Жайық өзені кеңістігін көптеген ғасырлар бойы көшпенді тайпалар мен халықтар мекендеді. Ерте замандарда бұл жерде сақ, сарматтар тұрақтаса, біздің дәуірімізде түркі тілдес мемлекеттер пайда болды. XIII ғасырда монғол тайпалары осы өңірдегі қыпшақтарды бағындырып, өз мемлекетін құрды. Кейін XV ғасырда монғол империясы өз-өзінен ыдырап, бірнеше ұсақ хандықтарға бөлінеді. Нәтижесінде ХVІ ғасырда Жайық бойын түркі тілдес халықтар ноғайлар мен қазақтар бірігіп жайлаған. Бірақ бейбіт өмір ұзаққа созылмады. XVII ғасырдың бас кезінде ел тұтастығын сақтай алмай, өзара қырқысып жатқан қалмақтардың бір бөлігінің орыс мемлекеті бодандығына өте бастауы байқалды. 1628 жылы Жоңғар аймағынан шыққан қалмақ көші 1629 жылдары Ембі өзеніне, 1630 жылы Еділ өзеніне жетті. Қалмақтар жергілікті жерлерде ноғай руларымен қақтығысып, оларды ығыстыра бастаған. Осылайша Ембі, Ойыл өзендері бойынан Нарын құмы мен Боғда тауына қарай көшіп-қонған қалмақтарға қатысты Ресей өкіметі 1655 жылы сәуір айында арнайы Жарлық шығарып, Еділ-Жайық өзендері аралығынан жер берді. Кейіннен Еділ қалмақтары түрлі саяси-экономикалық себептерге байланысты 1771 жылы тарихи Отаны Жоңғарияға қарай үдере көшті. Ал 1801 жылы Еділ мен Жайық аралығына Кіші жүздің қазақтары ресми рұқсат арқылы өте бастады.
Жайық өзені бойындағы елеулі тарихи оқиғалар қарапайым халықтың еркіндікке ұмтылған 1773-1775 жылдардағы Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісімен бастау алады. Жайық бойында крепостнойлық езгіден әбден титықтаған шаруалар Пугачев туының астына жиналды. Оған ұлттық азаттықты аңсаған Сарытау, Орал, Поволжье өлкесінде тұратын қазақ, қалмақ, татар, башқұрт, тағы басқа түркітілдес халықтар да қосылды. Қазақтардың Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысуы кездейсоқтық емес.
1773 жылы 20 қыркүйекте Пугачев қазақ жұртына көтерілісшілерге 200 адам беру жөнінде үңдеу тастайды. Сол жылдың қазан айында Досалы сұлтан өзінің ұлы Сейдалы бастаған жігіттерінен жасақталған отрядты Пугачевтің қарамағына жібереді. Айтулы оқиға жеңіліспен аяқталсада халық еркіндігі мен теңдігі күресінің бастамасы болды.
1783 жылдың тамыз айында Жайық казактары Сырым мен Нұралы хан ауылдарын тонау жорықтарын бастады. Нұралы хан Сырымның ел арасында беделі жоғары екенін білгендіктен, оны орыстардың түрмесінен босатып алады. Сырым темір тордан шыққан соң халық көтерілісінің қарқыны үдей түсті. Бұл уақытта патшаға қарсы бас көтеруден қорыққан Нұралы Сырымға қарсы шығып, Ресейді көмек беруге шақырады. Осы кезден бастап Сырым батырға екі жаумен бірдей шайқасуға тура келеді. 1784 жылы Сырым Сағыз өзенінің бойында Нұралы ханға шабуыл жасағанда, ол орыс-казак бекіністеріне қашып құтылды.
1785 жылы Сырымның үзеңгілестері орналасқан аудандарда – Орал (Жайық) бекінісінің төменгі жағында ірі шайқастар болды. 1783-1785 жылдары қазақтың байбақты, табын және тама руларының жайылымдық жерлерін казактар басып алған соң, қиян-кескі ұрыстар болып өтті. Бұл кезеңде Кіші жүздің батыс аудандарында стихиялы көтерілістер басталды, олар Жайық пен Ембі өзендері арасында көшіп-қонып жүрген руларды да қамтыды. Қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып, патша өкіметі тікелей ру старшын дары мен келіссөздер жүргізе бастады. Бір жағынан, бұл саясат қазақ даласындағы хандықты жою мақсатында жүргізілді.
Жайық бойына жан бітірген тарихи оқиғалардың бірі Бөкей ордасының құрылуымен тығыз байланысты. Ресей империясы барлық жағынан кеңіп келе жатқан кез еді. Көршілес елдердің жерлерін басып алып, оларды ресейлік губернияларға айналдырды. 1795 жылы Польша королі тақтан құлап, королдіктің орталық бөлігі толықтай аннекцияланды. Дәл осы жылы Курляндия герцогы да тағынан тайды. Міне, осындай тарихи оқиғалардың тұсында, яғни 1801 жылы Бөкей ордасы құрылды. Бұл кезде Грузия аннекцияланып, Багратиони династиясының ғұмыры үзілді. Бұл екі ел байырдан келе жатқан христиан династиялары болатын. Ал бұл керісінше, Ресей империясы ерікті түрде үлкен территорияны Бөкейге берді.
