Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Бағдат Мүптекеқызы: Үшінші атам Бекмырзаның 200-ге жуық қыран құсы болды

2358
Бағдат Мүптекеқызы:  Үшінші атам Бекмырзаның 200-ге жуық қыран құсы болды - e-history.kz
«Сұхбат» айдарының кезекті қонағы – журналист-этнограф, республикада тұңғыш құрылған «Жалайыр Шора» Бүркітшілер мектебінің бас директоры Бағдат Мүптекеқызы

Ата-бабадан жалғасқан асыл мұра, салт-дәстүр, текті өнердің жанашыры  Астанаға ат басын бұрғанда арнайы әңгіме-дүкен құрудың сәті түскен еді.

1980 жылы сол кездегі С.М. Киров атындағы ҚазМУ журналистика факультетін бітірген Бағдат Мүптекекқызы ауыл өмірі мен салт-дәстүрімізден алыстап кетпеген. Нақтылап айтар болсақ, Қазақ радиосының  «Ауыл өмірі» Бас редакциясында 20 жылдай  еңбек еткен. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары, яғни 1996 жылы  ҚР Жер қатынастары және жер ресурстарын басқару жөніндегі Мемлекеттік комитетіне баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалып, екі тілде шығатын «Қазақстанның жер ресурстары» журналында Бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы қызметтерін атқарды.

Ауыл өмірі мен жер жағдайын жетік білетін апайымыздың салт-дәстүрімізге, ұлттық құндылықтарымызға деген қызығушылығы, бір жағы арғы аталарынан бастап, күні бүгінге дейін босағаларынан қыран құстың кетпегендігінен болса керек. Айта кететін жайт, бұл кісінің үшінші атасы Бекмырза заманында асқан байлығы,  айналасына жасаған қайырымдылығымен қатар 200-ге жуық қыран құс, жүйрік ат ұстағандығымен де белгілі адам болған. Тіпті, ауласында  халық арасында жиі кездесе бермейтін  бұлбұл құсты да қолға үйреткендігі туралы көзін көрген жандар әлі де тамсана баяндайды. Ал, оы кісінің үлкен ұлы Тәжі бүркіт ұстаса, Тәжінің ұлы, яғни біздің кейіпкеріміз Бағдат апайдың әкесі Мүптеке жас кезінде бүркіттен кішірек  ителгі, тұйғын, қаршыға тәріздес қыран құстарды аң-құсқа сала білген айтулы құсбегі екен. Мүптекенің інісі Бәйтеке де өзінің 96 жыл ғұмырының біршама жылын бүркіт салып, саятшылық құруға арнаған.

Қанмен берілген қасиеттен болар,  заты әйел болса да Бағдат апайымыз ата-баба аманатындай, құсбегілік  өнерді сан түрлі қызметте жүрсе де қоя алмапты. «Қызмет бабымен, әсіресе Қазақ радиосындағы жылдарымда, жылдың төрт мезгілінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғай ауылдардың экономикалық-әлеуметтік жағдайларынан арнайы хабарлар дайындау үшін жиі іссапарға шығатынмын. Сол кездері ауылдардан жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы көрсем, тап бір туғандарымды көргендей кәдімгідей жаныма жақын тартып, есім кете қуанамын», – дейді Бағдат апай.

