Қазақ халқының этностық бірігу тарихында Көк түрік қағанатының алатын орны айырықша. Көк түрік қағанатын Бумын қаған орнатқаннан тартып Мұқан қағанның тұсына келгенде территориясы 10 миллион шаршы километрден асатын алып империя болатын, олардың тарихы олармен қанаттас өмір сүрген Жоу, Сүй, Таң қатарлы Қытай мемлекеттерінің тарихында хатталды, сондай-ақ Орхон-Енисейдегі тастарға қашалып жазылды. Түріктер оннан аса кіші руға бөлінген, соның ішінде Қазақ құрамына кірген Түрік, Себек, Беріш, Шекті, Шөмекей, Түргеш руларын айрықша атауға болады, мың жыл өтсе де осы рулардың аты өшкен жоқ! Осы рулардың ішінде Түргештер кейін өз алдына бір мемлекет құрды. Ол туралы тарих бөлек, төменде біз қалған бес тайпа туралы деректерге тоқталамыз.
Чекті
630 жылы Табғаштардың Таң империясы Шығыс Түріктің Елік қағанын қолға түсірді де, 680 жылға дейін тура елу жыл Түрік қағанаты жоқ болды. Таңдықтар Шығыс Түріктерді 19 ауданға бөлді. Әр руы бір аудан саналды. Сондағы аудандар Мынадай екен:
«Атық дуаны Ашина руына құрылды, Шішпет дуаны ішпет руына құрылды, Сонұн дуаны Сонұн руына құрылды... Баян дуаны... Шал дуаны Шал-тұл руына құрылды, Чек дуаны Чек руына (чекті руы) құрылды. Екі өгіз тұтығы- Шеп-шад-тон-чор руына құрылды. Иыңса тұтығы Шәнәш –Шопар-чор руына құрылды. Тұзкөл ауданы – Күлік-Күл-чор руына құрылды». ( Көне Таңнама. 144 тарау. Түрік баяны)
«Екі отұз яшыма табғач тара сүледім, Чача сеңуін сегіз түмен су бірле сүңүшдім, сүңүн анта өлүртім, алты отұз яшма Чек бодұн қырқыз бірле яғ болты, кем кече сүледім чек тара сүледім. Өрпүнте сүңүшдіміз ,сүсін шаншыдім» (Күлтегін).
Қазақшасы:
22 жасымда табғач жақта соғыстым, чача сардардың 80 мың әскерімен соғыстым, әскерін сонда өлтірдім, 26 жасымда Шек елі қырғызбен бірігіп жау болды, кем-кеште соғыстым, шек жаққа соғыстым, өрпенде соғыстық, әскерін шаншыдым.
Күлтегін заманы Түрік қағанатының ең ауыр кезеңі болып басқа көшпенді тайпалар олардың уысынан шығып кетіп отырды, 630 жылы бөлектене бастаған тайпалармен бірге түріктің өзінен шыққан шектілер де қырғыздармен бірге бір мезет жауласқаны айтылады, бұған қарағанда олардың да азулы тайпа екені байқалады.
«Өтиукен ишін қышладім, яғда босұңа яғда бошұңа алдым, екі оғұлыма ябғұ ,чад ат бертім, тардұш, төлес бодұңқа бертім, анчып барыс иылқа чек тапқа иорыдым» (Ел Етміш Білге қаған бітіктасы).
Қазақшасы:
Өтукен ішін қыстадым, жаудан босағанда алдым, екі ұлымы иабғұ, чад атағын бердім, тардұш, төлес еліне бердім, сүйтіп барыс жылында шек жаққа жорттым.
