Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Таңғыттың тағдыры

2567
Таңғыттың тағдыры - e-history.kz
Ел ардақтысы Таңғыт үкірдайдың адамдық болмысы, кісілік қалпы жайлы бірен-саран, қысқа да нұсқа деректер ақын Әрімжан Жанұзақұлының өлеңдерінде кездеседі

Біздің қаламға ілінетін алғашқы сөздердің ең таңдаулысы Алаш еді, Алашқа қатысты дүниелер біздің тараптан жиі қозғалатындықтан, кейбір мақаланың жазылуына түрткі болатын негізгі ой жалқы сөзден, санаулы сөйлемнен-ақ басталып тұрады. Бұл жолы біз Алаш тарихынан белгілі «Алаш әскеріне 500 жылқы берген Таңғыт үкірдай» тақырыбына саналы түрде ойысамыз. Байлығының төрттен бір бөлігін ұлттық мұрат жолына жұмсаған Таңғыт қандай адам? Ол мұндай қадамға не үшін барды? Оның тағдыры жайлы бір қаншалықты білеміз? Біздің көкейді тесіп, көптен мазалаған сұрақтарға бірге жауап іздеп көрелік.

Ел ағасы Еңсе

Қадым заманнан бері Барқытбел-Тарбағатай аталған қоңыр таудың еншісіндегі тарих көші шекара бойындағы елдің тағдырына тікелей қатысты. Ұлт басындағы қиналыстар мен ауыртпалыққа толы қандай да бір оқиғалар шет жайлап қиыр қонған халықты айналып өтпейді. Қазақ-жоңғар соғыстары жүз жылдық жаңғырығы, шекарадан ентелей енген манжур әскерімен айқастар, ең аяғы Алаш кезеңіндегі тосын өзгерістер мен советтік-коммунистік жүйенің елге тигізген зәбірі – осының барлығы да халық жадында мәңгі сақталып, ғасырлар ауған сайын сабақ алардай болашаққа аманатталып тұрады.

Алмағайып заманның әр кезеңдерінде үркін-көшкін көрген бейбіт елдің теріскейден күнгейге, күнгейдегі елдің теріскейге аууы дәуірдің бір оқиғасына ғана емес, мың оқиғасы бар бір дәуірге тән. Шекара бойындағы елдің оқу мен сызуға, тұрақтап қалып жағдай түзетуге уақыты болмай, көңіл құрғыры әрнеге алаңдап, жайсыз күн кешіретіні сияқты, одан гөрі білек пен жүрекке көбірек иек артатынын сондықтан болса керек. Бұл өлкеде батырлар мен балуанның көп туып, көп дүрейтінін осыдан ұғамыз.

Қажет кезде елдің өтеуіне туған ердің ері, баба салған сара жолмен ел билеп, жұрт жасқаған игі жақсының бірі – Еңсе Күшікбайұлы. Ол алты жұмық баласының ең белдісі, белсендісі сайболат руынан шыққан, ататегі сайболаттың қошқарбайынан тарайды. 1832 жылы Тарбағатайдың теріскей бетіндегі тауға қарай ентелей ағып, кері қайтатын асау да бұла Терісайрық өзенінің бойында дүниеге келген.

Еңсенің балалық шағы өзі секілді қыр баласының өмірінен өзгеше емес, қазақтың ғұмыр бәйгесіндегі көшпелі дәуірдің соңғы кезеңдерінен түгел көзден кешіреді. Жастайынан ат құлағында ойнап, жылқыға құмар жан болып өседі. Халықтың сан ғасырлық ел билеу жүйесіндегі институттың жай-жапсарымен танысады, ел  ағаларының айтқан ақылын тыңдап ер жетеді. Жетілген дала заңының жұрт басқарудағы бай тәжірибені бойына жинап, не көрсе де ұлысымен болуға бейімдік танытады. Бізге жеткен ауызша, жазбада деректерге қарағанда, Еңсе Күшікбайұлы елдің қамын ойлаған кемеңгер басшы, қолының ашықтығымен жұрт жадында аңыз болып жатталған Тарбағатай өңірінің ең беделді тұлғасы ретінде сипатталады. Қытай елінде жарық көретін «Мұра» журналының 2006 жылғы №6 санында жарияланған Ниязбек Ақайұлының «Еңсе қажы Күшікбайұлы» деген мақаласында Еңсе қажының тұлғалық қасиеті, ел билеу ісіндегі қимыл-қарекеттері тамаша баяндалады.