Бөкей хандығы құрылғаннан кейін Жайық бойындағы жер қатынасында әділетсіздіктер орын алды. Жәңгірдің ағасы Меңдігерей Бөкейханов ханның төңірегінде жүрген сұлтандар Мұсағали, Шыңғали Ормановтар, Балқы Құдайбергенов т.б. шұрайлы жерлерді иеленді. Сонымен қатар Ішкі орданың халқы Орал казак-орыстарынан да қатты қысым көрді. Жайық өзенінің жағалауына адам жолатпады. Қазақтарға Жайықтан балық аулау түгілі су ішуге, мал суаруға рұқсат етпей, өзенге он шақырым жақындауға тыйым салынды. Ал, ол жаққа жайылып бара қалған малды айдап алып, иеленіп кетіп отырды.
Мінеки, осындай жер қатынасындағы әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырды. Бұл жағдайлар 1836-1838 жылдары халықтың көтеріліске шығуына әкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік жасады. Көтеріліс алғаш әр жерде ұйымдаспаған наразылықтар түрінде байқалса, кейіннен біріккен күшке айналып, ашық қарсылыққа ұласты. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші бұқара халық болды. Бөкей хан 1812 жылы Жайық бөлімінің старшыны Жабал Бегалин қайтыс болған соң орнына Исатайдың жақын серігі М. Өтемісұлын тағайындайды. Махамбет жасынан ақын ретінде қалыптасып, әрі татар және орыс тілдерін үйренеді. Ол Жәңгір ханның баласы Зұлқарнаймен бірге Орынборда да тұрады. Жәңгір хан Махамбетті сарай ақыны жасауға тырысады, бірақ арадағы қарым-қатынас өзгеруіне байланысты Махамбет 1828-1829 жылдары өз ауылына кетіп қалады. Одан соң шекаралық үкімет тарапынан «Еділ арқылы құпия өткені үшін» деген айыппен қамауға алынып, екі жылдай қалмақ қамалында болады. 1831 жылы онда тырысқақ (холера) эпидемиясы басталғанда қашып кетеді. 1834 жылы Жәңгір хан Махамбетті старшындыққа тағайындайды, бірақ бұл тағайындауды Шекаралық комиссия бекітпейді. Жайық бойындағы жер иелену мәселесін шешуде Исатай мен Махамбет бабаларымыз бастаған қарсылықтың мәні зор.
Беріге келсек күнбатыс Алаш Оорда, Батыс Алаш Орда – ХХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан аймағында орнаған ұлттық-мемлекеттік пішімдегі автономиялық құрылым. 1918 жылы қыркүйекте Уфа Директориясын құру мәжілісіне Алаш Орда үкіметі тарапынан 12 делегат қатысты. Олар 11-інші қыркүйекте автономиялық үкімет төрағасы Ә. Бөкейханның және Халел, Жанша Досмұхамедовтер (Орал), Бақтыгерей Құлманов, Уәлитхан Танашев (Бөкей ордасы), Сағындық Досжанов (Орынбор), Есенғали Тұрмұхамедов, Бижан Жанқадамов (Ақтөбе), сондай-ақ Ахмет Бірімжанов (Торғай), Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышпаев (Жетісу) сияқты үкімет мүшелерінің қатысуымен төтенше мәжіліс өткізді.
Мәжілісте Алаш автономиясының жергілікті басқару жүйесі туралы мәселені талқылап, бұрынғы «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметін тарату, оның орнына алашорданың батыс бөлімін құру туралы шешім шығарды. Ол ресми түрде «Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше» деп аталды. Оның төрағалығына Ж. Досмұхамедов сайланды.
Алаш Орда батыс бөлімінің әкімшілік құзыретіне бұрынғы «Ойыл уәлаятының» жеріне қоса Бөкей ордасының, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің (Торғай обл.) және Маңғыстау уезінің (Закаспий обл.) аумағы кірді. Яғни Уфа мәжілісінің шешімінен кейін бұрын «Облыстық қазақ комитеті», «Ойыл уәлаяты» аталған күнбатыс Алаш Орданың жер аумағы 2 есе өсіп, тұрғын халқының жалпы саны 1,5 млн. адамға жетті. Осы кезеңді зерттеуші кейбір тарихшылар Досмұхамедовтер ұйымдастырған халық милициясының құрамын ғана есепке алып, «Батыс Алашорда үкіметінің 2 мыңдай әскері болды» деген пікірге ғана табан тіреп келді. Шын мәнінде, сол кезде Бөкей ордасының Жаңақала, Казталов аудандары маңында Б. Құлманов басқарған үлгілі қазақ кавалерия бригадасы, Жайықтың оң жақ бетінде – Теңіз округі жерінде, сондай-ақ Жылыой, Рәкөш маңында Әубәкіров, Меңдіқұлов, Мұқан Көздекенов басқарған, Кетік (Форт-Александровск) қаласында Қадырбай Есмағамбетов, Әбуғали, Тәжіғали Таңқыбаев басқарған алашордашыл жасақтар құрылған.
