Райымжан Мәрсек бастаған Алаш арыстары АҚШ-пен 15 миллион сомдық құпия келісімшарт жасасқан

205
Райымжан Мәрсек бастаған Алаш арыстары АҚШ-пен 15 миллион сомдық құпия келісімшарт жасасқан - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Бұл келісім шарттағы соманы бүгінгі нарықпен есептегенде жарты триллион теңгеге жуықтайды екен.

Алашорда үкіметі тек саяси дербестік пен әскери қорғанысты ғана емес, мемлекеттің іргетасын бекітетін ауқымды экономикалық реформаларды да қатар жоспарлағаны белгілі болып отыр. Соның жарқын бір мысалы — Алаш арысы, белгілі заңгер Райымжан Мәрсекұлының АҚШ-тың алпауыт сауда компаниясымен жасасқан миллиондық келісімшарты. Ең қызығы, бұл келісім шарттағы соманы бүгінгі нарықпен есептегенде жарты триллион теңгеге жуықтайды екен. Бұл туралы журналист «Алаш және экономика» деректі фильмінде айтылды.

Алаш қайраткерлері қандай да бір шешім қабылдар алдында оны ұжымдық талқылаудан өткізіп, нағыз парламенттік демократияның үлгісін көрсетті. Семей облыстық земство жиналысында аймақ халқын азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі қаралғанда, үлкен пікірталас орын алады. Жиналысқа қатысқан 12 мүшенің 11-і кооперация қаржысын земство бақылауына беруді қолдаса, бір адам балама пікір айтып, қарсы дауыс берген.

Мәселені жан-жақты електен өткізген Алаш зиялылары құрғақ сөзбен шектелмей, бірден нақты іске көшті. Елдегі тауар тапшылығын жою үшін сыртқы нарықпен байланыс орнату міндеті тұрды.

1918 жылдың қыркүйек айында Алаш үкіметі Қиыр Шығыстағы Владивосток порты арқылы Қытайдың Шанхай қаласында орналасқан америкалық «Андерсен, Мейер және К°» (Andersen, Meyer & Co.) компаниясымен алғашқы байланысын орнатты. 1890 жылдары негізі қаланған бұл халықаралық компания Ресей империясымен тығыз сауда жасасатын, ал Владивосток олардың теңіз жолы арқылы келетін жүктерін қабылдайтын басты бекеті еді.

Земство хаттамаларына сүйенсек, алғашқы сауда келісімі шағын ғана сомадан — 75 мың сомнан басталған. Алайда, келіссөздер сәтті жүріп, 1919 жылдың 18 қаңтарында Райымжан Мәрсеков бастаған Алаш өкілдері аталған компаниямен 15 миллион сомдық ірі шартқа қол қойды.

Келісімшарт бойынша қаржыландыру өте жүйелі жоспарланған:

Алғашқы жарна: 1 миллион сом қолма-қол төленді;

Наурыз айында: 2 миллион сом;

Сәуір айында: 3 миллион сом;

Мамыр айында: 4 миллион сом;

Маусым айында: 5 миллион сом аударылып, толықтай тауармен қамтамасыз етілуі тиіс болатын.

Алашорданың бұл қадамы экономикалық тұрғыдан аса шебер есептелген еді. Төңкерістен көз ашпай, хаосқа түскен Ресей аумағымен сауда жасау қауіпті болғандықтан, тауарды Қытай арқылы тасымалдау көзделді. 1851 жылғы Ресей-Қытай сауда келісімі бойынша, бұл бағыттағы сауда нүктелері салықтан толық босатылатын немесе жеңілдіктер алатын. Р. Мәрсеков осы заңдық артықшылықты ұтымды пайдалана білді.

Бұл келісімнің қазіргі нарықтағы құны қанша?

Алаш тарихын зерттеуші ғалымдардың (соның ішінде Сұлтанхан Аққұлының) дерегінше, Райымжан Мәрсеков Владивостокқа жалғыз барған жоқ. Ол өзімен бірге жергілікті земство құрамындағы қазақ кәсіпкерлерін ерте барды. Мақсат — тек тауар импорттау емес, елдегі мал өнімдерін, атап айтқанда сойылған ет түрлерін америкалық инвесторларға таныстырып, экспортқа шығару еді.

Бұл келісімшарттың заманауи экономикалық эквиваленті таңғалдырады:

15-16,5 миллион сомның таза алтынмен есептелген құны бүгінгі өлшеммен 400-500 миллиард теңгенің (жарты триллион теңгеге жуық) көлемін құрайды. Бұл — аймақты тұтас дамытуға қауқарлы зор инвестиция еді.

Егер сол замандағы бір құнан қойдың құнын 100 сом деп алсақ, бұл ақшаға 150 мың қой сатып алуға болатын еді. Ал 150 мың қойдың қазіргі нарықтағы бағасы шамамен 22,5 миллиард теңгеден асады.

Ауқымды жобаның толық жүзеге асып, тауардың Семейге жедел жетпеуіне сол тұстағы Азамат соғысы мен теміржол қатынасының нашарлығы кедергі келтірді. Владивосток портына келіп қойған жүкті сақтап, қауіпсіз тасымалдау үшін Алашорда басшылығы Уақытша Сібір үкіметінен әскер сұратады. Алайда, Сібір үкіметі бейбіт халық шаруашылығынан бұрын, қызылдармен майдандағы соғысты бірінші орынға қойып, әскери көмек бөлуден бас тартады. Соның салдарынан жоба уақыт жағынан созылып кетті.

Соған қарамастан, Алашорда аймақтағы әскери-саяси күштермен, соның ішінде Ресей аумағында жүрген Чехословак корпусымен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты. Осы байланыстардың тікелей куәгері болған бес чех азаматының бірі — Индржих Дворжактың естеліктерінде Алаш үкіметінің чех әскеріне қолдау көрсетіп, 2000 жылқы жинап бергені айтылады. Бұл Алаш билігінің тек экономикалық қана емес, сыртқы саяси аренада да дербес, пәрменді субъект ретінде әрекет еткенін дәлелдейді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз