Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қызғалдақты қастерлеу керек

4311
Қызғалдақты қастерлеу керек - e-history.kz
Бүкіл тіршілігі құлпырып гүлдеп, сарғайып солудан ғана тұратын өсімдікте тарих болушы ма еді дейсіз бе. Басқа гүлдерді білмедім, бірақ қызғалдақта расымен тарих бар

Жауқазынның бастан өткерген оқиғаларының жанында анау-мынау мемлекеттердің тарихы қызық болмай қалады. Мысалға Адамзат шежіресіндегі ең алғашқы қаржы дағдарысына осы қызғалдақ себепкер болған. Білесіз бе? Бұл қызғалдақ үшін империялар қанға малшына соғысқан. Қызғалдақ дегенше қызғылт дақ десеңші...

Әлбетте қызғалдақ десе, Голландияның көзұшына дейін созылып жатқан жауқазын плантациялары елестейді. Қан қызыл, сап-сары, зеңгір көк. Күлгін түс. Бір қарасаң, қолына түскен қаламның барлығымен бояп тастаған бала суретіндей, ғажап енді. Осы қызғалдақтар егістігі – Голландия елінің ұлттық символы! Бір ғана қызғалдақ бұл мемлекетке жыл сайын 25 миллиард доллар пайда әкеледі. 25 миллиард доллар! 30 жыл тірнектеп жиған біздің Ұлттық Қордағы ақшамызды бұлар гүл сатып-ақ табады. Жыл сайын! Керемет емей немене!

Бірақ қадым заманнан осылай болған жоқ. Мынау алқызыл, қанқызыл қызғалдақтар Голландияға XVI  ғасырда ғана келді. Ал оған дейін ше? Тамыры қай өлкеден? Жауқазынның отаны қай ел? Дұрыс! Қазақстан! Қызғалдақтың туған мекені – Қазақтың даласы. Елбасымызша айтсақ:

«Шу, Іле тау­ла­рының етегінен әлі күнге дейін қызғалдақтың таза, бас­тапқы күйдегі түрін кездестіруге болады. Қарапайым бола тұра, сондай бір сұлу қызғалдақ, дәл осы қазақ даласынан күллі әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мың­нан астам түрі бар, олардың баршасының атасы – біздің дала қызғалдағының «ұр­пағы».

Қазақ жерінде осы гүлдің 35 түрі кездеседі. Қызғалдақты голландықтар иеленіп кетті дегенмен, 12 түрі әлемнің ешбір елінде кездеспейді. Себебі жерсінбейді. Жә, әңгімеміз қызғалдақтың әлемдік саяхаты туралы еді ғой. Сонымен қалай жер-жаһанға таралды?

Қызғалдақ – иллаһи гүл

Қызғалдақты ең алғаш Еуропаға апарған – Осман түріктері. Кіші Азияға ауғанға дейін бұл жұрт Сырдария мен Ташкен арасын жайлап Оғыз деген атпен танылып еді. Жаугер, өршіл бір жұрт еді. Алайда ХІ ғасырда Ұлы Даланың теріскейінен Қыпшақтар бері жылжып, Оғыздар Иран, қазіргі Түркияға шегініп кетуге мәжбүр болады. Атамекенін тастап бара жатқанда туған топырақтың тәбәрігі ретінде осы қызғалдақты ала кетті дейді. Қазақ даласында бәйшешек, гүлхайыр, баршын, қалампыр, қырмызы, еңлік дейтұғын атауы да, түрі-сұлбасы да сұлу мыңнан астам гүлдің түрі бар. Осы көптің ішінен неге барып-барып қызғалдақты ала кетті? Неге осы қызғалдақ?