Жерге иелік ету

Еңсе Күшікбайұлы байлығымен, билігімен елге даңқы жайылған. Оның жаз жайлауы теріскей Тарбағатай өлкесі болса, қыс қыстауы арғы бетте – Қытай жерінде екен. Екі империяның шекаралық аймағы жөнді шешілмей, қағидалар нақты қалыптаспай тұрған кезеңдерде ортадағы нейтрал аймақты екі жақтың қазағы да бірдей көретін. Қытай мен Ресейдің шекаралық белгілері тау төсіне тартылмай тұрған шақта Еңсе Күшікбай баласы өз қонысын түбегейлі белгілеп шешіп алған.  Халық арасында сақталған ауызекі әңгімелерге сүйенсек, ХІХ ғасырда Қытай мемлекетінің іші алатайдай бүлініп, тұрақтылық сақталмай, тарих пен уақыттың жүгі кезек-кезек ауып тұрған өліара кезеңде Қытай елінің мұқтаждығына Еңсе Күшікбайұлы 300 ат, 200 өгіз беріп, есесіне ішкері көшкен қалмақтар жерін сұрап алыпты. Бір жұттық малды мәңгілік мұраға айырбастай алған ақылды адамның асылы демей көріңіз. Осынау «өмір мен өлім мәселесінің ең зоры» жерге иелік еткен ел ағасы Еңсе орайын тауып, жұмық елінен 980 түтінді Қытай жеріне көшіріп апарып қоныстандырған. Осы барған елдің алдына мал, басына баспана беріп арғы бетте мамыражай тірлік кешуге мүдделі болған қайраткер ретінде ел тарихында есімі өшпестей болып жазылды. Халық қамқорының жақсылық шарапаты кейіннен ұлы Таңғытпен жалғасып жатады.

Осылайша Жунго елінің сеніміне енген Еңсе Қытайдың жергілікті аймағына үкірдай болып сайланады. Бұл біздіңше «аға сұлтан» дәрежесіндегі мансап. Оның қарамағында «болыстық» шенге теңдес бірнеше «зәңгілері» болады екен. Сыртында әр рудың өзінің жеке-жеке билері сайланып, ел басқару мен ішкі өмірлік мәселерді шешуге көмектесіп отырған. Ал осы билердің «төбе биі» болып, Жұмық елі игі жақсыларының бірі Мәсәлім сайланған екен.  Сөйтіп, екеуі ұзақ жылдар сыйласып ел басқарған, Қытай жеріндегі қазақтардың қамқоры бола білген.

Еңсе Күшікбайұлының басына біткен байлықтың нақты саны жайлы халық аузында айтылатын ауызша дерек қана бар: Тарбағатай күнгейінде 5 мың жылқы, 10 мыңдай қой өргізіп, 500 түйе боталатқан аса ірі байлық қонған деп дәріптеледі. Осы байлығы арқасында оған кейін қажылық сапары бұйырады. Еңсе 1894 жылы қажыға барып, мұсылмандық парызын өтеген. Келгеннен кейін үкірдайлық қызметін ұлы Таңғытқа береді.

Оқи отырыңыз: Арғы беті Алтайдың, бергі беті...

«Ел басқаруға бір ғана байлық жетпейді. Жұмықты қолымда ұстаймын десең, Қошқарбайдың ұрлығын тыямын деп әуре болма. Сары Айшуақтан қол үзбе. Мәметектің екі жақсысының басын бір жерге қоспа. Шотай, Әлмәмбет, Қазақбайдан ас-суыңды аяма. Саты мен Қараша жер жағдайына орай өзі келеді» деп ел ағасы Еңсе қажы өсиетін қалдырған екен.

