Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жеңісті жақындатқандар

1896
Жеңісті жақындатқандар - e-history.kz
Берлин операциясы соңына да жетіп қалған еді. Вермахт соғысты барынша созуға тырысты, батыс елдерімен оңаша бітім жасауға тырысқанымен, мұнысынан еш нәтиже шықпады

Совет әскерлері Берлинді алды. Совет әскерлерінің алдында қиын тапсырма тұрды: герман үкіметінің ғимаратына совет туын тігу. Жеңіс күні қарсаңында Qazaqstan Tarihy порталы рейхстагты алған жауынгерлерді еске алып, олардың соғыстан кейінгі өмір жолдарына көз тастайды.

«Рейхстагты шабуылдау» операциясы Екінші Дүниежүзілік соғыстың соңғы фазасы болды. Шайқас нәтижесі герман үкіметін ауыр жағдайға қойғаннан кейін, вермахт басшылығы советтердің Берлинге шабуылына дайындала бастады. дайындық барысында астана он секторға бөлінді, ішіндегі ең басты сектор аумағына – Орталық секторға – әкімшілік ғимараттар, оның ішінде гестапо, рейхсканцелярия мен рейхстаг кірді.

Совет әскерлері ұрыса отырып Берлинге тереңдеп ене берді, 1945 жылдың 27 сәуірінде танкист жауынгерлерге герман парламентінің ғимаратын алу туралы тапсырма қойылғанымен, бұл тапсырма орындалмайды.

Келесі күні, 28 сәуірде дәл осы тапсырманы 3-екпінді армияның атқыштар корпустары бірінің командирі генерал-майор С. Переверткин қояды. Орталық сектордың қарсылығын жеңу үшін Мольтке көпірі арқылы Шпрее өзенін кесіп өту керек болды. Германдық саперлер көпірді жарып жіберуге тырысқандарымен, жолдары болмады. Қызыл армия әскерлері жартылай бұзылған көпір арқылы өтіп, қалаға ентелей ене бастады. Рейхстагқа жету үшін Қызыл әскерге немістер иеленіп отырған Швейцария елшілігі мен Үшінші Рейхтың Ішкі істер министрлігін басып өту керек болды.

Елшілік ғимаратын 29 сәуір таңертең аса бір қиындықсыз алынғанымен, ІІМ ғимаратын алу үшін бір тәулік бойы үздіксіз атыс жүргізуге тура келді.

30 сәуір таңға қарай рейхстагқа апарар жол ашылды. Рейхстагты қорғауға неміс әскерлері мейлінше мұқият дайындалды: ғимарат терезелері қызыл кірпішпен жабылып, оларға пулемет атысын жүргізу үшін амбразуралар қойылды, артиллерия мен танкілермен күшейтілген бес мың әскерлі гарнизон қорғаушыларға көмекке келді.

30 сәуір таңертең совет әскерлерінің ғимаратты иеленуге бастаған шабуылы сәтсіз аяқталды. Екінші әрекет 13:00-ге белгіленді. Ғимаратқа артиллериялық полктар жеткізіліп, көпір күшейтіліп, сол арқылы ауыр техника өткізіледі. Неміс ғимараттарының тығыз орналасуы совет әскерлерінің атыс қаруларын орналастыруға қажетті кеңістік бермегендіктен, қару-жарақтың бір бөлігін көрші ғимараттардың екінші қабатына орналастыруға тура келді.

Бұл дайындық жай кеткен жоқ: 30 сәуір 14:25-те лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы Григорий Булатов жау қарсылығына төтеп бере отырып, Рейхстагтың орталық бөлігіне жетіп, баспалдақ колоннасына совет туын бекітеді.

Кейін, 30 сәуір кешке, аға сержанттар М. Минин, Г. Загитов, Ф. Лисименко, А. Бобров және капитан В. Маковтан құралған шабуылдаушы топ ғимарат шатырына көтеріліп, Қызыл туды тігеді. Ғимараттың жертөлесіне бекініп алған немістер барынша қарсылық көрсетіп бағады.

1 мамыр таңертең советтік сарбаздардың бір тобы (лейтенант А. Берест, сержант М. Егоров, кіші сержант М. Кантария) тағы бір туды қадайды, кейін осы ту Жеңіс Туы деп аталып кетеді.

Сол күні неміс басшылығы советтер жағымен келіссөз жүргізу туралы шешім қабылдайды, бірақ олардың шарты бойынша келіссөз жүргізуге полковник шенінен төмен емес советтік офицер болуы керек болды. Шабуылға қатысқандардың ішінде шені майордан жоғары ешкім болмады, сондықтан келіссөздерге денелі лейтенант А. Берестті және аудармашы ретінде қатардағы Прыгуновты пайдалану туралы шешім қабылданады.

Келіссөздер кезінде А. Берест немістерге капитуляция ұсынады, оған қызып алған советтік сарбаздардан жүрексінген немістер өздерінің атыс нүктелерін беруді ұсынады. Үзілді-кесілді бас тартудан кейін 2 мамыр күні таңертең неміс гарнизоны жеңілгенін мойындайды. Бұл шабуыл кезінде немістер жағынан 2500-і қаза тауып, 1650 адам тұтқынға түседі.

Советтік сарбаздарға келер болсақ, олардың қаншасынан айырылғанымыз туралы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен де, Берлиндегі мемориалдық зиратта 2500 советтік сарбаз жерленген. Соғыс біткен соң советтік сарбаздар өз үйлеріне оралды. Қызыл армия жауынгерлері майданға аттанғанда жап-жас жігіт болатын, көпшілігі ешбір білім алып үлгермегендіктен, үйлеріне келісімен институттарға оқу түсуге барады.

