Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сәдуақас Боқаев - алғашқы қазақ математиктерінің бірі

2888
Сәдуақас Боқаев - алғашқы қазақ математиктерінің бірі - e-history.kz
Математика саласы бойынша қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаттарының бірі - Сәдуақас Хасенұлы Боқаев.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ  31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. 

Жалпы, зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.

Сол жылдары қазақтың бетке ұстар марқасқалары, интеллигенциясы ұсталып, атылып, жер аударылып, аттарын айту түгілі, еске алуға тыйым салынды. Қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болған сондай жандардың бірі - математика ілімі бойынша қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаты Сәдуақас Хасенұлы Боқаев туралы шағын мақала ұсынамыз.

Сәдуақас Хасенұлы - Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген тұңғыш қазақ, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазақтың тарихи білім ордалары Абай атындағы ҚазҰПУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-математика факультеттерінің негізін қалаушы. 

С.Х.Боқаев 1907 жылы 13 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. С.Хасенұлының қалыптасуына қалың халық арасынан шығып, барлық күш-жігерін қазақ халқының жаңа өмірге бейімделуіне жұмсаған ағартушы-педагог және ақын Тайыр Жомартбаев үлкен еңбек сіңірді. Тайыр Садуақастың әкесінің інісі. Екеуі де Тобықты ішіндегі Көкше руынан. Жомартбай Боқайдың алтыншы ұрпағы. Жомартбайдан Хасен мен Тайыр туған. Тайырдан – Масғұт, Өзбек, Моряк, Сағида, Халима; Хасеннен – Садуақас, Ербосын деген балалар өмірге келген. Кішкентай Садуақастың жаратылыстануға деген ерекше қабілетін байқаған тәжірибелі педагог оның алдымен Семей мен Зайсанда, одан кейін Орынборда білім алып, 1928 жылдан бастап оқуын одан әрі қарай Мәскеу қаласында жалғастыруына көмектескен. С.Боқаев сол кездегі ауыртпашылыққа қарамастан 1932 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің математика бөлімін табысты аяқтайды. Содан соң үздік бітірген санаулы ғана түлектер қатарында университет жанындағы математика және механика ғылыми-зерттеу институтына аспирант болып қабылданады.

Сәдуақас Хасенұлы өзінің еңбек жолын 1932 жылы маусым айында Қазақ педагогикалық институтында ассистент болудан бастайды. 1933 жылы С.Боқаев жоғары математика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. 1934 жылдың қыркүйегінде физика-математика факультетінің деканы болып тағайындалады. Осымен бір мезгілде доцент С.Боқаев жаңадан ашылған Қазақ мемлекеттік университетінде математика кафедрасының меңгерушісі қызметін де атқарды және онда жоғары математикадан лекциялар оқыды. Оқытушылық қызмет атқара жүріп, ол сан-салалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізді. С.Хасенұлы 1935 жылы 28 жасында Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы математика және механика ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертация қорғады. Осы кезеңде бұл оқу орнында Н.Е.Жуковский, Д.Ф.Егоров, Н.Н.Лузин, А.Я.Хинчин, И.И.Привалов, А.Н.Колмогоров т.б. сияқты аттары бүкіл әлемге әйгілі ғалымдар еңбек еткен еді. Осында С.Х.Боқаевқа физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі және доцент ғылыми атағы берілді. Ал 1936 жылы ол математика профессоры атағына ие болады. С.Х.Боқаев мектептер үшін оқу материалдарын дайындау ісіне де белсене ат салысты, математика оқулықтарына пікір жазды және оларды орыс тілінен қазақ тіліне аударды. Сол кездегі біздің республикамыздың түпкір-түпкіріндегі мыңдаған оқушылар математиканы осы оқулықтар бойынша оқып меңгерді. Доцент С.Боқаев тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор Ж.Асфендияров, М.Маркович және тағы да басқа әріптестерімен бірлесе отырып, Мәскеу мемлекеттік университетінің озат тәжірибелерін оқу процесіне енгізді. Болашақ академик О.Жәутіковтың дипломдық жұмысына жетекшілік етті.

Жас ғалым 1937 жылы 30 жасында репрессияға ұшырады, ал 1942 жылы айдауда қайтыс болды. Кей деректерде улап өлтірілді делінеді. С. Боқаевтың ғылыми-зерттеу жұмыстары:

1. Кез-келген аралықта жинақталатын қатардың қосындысы болатын функцияның құрылымдық қасиеттері;
2. Арнайы функциялар және олардың жалпы жағдайлардағы ерекше нүктелері;
3. Жалпы түрдегі кейбір анықталмаған интегралдарды интегралдау әдістері;
4. Конформдық бейнелеулер және олардың механикада қолданылуы.

ҚазПИ-де онымен қызметтес болған қазақтың көрнекті математикатерінің бірі С.А.Аяпбергенов математик-ғалымды былайша еске алады: «Сәдуақас Боқаев орта бойлы, кең маңдайлы, жанары өткір, батыл және ширақ мінезді, тартымды бет пішінімен ерекшеленетін адам еді. Ол көтеріңкі дауыспен айтатын, жағымпаздық пен жалқаулықты суқаны сүймейтін, бүкіл болмысымен тынымсыз еңбек етуге барлық уақытын өзі сүйетін іске арнаған азамат болатын».

Садуақас Хасенұлы Боқаев - дарынды математик, өзінің қысқа, бірақ жарқын да мазмұнды өмірінде қазақстандық математиктердің, педагогтардың инженерлердің, экономистердің, сондай-ақ еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының жаңа әрі жас толқынын дайындауға баға жетпес үлес қосқан ғалым. Сондықтан бүгінгі Қазақстанның өсіп-өркендеуінде қомақты үлесі бар, әсіресе математика ғылымының дамуына қосқан үлесі зор.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?