Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаштың бес дәрігері

3490
Алаштың бес дәрігері - e-history.kz
Бір идея айналасында топталып, Алаш атты партия құрып, арнайы үкімет жасақтап озық үлгідегі мемлекет құрмақ болған Алаш қайраткерлерінің арасында дәрігерлер де бар еді

Бүгін біз Алаш жолында жүріп оққа ұшқан, қуғын көрген, Әлихан бастаған ұлт зиялыларына ниеттес болған дәрігерлердің біразына тоқталып өтпекпіз.  

Солардың бірі әрі бірегейі – Халел Досмұхамедов. Халел 1883 жылдың 24  сәуірінде Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Тайсойған құмында дүниеге келген. Негізгі мамандығы дәрігер. Ол – көп қырлы дарын иесі, аса ірі саяси тұлға. Қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы.

Мектепті жақсы бітірген Халел 1894 жылы Теке қаласындағы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық класына қабылданып, оны үздік бітіреді. Келесі жылы Санкт-Петербургтағы императорлық әскери-медицина академиясына қабылданады. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атақ алып Алтын медальмен бітіріп шығады. Алдымен Пермь губерниясында, кейін №2 Түркістан, №2 Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарады. 1913 жылы Орал облысының вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден босап, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасты. 1912-1913 және 1915 жылдары оба індетіне қарсы күрес ісіне белсене қатысып, «Темір дәрі хақында», «Сары кезік-сүзек, «Жұқпалы ауру хақында» атты мақалалар жариялайды. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталады. Кейін бұл еңбектерін толықтырып «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты ғылыми кітап етіп шығарады.

1920-1921 жылдары Ташкенттегі физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы; Қазақ педагогикалық институтында мектеп дәрігері, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, 1922-1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының, мүшесі және емдеу санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды. 1922-1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының, мүшесі және емдеу санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды. 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы шығармашылық бөлімінің мүшесі, 1925 жылдан шығармашылық бөлімнің меңгерушісі, 1926 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы басқармасының мүшесі және меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

1927 жылы Қазақ пединститутының доценті болып бекітілді. Қазақ мемлекеттік университетінің ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарды. 1929 жылы осы университеттің профессоры болып бекітілді. Алайда келесі жылы Совет өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеді.

1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді.

Бақтығали Бисенов 1889 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Қызылжар болысының 5-ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) туған. 1902-1910 жылдары Орал реалдык әскер училищесінде оқыды. 1910 жылы тамызда Саратов университеті медицина факультетіне оқуға түседі. Алайда соғыстың басталуына байланысты  1917 жылы оқуын мерзімінен бұрын аяқтап Орал облыстық 13-Қызылкүлгін ауылдық-дәрігерлік учаскесіне дәрігерлік қызметке жіберіледі. Бұл бір халық арасында жұқпалы аурулар таралып, халықтың денсаулығы мүшкіл халге түскен ауыр кезеңдер еді.

Бақтығали Бисенов бар күш-жігерін халықтың денсаулық әлеуетін көтеруге, шалдыққан дерттерінен айықтыруға жұмсайды. Базартөбе ауылында 10 орындық емхананың салынуына мұрындық болады. Онымен тынбай оба, шешек, сүзекпен ауырған науқастарға арнап емхана жанынан монша, дәріхана секілді әлеуметтік нысандар салдыртады. Жалпы аумағы бір гектар аумаққа картоп, басқа да көкөніс түрлері егіледі. Науқас балаларға сүт берудің пайдасын дәлелдеп жүріп сауын сиырлар бағу жұмысын қолға алады. Бұл жұмысы әрине нәтижесіз қалмайды. 1924 жылдың басында Орал облысындағы Байғұтты ауруханасына басшылық қызметке  жіберіледі. Келесі жылдың қаңтарында Орал қалалық совет-партия мекте­бінің дәрігері, бір жылдан соң Губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу-профилактика ісі жөніндегі инспекторы болып тағайындалады.

Алайда Бақтығали Бейсеновты да өзгелер секілді қуғын күтіп тұрған еді. 1937 жылдары сталиндік репрессия кезінде НКВД «үштігінің» назарына ілігеді. Жүрген жерінің бәрінде «Алашорда» үкіметінің мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста болды деген желеумен 1937 жылдың 16 қыркүйегінде 10 жыл­ға еңбекпен түзеу лагеріне ай­да­­лады. Бірақ, кеңестік озбыр­лар алты ай азаптаудан соң, ату жа­за­сына кеседі. 1938 жылы 19 ақ­­панда жазықсыз ату жазасына кесілді.