– Алматы облысы Еңбекшіқазақ (бұрынғы Шелек) ауданының Нұра деп аталатын  бүркітшілердің ауылында балалық шағым өтті. Тоқтасын, Молдажан деген  ағайындас аталарым түгелімен бүркіт ұстап, жүйрік тазы  асырайтын. Күнде таңертең бүркіттің шаңқылынан оянатынбыз. Сабақ пен ойыннан бос кезде бүркіттің қасына барып, оны сипалап, аталарымыздың аңшылық жайлы әңгімелерін қызыға тыңдайтын едік. Кейін журналистік қызмет бабымен ел ішіне барғанда, әсіресе, бүркіт пен жүйрік ат, құмай  тазы туралы материалдарды қызыға жазуға ұмтылуыма сол бала күнгі алған әсерлерім себеп болған сияқты. Қазір кімнің есінде барын білмеймін, кеңес заманында Мәскеуде көкпардан өткен одақтық сайыста Қазақстан құрамасының бас жүлдені алғандағы біздің  жігіттердің жалғыз фотосуретін Шымкент қаласынан шалғайдағы бір ауылдан сол жарысқа қатысқан көкпаршыдан алып, қатты қуанғаным бар. Ол  туралы  радиодан берген хабарыма жақсы мақтаулар да алғам. Қызығушылық қой. Әйтпесе, әйел адамның, әсіресе, қазақ қыздарының бұл тақырыпқа қалам тартуы сирек жайт болатын.

Сексенінші жылдардың ортасында Алматы облысында республикада тұңғыш  «Жалайыр Шора» Бүркітшілер  мектебі ашылды. Этнограф-ғалым Жағда Бабалақұлы, Заманбек Батталханов, Асылхан Артықбаев секілді ұлт жанашырлары бас болып, Байжүніс, Сейітжан Көдековтер, Әбен Тоқтасынұлы, Шәкен Ошанбаев, Ахмет Ұзақов,  Әбілхақ Тұрдыбаев, Сәрсебек Дәулетбақов, Айтбай Жетібайұлы секілді байырғы бүркітші  аталарымыз бен ағаларымыз осы шараның ортасында жүрді. Аталған мектеп құрылғанда жас та болсам, сол кісілермен ілесіп жүріп, біраз жайтты аңғардым.

– Жалайыр Шора деген кісі есімі бүркітшілер арасында жиі айтылғанымен, қарапайым оқырман біле қоймайды. Ол кісі кім болған?

– Ұлы жүзде атағы шыққан бүркітші әрі батыр болған кісі екен. Бұл өзі әлі де толығымен зерттелмеген тақырып. Түбін қазып тарихқа тереңнен көз жіберсеңіз, тұңғиыққа тап боласыз. Жалайырлардың шежіресінде Жалайыр Шораның дүниеге келген, өмір сүрген ортасы Сырдың бойы, қайтыс болған жері белгісіз делінсе де, батырлығы ерекше сипатталған. Халық арасында  «Аспанда ұшсам – қанатым талады, жерге қонсам – Жалайыр Шора алады» деген бір ғана қанатты сөз сақталып қалған. Осы Ұлы жүз, Албандардың ішінде  де Хантәңірі тауын  мекендейтін Шора деген рудан  көптеген атақты бүркітшілер шыққан. Әлі де зерделеніп, нақты дәлелдер табылуы тиіс жәйттар көп-ақ...

– Ірі аңдарға түсетін бүркіттер қандай болады? Қандай қабілет-қарымымен ерекшеленеді?

– Қасқыр мен аюға түсетін бүркіттер әрине, түр-тұлғасы ерекше, бабы келіскен болуы тиіс қой. «Бабын тапсаң, балапан қыран болар» деп, бабаларымыз бекер айтпаса керек. Қай кезеңде болсын, Алтай мен Тәңіртаудың Қырандары нағыз құсбегілердің  қолына түсе бермейтін арманы болған. Бұл орайда, Алатау мен Алтайдың Ақ иығы аталатын биік шыңның алып бүркіттерінің 10-12 келіге дейін салмақ тартатынын ескерсек, алымы мен қарымы қаншалықты  болатынын шамалап көріңіз. Байырғы құсбегілер ол турасында аңыздай ғып  айтар еді. Тау қырандарына қарағанда, дала бүркіті мен су бүркіті тұрқы шағын болғандықтан, ұшқыр келеді. Түлкі, қоян секілді аңдар мен құстарды жақсы алады.

– «Жалайыр-Шора» мектебіне биыл отыз жыл толады екен. Жетістіктеріңіз бен алдағы уақыттарға қойып отырған  жоспарларыңыз  жайлы да айтып берсеңіз.

– Бұл мектептің іргесін қалауға атсалысқан біраз ұлтжанды азаматтардың есімдерін жоғарыда айттым  ғой. Атап өтерлігі, сонау кеңестік кезеңнің өзінде атадан-балаға мұра болып қалған мәдени асыл байлықтарымыздың бірі – осы құсбегіліктің алтын арқауын жоғалтпай, ұрпақ санасына қайтарған асылдарымызға қарыздармыз. Мақтанышымыз, Тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік рәмізі, көк Туымызда қанат қаққан еркіндіктің, өр рухтың белгісі – Алтын Қыранымыз!

1998 жылы Алматының Орталық стадионында І Халықаралық Бүркітшілер фестивалі өтті. Одақтас  елдерден, республикамыздан  20-ға жуық бүркіт, сонымен қатар аңшы иттер де  қатысты. Бұл шара содан кейін екі жылдай  Алматы қаласының ипподромында  жалғасын тауып, қолдаудың жоқтығынан аяқсыз қалды. Дегенмен, қоғамдық негізде республикадағы тұңғыш құрылған Бүркітшілер мектебі осы отыз жылда талай оқиғаларды бастан кешірсе де, ұлы дүниемізді ұрпақ санасынан өшіртпей, босағасын берік ұстап келеді.

Бүгінде республика бойынша жетпіске жетпейтін тәжірибелі бапкерлер болса, соның жартысына жуығы Алматы облысында, соның ішінде көбі жоғарыда атаған Нұра ауылында тұрады. Осы Бүркітшілер мектебінің  арқасында, ол – Ұлттық спорттың бір түрі ретінде ережесі бекіп, күнтізбелік жоспарға енгізілді. Біраз облыстарда Ұлттық спорт мектептерінде «Саят» бөлімдері ашылды.

Осының негізінде, халқымыздың ұлттық рухы, бабалар аманатының аяқсыз қалмауына қолдау көрсету мақсатында белгілі өнер иесі, әнші, қоғам қайраткері Нұрлан Өнербай басшылық ететін «Қыран» федерациясы» қоғамдық қорының құрылғанына да он жылдан асты. Федерация қолдан келгенше қазақтың құсбегілік тарихын түгендеуге, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жанашыр болуда. Нұрекеңнің қолдауымен бүркітшілердің бүркітшілердің ұлттық киімі ертедегі үлгісімен тігілді. Олардың  бірнеше  балалары  Қазақтың Туризм және спорт академиясы мен Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітіріп шықты. Қыран құстарға арналған құрал-жабдықтар жасайтын шеберхана ашылды.  2006 жылы «Қазақ құсбегілері» деген тұңғыш фотоальбомды жарыққа шығардық. 2014 жылы Астанада Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған І Халықаралық Бүркітшілер Фестивалінде ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырып, үш тілде «Қыран бүркіт» атты фотоальбом шығарылды.

Әлі есімде, сол бүркітшілер ауылында Сейітжан  деген жездем бүркіт ұстайтын. Тоқсаныншы жылдардың аяғы, заманның қиын кезі ғой. Сол ағамыздың үйіне барсам, әпкем ренжіп отыр. Көп  балалы отбасына тамақ болар етті бүркітіне берген ғой. Міне, осындай кісілер мектебіміздің іргесін қалады. Белгілі этнограф, ұлт жанашыры Жағда атамызбен бас қоса отырып, біраз жайтты талқыладық. Ауылға барып, ақсақалдармен ақылдасып, мектептің болашағы туралы әңгіме қозғадық. Тіптен келешекте осы ауылда республикада бүркітшілікті зерттейтін ғылыми орталық ашуды жоспарладық.  Қытайдан келген мүсінші жігітті тауып, қыстың күні таудың ұшар басына цементтен, салмағы бір тонна боларлық  бүркіттің мүсінін орнаттық. Балақ бауды қағаздан жасап, бүркітші Мәметов Насырдың 13 жасар Ернат деген баласына шырға тартқыздық.