«Ярімтін яағід келміш, өрін бегік, қара құллықығ аны олұрмыш, қырқыз тапқа ер едміш. Сіз тасықың, Чек ташқарың теміш ,мен ташқирин терміш, күр бодқа қапшылым теміш, ...өтукен... Чек табқа ебіңе итдім, исі иер тара аз ер ітдім, қырқыз хан көгмен иерінте...Болұчұ өгүұзде үш қарлұқығ анта топідім, анта иані түстім ,шік бодұны быңам сүре келті... Тез басы шітімін иайладым шік бодұны тұтұғ бертім, іш барыс тарқат анта анша олдұм...Басымыл яғтып ебім еру бартыанча ішгермедім, ташдыңта үш қарлұқ, үш идұқ та... Өтүкенде бен , анта алтыншы ай бір отұзқа сүңүшдүм, ішүй кесіп тұғыры шәншідім, анта өтірү түргеш, қарлұқғ табарын алып ебін иолыпбармыш ебіме түсдім» (Ел Етміш Білге қаған бітіктасы)
Қазақшасы:
Жаулай жау келді, өрен бекті қара құллықты деген жерде отырған қырғызға таман ерлер аттандырдық,сіз тасыттыңдар (құтырттыңдар), шекті құтырттыңдар депті, менде құтырдым депті... Өтукен шек жаққа үйіңе жеттім жер иесіне таман аз ер жібердім, көр дедім, қырғыз ханы көгмен жерінде... Бұлұшы өзенінде үш қаллықты анда топтадым, онда және түстім, шік елі мыңдаған әскермен келді... Тез басы құрлысын жайладым, жағасын сонда жағаладым. Шек еліне тұтық бердім (тағайындадым) іш барыс тарқандар сонша болдым. Басымыл жауласып үйіме қарай барды оны ішкерілетпедім, тасада үш қарлық, үш идұқ... Өтукенде алтыншы айдың 29 күні соғыстым, шаншыдым, ішүйді кесіп тура шаншыдым, монда өткен түргеш, қарлық товарын алып үйіме қарай барып үйіме түстім.
Бұл 745 жылдардан кейінгі оқиға, бұл кезде ұйғыр, қарлұқ, басымылдар бірлесіп түріктерді жеңіп, Түркі қағанатын құлатады. Арада үш жылдан соң басымылдың қағанын өлтіріп, оларды Бесбалыққа ығыстырады, көп өтпей қарлықтарды да жеңіп, Алтай асыра қуып тастайды. Қарлықтар Түргеш жеріне келіп оларға қысым түсіреді де, 766 жылы Түргеш қағанатын жойып, қарлық қағанатын құрады. Ал ұйғырлар күшейіп, түрікті Қытайға қарай тықсырады, осы деректерге қарағанда VIII ғасырда шек тайпасы қырғыздармен одақтасып ұйғырлармен соғысқаны байқалады, десе де ұйғырлар оны да жеңіп шығады.
Шек тайпасы осыдан кейін тарих бетінен көрінбейді. Шекті атауы – моңғол тіліндегі шек атауының көпше атауы. Мысалы керейді керейт дегені сияқты. Шектілер Қазақстанның батыс аймақтарына дәл қай мезгілде қоныстанғаны туралы дерек жоқ. 1209 жылы Жошы Саян-Алтайдағы тайпаларды бағындырып, осы елдерді өзімен батысқа қарай алып кетіп, Алтын Орданы құрғаны белгілі, бәлкім сол уақытта кіші жүздің таз, телеу, шеркеш, төлес руларымен бірге жылжыған болуы мүмкін.
Себек
Себек Шығыс Түріктерді 19 ауданға бөлген таңдықтардың жазбасында аталады. «Себек дуаны Себек руына құрылды... Үкек дуаны Үкекше руына құрылды. Неш дуаны Таднеш руына құрылды. Беріш дуаны Беріш руында құрылды... Қара дуаны Қара руына құрылды... Бөкен тұтығы Шөмекен (шөмекей) руына құрылды. Өрлік дуаны Түргеш руына құрылды. Кертау тұтығы Түргеш-Алаш руына құрылды. Екі өгіз тұтығы Шеп-шад-тон-чор руына құрылды. Иыңса тұтығы Шәнәш Шопар-чор руына құрылды. Тұзкөл ауданы – Күлік –күл-чор руына құрылды» ( Көне Таңнама. 144 тарау. Түрік баяны).
«Түрік емті беглер, кісіре тардүш беглер, күл чор башлаю чад апыт беглер, өңіре Төлес беглер апа тарқан,,башлаю ұлаю чад апыт беглер ,бұйрұқ... таман тарқан тұниұқұқ бойла баға тарқан ұлаю, бұйрұқ... Ічі бұйрық Себек күл еркін, башлаю, ұлаю бұйрұқ бұнша емті, беглер апаңым ертүңү..» (Білге қаған).
Түрік текті бектер! Кейінгі тардұш бектері! Күл чор бастаған чад апыт бектер! Өңіре төлес бектер апа тарқан, бастап ұласқан чад апыт бектер, бұйрық... таман тарқан тұниұқұқ бойла баға тарқанға ұласқан бұйрық, іші бұйрық себек күл іркін бастаған, ұласқан бұйрық бұнша еді, бектер атамның ертеңі...
Көріп отырғанымыздай себектер – көк түріктің белгілі руларының бірі, атақты Тұниұқұқ та осы рудан шыққан, Білге қағанның қатұны Себек қатұн атанған. Қазақ құрамына кірген себектер Беріш тайпасының бір руы саналады.
