Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ хандығы тұсындағы дала заңдары

3407
Қазақ хандығы тұсындағы дала заңдары - e-history.kz

Ұланғайыр далада үстемдік құрып, бірнеше мәрте алып империя құрған сақ, ғұн секілді түркі тайпаларының өздеріне тән темірдей әскери тәртібі, таза адамгершілік жолына құрылған заңдары болғанын көбіміз ескере бермейміз. Берісін айтқанда Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы», бертіндегі «Абылайдың қара жолы» атанып кеткен дала заңдар жинағы қатаң әскери реформа, ұжымдық жауапкершілік, аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу,  бұйрыққа бағыну әрі оны сөзсіз орындау секілді құндылықтарға негізделген.

Қазақ хандығы да осы жүйе негізінде құрылды, дамыды. Қазақ хандығы дәуіріндегі билік жүйесі «Тағанақ кеңес» және «Тұрымтай кеңес» деп аталатын екі жүйеге негізделген. Белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің айтуынша, Тағанақ кеңесі жыл сайын немесе бірнеше жылда бір рет өткізіліп отыратын кең көлемдегі жиын болған. «Оған хандыққа қарасты елдің ең басты рубасылары, білікті билер, қолбасылар, жыраулар қатынасады. Онда хандықтың ірі істері талқыланып, ел ішіндегі үлкен дау-дамайлар жөнінде шешім жасалған. Алдағы жұмыстар, халықтық қорғаныс жұмыстары талқыланып, соған сай жарғылар қабылданған. Ел билеуші хан осы Тағанақ кенесте сайланатын. Ол сол елдің күнделікті жұмыстарын каруға, кеңес алдында есеп беруге міндетті», - деп жазады ол.

Ал Тұрымтай кенесі - шағын кенес болған. Ол айына бір рет немесе шұғыл шаруаларға байланысты апта, ай сайын бір өткізілген. Тұрымтай кеңеске хандықтың негізгі билері, он мыңбасылары, орданың басты билері, басты жыраулары, орданы қорғайтын төлеңгіттердің бас колбасылары, ханның орда жұмысына араласа бастаған балалары қатынасып отырған. «Бұл батыстың жоғары және темен палатасы сиякты билік органы еді. Мұны ел ішінде «Курылтай кеңес» және «Тұрымтай кеңес» деп те атаған. Казакта «әр елдің заңы - баска, иттері кара каска» деген сөз бар. Мұның өзі халқымыздың кадым заманнан бастап өзіндік заң-ереже ұстанып келгендігін дәлелдейді. Осыған сай әділ би, әділ хан, әділ билік жөнінде көптеген мақал-мәтелдер, жыр-аңыздар тараған. «Тура биде туған жоқ», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды», «Жаңылғанға жаза жоқ», «Барымтаға - қарымта» деген сияқты заңдық нақылдардың шығуы да тегін емес. Сонымен бірге халқымыздың Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Байдалы би сияқты небір көсілген көсем, шешілген шешен, от тілді, орақ ауызды сармойын билердің жыраңыздары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны, олардың айтқан әділ кесімдері ауыздан-ауызға тарап, халықтық салт-жосынға айналып кеткені де жұртқа мәлім. Мұндай заңдар әлемдік ірі заңгер Сенека деген адамның айтқанындай, жазылмаған кейбір заңдар жазылған заңдардан да қатаңырақ роль атқарып келген», - дейді З.Сәнікұлы.

Этнографтың айтуынша, қазақ хандығы дәуірінде жасалған заңдарға ислам дінінің ыкпалы біршама болған. Оның дәлелі ретінде дала заңдарындағы шариғаттык ережелерді айтуға болады. Бірақ соған қарамастан дала заңдары өзінің сахаралык сыр-сипатын сақтап отырған.