Әрімжан Жанұзақұлы «Қонжа, Еңсеге жан жетпес Жүрегінің ағына. Екеуі қатар шығыпты Жақсылықтың бағына» деп жырлаған Еңсе қажы 1909 жылы қайтыс болып, ұрпақтары денесін ақ жуып арулап Қытайдағы Обалы деген жерге қойған. Бір жылдан соң ел ардақтысының асы беріліп, ондағы күрес жайлы ақиқат оқиға аңыз боп елге тарайды.

Дәуірінде Еңсе қажы Күшікбайұлының төрт әйелі төрт ауыл болып отырған. Өз кіндігінен Құлжабай, Махмет, Таңғыт, Маңғыт, Есімхан деген ұлдары, Қази, Зағила деген қыздары қалады. Зағила құт Шаянбай ұрпағы Атабай Бөгісұлына ұзатылған.

Тарбағатайдың Таңғыты

Еңсе қажының ұлдарының ішінде билік пен байлыққа қолы бірдей жетіп, даңқы алысқа тарағаны деп Таңғыт есімі ерекше аталады.

Таңғыт Еңсеұлы 1879 жылы қазіргі Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. Әкесінің елден асқан байлығы мен билігінің арқасында ол табиғатынан бұла, өжет болып ер жетеді. Ата салтына адал, әке жолына мығым болып қалыптасқан шағында, нақтырақ айтқанда ол 1897 жылдан бастап үкірдайлық қызметті бастайды. Ол 1936 жылға дейін осы мансаппен ел билейді.

Таңғыт өзінің әділ, парасатты болуымен әрдайым ел көңілінен шығып отырған. Халықтың оқу-білімін жетілдіру жағына баса назар аударған көшелі кісі ретінде де халық жақсы көргенге ұқсайды.

Таңғыттың елге жасаған жақсылығы әкесі Еңсе қажыны да еске салғандай еді. Совет үкіметі билікке келгенде Тарбағатай болысы Нұрекенің (суретте) жасы қырықтың мөлшерінде екен, ауқатты, қыр шонжары ретінде ол және ұрпақтары жаңа үкіметтің тарапынан қуғынға ұшырайды. 1928 жылы мал-мүлкіне тәркілеу жүргізіліп, нағыз дер шағында оның өзін жер аударып жібереді. Атажұрттағы мұндай қысымды естіген Қытай елінде үкірдай қызметіндегі болып тұрған Таңғыт Нұрекені айдаудан құтқарып қалады. Болыстың отбасын түн жамылып жасырын алдырып, басына үй, бауырына мал салады. Бір жағынан алыс рулас, бір жағынан құдандалы ел бір-біріне осылай септескен көрінеді. Ел аузында сақталған ескі сөздер ел ағаларының шапағатшыл көңілі қандай болғанынан дәлелдер келтіреді.

Алашқа жақ

Таңғыттың Алаш Орда басшыларымен байланысы күшті болған. Тарихтан белгілі, 1918 жылдың мамыр айында Қытайдың Шәуешек шаһарындағы Ресей консулдығы арқылы қызылдарға қарсы күрес жүргізу үшін Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Садық Аманжолұлы, т.б. Қытай үкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізеді. Тарихшылар бұл келіссөздің оң нәтиже бермегенін айтады. Осы кездесуді ұйымдастырып өткізуде Таңғыттың сіңірген еңбегі зор. Қытай қазақтарымен кездестіруді сұраған Алаш Орда басшыларының өтінішін аяқ асты қылмай орындаған Таңғыт Еңсеұлы Тарбағатай аймағындағы төрт үкірдайдың басын Шәуешекте қосады. Алаш қайраткерлерінің шекарадан өтіп, Қытай жерінде мәжіліс құрғалы жүргенінен хабардар болған совет үкіметінің жергілікті өкілдері жиынды болмауға тырысады, ақыры олардың кесірінен тарихи жиын, жоғарыда айтқанымыздай, зор пайдаға кенелмейді.