Аққағаз Досжанова – Шығыс халықтары әйелдері арасында медицина факультетін бітірген алғашқы қазақ қызы. Ол 1893 жылы Торғай облысының Ақтөбе уезіне қарасты Бөрті деген ауылда дүниеге келген. 1914 жылы Орынбордағы әйелдер гимназиясын бітіргеннен соң медицина мамандығын алуға Мәскеуге аттанады. Талантты қыз сынақтан сүрінбей өтіп медицина курсына қабылданады. 1920 жылы Том медициналық университетіне оқуға түседі. Оқумен қатар ординатор-дәрігер қызметін қоса атқарады. 1921 жылы Ташкенттегі Түркістан халық университетінің медицина факультетіне ауысып, оны 1922 жылы бітіріп, жұмысқа араласады. 1928-1929 жылдары аралығында Ташкент қаласында қызмет етеді. 1930 жылы отбасымен бірге Алматыға көшіп келіп, №1 ауруханада гинеколог болып жүмысқа кіріседі. 1932 жылы өмірден өтті.

Аққағаз Досжанова – білікті дәрігер ғана емес, саяси күреске де араласқан қайраткер қыз. 1917 жылы қазақ зиялылары ұйымдастырған Мәскеудегі Татар слободасындағы медреседе өткен басқосуға қатысып, мұсылман елдерінің азаттығы туралы арнайы баяндама жасайды. Сол жылдың 1-8 мамыры аралығында Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне қатысып, мұсылман әйелдерінің мүң-мұқтажын жоқтап сөз сөйлеген.

Совет өкіметінің лаңына ілігіп, жазықсыздан-жазықсыз атылған азаматтардың бірі – Асылбек Сейітов.

Ол 1894 жылдың 22-қаңтарда Омбыда Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесі аудармашысының отбасында дүниеге келген. 1911 жылы (он жеті жасында) Омбы қаласындағы ерлер гимназиясын бітіріп шыққан соң бірден Томск Мемлекеттік университетінің медицина факультетіне түседі.  Аталмыш оқу орнын 1916 жылы үздік деген бағамен тәмамдаған соң, Омбы қаласына уездік дәрігері қылып қызметке жібереді. Кейін Павлодар уезіне қарасты Баянауыл стансасына ауысып келеді. Ол жерде 1922 жылға дейін өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. 

1922 жылдан бастап 15 жыл бойы ол Семей облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Осы қызметте отырып ұлт игілігі үшін көптеген дүниелер жасады. Көптеген демалыс орындары мен сауықтыру орталықтары бой көтеріп жатты. Туберкулез дертіне шалдыққандарды емдейтін «Ауыл» және «Березовка» санаторийлері  осы Асылбек Сейітовтің бастамасымен және тікелей қатысуымен құрылғанын айта кету керек. 

Асылбек Сейітов Республика денсаулық сақтау саласының көр­некті ұйымдастырушысы ретінде танылып ҚазАССР-нің астанасы Орынбор қаласында өткен дәрігерлердің бірінші сиезіне шақыртылады. Ұзамай яғни 1937 жылы Қазақ халықтық денсаулық сақтау комитетіне бөлім меңгерушісі болып қызметке ұсынылады. Алайда мемлекеттік қызметке көтерілгенімен дәрігерлік қызметін тастамай оны да бірге атқарып жүреді. Осындай жанкештілігінің арқасында Алматы қаласында арнайы емхана ұйымдастыру жұмысын ойдағыдай атқарып шығады.  Керек болса, өзіне жүктелген міндетті мерзімінен бұрын орындап шығады. 1937 жылдың 25-қарашасында №5 емхана деген атаумен тұсауы кесілген емдеу мекемесіне  көпшіліктің бірауыздан қолдауымен Асылбек Сейітов бас дәрігер болып сайланады. Алайда ол өз қолымен құрған емхананы бар болғаны 5-ақ күн басқару бақыты бұйырған екен. Сол жылдың 1-желтоқсанында тұтқынға алынып, 10 жыл мерзімге хат алмасу құқығынсыз сотталады. Артынша «Алашорда» партиясының белсенді мүшесі, Кеңес аппаратын басып алу және орыстарды Қазақстаннан аластату жоспарларын талқылау жиындарына қатысушы, 1927 жылы Кеңес билігінің салықтық шараларын орындамаған, 1930-1933 жылы ауыл­да дәрігер болып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, Алаш басшыларымен байланыста болып, Қазақстандағы контрреволюциялық мәселелерді талқылады» деген айыптар тағылып ату жазасына кесілді.