Сондай-ақ Алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткен. Тіпті, қазақ ауылдарын «ақ» пен «қызыл» атанған әскерилердің талап-тонауынан қорғап қалу үшін атқа қонып, Нарын құмында белсенді іс-кимылымен аты шыққан әнші-композитор Өтеғали Арыстановтың жасақтары да алаш сарбаздарымен мұраттас-мұғдалас қарулы топтар еді.
Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Батыс Қазақстанның қосқан үлесі зор. Соғыс, бұл үлкен сынақ пен қасірет. Бұл соғыс халықтан үлкен күш-жігер мен табандылықты талап етті. Халық бүкіл күш-жігерін, еңбегін осы соғыстың жеңісіне салуға мәжбүр болды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен жалпы Қазақстан көлемінде жүргізілген саясатқа сәйкес Батыс Қазақстан да майдан жағдайына бейімделді. Ең алдымен, облыс тұрғындары жаппай мобилизацияландырылып, майданға алынды. Статистикалық мәліметтер бойынша соғыс қарсаңында, яғни 1938-1940 жылдары облыс бойынша 2552 адам әскер қатарында болса, ал соғыс басталған алғашқы айдан, 1941 жылы 22 шілде мен желтоқсанда – 22 943, 1942 жылы – 28 338, 1943 жылы – 13 373, 1944 жылы – 8 084,1945 жылы – 1335 адам әскер қатарына алынған. Жалпы 76 635 адам Отан қорғау сапында болған. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ майданға жіберуді сұрап, өз еркімен аттанушылар әскери комиссариаттарға өтініштерін өткізумен болды. Қызыл Армия қатарына ең алдымен әскери мамандығы бар, запастағы тәжірибелі коммунистер мен комсомолдар алынып, олардан борнетанк, әуе, атқыштар бөлімдері жасақталынды. Сонымен қатар, олардың біразына офицерлер училищесі мен полк мектептерінде қысқа дайындықтан өтуге жолдамалар берілді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ең сұрапыл шайқастарының бірі – Сталинград шайқасы. Совет Одағының экономикалық өмірінде аса маңызды орын алатын Каспий теңізінің, сол өңірдің, Кавказдың, Еділдің, Сталинград облысының табиғи байлықтарына көз салған гитлершілдер 1942 жылғы жазда оңтүстікке қатты шабуыл ұйымдастырған еді. Майданның ең таяу тылы болған Қазақстан, әсіресе, оның Батыс аймағы Сталинград шайқасының барысында әскери-стратегиялық және экономикалық тұрғыдан аса маңызды рөл атқарып, алып арсеналға айналды.
Батыс Қазақстан облысы соғыстан кейінгі тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында өз экономикасын дамытуда бірыңғай кеңестік жоспарлы жүйеге негізделген саясат аясында жүргізуге бағыт ұстанды. 1947 жылы ақпан айында өткен облыстық партия комитетінің Пленумында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М. Салин облыс еңбекшілерінің соғыстан кейінгі қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында Лениградтықтардың үндеуіне үлес қосатындығын, бесжылдықты «төрт жыл төрт айда орындау» үшін социалистік міндеттеме қабылдайтындығын мәлімдейді.
Сөйтіп, облыс еңбекшілері 1946-1950 жылдары аралығында өлкеде соғыс зардаптарын жоюға, оның ішінде өнеркәсіп орындарын бейбіт өнім шығаратын кәсіпорындарға айналдыру, ал ауыл шаруашылығында социалистік қатынастарды одан әрі нығайтуға назар аударады. Облыс өміріндегі 50-60 жылдардағы басты окиға – тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты жүргізілген шаралар, оның жетістіктері болып саналады. Батыс Қазақстан облысында тың игеруге дейін егістік жер көлемінің мөлшері 495 мың гектар, бұл барлық жыртылған жердің 30%-ы ғана болатын. Ал мемлекетке сатылатын астықтың көлемі ең қолайлы деген жылдардың өзінде 6 млн. пұттан аспайтын. Тың және тыңайған жерлерді игеру барысында облыс көлемінде қосымша 1,5 млн гектар жер жыртылып, астық дақылдары егілді, сөйтіп егістік жер келемі 1954 жылмен салыстырғанда 1960 жылға қарай 2,2 млн гектарға жетті. Батыс Қазақстан облысында бұл кезеңде 18 тың игеретін совхоздар жаңадан құрылды. Сонымен қатар 50-інші жылдардың аяғында экономикасы әлсіз, шағын колхоздар біріктіріліп, ірілендіріліп, жаңадан 47 совхоз дүниеге келді.
Ақ Жайықтың тасыған арнасының әр толқынында тарихтың көне ізі жатыр. Осы уақыт аралығында жайсаң Жайық нендей оқиғаны бастан өткізбеді.
Бүгінде Жайықтың әр иірімі мен толқыны сол тарғыл тарихтың қарт куәсі болып тұрғандай күйге қалдырады.
Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)