«Қасым ханның қасқа жолы»

Бұл жарғыны хандығының ең алғашқы ата заңы деуге болады. Оның негізін Қасым хан Жәнібекұлының (1445-1518) өзі қалаған. Мұнда ата дәстүрі негізінде мемлекет басқарудың жолы қарастырылған. «Қасым ханның қасқа жолы» немесе «Қасымның бас Жарғысы» деп аталған бұл заңдар жинағы 5 тараудан тұрған:  

1. Мүлік заңы. Мұнда жер, мал-мүлік дауының ережелері қаралған;

2. Кылмыс заңы. Кісі өлімі, ұрлык-қарлық, тонау, қарақшылық, шабуыл мәселелерін қамтиды;

3. Әскери заң. Аламан (жауынгер, сарбаз) әскери қосын, ердің кұны, тәртіп, басқару істері қарастырылған:

4. Елшілік заңы. Еларалық қатынас, елшілік сияқты мәмілегерлік жұмыстары;

5. Жұртшылық заңы. Ас, той, ел басқару, әдет-салт дәстүрлері, дін, тағы басқа да ел ішіндегі түрлі жағдайларды шешу істері осы заң арқылы біржақты, жайлы етіліп шешіліп отырған.

«Есім ханның ескі жолы»

Кейін бұл Жарғының ықпалы Есім ханның (1598-1645 жылдары хандық кұрған) тұсында тіптен күшейді.  «Қасым ханның қасқа жолы» заңы Мемлекеттік заң ретінде қабылданып ресми заң мәртебесін алды. Ұзамай аталмыш заң жүйесі одан ары толықтырды. Оны жұрт «Қасым ханның қасқа жолына» ұқсастырып «Есім ханның ескі жолы» деп атап кетті.

«Жеті жарғы»

«Әз Тәуке заманында (1680-1718) бұл заңдар одан әрі толықтырылып, жаңадан құқық тараулары енгізіледі. Әз Тәуке жаңадан «Хан кеңесі» және «Билер кеңесі» деген билік кеңесі органдарын құрып, оған әйгілі Төле би, Казыбек би, Әйтеке би сияқты ірі заңгер шешендерді қатынастырып, сонымен, кейінгі кезде қазақ сахарасының қолданылмалы заң жүйесі айналған атақты «Жеті жарғы» заңы дүниеге келеді. Мұны дүниеге келген уақытын ғалымдар 1684-1685 жылдары деп межелейді. Мұндағы «жеті» сөзі XV-XVI ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Қырғызстан жерінде дәурен сүрген Мұғұлстан мемлекетінде қолданылған «чете моғол» сөзімен байланысты болуы ықтимал. Сонда «Жеті жарғы» - «жеті тараулы заң» дегенді білдіруі де, сондай-ақ «чете моғол» сезi бойынша қуғанда «мемлекет заңы (жарғысы)» дегенді білдіруі де мүмкін», - деп жазады автор өз еңбектерінде.

Әз Тәуке заманында бұған дейінгі бес тараудан тұратын ережеге жесір дауы және құн дауы деген екі бап қосылады.  Сөйтіп құжат жеті тараулы толыққанды құжатқа айналады. Бұл заңдар ауыздан-ауызға, ұрпактан ұрпаққа жатталып, Абылай дәуіріне дейін жектен. Өкініштісі, бұл заңдардың қағазға түскен нұсқасы әлі табылғаны жоқ. Тек Құнанбай қажы, Шоқан Уәлиханов, Мұса Шорманов сияқты оқымысты қазақ сұлтандары мен зиялы қауымы арқылы орыс ғалымдары мен этнографтарының жазба мәліметтерінен азын-аулақ деректер қалды.  

Енді А.Левшин, Г.Спасский, П.Макавецкий, Л.Баллюзек, Д.Андре және И.Козлов секілді зерттеуші ғалымдар мен саяхатшылардың жазба деректері негізінде жасалған бір нұсқаға оралайық.  Жеті тарау және 32 баптан тұратын «Жеті жарғы» заңының бұл нұсқасы З.Сәніктің еңбектерінен алып отырмыз.

Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы»

1-бөлім: Мемлекет мүддесі

1-бап: Мемлекеттің тұтастығы мен бірлігіне іріткі салып, бүлік жасағандар өлім жазасына кесіледі.

2-бөлім: Ұлт тазалығы

2-бап: Жеті ата ішінде қан алмастыру өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады.