Былай ғой: Оғыздар мұсылмандыққа берік жұрт еді. Сол Оғыздың, қазіргі Түріктің тілінде қызғалдақ – Лале деп аталады. Дыбысталуы – Алла дегенге қатты ұқсайды. Айтылуы ғана емес, жазылуы да келіңкірейді. Арабша жаза білсеңіз, «Алла» сосын «Лале» деп, қағазға түсіріп көріңіз. Айырмашылығы жоқ. Әрине, ешқандай Оғыз-Түрік қызғалдақты Құдай көрген жоқ. Табынған жоқ. Тура, ай таңбасы сияқты ғой. Айды мұсылман жұрты мешітке, кітабына қашайды. Бірақ, бұл дегенің айға құлшылық ету емес қой.

Ай дегеннен шығады. Жаңа мекен Осман өлкесінде қызғалдақ ою біткенді ығыстырып шығарды. Сұлтандардың тұсында салынған мешіт, сарайлардың қабырғаларына, шатырларына бажайлап қараңызшы. Барлық жерден жайқалған жауқазынды ғана көресіз. Ол заманда қандай да бір ғимараттан қызғалдақтың таңбасын көрсеңіз – ол мұсылманшылық рәсім жасалатын орын дегенді білдіруші еді. Сонда қызғалдақ ішінара ай белгісінде ысыра жаздаған ғой.

Қызғалдақты осынша сүюдің тағы бір себебі, жауқазынның сүйрік, үшкір күлте-гүлдері, ұзын-майысқақ сабақтары алыстан қарағанға, Құранның жазуларына ұқсап кетеді. Міне, осы қасиеті бар, басқасы бар, түріктер қызғалдақты сүйіп қалды.

Тюльпан сөзінің сәлде мен кимешекке не қатысы бар?

Осман империясында қызғалдақтың жаңа дәуірі басталды. Сұлтандар аула-бақтары тек осы жауқазынға жайқалып тұрушы еді. Қарапайым жұрт бұл гүлді сәлдесіне, қыз-келіншектер кимешегіне іліп алып жүретін. Бұл бір жағы әдемілік болса, екінші жағынан асқан байлықтың сипаты еді. Енді ше, қызғалдақ сол Осман сұлтандарының тұсында-ақ әлемдегі ең қымбат гүлге айналып шыға келді емес пе? Сонау Қаратаудың етегінен осы қызғалдақтың пиязшығын әкелу үшін түріктер ұзын-сонар керуендер жұмсайтын. Өте қымбат гүл ұрықтарын алып, теңселіп келе жатқан бұл керуендерге жолай қарақшылар тиісетін. Көпестер қайтпай қалған сайын қызғалдақтың бағасы шарықтай беретін.

Қызғалдақты бақуатты кісілер сәлдесіне іліп жүретін дедік қой. Сұлтан Сүлейменге дипломатиялық миссиямен келген Австрия елшісі сарай уәзірінің бірінен баскиіміне қондырып алған әдемі гүлдің атауын сұрайды.  Немісше түсіне бермейтін түрік шенеунігі басындағы сәлдесі қандай матадан жасалғанын сұрап тұрған шығар деп ұғады. Сөйтеді де, бас-киімнің материалы «тюлбенд» деген сөзді қайталай береді. Осы атау – кейін Еуропаға тюльпан болып жетті дейді.

Голландияға ұзатылып кете барды

Осман империясына, Еуропаның шығысына жауқазынның қайдан тап болғанын түсіндік. Ал Голландияға қызғалдақ қайдан келген?Аңыз бойынша австриялық елші Константинопольде көздің жауын алған осы қызғалдақтың бірнеше пиязшығын ешкімге көрсетпей, дорбасына салып алады. 1560 жылы елші Венаға сол гүлдің бірнеше пиязшығын ала келіп, ботаник досы Клузиусқа сыйға береді. Араға біршама уақыт салып, Клузиус қызғалдақ пиязшығын Голландияның оңтүстігінде орналасқан қалаға әкелген. Аңызға сенсек, «қызғалдақтар еліне» алғашқы қызғалдақ осылайша жеткізілген екен.

