Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ірбіт жәрмеңкесі

3021
Ірбіт жәрмеңкесі - e-history.kz
Революцияға дейін Ірбіт селосы Ресейдің басқа да көптеген провинциалдық елді мекендерінен аса бір өзгешелігі жоқ еді

Алайда жылдың бір айында - 1 ақпаннан 1 наурызға дейін ол жерде елтірі, шай, жібек, мата, былғары және тағы басқа дүниелермен сауда жасайтын саудагерлер есебінен халық саны әжептәуір өсер еді. Бұнда келген саудагерлер ішінен Қазақстаннан келген саудагерлер ерекше орын алатын

Жазба деректерде Ірбітт жәрмеңкесі туралы жазбалар алғаш рет XVII ғасырда пайда болған. Осы жәрмеңкені құру туралы жарлыққа Романовтар әулетінен шыққан бірінші патша Михаил Федорович 1643 жылы қол қойған. Алғашқы жылдары жәрмеңке 18-26 қаңтар аралығында небәрі бір апта ғана өткізілген. Кейіннен жәрмеңке өткізу күндері жиі ауысып тұрған. Мысалы, 1740 жылдан XIX ғасырдың басына дейін 27 қаңтардан Масленица басталғанға дейін, ХІХ ғасырдың басынан 1860 жылға дейін – 10 ақпаннан 1 наурызға дейін, 1860 жылдан 1929 жылға дейін – 25 қаңтардан 1 наурызға дейін өткізіліп тұрған.

Ірбіт жәрмеңкесі Нижегород жәрмеңкесімен қатар ішкі сауда қарым-қатынасында маңызды рөл ойнаған. Жәрмеңке күндері селода театр, цирк жұмыс істеген, «Ирбитский ярмарочный листок» парақшасы шығып тұрған. Күні бойы саудадан шаршаған жұрт театрдан гөрі көңіл сергітер циркке көбірек баратын. Жәрмеңке кезінде Ірбіттің жергілікті тұрғындары негізінен тұрғын үй мен қойманы жалға беру, кірешілік және жезөкшелікпен айналысқан. Құмар ойындарын да саудагерлер ерекше сүйіп ойнаған. Елтірі, алтын мен мануфактурамен сауда жасаушылар карта ойындарына құмар болғандарын зерттеушілер айтады. Құмар ойындарына ақсүйектер де әуес болған. Құмар ойындарында олардың көбі өздерінің атақтары мен әулеттерінің жер иеліктерін ұттырып та қойып жүргендері үшін Николай І патша жәрмеңкедегі құмар ойындарына тыйым салу туралы жарлық шығарады. Ірбітте жәрмеңке кезінде ғана шығарылған жалғыз «Ирбитский ярмарочный листок» басылымында негізінен анықтамалық ақпарат пен жарнама басылып отырған, бірақ экономикалық мәселелерге қатысты да жарияланымдар болып тұрған. Жазушы Д. Мамин-Сибиряк өзінің «Приваловские миллионы» романында жәрмеңке туралы былай деген:

«Ирбит – большое село в обыкновенное время – теперь превратился в какой-то лагерь, в котором сходились представители всевозможных государств, народностей, языков и вероисповеданий. Это было настоящее ярмарочное море, в котором тонул всякий, кто попадал сюда. Жажда наживы согнала сюда людей со всех сторон, и эта разноязычная и разноплеменная толпа отлично умела понять взаимные интересы, нужды и потребности. При первом ошеломляющем впечатлении казалось, что катилось какое-то громадное колесо, вместе с которым катились и барахтались десятки тысяч людей, оглашая воздух безобразным стоном»  

XVIII ғасырдың аяғына дейін село әкімшілігі саудагерлерге негізінен ағаштан жасалған үй-жайларды жалға берген. Жәрмеңке көбіне қыстыгүні өткендіктен, үй-жайларды жылытуға жаққан от көпшілік жағдайда өртке себеп болатын. Саудагерлер шығынға батып, селоға да біраз залалы тиетін. Осы себептен XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Ірбіт жәрмеңкесі қатаң ережемен тәртіптеле бастады. Ереже бойынша үй-жайлар кірпіш пен шойтастан салына бастады және ереже биліктің нақты вертикалін да анықтап берді. Осылайша, Ірбіттегі сауда жүргізудің жоғарғы бақылаушысы болып Жәрмеңке комитеті мен қала сәулетшісі белгіленді әрі оны Пермь генерал-губернаторы басқарды. Комитет қатарлардың орын ауыстыруы, үй-жайларды жайғастыру, кіріс-шығыс кітаптарын жүргізу, түскен арыз-шағымдарды шешу сияқты сауда-саттық мәселелерін шешумен айналысты.

