Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ССРО-ны құлатқан Сауд Арабиясы

3336
ССРО-ны құлатқан Сауд Арабиясы - e-history.kz
Рас. Советтер елінің іргесін сөккен Сауд мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, коммунистер империясын «мұнай» құлатты. Қазір айтсақ, ертегі шығар?

Бірақ, Совет заманында бензин  су тегін болған. Ауданнан бензин келе жатыр десе, шопырлар багіндегі жағармайды далаға босқа төгетін болған. Солай болуы да түсінікті еді.

Себебі, алпысыншы жылдардан бастап ССРО мұнай экспорты жөнінен әлемде ең алдыңғы қатарға шықты. Дәл осы кезде мұнайдың мол қорының үстінде отырған тағы бір мемлекет – Сауд Арабиясының королі, шейх Фейсал «Еуропа мен АҚШ-қа бір тамшы мұнай сатпаймын» деп, эмбарго жариялап кеп жіберді. 1973 жылдың 17 қазанында ол күтпеген жерден әлемдік нарықтан сауд мұнайын алды да тастады. Дүние жүзіне қажетті көмірсутегінің 25 пайызын өндіріп отырған Сауд Арабиясының бұл қадамы мұнай бағасының бұрқылдап өсуіне әсер етті. Фейсалдың әрекетін басқа араб мемлекеттері де қолдап шықты. Нәтижесінде бір айдың ішінде мұнай бағасы 4 есеге қымбаттады.

Тиісінше Батыс экономикасы қиын жағдайда қалды. Бір АҚШ-тың өзінде жұмыссыздар саны бірнеше есеге артып, жалпы ішкі өнім 6 пайызға дейін төмендеп кетті.

Мұның ССРО-ға не қатысы бар дейсіз ғой? Араб мұнайының айналымға шықпауы ССРО мұнайының барынша көп және қымбат бағаға сатылуына жол ашты. Көл-көсір ақшаны Политбюро сол пайда түсіріп тұрған мұнай  саласына аудара берді. Аудара берді...

Нәтижесінде Сібір тайгаларына ұңғыма жұмыстары жүргізілді, экспедициялар жаңа мұнай қорларын іздестірді. Және табылды да. Сосын сол «жердің бір жеріндегі» кен орындарының маңайында қалалар тұрғызыла бастады, темір, асфальт жолдар салынды. Алып империя бюджетінің алпыс пайызға жуығын көмірсутегінен түскен пайда толтырып тұрды. Қысқасы, жұмыс қыз-қыз қайнап жатты.

Бақ сорға айналғанда...

Пайданың көптігі ешқашан, ешқандай мемлекетке зиянын тигізген емес. Бірақ Кремлдің үлкен қателігі – сол пайданы пайдасыз салаларға жұмсағанында болатын. Мысалға, социалистік елдерден қажетті-қажетсіз тұрмыстық бұйымдар сатып алына бастады. Жетпісінші жылдарды көрген әке-шешеміз сол кезеңде үнді джинсысы сәнге айналды. «Румыния жиһазы дүкендерде самсап тұрды. Жапырлап венгр бұршағын жедік. Жұрттың бәрі фин сырасын ішіп шалқып кетті» деп еске алады.

Орақ пен балға елі осылай кекірік атып тұрғанда араб түбегіндегі ахуал басқа бүйіріне аунап түсті. Шейх Фейсал өлтірілді. Өлтірген – АҚШ-тың әйгілі университтерінің бірін тәмамдаған, корольдің туған жиені. Патша тағына ханзада Фахд отырды.

Патшасын ауыстырып алған Сауд Арабиясы 1985 жылы мұнайды батыс елдеріне қайтадан экспорттайтынын мәлімдеді. Сосын, әлбетте, базар заңына сәйкес, тауар тым көп болғаннан кейін, мұнайдың бағасы да түсті. Жай түскен жоқ, күрт төмендеді. Арабтар мұнайды жай өндіріп қойған жоқ, оның көлемін ай сайын ұлғайтты. Тиісінше 1985 жылдан 1991 жылға дейін қара алтынның құны 6 есеге арзандады.