Олардың қатарына Сергей Андрияновты жатқызуға болады, ол соғыстан оралғасын 10-сыныпты бітіріп, Бүкілодақтық биологиялық зерттеулер ҒЗИ-ға жұмысқа тұрады. Соғыстан кейін Константин Карих атомдық суасты қайықтарының ядролық бушығаратын құрылғыларын жасау және пайдалану саласының жетекші маманы атанады.

Соғыстан кейін Борис Сапунов Ленинград мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп, христиандық тарихы бойынша жүздеген еңбектер жазып, «Книжная культура Древней Руси» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды. Өмірінің соңына қарай Б. Сапунов Оксфорд университетінің құрметті докторы болады.

Соғыстан кейін Мұзафар Әлімбаев журналистикаға бет бұрады. 1948 жылдан 1958 жылға дейін ол «Пионер» журналының бөлім меңгерушісі және «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары болып қызмет етеді. Кейін, 1958 жылдан 1986 жылға дейін «Балдырған» журналының бас редакторы болады.

Соғыстан оралған соң Рақымжан Қошқарбаев кішігірім бір қоғамдық моншаға басшылық етеді, кейін «Алма-Ата» қонақ үйінің меңгерушісі болады, мемуарлар шығарады, Алматы Халық депутаттарының аудандық кеңесіне үш рет депутат болып сайланады.

Мұзафар Әлімбаев пен Рақымжан Қошқарбаев  

Ал Шмуэль Городецкий соғыстан кейін ССРО-дан кету туралы шешім қабылдап, Израиль әскерінің қатарына қосылады. Израиль қарулы күштерінің қатарында жүріп ол Израиль әскерінің тарихындағы тұңғыш ауыр минометтер бөлімшесін құрады, «Шетелдік легионды» басқарады, Израиль тәуелсіздігі үшін Соғысқа және Алтыкүндік соғысқа қатысады, Әскери апелляциялық сот төрағасы болады. Қазіргі уақытта Шмуэль Городецкий – барлық израиль офицерлері ішіндегі ең көп әскери наградаға ие адам.

Соғыс біткеннен кейін Степан Неустроев неміс әскери тұтқындары мен украиндық ұлтшыларға арналған лагерьлерде және ССРО Ішкі істер министрлігінде қызмет етеді.

Соғыс біткесін Михаил Катуков Ворошилов атындағы Жоғары әскери академия жанындағы Жоғары академиялық курсты бітіріп, кейін ССРО Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясының генерал-инспекторы лауазымын атқарады.

Борис Кознов та ССРО Қарулы Күштерінде қызметін жалғастырады, гвардиялық артиллериялық дивизияларды, механикаландырылған армияның артиллериясын басқарады, 1964 жылы генерал-майор шенінде запасқа шығарылады.

Алексей Бобров, Григорий Булатов пен Владимир Маковтың соғыстан кейінгі өмірлері сәтті бола қоймады. Соғыстан кейін А. Бобров Ленинград қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында жұмыс істейді, басшылықпен жанжалдасып, ақыры түрмеге қамалады. Бостандыққа шыққаннан кейін А. Бобров іше бастайды, соның кесірінен 1976 жылы жүрек талмасына шалдығады.

Григорий Булатов (сол жақта) Р. Қошқарбаев екеуінің рейхстаг ғимаратына алғашқы болып ту тіккендерін ұзақ жылдар бойы жасыруға мәжбүр болған. Кейін ол өзінің осы оқиғаға қатысы бар екенін дәлелдемекші болады, сол үшін «Гришка-рейхстаг» деген мазақ атқа қалады. 1973 жылдың сәуірінде ол өз-өзіне қол жұмсап, өмірден өтеді.  

Владимир Маковтың да өмірін құртқан маскүнемдік болды. 1970 жылдардың соңына қарай В. Маков ішкілікке салынып, партия қатарынан шығарылады, сол себепті кейін әйелімен де ажырасады. 1978 жылы наурызда өлі күйінде табылады.

Соғыстан кейін Мхитар Амбарцумян (оң жақта) ССРО жеміс-көкөніс өнеркәсібінде жұмыс істейді. Бір кездері ол Совет Одағындағы Дзержинскідегі ең ірі жеміс-көкөніс базасын басқарған. Алайда, Юрий Андропов бастама көтерген Мәскеудің сауда саласындағы қылмыстық істердің бір ұшы Амбарцумянға да тиеді. Оны жемқорлықпен және өнім кондициясын төмендетті деп айыптайды. «Главмосплодоовощпромның» он бес қызметкері түрлі мерзімге сотталып, ал Амбарцумян өлім жазасына кесіледі. Үкім 1986 жылғы 8 қарашада орындалады.

Неміс гарнизонымен капитуляция туралы келіссөз жүргізген Алексей Берест соғыстан кейін Евсеева Людмилаға үйленіп, оны өзімен бірге Германияға алып кетеді. 1948 жылы «қос әйел алушылық» бойынша айыпталып,  Қара теңіз флотының саяси бөлімі бастығының орынбасары лауазымынан алынады.

Сонымен қатар А. Берестің қызметтік мінездемесінде мынадай жолдар бар: «...бағыныштыларымен арақ ішу, бағынышындағы старшиналардан қарыз алу, Марксизм-ленинизм университетіне барудан бас тарту, экономикалық қиыншылықтарға қатысты көңілі толмаушылық білдіру».

1953 жылғы 14 сәуірде ол ұрлық жасағаны үшін 10 жылға сотталады. Бостандыққа шыққаннан кейін Ростов кондитерлік фабрикасында жүргізуші болып жұмыс істейді.

Басқыншыларға қарсы күресте батылдық пен ержүректілік танытқандардың тағдыры осылайша аяқталған.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?