3-бөлім: Дін тазалығы

3-бап: Жеті адам куә болып, құдайға тіл тигізгені дәлелденсе, тас боран кылып өлтіріледі;

4-бап: Өзге дінге кіріп, кәпір болған адам мал-мүлкінен айырылады;

5-бап: Өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленеді.

4-бөлім: Отбасының біртұтастығы

6-бап: Егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса, жазадан босатылады, бірақ қарғысқа ұшырайды);

7-бап: Егер ері әйелін өлтірсе, ол әйелінің құнын төлейді;

8-бап: Егер екіқабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туылса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға әр айына бір түйе төлейді (бір түйе 3 атқа немесе 10 қойға тең);

9-бап: Әйелді зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі. Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата-анасына құн төлеуге тиіс. Егер жігіт өзі зорлаған қызға қалың төлеп, үйленсе, жазадан босатылады;

10-бап: Әйелі ерінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса, ері оны өлтіруге қақылы. Бірақ қылмысты сол сәтінде жария етуге тиіс. Әйелінен сезіктенген еркектің сөзін төрт сенімді адам дәлелдеп беруі керек. Егер олар теріске шығарса, әйел күнәсіз деп табылып, жазадан босатылады;

11-бап: Біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып кашкан адам өлімге бұйрылады немесе ердің құнын төлейді. Егер әйелдің келісімімен әкетсе, күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз қыз беруге тиіс;

12-бап: Ата-анасына тіл тигізген ұлды мойнына құрым байланған күйі қара сиырға теріс мінгізіп, өзін қамшымен сабап, ауылды айнала шапқылатады. Ал қыз болса, қол-аяғы байланып, анасының билігіне беріледі:

13-бап: Ерінің ұрлығын біле тұра хабарламаған әйелі мен баласы жазаға тартылмайды. Өйткені үлкеннің үстінен шағым айту әбестік саналады.

5-бөлім: Қылмыс пен жаза

14-бап: Қанға - қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құны төленеді (ер адамға - 1000, әйелге 500 қой):

15-бап: Ұрлық, қарақшылық және зорлық-зомбылық жасаған адам өлім жазасына кесіледі. Жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады;

16-бап: Денеге зақым келтірілсе, соған сәйкес құн төленеді (бас бармақ - 100, шынашақ 20 қой);

17-бап: Ата-анасы өз баласының өлімі үшін жауапқа тартылмайды, ал, анасы баласын қасақана өлтірсе, өлім жазасына кесіледі;

18-бап: Ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс;

19-баn: Ұрлық пен кісі өлтіруді қоса жасаған адам екі бірдей жазаға тартылады;

20-бап: Барымтадан қайткан мал толығымен қайтарылуға

тиіс;

21-бап: Жауынгердің атын ұрлаған адам өлім жазасына кесіледі;

22-бап: Өлтірілген аңшы иті немесе бүркіті үшін иесінің кұл немесе күң беруді талап етуге қақысы бар.

6-бөлім: Адам құқығы және мүлік меншiгi

23-бап: Егер әкесінен енші алған ұл баласыз болып өлген болса, онда оның қожалығы өзінің әкесіне беріледі. Жасы кіші балалары жақын туыстарының қамкорлығына беріледі. Ал олар болмаған болса, бөтен, бірақ сенімді адамдарға беріледі:

24-бап: Әйелді ренжіткен адам одан кешірім сұруға тиіс. Кешірім сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады;

25-бап: Кімде-кім азғындыққа жетелеген немесе зорлықпен бұзыктық жолға салған әйелдің ар-намысы үшін сол алам өлтіріледі немесе азғындығы үшін одан 200 жылқы өндіріліп алынады;

26-бап: Төре мен қожаның құны карашадан жеті есе артық төленеді (төре мен қожалар сауатты болғандықтан, мемлекеттің ерекше қамқорлығында болады);

27-бап: Құл өмірі - құнсыз, ол - қожайынның билігінде (казак кұлдарды малшы, жалшы ретінде ұстап, кейін бөлек шығарып отырған).

