Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақын Абай мекені - Жидебай

4487
Ақын Абай мекені - Жидебай - e-history.kz
«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырған еліміздің 25 тарихи мекеніне сапар аясында «Менің Елім – Моя страна» мотожорығы командасы Абай елінде болып қайтты

Жидебай мекенін ақын Абайдың туып өскен жері ретінде жақсы танып білеміз, әріден қозғасақ бұл жерді кезінде Тобықты руының өкілдері мекен еткен. ХІХ ғасырдың ортасына қарай Жидебай төңірегіндегі Борсықбай, Барақ атты шұрайлы қоныстарды ел билеуші, сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы иемденіп өз қыстағы етіп алған.

Құнанбай аталған мекенді иемденумен қатар, өлкенің дамып өркендеуіне де мән берген, атап айтсақ, жас өркен сауатын ашу үшін Жидебайдың солтүстігінен 15 шақырымдағы Ескітам деген жерден 1850 жылы медресе ашып, ауыл балаларын оқытады, оның ішінде әрине Абайда бар, ол сегіз жасынан осы медреседен дәріс алып, алғаш сауатын ашқан. Кейін ержете келе Абай өз қаражатына 1880 жылы Жидебайда жаңадан медресе салдырады. Тарихи хронологияны одан әрі айналдырсақ 1885-1892 жылдар аралығында Жидебай қонысы Құнанбайдың Ұлжаннан туған кенже баласы Оспанның еншісіне тиген. 1892 жылы Оспан дүние салған соң қасиетті қоныс Абайға бұйырады.

Жидебайдың мемлекеттік маңызы бар қорық болуына келсек, билік тарапынан құжат әзірленіп, ХХ ғасырдың ортасында тарихи-мемориалдық экологиялық қорыққа айналады. Ал 1990 жылы Қазақстан үкіметінің қаулысымен Жидебай қорығы құрамына енген жерлер, оның ішінде елді мекендер, тарихи орындар мен зияраттар, көл-сулардың барлығы мемлекет қорғауына алынады.

Семейдегі Абай ақынның құрметіне ашылған қорық Қазақстандағы ірі мәдени орталықтардың бірі. Бұл жерде тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-мұражайы бар.

Қорық-мұражай Абай әлеміне арналған, дүниелері мен шығаршылығы мен өмірінен хабар беретін көптеген құнды дүниелер орын алған, мақсат ұлы ақыннан қалған құнды мәдени-рухани дүниелерді сақтау, жас ұрпаққа таныстыру, болашаққа аманат ету. Тарихи орынның ашылуына басты ықтимал болған М.Әуезов, 1940 жылы Абайдың 95 жылдығы мерейтойы қарсаңында салтанатты түрде ашылды. Бұл өз кезегінде Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай. 1990 жылы қорыққа «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық мұражайы атауы берілді. Бүгінгі күні мұражай еліміздегі ірі республикалық маңызы бар тарихи орын. Қорық алқабында көптеген мемориалдық ескерткіштер, ескі қоныстар мен қасиетті орындар ұлы бабаға бас иіп келгендерді еріксіз қалдырмайды.

Ұлт ұстазы Абайға арналып ашылған тұңғыш әдеби мұражай бүгінде тарам-тарам жеке құрылымдардың басын біріктірген іргелі мәдени кешен. Аталған кешеннің құрамына Абай қорық мұражайы, М.Әуезов мұражайы, Жидебайдағы Абай мұражай үйі, 6400 га қорық аймағына кіретін барлық саны 16 тарихи орындар бар. Бас мұражай экспозициясы 16 бөлімнен тұрады.

Абай мұражайын ұйымдастыруда, жалпы Абайтануда көрнекті әдебиет зерттеушісі, ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың еңбегі зор.

Енді мұражайдан орын алған дүниелердің мазмұнына келсек, Абай өмірі мен шығармашылық қызметіне, қазақ елінің тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректер мен заттай айғақ дүниелер, суреттер, қолжазбалар, дыбыс таспалары т.б. көптеген жәдігерлер бар. Одан бөлек Н.Долгополов арқылы Семей өлкетану мұаражайына жеткізілген Абайдың өзі жинаған экспонаттар бар, жалпы саны 20 мыңға жуық экспонат бар.

Қорық -мұражайдың негізгі қорын 1885 жылы Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттары құрайды. Бүгінгі күні аталмыш заттардың 30-ға жуығы мұражай қорында сақтаулы.

Музей жәдігерлерінің ішінде басты ерекше орын алатын дүниелердің бірі  «Зерде» кітабы. Кітап арнайы тапсырыспен Германияның Нюрнберг қаласында басылып шығарылған. Түптелген қағазды арнаулы технологиямен құйған, сүйегіне түрлі металл ұнтақтарын қосып жасағандықтан оның парақтары ғасырдан ғасырға бүлінбей сақталып келеді. Зерде кітабына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолтаңбасын қалдырған.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейі электрондық және сандық технологиялар мүмкіндігін пайдалануға қолға алған. Соның нәтижесінде, Абай мұражайындағы құнды әдеби, тарихи жазбалардың барлығы электрондық нұсқаға көшіріліп, музей сайтына жүктеліп, оқырманға еркін қолдану мүмкіндігі жасалған.

Қазіргі кезде Абай мұрасын танып-білу мен дәріптеуде газет, журналдарды қоспағанда 3 бірдей сайт жұмыс істеп келеді. «Abay-museum.kz», «abaialemi.kz» ұлы ақын әлемінен толық мағлұмат берсе, «Visit-abaysemey.org» сайты АҚШ елшілігімен бірлесіп ашылған ақынның ізі қалған мекен туралы ақпараттарды орыс және ағылшын тілінде таратады. Соңғы аталған сайттың басты ерекшелігі шетел оқырмандарын Ұлы Абай жайлы толыққанды мәліметпен қамтамасыз ету. Осы сайттар арқылы Абай және оның мұраларымен әлемнің кез келген түкпірінен еніп, ақпарат алып Абай әлемімен таныса алады.

Мұражайдың тоғыз бірдей бөлімін аралап шығуға уақыт шығындағысы келмеген адам ақпараттың қондырғы алдында тұрып-ақ керегін көріп, дерегін түгелдей алады.

Жоғарыда аталған тарихи-мемориалдық кешен, оның ішінде ескерткіштерде бар, барлығы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы кезінде күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?