Ірбіт жәрмеңкесі негізінен Орал-Сібір өңірінің саудагерлерінің қызығушылығын тудыратын, дегенмен де ақпанның алғашқы күндерінде жәрмеңкеде армян, грек, парсы, қытай және Орта Азия халықтарының өкілдерін, оның ішінде қазақ саудагерлерін де кездестіруге болатын. Орта Азиядан Ірбітке жетудің өзі де оңай емес еді. Ұзын ырғасы бір айға созылатын жолда кереуенде аштық пен ауру да орын алатын, одан қалса сібірдің аязы мен тонаушы қарақшылар да кездесетін. Орта Азия саудагерлері мен өңірдің жергілікті тұрғындары арасында тауар айналымы жылдам орнықты. Егер XVIII ғасырда керуен жолдарымен Ірбіттен Қазақстанға негізінен темір кені мен мыстан жасалған поднос, айга, түйме, балта, құмған, қазан, ине сияқты заттар келсе, ХІХ ғасырда ортаазиялық саудагерлердің қызығушылығы мануфактура мен қытай тауарларына ауысты.  Кашемир мен панбарқыт орамалдар, түрлі түсті маталар, әшекей бұйымдары, бояғыштар, қант, темекі, сонымен қатар қытай фарфоры, жібек пен шай – осының бәрі түркі саудагерлерін қызықтырмай қоймайтыны сөзсіз еді. Қазақстаннан барған саудагерлер жіп, жүн, дәмдеуіштер, кептірілген жемістер және малшаруашылығының өнімдерін – тері, былғары, жүн, киіз, қой терісі, жылқының қылы, ет-май сататын. Айта кетерлігі, мал сату үнемі пайдалы бола бермейтін. 1874 жылға дейін сойылатын малды қоятын қора-жай да болмағандықтан, мал індеті жиі болып тұратын. 1874 жылы осы мәселе талқыланып, содан кейін саудагерлерге үй-жай бөлінеді, онда тұрақты түрде зарарсыздандырылып тұрады. Бұл үй-жай май өнімдерін сақтауға арналған қойма ретінде де пайдаланылады. 1881 жылы арнайы мал саудалайтын саудагерлер үшін санитарлық комиссия құрылады, бірақ комиссия жұмысына салғырт қарайтын: белгілі бір сомаға еттің жеуге жарамдылығы туралы анықтама бере беретін. Кәдімгі малмен бірге Қазақстаннан барған с аудагерлер асыл тұқымды жылқы, будан жылқыларды сатумен де айналысқан. Ресей зауыттарының өкілдері олардың тұрақты сатып алушылары болған.

Ірбіт жәрмеңкесінде қазақ әйелдері тоқыған кілемдер де сатылған. Бұл кілемдер әртүрлі уақытта Мәскеуге, Польшаға, Батыс Еуропаға сатылған. Қазақ кілемдерімен Еуропада кіре беріс есік сәнделсе, Ресейде күйме, дилижанстардың іштері, шаналар сәнделген. Билік басына большевиктер келген соң, Ірбіт жәрмеңкесі де ақырындап жұмысын тоқтатады. Алғашқы совет жылдарында саудагерлер мен көпестер Ірбіт жәрмеңкесінің көп ғасырлық дәстүрін жаңғыртуға тырысты, алайда бұларынан ештеңе шықпады. Көбінесе бұның себебі - Азамат соғысы жылдарында ірі кәсіпорындардың елден кетуі болды, ал елде қалғандарының барлық мүлкін большевиктер тартып алған еді. Азамат соғысы жүргізілген әскери коммунизм саясаты елдің экономикалық күйреуіне әкелгеннен кейін, жоғары билік енді бағытты жаңа экономикалық саясатқа (НЭП) түзейді. НЭП кезінде халық шаруашылығының жағдайы жақсарып, нарықтық қарым-қатынастар қалпына келтірілді. Алайда ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының екінші жартысында совет билігі экономиканы басқару жүйесін орталықтандыруға көше бастады, ақыр соңында бұл ұжымдастыруға келіп соқты. Жаңа бағыт көпестердің үмітін өшіріп қана қойған жоқ, сонымен қатар кәсіпкерлікті заңнан тыс деп жария етті. Соңғы Ірбіт жәрмеңкесі 1929 жылғы ақпан-наурызда өткен.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?