Алаш қайраткерлері қайтар жолында Таңғыт ауылына басып, қона жастанады. Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлына осы жолы Таңғыт үкірдай 500 ат беремін деп ауызша уәде етеді. Алмайып заманда алаш әскерін құру, оған ат-көлік пен жігіт жағынан жақтасып көмектесу – қазақ байларына жүктелген міндет, алайда қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң уақыт мұны орындауға мұрша бермейді. Таңғыттың жылқы малының төрттен бірін Алашқа қиып берем деген ауызша уәдесінен оның орындалғаны, жылқының Алаш қолына тигені жайлы деректер әзірге жоқ. Таңғыт Еңсеұлының Алашордамен байланысы, совет үкіметіне қарсы әрекеттері кейіннен сор болып жабысып, басын жұтады.

Ел ардақтысы Таңғыт үкірдайдың адамдық болмысы, кісілік қалпы жайлы бірен-саран, қысқа да нұсқа деректер ақын Әрімжан Жанұзақұлының өлеңдерінде кездеседі. Әрімжан – шекараның екі жағында қалып қойған елдің тағдырын, аражігі ашылған басшылардың қимыл әрекеттерін, патша үкіметі мен советтің жүйенің қысымын бірдей көрген тағдырлы ақын. Оның жырларынан замана лебі, уақыт бедері, тағдырлас адамдар бейнесі, халықтың жай-күйі анық аңғарылады. Ақын бір өлеңінде: «Үкірдай Таңғыт сен едің, Сатыда бұлбұл мен едім» деп бастап келіп, бір жылы жайлауда тай берем деп бермей кеткенін сөз етеді. Оның осы қылығынан суып қалған ба, әлде басқа себептері бар  ма, ақын үкірдайды сөз нысанасына ала береді. «Тәкеңді жұрт сайлаған басшылыққа, Ереді алты жұмық атшылыққа. Он мың қой, екі мың жылқы кемел дәулет, Бірақ та ақыл-ойың тапшылықта» деп те мұқатқан кезі болыпты.

Тарбағатай еліне танымал тағы бір ақын – Кәрібай Таңатарұлы. Ел-жұрттың игі жақсыларын бір ауыз сөзбен мақтап та, шенеп те беретін от ауызды, орақ тілді ақынның Таңғытқа деген көңілі алабөтен. Онымен дос болғанын арқа тұтады.

«Қытайда досым еді мырза Таңғыт,

Тамаша өткізіп ем талай сән қып.

Көп жұртқа кәрі түлкі секілденіп,

Мінеки айдалада қалдым қаңғып», – дейді өз халінен де хабар беріп. Ақынның:

«Еңсе үкірдай, Шотайда Қонжа батыр,

Келелі кеңестерге айтқан ақыл.

Еңседен соң ер Таңғыт үкірдай боп,

Үзілмей мәртебесі келе жатыр» деуінен билік пен байлық тұқымынан үзілмеген қаракөктің өзі екенін аңғарамыз.

«Екі қошқардың басы...»

Тарихи деректер Таңғыт үкірдай мен аға сұлтан Бұтабай баласы Зейнолла ұзыннан сұлап жатқан Тарбағатайдың ен даласына сыймаған дегенді меңзейді. Қытай жеріне көшкен бұрымбет болысы Зейноллаға баж салығын шектен тыс қосу және оның сегіз түйеге артқан қымбат бағалы жасауын Таңғыттың шауып алуы жайлы екі оқиғаны Әрімжан ақын да толғайды. Жоқтау жырының классикалық үлгісіне айналған «Жәжең жырында» ол:

Егін егіп орныңа

Таңғыттың көңілі тынып па?

Осыдан соң артынан

Жасауыңды шапқызды.

Қойған жерін анықтап

Кейін қалған сатыны

Шерік қойып баққызды.

Итін қосып артынан

Бұрымбетті қапқызды, – деп жырлайды.

Зейнолла 1917 жылдары Қытайға өтпекші болып, 8 түйеге артқан (12 түйе деп те айтады) қымбат бағалы жасауын құдасы Қызайбай қажыға әкелгенін шабарманы Қалқа Таңғытқа мәлімдеп қояды. Таңғыт шерік бастап апарып, Бұтабайдың алтын тонынан тартып, түгел шауып алыпты. Мұны естіген Зейнолла терісіне сыймай ашуланып, «Таңғытты қызын қатын, керегесін отын қылып» шаппақшы болады. Осыны сезіп қойған Таңғыт үш жыл бойы Тарбағатайға шықпай, Орқашар жайлауын жайлайды.