Мысалы дейікші, «Тойота» корпорациясы машина шығаруды ұлғайтса және құнын тым арзандатса, «Ниссан» мен «Митцубиси» не істемек? Өздері белгілеген бағамен көліктерін сата алар ма еді? Әрине, жоқ. Оларға да бағаны төмендетуге тура келеді.

Ал егер «Тойота» мұнымен тоқтамай, тағы да авто шығаруды ұлғайтып, құнын және арзандатса не болмақ? Өзі де өзгелер де пайда табудан қалады, пайда былай тұрып, шығынға батады. Жұмысшылардың жалақысы бар, салық бар, қажетті бөлшектер бар – зауыттар шығынын да жаппас еді. Мұның соңы жаппай қысқартуға ұласар еді. Тиісінше, жұмыссыздар саны көбейеді. Тұтас мемлекет зейнетақы, әлеуметтік көмек ақшасына өмір сүре бастайды. Ол қайдан төленеді? Әрине, мемлекет қазынасынан!

Қазынадағы ақша да бір күні таусылады, себебі зауыттар түгелге жуық тоқтаған, жұмыс істеп тұрғандарының өзі салық төлейтін шамада емес. Осылайша өмір сүру деңгейінің төмендеуі сепаратистік көңіл-күйдегі, билікке наразы адамдардың көбейуіне әкеп соғады. Тұтас мемлекет тұралады деген осы.

Тура сол сияқты араб елдері мұнай өндіруді арттырған соң, мұнай құны да түсті, ал ССРО өнімін арзан бағамен сатуға мәжбүр болды. Сатылған мұнай пайда түсіруден қалды. Тіпті мұнай өндіру шығынға шықты. Көмірсутегін өңдейтін жүздеген гигант зауыттар тоқтады. Миллиондаған адам бір демде қысқартуға ұшырады.

Миллиардтаған рубль пайдасыз іске жұмсалғаны мәлім болды. Енді тұрғызылып жатқан алып кешендер қаңырады да қалды. Әрі қарайғысы түсінікті шығар. Негізгі пайда түсіруші саланың аяғы аспаннан келген соң, ССРО-ның тұла бойынан әл кетті. Бұл бір өмір-бақи шахмат ойнаймын деп ойлап жүріп, кенеттен бокс алаңына шығып кеткен сияқты. Нокаут!

Арабтар неге өйтті?

Арабтар мұндай қадамға неге барды? Ресейлік саясаттанушылар саудиялықтардың АҚШ-пен жең ұшынан жалғасып, ССРО-ны қасақана омақастырғанын айтады. Шейх Фейсалдың өлтірілуі, сосын арабтардың өздеріне тиімсіз бола тұра мұнай өндіруді ұлғайтуы, қара алтынның қатарынан 6 есеге арзандауы, Горбачевтің «қайта құруды» бастап, демократияшыл бола қалуы, ССРО әбден ыдырап болған 1991 жылдан бастап барып мұнай құнының қайтадан қымбаттай бастауы тәрізді оқиғалардың қол ұстасқандай тізіліп қатар келуі – кездейсоқ деуге аузымыз бармайды. Қайта аса ыждағат-кемеңгерлікпен жазылған сценарийді еске түсіреді. 

Бағанадан бері балпылдап айтып отырғанымыз – осы оқиғадан сабақ алсақ дейміз. Мұнай бағасының күрт артып, кенеттен төмендеуі – біздің тәуелсіз ел болып, шаңырақ көтеруімізге зор септігін тигізді. Қазір мұнай сияқты сусымалы тауарға бұт артып отырған біздің елдің пайданы мұнайдан өзге де кіріс әкелетін салаларға салып, балама табыс көздерін ойластыра жүргеніміз жөн шығар.

«Тарих қайталанып отырады» деген тәмсіл болушы еді ғой... ССРО тәрізді бір кездегі мінсіз механизм экономикалық агрессияға төтеп бере алмай, тұмсығымен жер сүзді. Ондай жағдай басқа түссе, бізді «көктен іздеп» жүрер. 2050 жылға қарай Қазақстандағы мұнай қоры түгесіле бастайды деген әңгіме интернетте кезіп жүр. Сондықтан да «біз – әлемдегі мұнайы көп елдердің біріміз» деп көкіректі тоқпақтай бермей, тосын «тартуларға» даяр жүруіміз керегін жұқалап жеткізгенді жөн көрдік.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?