7-бөлім: Билік тәртібі

28-бап: Үлкен дау-дамайды шешуді және күнәһарға үкім шығаруды хан шешеді. Егер ханның өзі болмаса, онда талапкер мен жауапкер тұратын ауылдың билері мен ақсақалдары талдауға оларға қоса, екі жақ сайлаған екі сарапшыны шакыра отырып шешуі керек;

29-бап: Егер жауапкердің билерге күмәні болса, онда ол оларды өзгерте алады;

30-бап: Кіші дауларды шешу билер мен аксақалдарға жүктеледі;

31- бап: Куәлікке екі немесе үш адам жүреді.

32- бап: Өсиет ағайындар мен молланың қатысуы арқылы жасалады.

Ескерту:

Біріншіден - «Жеті жарғы» өзінің баптарында «Қылмыс» деген ұғымды түсіндіріп, мәнін ашпаған:

Екіншіден - қылмыстық жауапқа адамдар 13 жастан бастап тартылған;

Үшіншіден - мақау, есалаң адамдар жауапқа тартылмаған:

Төртіншіден - құлдары жасаған қылмысқа қожайыны жауап берген;

Бесіншіден - қылмыскерді «күнәһар» деп атап, «жын-пері соққан», «құдай атқан» деп бағалаған:

Алтыншыдан - жазада «қанға - қан, жанға жан алу» үкімі басым болғандықтан, қазақтардың күнделікті тұрмысында жазаны мал-мүлікпен өтеу көбірек орын алған.

З.Сәнік өз еңбектерінде Тәуке ханның мынадай шешімдері кейін келе заң ретінде аткарылғаны айтылады:

1. Хан, сондай-ақ күллі билер, рубасылары мен ақсақалдар күзде белгілі бір жерде бас қосып, халықтың тыныс-тіршілігіне қатысты ойларын ортаға салатын құрылтай өткізіп тұруы қажет;

2. Қазақтың бірде-бір азаматы халықтық құрылтайға қарусыз келмеуге тиіс. Карусыз келген кісі дауыс беру құқынан айырылып, жастар оған төрден орын ұсынбайтын болсын:

3. Қару асынып жүрген жарамды әрбір кісі (сұлтандардан басқа) хан мен ел басшыларына жыл сайын өз мүлкінің жиырмадан бір бөлігіндей алым төлеп тұрсын;

4. Әрбір рудың, тайпаның, аталықтың өз таңбасы болсын (мұндай таңбалар сол кезде әр руға таратылып берілген, олар өздерінің малы мен дүние-мүліктеріне өз таңбаларын басуға міндетті болған).

Сонымен бірге «Жеті жарғымен» бірге «Жеті айып» деп аталатын айып түрі де қолданылған. Олар мыналар:

1. «Кара қазан» төлеу. Қара қазан төлеу - айыпкердің шаңырағын ортасына түсірудің белгісі:

2. «Қара нар беру». Егер өлген кісі атақты адам б қара нармен Түркістан қаласына апарылып қойылған

3. «Қара мылтық алу». Қара мылтықты алу - қылмыскердің күшін алуы, қаруын жоюы. Бұдан кейін ол е болмақ-мыс;

4. «Кара шолақ бие жетектету». Қара шолақ бие жетектету айыпкердің ырысының шайқалуының анық нышанына баланған;

5. «Қара кілем ұстау». Кара кілем ұстау тұралағандықтын көрінісі саналған.

6. «Жетім беру». Ол «Көңілде кірбің қалмасын, аралас-құраластық басталсын» дегенді меңзеген.

7. «Жесір бастаған тоғыз жөнелту». Ол «қан-жыны араласып, ағайынның қылшықсыз табысуының басы» деп есептелген.

Билер ережесі

Бұл ереже 1885 жылы мамыр айында Семей облысының бес дуан елінің барлық сайланған адамдары Шар бойында Қара мола съезін ашып, «қара мола заңы» деген заң қабылдаған. Кейін келе «билер ережесі» болып аталған. Бұл  ереже «Жеті жарғы» негізінде және Ресей патшалығының отарлық үстемдігі тұсындағы қазақ халқының саяси жағдайына сәйкес шығарылған ресми тарихи құжат болып саналады. Бұл ережені жасауға Абай Құнанбаев бастаған сол тұстағы қазақ біліктілері қатынасып, қол қойған.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?