Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Екінші Қажымұқан

2647
Екінші Қажымұқан - e-history.kz
«Екінші Қажымұқан» атанып кеткен Әбілсейіт Айханов – еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы

Әбілсейіт Айханов 1938 жылы 15 сәуір айында бұрыңғы Талдықорған облысы Сарқан ауданында дүниеге келген. Әкесі Рүстем кезінде колхоз басқарып, елге сыйлы кісі болған. Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданнан оралмаған.

Әбілсейіт Айханов – мектеп қабырғасында жүргенде есепке жүйрік болыпты. Мектепте мұғалімдер шығара алмайтын есептің өзін шығарып кеткен кездері де болған екен. Мектеп қабырғасында оқып жүріп «төрт» деген баға алып көрмеген. «Жігітке жеті өнер де аз...» деген даналық сөздерге сай болған Әбілсейіт Айханов домбыра тарта білген. Ал Алатаудың баурайында жатқан әсем қала Алматыға оқуға барғанша, күрес өнерінің әдіс-тәсілдерін білмек түгілі боз кілемге шығыпта көрмеген екен.

1963 жылы Алматы қаласында орналасқан Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтын бітіреді. Ең елғаш балуандар кілеміне 1957 жылдан бастап шыға бастады.

Мектепте жақсы, зейін қойып оқығаны балуандар айқасында да Ә.Айхановқа жақсы көмектеседі. Себебі, әр қарсыласын тыңғылықты зерттеп, күресер алдында қағазға жоспар құрып алатын қасиеті болған.

«Күнделік жазатыны бар болған. Ол күнделікте әр қарсыласының артық-кем жақтарын, айла тәсілдерін жазып, кәдімгі ұрысқа бара жатқан командирлер сияқты болатын. Есеппен, байыппен, күресетін ақылды балуан болған. Қазіргі балуандарға жетпейтін осы.  Қазақ балуандарының феномы кім десеңіз? Мен Әбілсейіт Айхановты айтар едім», – деді КСРО спорт шебері Мұсабек Қапашев

Ә. Айхановтың бойындағы күш жігері мен шеберлігін байқаған жаттықтырушылар оны өңірлерде өткен балуандар жарысының барлығына дерлік жіберіп отырды. 1961-1970 жылдар аралығында орта және ауыр салмақта оған қарсылас болатын балуан кемде-кем еді.  1963 жылы КСРО чемпионы атанды. Ол сондай-ақ, КСРО халықтарының III жазғы Спартакиадасының жеңімпазы, үш рет ауыл спартакиадасында, содан соң кәсіподақтың бүкілкеңестік спартакиадасында, 1970 жылы КСРО кубогының жеңімпазы болған. 12 рет халықаралық турнирге қатысып, ешқайсысында жеңілмеген. Еркін күрестен Қазақстанның 11 дүркін чемпионы осылай боз кілемде өзінің өшпес ізін қалдырып кеткен.

Оқи отырыңыздар: Қытайдағы қазақ балуандар

Германия, Чехословакия, Үндістан, Жапония, Америка, Түркия, Иран, Моңғолия, Австралия, Греция, Австрия, Голландия, Англия, Ауғанстандағы өткен халықаралық жарыстарда жоғары деңгейде шеберлігін көрсетіп, жеңіс тұғырында көрінді. Жалпы, Әбілсейіт Айхановтың құрметіне әлемнің 50 елінде КСРО әнұраны шырқалған.

Кәсіби спорттан кеткеннен соң да, ол күрес әлемінен алшақтаған жоқ. Мемлекет оның ерен еңбегін жоғары бағалап, жоғары қызметтерге тағайындаған. Ә. Айханов қазақ ұлттық күрес федерациясының президенті, Қорғаныс федерациясының вице-президенті, Орта Азиялық республикалар мен Қазақстан күресшілері, Моңғол ұлттық күрес Федерациясының Конситайдың вице-президенті болды. Алматы облысының құрметті азаматы болған.

Боз кілемде Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы Александр Медведь, Олимпиада чемпионы Александр Иваницкий, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Богумил Кубат және Петр Кмент (екеуі де – чехиялық), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, осетин алыбы Борис Кулаев, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Албул және басқа да атақты балуандармен белдесіп, бәрін де жеңген.

Осындай көптеген жеңістерге жетіп, ел арасында жақсы ықыласқа бөленген, көзі тірі кезіндегі Әбілсейіт Айханов туралы белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы былай дейді:

– Менің бағам бойынша Ә. Айханов көзі тірі қазақтың бас балуаны дер едім. Әрине, қазақтың ең үлкен бас балуаны ол – Қажымұқан. Ал Әбілсейіт Айханов ағамыз – көзі тірі қазақтың бас балуаны. Спорттық ғұмыры, жеткен жетістіктері, атқарған еңбегі бұл сөздерге лайық.

