Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Асылы Осман: Қазақ даласы өзге ұлт өкілдерін жатсынбады

3401
Асылы Осман: Қазақ даласы өзге ұлт өкілдерін жатсынбады - e-history.kz
Бірлік күнін мереке етіп жариялап, жарлық жасап, барша ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына тоғыстырған Елбасына рақметімді айтамын. Өйткені бірлік болмаса, тірлік болмайды

Жыл сайын Қазақ елі 1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесін тойлады. Бұл мереке – Ұлы Даламыздың жазиралы өлкесінде 140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта, тұрақтылық пен келісімде өмір сүріп жатқандығының белгісі. Атаулы мереке қарсаңында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚХА-ның мүшесі, «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман Әлиқызы барша қазақстандықтарды бірлік күнімен құттықтады. Сондай-ақ ұлт қайраткері, тіл жанашыры Асылы апайымыз  биылғы «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы туралы және де Елбасы мақаласы туралы өз ойын National Digital History порталымен бөлісті. 

Бірлік күнін мереке етіп жариялап, жарлық жасап, барша ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына тоғыстырған Елбасына рақметімді айтамын. Өйткені бірлік болмаса, тірлік болмайды. Қазақтың Ұлы Даласындай дархан, арамдықтан ада, қиянаттан шет, қонақжайлығы мен бауырмалдығы, пейілі кең қазақ деген ұлттың арқасында қанша ұлт пен ұлыстар Қазақстан деген мемлекетті паналап, мекен етті. Сол бір зұлматты кезеңдерде  бір үзім нанын бөліп беріп, алақандай баспанасынан бұрышын бөліп беріп, жартыны жарып, бүтінді бөліп бізді паналатты əрі бауырына басты. Сөйтіп, өзге елді, басқа халықты сүюдің керемет үлгісін көрсетті.  

Сондықтан да бұрынғы мерекені сол қалпында, Тәуелсіз Қазақстан болып қалғанның өзінде Бірлік күнін тойлауды енгізіп, барша ұлттың өкілін теңдікте бірлікте көріп, барлығына еркіндік берген мына қазақтың дархан даласы. Бұны біздер мәңгі айта беруіміз керек. Ұлы Даламыз қандай кең болса, қазақтың сондай кеңдігін қазақ арасынан шыққан ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевта түсінді.

Ұлттар достығының идеясын көтеріп, жұрттың барлығынын жүрек төрінен орын алып, бәріне еркіндік теңдік берген көшбасшымызға барша ұлт өкілдері алғыстан басқа айтары жоқ. Сондықтан да елімді, халқымды, барша қазақстандықтарды осы келіп жеткен бірлік мерекесімен шын жүректен, адал ниетіммен құттықтаймын. Барлығына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, таусылмас тірлік тілеймін! 
    
Биылғы «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясының орны бөлек. Біріншіден, 25 жыл ішінде толағай табыстарға жеттік. Дәл сол жетістіктер экономикалық, әлеуметтік, саяси жағынан маңызды болды. Дәл биылғы сессияда да оның алдындағы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласының өзі менің түсінігімде барша қазақстандықтарды тас жүрек болса да жібітіп, елге, жерге деген өзінің бір патриоттық сезімін оятқандай болды. Туған жер деген тамаша идеяның тууына себепкер болды. Бұл – бір ғажап дүние.

Бір кездері теледидардан «Туған өлке» деген хабар болған. Сол бағдарламаларды біз жаңартып, жаңғыртуымыз керек. Одан кейінгі қаншама Елбасымыздың айтып жатқан жаңалығы, бастамалары сол бағдарламалар арқылы халыққа жеткізілуі керек. Бірақ соны жүзеге асыруға келгенде баршамыз бір кісідей болып, жүзеге асырсақ деймін. Біздер рухани жағынан шыңдығына келгенде кішкене кемшін тартып қалдық. Елбасымыз дәл бүгінгі таңдағы рухани жаңғыру мақаласы арқылы сол олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Енді экономикалық, саясат, бәрімізге керек, бірақ әрбір ұлттың өзіндік кодын көрсететін сол бойындағы рухани қасиет болу керек. Ол үшін біз біртұтас бір ұлт болуымыз керек. Ол тұтас ұлтқа сананы қалыптастыруымыз керек. Сонан кейін барып, ұлттық мүдде болу керек. Елдік мүдде болу керек. Мемлекеттік мүдде болу керек. Елбасымыз соны биылғы мақаласында орынды көтеріп кетті. Бұл мақала сонысыменде маңызды деп білемін.

Ал биылғы «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы атының өзі айтып тұрған негізгі ортақ тақырыптар. Жаңғырудың негізі тұрақтылық, бірлік, келісім. Міне сол тұрақтылық болып жатыр, бірлігімізге шүкір, келісіміміз жүріп жатыр. Сол идеямыз ары қарай жалғаса берсін. Алла тек көп көрмесін! Қазағым аман болсын!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?