Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әбдісалан Нұрмаханов: Шәкеңнің кеуде көтергенін көрген емеспін

2508
Әбдісалан Нұрмаханов: Шәкеңнің кеуде көтергенін көрген емеспін - e-history.kz
Балалар мен Жасөспірімдер театрының фойесін, Максим Горький атындағы демалыс паркінің аллеяларын атақты боксшы Шоқыр Бөлтекұлының суреттерімен безендірілгенін, әрине, біз білмейтін едік

Самаладай жарқыраған прожекторлар Алматыдағы Ұлы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы спорт сарайының ортасындағы ақ шаршы рингке төне қалған. Бес мың орынға жайғасқан жанкүйерлердің у-шуы, төрешілердің, белгілі жаттықтырушылардың әбігері үлкен жарыс алдындағы қарбаласты сездіреді. Мұнда АҚШ-тың былғары қолғап шеберлері мен СССР құрама командасының кездесуі енді сәлден кейін басталмақ.

Осы жарысқа Қарағандыдан келген Ғалым Жарылғапов, жамбылдық Кеңес Омаровпен бірге әр нәрсені айтып, мәре-сәре болып тұрғанбыз.

Кенет қағілез Серік Әбдінәлиев иегімен арт жақты нұсқады да:

– Ана жақта Шоқыр аға отыр, – деді. Бәріміз Серік нұсқаған тұсқа қарадық. Алпыстың асқарынан асса да шашына әлі ақ қылау түспеген, қазақ боксының қарлығашы Шоқыр Бөлтекұлы жанкүйерлердің арасында отыр екен.

– Осы залдағы ең құрметті орын Шоқыр ағанікі ғой, – деді Кеңес.

– Шәкеңді ортаға әкеліп, жарысты көруге келгендігін залға хабарлау керек, – деп қоштады оны Ғалым.

Серік жүгіріп кетті. Ол қадірменді ағаны ортаға, жюри мүшелері отырған қатарға шақырып жатқандығын байқап тұрмын. Шәкең көнер емес. Екі қолын сілтеп азар да безер болып жатыр. Ақыры Серік оралды.

– Көнбейді, – деді ол. «Осы жерде-ақ рақаттанып көремін. Бокс жайлы әркімнің өз талғамы, өз ойы болуға тиіс. Мамандар арасына барсам «білгішсініп» мазамды кетіретіндер табылады», – деп бет бақтырмады.

Осы бір өте қарапайым, кішіпейіл адамның аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған. Шоқыр Бөлтекұлының есімін сонау елуінші жылдардың бас кезінде есіттім. Алайда тамаша спортшының есімі бокс әлемінде бұдан бұрын белгілі болған екен. 1932 жылы Алматыда ашылған алғашқы бокс секциясын жаттықтырған бозбала осы Бөлтекұлы Шоқыр болыпты.

Республикамыздың былғары қолғап шеберлерінің табысы қазір әлемге аян. Бірақ небір төбесі көкпен таласқан асқар таудың етектен басталатыны сияқты әр істің бастаушылары болады. Егер сондай алғашқы қарлығаштар болмаса бүгінгі атақты чемпиондарымыз да болмас еді.

Бір күні Шәкеңнің дастарқаны басында отырып әңгімелескеніміз бар.

– Шәке, өмір жолыңызды айтып берсеңіз, – деймін мен.

– Менің өмірбаяным өзің ойлағандай бай емес.

– Сонда да, – деп қиылдым.

– Дүниені дүр сілкінткен Ұлы Октябрь революциясынан бір жыл бұрын қарт Атыраудың жағасындағы Красноводск қаласында өмірге келіппін, – деді Шәкең. – Сол күні қалжа болсын деп көрші тұратын орыс балықшысы жас босанған анама бекіренің шоқырын әкеліп беріпті. Содан ырым етіп атымды Шоқыр қойыпты. Ата-анадан ерте айрылдым, бірақ Совет өкіметінің аялы қамқорлығының арқасында кенде болған жоқпын. Балалар үйінде тәрбиеленіп жүргенде сан өнерге құлаш сермедім. Спорт пен суретті де сонда үйрендім.

Жас өспірім Шоқыр екі өнердің қайсысын таңдасам деп ұзақ ойланыпты. Ақыры қатар алып жүруге бел буыпты. Жаттыға жүріп, қолынан қыл қаламды да тастамай, көргенін, ойға түйгенін қағазға түсіре беріпті.

Сол жылдары өзіміз жиі баратын Балалар мен Жасөспірімдер театрының фойесін, Максим Горький атындағы демалыс паркінің аллеяларын атақты боксшы Шоқыр Бөлтекұлының суреттерімен безендірілгенін, әрине, біз білмейтін едік. Адамдарға ләззат сыйлайтын, көркемдік әлеміне жетелейтін, астана салтанатына үлес қосқан көріністердің авторы екендігін айтып, Шәкең бірде-бір рет кеуде көтергенін көрген емеспін.

Шоқыр Бөлтекұлын 50 жылдық мерейтойымен СССР спортына еңбек сіңірген мастер Әбдісалан Нұрмахановтың құттықтап тұрған кезі (Суретті түсірген Дендербай Егізов. "Спорт" газеті, 1966 жыл)

Шоқыр аға СССР спорт шебері атағын республикамызда тұңғыш алған адам. Сонда спорттың қандай түрінен дейсіз ғой! Жекпе-жектер жайлы әңгіме қозғалғанда кез келген жасөспірімнің жанарынан жалын ұшқындап, делебесі қозатын бокстан алған.

Шәкең бокспен айналыса бастағанда Алматыда небәрі екі жұп қолғап болыпты. Соны алма-кезек киіп бір топ бала өнерге машықтаныпты. Сөйтіп, әрі алғашқы ұстаз, әрі бокстың тұңғыш қарлығашы болған ол отызыншы-қырқыншы жылдары рингкте республикамыздың намысын абыроймен қорғапты.

Белгілі былғары қолғап шеберлері: Евгений Огуренков, Николай Штеин, Георгий Вартанов сияқты бәсекелестерімен өткен жекпе-жектер оның шеберлігін шыңдады. Кейін ол «Динамо» ерікті қоғамы орталық советінің жүлдегері атанды. Өз бетінше жаттыққан әуесқой үшін бұл аз табыс емес еді.

«Шоқыр» спорттық журналы, 2015 жылғы №2 санынан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?