Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құнанбайдың Оспаны балуан туған

5374
Құнанбайдың Оспаны балуан туған   - e-history.kz
Арғы атасы Ырғызбай, өз әкесі Құнанбай секілді арысқа түсіп күрескен Оспанның да балуан болатын жөні бар.

Жайнаған туың жығылмай, 

Жасқанып жаудан тығылмай. 

Жалын жүрек суынбай, 

Жат біткеннен түңілмей, 

Жайдары жүзің жабылмай, 

Жайдақтап қашып сабылмай, 

Жан біткенге жалынбай, 

Жақсы өліпсің, япырмай! – деген ұлы ақын Абайдың жақсы інісі Оспан өлгенде жазған көңіл айту өлеңі баршаға мәлім.  Қайғыдан қан құсса да, сүйікті бауырының қайғасына налыған ақын Оспан бейнесін анық ашып, суреттеп бейнелегендей. Жоғарыдағы өлең арқылы Оспанның өр мінезді, батыр да балуан кісі болғанын байқаймыз. 

Шын мәнінде Оспан Құнанбайұлы өз дәуірінде алып зор денелі балуан, турашыл өр мінезді, ашық қол жомарт, досына құшағы ашық, дұшпанына мейірімсіз, алған бетінен қайтпайтын қайсарт батыр болған. Дәулеті тасып, ырыс-берекесі молайған, әр кез маңайындағы жандарға қол үшін созып, көмегін аямаған. «Кешегі Оспан...», «Кешегі Оспан ағасы...» дейтін Абай өлеңдеріндегі Оспан образы осы жоғарыдағы көркем сипаттарды дәлелдегендей. 

«Кешегі Оспан – 

 Бір бөлек жан, 

Үйі – базар, 

 түзі – той. 

Ақша, нәрсе 

Ала берсе, 

Ат та мінсе, 

көнді ғой. 

Жауға мылтық, 

Досқа ынтық, 

Жан асар ма осыдан? 

Қорықпай өтті, 

Жанға жетті, 

Арман етті досынан». Ал енді Оспан батыр Құнанбайдың өмірдерегіне тоқталып өтсек. Абайдың ерке інісі, әрі жан досына айналған Оспан балуан 1852 жылы бұрынғы Семей облысының Шыңғыстау етегінде дүниеге келген. Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туған баласы. Оспан Құнабайұлы ауыл молдасынан хат танып, сауатын ашқан. Оспан туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Халық арасында айтылып жүрген «Өзгеден сұрағанша Оспаннан сұра» деген сөз де Оспанның жомарттығына байланысты айтылып қалған сөз. 

e1b307a67d0b2f69e17afd0160cc90cf.jpg

Оспан Құнанбайұлы

Оның балуандығы жеке бір әңгіме. Үлкен аталары Ырғызбайдың алып денелі балуандығы бар дейді. Бұл туралы А. Байбосынұлы Шыңжанда шығатын «Мұра» журналында мынадай дерек көрсетеді: «Бір кезде Көкшетау өңірінде атағы жер жарған «Көкиірім съезі» деп аталатын думанды сауда жәрменкесі өткізілген. Осы жәрмеңкеде қазақтың ат үсті ойындарынан бәйге, жорға, теңге ілу, жамбы ату, қызқуар, көкпар тарту ойындарымен бірге палуан күресі де өткізілген екен. Палуан күресінің жүлдесі 3000 пұт бидай болса керек. Күресте Моңғолдың қоңыраулы палуаны басқа ұлттардан күрескендерді қирата жығып, кезек қазаққа келгенде, қазақтың сарқарын палуандарының көңілі шайлығып шетінен тайсақтай беріпті. Ел дағдарып тұрған осы кезде Жәнібекке атқосшы болып жүрген жас жігіт Ырғызбай Айдосұлы әлгі моңғол палуанмен күресуге бекінеді де, үлкендерден бата сұрайды. Сонда қазақтың кейбір ақсақалдары: 

– Ой, қарағым Ырғызбай, талабың жақсы-ақ. Бірақ, қарғадай ғана баласың, ана қалмақ палуан қара бурадай алып екен. 3000 пұт бидай қалжыңдасатын сауда емес, ел шығындалып қалмасын, – деп басу айтады. 

Сонда Жәнібек: 

– Ой, халайық, қалмақтың кескінін көріп, сүрендерің ұшпасын. Ол да адам, алып емес. Жүректегі жігер мен білектегі қайраттың осал жау еместігін аңғарыңыздар. Күш атасын танымайды деген емес пе. 3000 пұт бидай қасқалдақтың қаны емес, қазақтан бір жас шығып тіленгеннің өзі қандай! Меселдесі қайтпасын, тәуекелге келейік, – деп бекім айтады. Даурыққан көпшілік үнсіз қалады. Жәнібек Ырғызбайға қарап: 

– Қарағым, осы жолы қазаққа жүлде алып берсең, жалғыз қарындасымды қалыңсыз беремін, — деп уағда қылады. Сол жолы қазақтың тілегі қабыл болып, Ырғызбай жүлде алады. Жәнібек сөзінде тұрып, қарындасы Ермекті қалыңсыз атастырып, Ырғызбайға отау көтеріп береді» (А. Байбосынұлы. «Мұра» журналы. ҚХР ШҰАР, 2003. № 1). 

Ырғызбай жастайынан жауырыны жерге тимеген балуан екені анық. Құнанбай да ата жолын қуып, күрес өнерін серік еткен. Сондықтан Оспанның балуан болатын жөні бар. Тіпті кейбір деректі-әңгімелерде ағасы Абай екеуі балуан баптап, күрестірген дейді. 

Абай керейден шыққан алып күш иесі, 20 жасында өгізді көтерген Байқұда балуанның бапкері болған. Кейін тобықтыдан Нұрмағанбет балуанға бапкер болған. Оспанның балуаны осы Нұрмағанбеттен жеңіліс тапқан. Осы кезде Абай інісіне: «Әй, Оспан-ай! Күніне бір қойдың етін жеп, бір саба қымыз ішетін балуанды Тобықтыдан таппадың ба?!» – деп ыза қылдырса керек. Осы сөзге намыстанған Оспан өзі белдесуге шығып, талай тобықтыны жер иіскеткен балуан болған деседі. 

Оспан балуанның алып көк тасты көтергендігі туралы тарихи дерек тіпті қызық. Олай дейтініміз күні бүгінге дейін Жидебайда Оспан көтерген көк тас әлі сақталып тұр. Оны көтеру түгілі орнынан қозғаудың өзі неғайбыл. 

e55a13fca9652612e6c12e98c90a7304.jpg

Оспан көтерген тас

Абайтанушы ғалым Асан Омаров «Абай: ашылмай келген қырлары» атты монографиялық еңбегінде Оспан Құнанбайұлы туралы да деректі қамтып өтеді. «Оспанның қазасы» атты мақаласында балуан Оспан туралы: «Оспан патша көңіліне сай, дене бітімі зор тұлғалы адам болған. «Оспан көтерген» дейтін дәу тас болғанын Абай елі әлі ұмытқан жоқ» деп жазады. Зерттеуші жоғарыдағы еңбегінде әйгілі Қарамола съезінен кейін 1888 жылы Көктұма съезінің өткенін жазып көрсетеді. Осы съезге Абай мен інісі батыр Оспанның барғанын айғақтайды. «Атақты Қарамола съезінен кейін үш жыл өткенде, 1888 жылы Көктұма съезі шақырылған болатын. Оған Жетісу өңірінің адамдары «Тобықтыдан бір дана арыс, көсем кісі шығыпты» десіп, Абайды бір көруге ынтыға жетіпті. 

Қызығы, олар таяуда ғана Шыңғыс болысының болысы болып сайланып, екпіні үй құлатардай алшаң басып келе жатқан Оспанға: «Тусаң ту. Ой, ерім-ай!» – деп қадала қарап, оны Абаймен шатастырып алыпты. 

34f75b3adb3df2fb517c9374c5a14f98.jpg

Ысқақ, Дүтбай, Оспан

Сол қызғылықты сәтті Мүсірәлі Қожанұлы былайша баяндайды: «...Көппен бірге мен де Абайды күттім, екі пәуеске арба келіп тоқтады. Бірінің ішінен Абай түсті, ақ бешпет, шалбар, басында ақ қалпақ, аяғында әмірикан жылтыр кебіс мәсі. Бір пәуескеден Оспан түсті. ...Жұрт екі жарылды. Келе жатқан жандаралды көріп, Абай соған қарай жүрді, Оспан да ере жөнелді. Абай қалпағын алып, жандаралмен амандасып, бір-екі ауыз сөзге келген соң, жандаралмен бірге съезге тіккен үйге беттеді. Сонда көпшілік: «Жарықтық, Абай десе Абай екен ғой, тұлғасы да зор екен», – десіп тұрғанда бір казак-орыс: «Әй, ақымақ қазақтар, анау үлкен қара бос қара, барлық пәле ана кішкене қарада», – деді. Біз – Абайды танитындар күліп жібердік. Сол жиынға келген неше мың адамнан Оспанның басы асып тұрушы еді. Өзге денесі де өте жуан, сондықтан танымағандар Оспанды Абай екен деп қалды». 

Абайды ерекше құрмет тұтып, оның дұшпандарымен жағаласып өткен інісі Оспан туған жері Жидебайда қайтыс болады. Оның өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты деректер Семей қаласындағы Абай музейінде сақтаулы. Заңғар жазушы М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында Оспан бейнесі шынайы сомдалып, ақынның сенімді досы әрі серігі екенін суреттейді. 

 Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?