Қызғалдақ сұрқай, бірсарынды Голландияны құлпыртып жіберді. Әуелде бұл гүлдің тек түрікше түрі ғана өсірілді. Ал ХVII ғасырдан бастап, жауқазынның жүздеген будан түрі пайда бола бастады.  Осы кезден бастап қызғалдақтың сан түрлісін егу ісі сәнге айналып жүре берді. Кімнің бақуат екені бағындағы қызғалдақ түрлерімен есептелді. Әсіресе бұл екпін 1634-1637 жылдары өзінің шырқау биігіне жетті.

Жаңа түрлерінің бағасы бұрынғыдан да құбылып шарықтай түскен. Сол кезеңдерде бұл гүлге деген ықылас сонша, бір-бірінен шамалы-ақ айырмасы бар екі гүлдің бағасының ара-салмағы жер мен көктей болды. Бұл заманда қызғалдақтың ал күлтесіне қызыл дақтар тамғандай, әдемі түрі сәнге айналды. Жауқазын неғұрлым ақ, неғұрлым қызыл меңлі оюы әдемі, соғұрлым қымбатқа бағаланды. Голландықтар осындай бір гүлді алу үшін өздері тұратын үйлерін айырбастауға дейін барды, сол үшін де жерлерін сатты, қоймадағы астығын беріп жіберді.

Қызғалдақтың әлгі түрі – Семпер Аугус­та сорты еді. Оның бір түйір ұрығы 3500 гульденге сатылды. Қазіргі ақшамен алапат сомма бұл дегенің. Бұған қолдары жетпегендері сандарын соғып, өкініштерін кәдімгідей білдірді. Ұрықтың бағасы өскені сонша, үйін берем деген жалбарынды, айтқан бағасына қиналып көнбесе, бағбанға аты мен арбасын қоса сыйлап жібергендер болды.

Қызғалдақ көктемде гүлдейді ғой. Ал сауда сол қызғалдақтың гүлі жоқ күзде, қыста да қызу жүріп жатты. Бағбандар менің қызғалдағымның гүлі мынадай боп ашылады деп, суреттер ұстап жүретін болды. Күзде сатылған қызғалдақ көктемге дейін бірнеше рет саудаланып кететін еді. Не керек, қызды-қыздымен әлі жоқ қызғалдақтың пияшықтары да сатылып кетіп жатты. Уақыт өте бағбандар аз уақыт ішінде алдын ала сатып тастаған көлемдегі жауқазынды өсіріп шығара алмайтыны белгілі болды. Көбік жарылды. Адамзат тарихында алғаш рет қызғалдақтың кесірінен қаржы дағдарысы пайда болды. Мұны әлем тарихшылары «Қызғалдақ безгегі» деседі. 

Қызғалдақ қыз үшін жұлынады

Қызғалдақтың отаны – Қазақ жері деп жалпылама айтамыз ғой. Нақтырақ айтсақ, Қазығұрт пен Түлкібастың арасы – көркем гүлдің нағыз туған мекені. Осы екі таудың қақ ортасында құлпырып қызғалдақ өсетін төбе бар. Қызғалдақ көмкерген шоқы бір кездері түрлі атаумен аталды. «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» десті жұрт. Бүгінде белгілі жазушы Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді. «Шұбайқызыл деген – шұбай өскен қызғалдақ. «Шұбайланып, қызарып жатыр» деген поэтикалық өлеңдік өлшеммен, керемет көркем тілмен бейнеленген сөз. Бұл төбені сақтап қалуымыз керек. Өз ұсынысымда айналасын қоршау керегін айттым. Егер бұл шоқы жайылым жер болып қала берсе, тозып кетеді. Қызғалдақ қаша береді», ‒ дейді қаламгер.

Қызғалдақтың бір кереметі, ол адамға ұқсайды. Иә, адам секілді 60 жыл өмір сүреді. Даладағы таза, табиғи жауқазын тек 13 жылдан соң барып қана бүршік жарып, гүлдейді. «Он үште отау иесі» дегенге келіңкіремей ме? Сол 13 жасынан тұп-тура 60 жылға дейін гүлдейді. Сосын қарт кісі сияқты, семіп, сола бастайды. Осындай адам сияқты гүлді адам сияқты қастерлеу керек болып тұр!

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?