Беріш
«Беріш дуаны Беріш руында құрылды...» (Көне таңнама. 144 тарау. Түрік баяны).
Беріш тайпасы Көк түріктің тіке жамағайыны, Түрік қағанаты күйрегеннен кейін Қарлық қағанатындағы төрт тайпаның бірі болады. Көк Түріктің шыққан жері Алтайдың теріскейін мекендесе керек, Ресей Алтайында Беріш көлі бар, Ашинск атты жер аты бар. Беріштер Қазар қағанаты құрамындада болған деген деректер кездеседі.
Шөмекей
«638 жылы батыс ұлыстар Үкек шадты ібіліс Түрік қаған деген атпен тахқа отырғызды, ол билікті қолына алған соң Теліш қағанмен кескілесен соғыс жүргізді, екі жақта көп адамнан айырылып шегініп кетті. Теліш қағанмен арада жер бөлісі болып іле өзенінің батысы Түрікке, шығысы Телішке тиді. Құтаршет, Басымыл, Алантойлы, Қырғыз, Хорезм, Шөмекен (Шүмекей) сияқты елдер соған қарады...
651 жылы Ашина қара өзінің ұлы терғұнмен бірігіп жұртын бастап батысқа қоныс аударды, Түрік қағанның жұртын иемденіп кетті. Ордасын екі өгізбен мыңбұлаққа тігіп , «шібара қаған» деген атпен «он оқ Түрік, Нүшбе» елдерін биледі. Оның ішінде Түрік бес чор еді: Бірінші, Шомекен( Шөмекей) ле чор, екінші, Күлік күл чор, Ашына қара қызын соған ұзатқан. Үшінші, Шеп- шад тон чор, төртінші, Түргеш қалач чор, бесінші, Шәніш шопан чор...» (Көне таңнама. 144 тарау. Түрік баяны).
Бұнда айтылып отырған Шөмекен тайпасы Қазақтың шөмекей руы саналады.
«Бөкен тұтығы –Шөмекен (шөмекей) руына құрылды» ( Көне таңнама. 144 тарау. Түрік баяны).
Түрке
742 жылы басымыл, ұйғұр, қарлұқ үш тайпа бірігіп Түрік қағанатын аударып тастады, Ашына бастаған рулардан 100 мыңнан аса адам Себек қатұнның бастауында Таңдықтарға тізе бүгеді. 755-763 жылы түріктер Таң империясына қарсы көтеріліске шығады, Ашиналарға жиен Ән Рұқшан мен Ашина Сүйгін бастаған 100 мыңнан аса түрік, тоңыра, қидан сияқты тайпалардан құралған әскерлер Таң империясының шақ-шәлекейін шығарады. Астана қала Чаң Ан басып алынады, Таң патшасы Сі Чуаньға қашады.
763 жылға келгенде Ұйғыр қағанатының көмегімен Түріктер көтерілісі жеңіліске ұшырайды, бірақ та Таң патшалығы Қытай қорғаны сыртындағы Орта Азия мен Шығыс Түркістаннан айырылып тек ішкі Қытайға ғана билігі жүретін елге айналады. Ашиналардан қазір Қытайланып кеткендер неше миллион адам деген сөз бар.
Қытаймен іргелес Ордос аймағында Түрік тайпасы ендігі жерде әлсіз тайпа ретінде айтылады: «Түрік – бұлардың аты-жөні көне кітаптарда көп ұшырайды, кейін бұлардың елі ұйғырлардың шабуылына ұшырап торғайдай тозды, қазір бұлар бәрінен әлсіз ел... 916 жылы Түрік пен Тұйғұннан елшілік келді...» (Лияу тарихынан) .
Ал Қидандардың Лияу патшалығына бағынған түрік тайпасы Х-ХІІ ғасырларда тарих бетінен көрінбейді. ХIV ғасырда Алтын Ордадағы «92 баулы Қыпшақ» руларының бірі Түрік атанады. Өзбек арасындада Түрік деп аталатын ру бар. Қазақ арасындағы алты ру арасында кездесетін Түрік руы осы Алтын ордадағы Түрік руы екені даусыз! Ал Түрік руы Түркі деген атпен Қазақтың алты руының арасында әлі сақталып келе жатыр. Бұлар ғана емес түрікпен тілдес, қоныстас төлес, қаңғар (қаңлы), төленгіт, байырқы (барқы), яғыма (жайма деген атпен қоңырат арасында), шығыл ( шыбыл деген атпен албан және шапырашты арасында) әлі өмір сүріп жатыр. Бұл Көк Түрік қағанатының нағыз мұрагері Қазақ халқы екендігінің бұлтартпас дәлелінің бірі деуге болады.