Сатының жерін алад деп,

Таңғыт түсті қулыққа.

Күндіз-түні жамандап,

Шағым айтты ұлыққа. Ақын мұнда Таңғыт Зейнолланың ықпалынан алаңдап, оның үстіне жерге тарлық қып, Шәуешек ұлығына шағымданатынын айтып тұр. Қазіргі Көтеш деген жердің бөктеріне келіп қонған Зейнолланың ауылына адам жібереді де: «Ұлықпен барғалы жатырмыз, үй тігіп дайындық көрсін» деп сәлем айтқызады. Оған Зейнолла: «Біз – ауып кеп жатқан адамдармыз. Ұлық күтіп алатын бізде жағдай жоқ» деп қайтарыпты. Ақыры Шәуешек ұлығы Рақым шүһбе бастаған отыз шақты адам сау ете түседі. Жүз қойға алатын бір қой бажыны үш қойға көбейткендіктен, Зейнолла келгендердің сақал-мұртын жұлдырып байлаттырады да, бір түнде қайта көшіп өтеді. Көшерде әлгі адамдарды босаттырып, «Таңғытқа сәлем айтыңдар» дейді.

Тарбағатайдың күнгейіне сыймаған екі қошқардың хикаясы бірінің теріскейге қайта көшуімен тәмамдалады. Алайда 1924 жылы Зейнолла болыс дүниеден өткенде Таңғыт жүз қаралы адаммен көңіл айта барады. Сонда дауыстағы өзіне тиетін жеріне естігенде қамшының сабына сүйеніп, «жөн ғой, жөн ғой» дегеннен басқа ештеңе айта алмаған екен.

Оқи отырыңыз: Зейнолла кесенесі – сәулет үздігі

Біз оқыған Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романында Демежанның халдайларға қарсы әрекетінде де Таңғыттың есімі аталады. Бірақ онда Демежанға болысу емес, үнсіз қалып, әліптің артын баққан деп сипатталады.

Тағдыр соңы – қорғасын оқ

2011 жылы жарық көрген «Айбын» энциклопедиясында Таңғыт Еңсеұлының өмірінің соңғы жағы турасында қызықты жайттар бар. 1944 жылы Шығыс Түркістан Республикасы құрылғанда Таңғыт әскер жинап, заттай көмек бергені, осы еңбегіне орай 1946 жылы Шығыc Түркістан өкіметінің тәуелсіздік орденімен марапатталғаны жазылған. Демек, бұдан оның қолайына жаққан үкіметтің қайсысы болсын, ол оған мал-мүлік беруден тартынбағанын аңғаруға болады.

1933 жылы Таңғыт үкірдай қытай билігіне қарсы дүнгендермен бірлесіп қарулы көтеріліске қатысты. Осыған байланысты оны 1938 жылы жергілікті қытай өкіметі 10 жылдық қамау жазасына отырғызып, оны үйінде өтеуге ұйғарды. Қытайда Коммунистік партия билік басына келгеннен кейін «Алаш Ордамен тіл табысқан, Совет Одағына қарсы шыққан» деген айыптар тағылып, ату жазасына кесілді.

1952 жылғы тап күресі елдің сорпаға шығар біраз азаматтары қуғынға салып, өлімге кесті. Құлыстайдағы төрт үкірдайдың бірі болған жетпіс үш жастағы Таңғыт бұқара халықтың көз алдында атылады. Онымен қоса Мәсәлім бидің үлкен ұлы Әнуар да жазықсыз атылған. Қожақ үкірдай он жылға түрмеге айдалған. Бұлардың барлығына да «Совет Одағымен байланысы бар» деген айып тағылған.

Қалай болғанда да Таңғыт үкірдай Еңсеұлының ұлт тарихындағы, Алаш кезеңіндегі оқиғаларда алатын орны зор. Бар жиған малын азаттық жолын қиған ерлердің есімі ұрпақтар жадында сақталуы тиіс деген мақсатпен осы мақаламызды тәмамдаймыз. Өз дәуірінің Еңселері мен Таңғыттары туар әлі деген тәтті үміт те жоқ емес.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?