Әміре Айтбақы алғашқы қазақ дәрігерінің бірі деп саналады. Ресми деректерге сенсек, ол 1861 жылы Семей облысы Павлодар уезі Ақбеттау атты болыс аумағында дүниеге келген. Алғашында ел қатарлы ауыл мектебінен хат танып, кейіннен Омск гимназиясында білім алады. Бұл оқу 1882 жылы ойдағыдай аяқтап Омск әскери гимназиясына мұғалім етіп жіберіледі. Алайда көп ұзамай Дала генерал-губернаторының кеңсесіне тілмәштыққа жіберілген. Кейін Семей облыстық әскери губернаторының бұйрығымен Семей облыстық басқармасына татар тілі бойынша тілмәш болып ауысыпты. 1886 жылдың 1 мамырынан бастап Қарқаралы уезінің басшысы Д.А.Враксиннің аға көмекшісі қызметіне тағайындалады. Тағы бір деректерде 1986-89 жылдар аралығында Әміре жоғары деңгейдегі қызметтер атқарғаны айтылады. Қатарынан бірнеше рет қызметтік шенге ұсынылыпты.

Алайда осыған қарамастан ол дәрігерлік қызметті таңдаған. Өйткені ол кезең де жұрт арасында ауру сырқау өте көп, әсіресе балалардың шетінеуі асқынып тұрған кез болатын. Осыған байланысты дәрігер боламын деп шешкен Әміре Облыстық әкімшіліктегі беделді лауазымдағы қызметінен бас тартып 1889 жылы  Томск медицина университетіне түсіп, студент атанады. 1894 жылы оқуын үздік бітіріп  «лекарь» мамандығын алып шығады.  1896 жылы Әмірке Айтбақин отбасы жағдайына байланысты Павлодар уезіндегі 3-ші участок дәрігері болып ауысып, Қарқаралы уезіндегі 1-ші участок дәрігерлігін қатар алып жүреді. 1898 жылы Өскемен уезінің 3-ші участок дәрігерлігіне ауысады, сонымен қатар Зайсан уезінің 1-ші және 3-ші участоктарының дәрігерлік міндеттері қоса беріледі.

Губернатордың бұйрығымен 1905 жылдың 8 сәуірінен бастап Ә.Айтбақин және оның амбулаториясы Үлкен Нарын ауылынан Катонқарағай ауылына көшіріледі. Бұл жерде ол Зайсан уезінің 2-участогының меңгерушілігін қатар атқарады. Катонқарағайдағы амбулаторияда екі адам қызмет атқарады дәрігер – Әміре Айтбақин және фельдшер – Игілік Базаров. Амбулаториямен қатар дәріхана да ашылып, Өскемен және Семей қалаларынан әкелінген дәрілермен қамтамасыз етіледі. Кейбір дәрілерді Әміре Катонқарағайдың емдік шөптерін пайдаланып, өзі әзірлеген.

Катонқарағайда да Айтбақинның қабылдауына осы маңдағы ауыл халқы келіп емделеді. Әміре Катонқарағайда 1917 жылдың соңына дейін еңбек етіпті. Күрделі революция кезеңінде, яғни, 1917-1919 жылдардағы Әміре Айтбақинның өмірі Өскемен қаласында өтеді, онда ол ауыспалы үкімет кезінде әр түрлі қызметтер атқарады. Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер осы қалада 1919 жылы қайтыс болды.

Дәрігерлік қызметпен қатар ол ғылыми жұмыспен айналысып, қымыздың пайдалы қасиеттерін зерттеген. Ол қымыз құра­мын­ анық­тауда белгілі химик­ ғалым­дардың нақты тәжі­рибе­леріне, аппараттарына, форму­лаларына сүйеніп, қымыз құ­ра­мының нақты химиялық кестесін жасайды. Мысалы, қымыз құрамындағы белок мөлшерін анықтау үшін «Konig,a» атты тәжірибені қол­данған екен. Атап айтқанда, 10,0 гр қымызды колбаға құйып, оған 100,0 гр дистилденген су құй­ған, алынған қоспаға 4-5 тамшы сірке қышқылын қосқан. Алынған сұйық 40 градусқа дейін қыздырылып, казеин мен май тұнбасы алынған. Кейін жоғарыда айтылған тәжірибелер мен аппараттарды қолданып, фильтрлеу арқылы казеин құ­рамын анықтаған. Жалпы, ғылыми жұмыс барысында қымыз құрамында май, қант, спирт, көмір қышқылы, казеин, альбумин, гемиальбумоз, пептон атаулы элементтердің бар екенін анықтап, 4 бағаннан тұратын кес­те жасаған және балалар ауруханасында тәжірибе өткізген. Сол ғылыми еңбек бүгін де әлі өз маңыздылығын жойған жоқ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?