1960 жылдары Галкин деген совет журналисі «Еркін күрестің 150 әдіс-айла» деген кітаптың тұсаукесер рәсімін жасайды. Сонда КСРО еркін күрес құрамасының бас бапкері Александр Дякин оған «Егер Айхановтың жаттығуындағы тәсілді көрсеңіз, сіздің кітабыңызда 150  емес, 151 әдіс-айла болар еді» деген екен.

Оқи отырыңыздар: 56 медалі бар Қажымұқанның 4 медалі сақталған 

Әлемнің алыптарын жеңген Әбілсейіт Айхановтың боз кілемде басқаларға қарағанда ерекше қасиеті болған. Еркін күресте балуандар аяғын ұстатпауға тырысса, Ә. Айханов бір аяғын алға созып қарсыласына беріп қоятын болған.

 «Керегі аяқ па? Мә, ала қой. Ұста. Аңшылар дала тағысын ұстау үшін тар өткелге қақпан құрып, соған қарай қаумалап қуалайды. Қашқан аң сол қақпанды баспай кете алмайды. Сол секілді менің құрған қақпаным, алға озған оң аяғым болатын. Қарсыластарым да амалсыз аяғымды ұстайды. Аяқты ұстаған бетте өзімнің әбден машықтанған әдістерім бойынша, қақпан сияқты мен де шап беремін. Оған үйренгенмін, әдістенгенін. Қалай келеді, қалай ұстайды, оның бәріне сай қарсы тәсілдерім бар. Яғни жатпай-тұрмай жаттыға берсең, әлгі әдісті бір күн емес, бір жыл емес, 10-15 жыл қайталай берсең, ерінбей жаттыға берсең, әбден меңгеріп аласың ғой. Қалай келіп ұстаса да, қарсы қолданар әдісім дайын. Үстінен жаншып, ендігәрі аяғыңды ұстамастай қыласың», – деген еді даңқты балуанның өзі.

Америкада өтетін әлем чимпионаты алдында КСРО құрамасының балуандары сол чемпионатқа қатысу үшін өздерінің ішінде боз кілемде дода ұйымдастырып жатты. Осы уақтта Ә. Айханов Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы Медведьпен күреседі. Сол кезде Иваницкий кілем шетінде айқайлап тұрған көрінеді. «Саша, аяғын ұстама, аяғына жолама» деп аттанды салыпты. Өйткені өзінің аузы күйген. Айхановтың аяғынан ұстаймын деп, опық жеген. Сонда Медведь «аяғынан ұстамағанда, қай жерінен ұстайын» деп ыза болатын көрінеді. Өйткені, Әбілсейіт тағы да аяғын алға созып, тұрып алған. Жақын келу үшін алға созылып тұрған аяққа тіреледі. Одан өту үшін ұстау керек.

Кейіннен жаттықтырушы болған Әбілсейіт Айханов боз кілемдегі түйгенін, бірнеше жылдық мол тәжірибесін жастарға сіңіріп келді. Оның қолынан көптеген чемпиондар шықты. Ә. Айханов шәкірттерінің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері А. Бұғыбаев, спорт шеберлері Ж. Көпебаев, Н. Нұрманов, А. Мұсабековтер бар.

1983-1986 жылдар аралығында еркін күрестен Ауғанстанның ұлттық командасының жаттықтырушысы болып, 22 халықаралық сайыстардың жеңімпазын, төрт халықаралық дәрежедегі спорт шеберін тәрбиеледі.

2011 жылы Англия астанасы Лондон қаласында өтетін жаздық олимпиада ойындарының тұсында 73-ке толатын шағында «Олимпиадаға барып күресемін» деген екен. Оның себебі,  Шет елдерден, әсіресе Кавказдан балуан тасу доғарылмаса, сондай-ақ Олимпиада ойындарына өз жігіттерімізді апармай, келімсектерге иек арту тыйылмаса, мен боз кілемге шығып, белдесемін. Қазақтың да күресе алатындығын паш етемін. Барамын Лондонға, күресемін. Әрі «жеңілсем, жер көтереді» деп жеңілу үшін бармаймын. Намысты қолдан бермей, белдесемін. Оған дейін жаттығамын, дайындаламын», – деген болатын күйініп.

Әбілсейіт Айханов 2016 жылы 6 наурыз күні «Көзі тірі қазақтың бас балуаны» деп халықтың берген жоғары дәрежелі мадақтауларын өзімен бірге мәңгілікке алып кетті. Мүмкін сол уақыттағы «бір ұлттылық» деген саясат болмағанында Әбілсейіт Айханов кезінде бүкіл әлемге қазақтың күшін паш еткен Қажымұқандай  әлем балуандарының жауырынын боз кілемге тигізер еді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?