болмаса, Сарыарқа даласында бұл өте қиын шаруа болатын. Ушаков Саран кен орнында табылған көмір үлгілерін Барнауылдағы зертханаға жібереді, ол жердің бұл көмірдің мыс қорыту ісінде қолдануға жарамсыздығы анықталады. Саран кен орнының көмірі жарамсыз деп табылғандықтан, 1854 жылдың тамызында Ушаков Петропавлдан барлау партиясымен шығып, 1 қыркүйекте Қарағандыбасы шатқалына, Көрпекті өзенінің жоғарғы жағына, қазіргі Майқұдық жанына, келіп тіреледі, сол жерден тағы да іздеу жұмыстарын бастайды. Көп ұзамай Ушаковтың экспедициясы тағы да бірнеше көмір қабатын табады. Осы оқиғаның құрметіне орай Ушаков өтінім бағанын қойып, оған былай: «1854 жыдың үшінші қыркүйегінде ашылған, петропавлдық екінші гильдия көпесі Ушаковқа тиесілі кен орындарының бастапқы пункті»,- деп жазады. Бұдан әрі Ушаков осы жердің иесін тауып алады. Жер иесі Өтепов деген бай екен. 1856 жылғы 14 наурызда қала үшін есте қаларлық оқиға болды: Ушаков Өтеповтан Қарағандыбасы шатқалындағы ұзындығы мен ені он шақырымды құрайтын жерді онда өсетін барлық өсімдігімен және жер байлығымен бірге 255 рубль күміс ақшаға сатып алады. Бұл жердегі көмір көлемі туралы ол кезде Ушаков та, Өтепов та білген емес. Мәміле жасалғаннан кейін, сол 1856 жылы Өтеповтан сатып алған аумақта Ушаков басқаша «Қара-забой» аталған Иванов разрезін пайдалануды бастап кетеді. Осы жыл қарағанды көмір бассейнінің қазыла басталған жылы деп саналады. Бір жылдан кейін, 1857 жылы, Ушаков Спасск мыс қорыту зауытын салуға рұқсат алады. Ушаков аса ауқатты көпес болмаған, сол себепті де бұндай көлемдегі өнеркәсіпті жалғыз өзі алып жүру қолынан келмес еді. Сондықтан да ол үлескер ретінде әріптестері, алтын өндіруші көпестер Рязанов, Зотов және Севастьяновтарды шақырады. Өнеркәсіптегі ең аз үлес Ушаковтыкы болған. Ол ұйымдастырушы, осы кәсіптің иедялық шабыттандырушысы болған, ал қалған үшеуі оған өз қаражаттарын салған. Іс оңынан болды: зауыт өте жоғары сападағы мыс шығара бастайды, сапасы жағынан ол тек нижнетагильдік Демидовтар зауыты шығаратын мысты ғана алға оздыратын. Зауыт біраз уақыт жұмыс істеп, пайда әкеліп отырған. Тарихшылардың зерттеулері бойынша, Рязановтың қайтыс болуымен Ушаковтың кәсібінің ақыры басталады. Мұрагерлік құқына сәйкес, Рязановтың үлесі оның жесіріне өтеді, замандастарының айтуынша ол әйел өте жігерлі, өктемшіл, тіпті қатыгез адам болған екен. Осыдан кейін көп ұзамай белгісіз бір себептермен өзінің пайларын Рязановаға сатып Севастьянов та үлестен шығып, жоқ болып кетеді.бұдан кейін жарна төлемегені үшін Зотов та шығарылады. Осылайша қажетті тамыр-танысы мен байланысы және капиталы бар Рязановамен Ушаков бетпе-бет жолығысады. Рязанова бұның ізіне түсіп, ақыры бұның жинаған қаржысын құртады. Ол Ушаковты барынан айырып, жалғыз ғана үйі қалған Ақмолаға оралуына мәжбүр етеді. Егде жасқа келген ол жаңа іс бастамақшы болады, алайда бұнда да Рязанова оған тыныштық бермей, Ақмоладағы мүлкін тартып алады. Сөйтіп Ушаков туыстарының қолында тұрып жатады. Ол ақырына дейін күресті. 1874 жылы ол Екатеринбург көпесі Михаил Телегиннің қаржысына жаңа акционерлік компания құрады. Олар Орталық Қазақстанға жаңа экспедиция жасап, таскөмірдің тағы да үш кен орнын, үш мыс кенін тауып, Ақмолаға оралады. 1874 жылдың екінші қазанында Ушаков Ақмола уездік басқармасына өтінім береді, алайда сол жылғы 19 қарашада қайтыс болады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?