Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құрманғазы. Алты күй

6537
Құрманғазы. Алты күй - e-history.kz
Құрманғазы Сағырбайұлы (1806-1879) – күйші. Қазіргі Орал облысы Жаңақала ауданының Жиделі жерінде туған. Жасынан əн-күйге əуестігімен көзге түседі

Алғашқы ұстазы ел арасына «Хан Базар күйшісі» атанған болды. Ұзақтан Байжұма, Соқыр Есжан, Шеркеш күйлерін үйреніп, орындаушылық шеберлігін шыңдады.

Еңбекші бұқараның бай феодалдар мен ауыл ұлықтарына қарсы күресі Құрманғазы шығармашылығының негізгі өзегіне айналды. Құрманғазы қазақ ауылындағы таптық қайшылықтардың жігін ерте ажыратып, халқының арман-тілегі мен мұң-шерін өз күйлерінде қозғап отырды. Бұл қылығы үшін ол «ақ патшаның» қырдағы итаршыларынан өмір бойы қуғын көрді. Күйшінің соңына түсіп, жазықсыз жала жауып кінəлап қудалауына ұшырады. Алайда Құрманғазы еш бір сəт жауына бас иіп мойыған емес. Қайта айналада болып жатқан өмірдің ең өзекті уақиғалары мен көкейтесті құбылыстарын өз күйлерінде шынайы бейнелеп отырды. Құрманғазының алғашқы шығармаларының бірі – «Кішкентай». Бұл күй көтеріліс басшысы Исатайға арналған. Оның шығарған «Ақбай», «Ақсақ киік», «Көбік шашқан», «Түрмеден қашқан», «Адай» деген күйлерінде нұрлы болашақ, халық үміті, үстем тапқа деген ыза-кек шебер суреттеледі. Күйші «Сарыарқа» күйі арқылы туған жерді, кең байтақ даланы көз алдына келтіреді. Құрманғазы күйлері тыңдаушысын бай сазымен, кербез нақышымен, жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен баурап əкетеді.

Күйлерінің көпшілігінің тақырыбы бар, құрылымы жағынан бір жүйеге түскен ауқымды туындылар. Күйші домбыраның орындау əдістерін, аспаптың дыбыстық жəне техникалық бай мүмкіндіктерін мейлінше толық қолдана білген. Құрманғазы күйлерінің ерекшеліктеріне – күйдің шарықтау шегінің, яғни кіші саға мен үлкен сағаның жазыла түсуінің арқасында домбыра диапазоны толық игеріліп, күйдің өзіндік өлшемі мен ырғағы шығарманың өне бойында ауытқымай сақталып отырады. «Балбырауын», «Ертең жетем», «Бұқтым-бұқтым», «Балқаймақ», «Боз қаңғыр», «Не кричи не шуми», «Айжан-ай», «Лаушкен» т. б. көптеген күйлері жайлы төменде толық анықтамалар беріледі:

«Қайран шешем» – Құрманғазының күйі. Ақбайдың шабармандары Құрманғазыны арбаға байлап жүргелі жатқанда шешесі Ақбаланы көреді. Əлпештеп өсірген анасына əлі күнге дейін қайырымды іс істемегеніне өкініп, енді тағы міне айдалып бара жатқанын ойлап, көзіне жас кеп, шешесінің қасына келеді. «Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық немені туған екем ғой. Кімнің алдында көзіңнен жас шығарып тұрсың?» – деп, жағына шапалақпен тартып жібереді. Құрманғазы өзінің қателігін түсінеді. Орал түрмесінде жатқанда осының бəрін ойлап, шешесіне арнап «Қайран шешем» атты күйін шығарады. Күй күйшінің қапастағы халін баяндағандай баяу басталады да, бірте-бірте əсерленіп, шабыттана төгіледі.

«Қапы» – Құрманғазының күйі. Құрманғазы өштескен би оның соңына түсумен болады. Бір жиында домбыра тартып, Исатай, Махамбет толғауын айтып отырған Құрманғазыға «Сен Исатай Махамбеттің толғауын айттың», деп кінə тағып күйшіні ұстатады. Міне, осы өкінішке байланысты «Қапы» деген күйін шығарған екен.

«Қош, аман бол» – Құрманғазының күйі. Құрманғазы қапылыста ұсталып Орда түрмесіне жөнелтілейін деп тұрғанда «Қайтып көріскенше қош аман болыңдар, халқым» деп, «Қош, аман бол» күйін тартыпты.

«Қыз Данайдың қырғыны» – Құрманғазының күйі. 1850 ж. Құрман-ғазы Жем өзенінің бойындағы Төремұрат, Өтен, Нарымбай ағаларымен барып қыз Данайды алып қайтады. Қыз соңынан шапқан қуғыншыларды Құрманғазы отауға жібермей келгенін қағып түсіріп, қорғап тұрады. Оның бұл батырлығына нағашылары риза болып, сый-құрмет жасайды. Шабыты шалқыған күйші осы қуанышқа арнап «Қыз Данайдың қырғыны» күйін шығарады. Құрманғазы күй арқылы ат тұяғының дүбірін, қиян-кескі ұрысты суреттейді. Арасында қыз Данайдың сұлулығын, сыңғырлаған күлкісін сазды дауыстармен бейнелей білген. Бұл күйдің шығуына байланысты Төремұрат ел жиып, мал сойып үлкен той жасайды.

«Қызыл қайың» – Құрманғазы ен далада жалғыз өскен қызыл қайыңның бұтағын жамылып отырып, қуғыншылардан аман қалыпты дейді. Кейін: «Менің елім де, жерім де, ағашым да пана екен. Анадай қамқор болып, жапырағымен жауып пана болған қызыл қайыңға арнап едім», – деп осы күйді шығарған екен.

 

Сәбетқазы АҚАТАЙ, мәдениеттанушы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?