Қазір Сейітжан, Әбен деген ағаларымыз бақилық болса да, бірнеше жылдан бері олардың атынан жыл сайын турнир өткізіп жүрміз. 

Жыл сайын Алматы облысында құсбегілердің республикалық «Сонар» ұлттық спорт жарысының жоғары деңгейде өтуі, алыс-жақын шетелдерге қазақ құсбегілерінің танымал болуы, құсбегілердің тұңғыш ұлттық киім үлгісінің өмірге келуі, ғылыми дүниелердің жиналуы, басылым беттерінде насихаттың көбеюі жоғардағы жұмыстың нәтижесі екені рас. Сол сияқты Англияда өткен қыран құс салушылардың дүниежүзілік тұңғыш фестивалінде қазақстандық бүркітшілердің қатысып, саятшылықты жан-жақты насихаттауы, тағы басқа да жетістіктер де үнемі ізденістің, жинақталған тәжірибенің арқасы. Бүгінде Нұра ауылының аты алыс-жақын шетелге танылып қалды, жастар қатарының көбеюі қуантады.

Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылының тұрғыны терең білімді ұстаз, орнитолог маман Досан Ұшқұловтың «Жас натуралистер» клубымен бірігіп, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, атадан балаға жалғасқан ақсүйек өнеріміздің бір саласы бүркітшілікті ұлттық құндылығымыз ретінде танып, қазақтың брендіне айналдыруды түсінбей-ақ келеміз. Бұл-тек жеке қызығушылардың ғана емес, мемлекеттік деңгейде шешімін табуы тиіс. Өйткені, қазақтың бүркітшілік өнеріне шетелдіктер ерекше қызығады. Түз тағысын өзіне бағындырып, қалаған аң-құсына баптап сала білетін қасиет мыңдаған халықтың ішінде бізге берілген ерекше сый болса керек. Қайта бұрындары «Қызыл кітапты» сылтауратып, өмірін тек осы өнерге арнаған талай кәсіби құсбегілеріміздің алды бір-екі жылдан істі болып, бала-шағасына кесірі тиген кездер де болды. «Қансонар» Қауымдастығы құрылғалы бері ғана бұл мәселе шешімін тауып, қолда бар қыран құстарға чип салу ісі қолға алынды, бүгінде жүзге тарта құсбегінің қажетті құжаттармен қамтамасыз етілуі біраз түйінді шешті. Қыран құстарды қорғау, сақтау мәселелері бойынша бірлесіп атқаратын шаруаларымыз әлі де жетерлік. Ең бастысы, Жан-жануарларды қорғау, оларды көбейту, Ұлттық спорт туралы арнайы заңдар  қабылданса, көк Туымызда қанатын еркін сермеген Қыран Бүркітімізге ерекше мәртебе беріліп, көптен бері айтылып келе жатқан мәселе, құрылғанына 30 жыл толған республикамыздағы жалғыз Бүркітшілер мектебі Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Нұра ауылы ғылыми-зерттеу орталығы деп танылса, бабалар аманатының орындалғаны болар еді. Әлемге қазақтың ерекше өнерін танытып, туризм саласының да өркендеуіне көп үлес қосылары анық. Ендігі мақсат – бүркітті ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының бүкіләлемдік қатарына қосу. Себебі бабадан қалған бағзы өнерімізді құрметтеу, оған қолдау көрсету – азғана жанашыр топтың ғана емес, кеудесінде ұлттық намысы бар, текті халықтың арманы сияқты ұрпақтардың парызы болса керек.

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Олжас БЕРКІНБАЕВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?