Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ноғай еліне саяхат

2098
Қазақ халқы тарихында, Ноғайлы заманы, Ноғай елінің алатын орны ерекше. Оның себебі де жоқ емес.

1. Ауадан ұшқан алты қаз

Біріншіден, Ноғайлы кезеңі қазақ халқының Ақ Орда мен Көк Ордадан шығарда ұлт ретінде қалыптасуына әрі маңызды кезең болатын. XV–XVIII ғасырдың 30-шы жылдарына дейін қазақ-ноғай толастамай қатынасып тұрған. Тек 1620–1630 жылдары торғауыт-қалмақтың орыс әкімшілігінің көмегімен Еділ мен Жайық, Ақ Қобан (оны орыстар Кубань дейді) өзендеріне жайғасқаннан кейін қазақ-ноғай арасы ашылған болатын. Осы орайда еске келетін
«Орманбет би өлгенде,
Он сан, Ноғай айырылды.
Қазақ сыртқа (сартқа) қайырылды,
Ну сан күңіренді, қайғырды» деген Шоқан Уәлиханов еске алатын жырды біз нақтылауымыз керек. Жаңағы айтылған қоштасу XVIII ғасыр емес, тіпті XVI ғасыр-де емес, ол Әбусағит Жиреншин, ағамыз айтқандай XV ғасырдың бірінші жартысы болуы мүмкін.
Ұлы Сәкен Сейфуллин өзінің 1931 жылы жазып шығарып үлгерген «Қазақ әдебиеті» атты мақаласында Қазақты, Ноғайдан шығарады. Ол кісі былай «Барар жерің Балқан тау, о да біздің барған тау» деп осы айтылған жерлердің бәрінде қазақ болған рулардың бабаларын көрген. Қалың түрік, қалың ноғайлы елі болып мекен-де қылған. «Ат баспаймын деген жерді үш басады» деп бастап, Ноғайлыдан бөлініп «қазақ" болғаннан кейін-де, қазақтардың қайтадан бұрынғы түп, ноғайларына кеткендері-де болған. «Өйткені, ноғайлы мен қазақтың айырмасы жоқ" деп нақтылаған.
Сондықтан болар, Ноғайлы заманы біздің қазақ әдебиетінде, тарихында «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс» жырларында кеңінен көрсетілген.
Бірақ, қазіргі Кавказ, Ноғайлары біздегі «Қырымның қырық батыры» деген атауға келіспейді. Олар былай дейді: ол «Қырымның қырық батыры» емес, ол «Ноғайдың қырық батыры» деуіміз керек деп уәж айтқанын талай естідік. Өз ойым әділеттілік жағынан, ғылыми тұрғыдан «Ноғайлының (Қырымның) қырық батыры» дегені дұрыс сияқты. Бірақ анығын әдебиетші қауым айтар, біздікі тек анығын, ақиқатын ашу.
Екіншіден, қазіргі, ноғай қазаққа ең жақын туыс халық. Біздің тіліміз, діліміз, тіпті түріміз сәл айырмашылықты айтпасақ, айнымайды. Тек кейбір қауымда асығыс айтылған «Қазақ пен, ноғай қосылып кетсін» деген пікір қате. Қазіргі, ноғайлар біз сияқты өздерін өз тілі, тарихы бар бөлек ұлт деп санайды. Және өздерінің отаны, мекені бар ел екенін алға салады. Ол шын, себебі қазіргі, ноғайлар бұрынғы Ұлы, Ноғай Ордасынан қалған Солтүстік Кавказда, өте көркем нулы-сулы өз Отаны жерінде отырған халық. Мынау қазіргі Ресейдегі «Минеральные воды», «Есентуки (Есен-Тоқа)» курорттық жерлердің көбі, Ноғай Ордасының орамы болатын. Оны қазақ білуі керек. Бізге жақын ел сондай шұрайлы жерде болса Қазақстан үшін тек пайда.
Үшіншіден, біз, Ноғай тілін, тарихын зерттеу арқылы өзіміздің төл тарихымыз бен тілімізді жаңадан танимыз. Ноғай мен қазақ ру-тайпалық жүйесі аумайды. Тек қазір қазақта жоқ болып кеткен қатаған, құрама, Ноғайда сақталған. Бір қызығы, Ноғай халқы құрамында түрікмен, ұйғыр деген тайпалар бар. Сосын, ноғайда жүз жоқ болады, бірақ мына атаулар пайда болған — жембойлықтар (яғни Жем өзені бойынан шыққан), эдисандар (яғни Жеті сандықтар) бар. Қобан, ноғайларының шыққан жерін тайпа аты айтады. Бірақ бізде Жетіру болса, оларда мың мен қырық деген ел бар екен. Айтпақшы, Қырым татарының ел құрамында осы Қырықпен бірге Қыпшақ, Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қият тайпалары кездеседі. Ғалымдардың пайымдауынша бұл тайпалар (ноғайлар оларды «ру», «тұқым» дейді) Қырымға біразы Берке ханмен болса, қалғаны, Ноғайдан ауысқан. Оған қоса Шырын мен Барын тайпалары Қырымда мол. Әнес Сарай, ағамыз, Қырымға кеткен Шырын, Барын Тоқтамыстың әкесі Тайқожамен бірге 1390 жылдары, яғни Тоқтамыс пен Едіге, Ақсақ Темір үшеуінің теке-тірес кезінде ауысқан деп жазады. Қырым мен, Ноғайда болған Арғындар XV ғасырдың басында Солтүстік Кавказ бен Қырымнан қазақтың Сары-Арқасына қайтып келген сияқты. Керей ханның баласы — XVІ ғасырда қазақты билеген күшті ханымыз Бұрындықтың атын біз кейбірде Мұрындық деп жазып жүрміз. Ал қазіргі, ноғайлар «мұзды» — «бұз» дейді екен, «мұрынды» — «бұрын» дейді. Сондықтан біздің тарихшылар жазып жүрген Бұрындық хан шынымен Бұрындық деп дұрыс аталуы мүмкін.
Бір қызығы, қазіргі, ноғайлар бізді «қазақ" және «алаш» деп атайды. «Алаш» екенімізді кейбірде біз өзіміз ұмытып жүреміз, ал, ноғай біздің Алаштың баласы екенімізді ұмытпаған. Біздің оларға айтқанымыз — «Ноғай да алты алаштың бірі». Қаіргі қазақ ноғай мен Қырым татарларын шатастырады. Ал шын мәнінде татарлар мен Кавказ, ноғайлары екі халық. Ноғайлар қайта қазаққа жақын екені анық.
Биылғы жылы 1-ші мамыр Қазақстан халықтар бірлігі күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев, еліміздің белгілі азаматтары қосып «Ноғай үйіне» арнайы барып шыққан болатын. Бұл бір тамаша уақиға болды, себебі үш жүз жылдан астам айырылған қазақ пен, ноғай қайта қосылғандай әсер етті.
Қазіргі, Ноғай халқы Ресейдегі төрт бірдей әкімшілікке қарайды. Қазіргі Ресейде барлық ноғай халқы жүз он үш мыңдай екен. XVІІІ ғасырда, яғни Екатерина кезінде орыс әскері Кавказға кіргенде, аман қалған, ноғай тайпалары Түркияға үдере көшкен. Қазір Түркияда жарты миллионнан екі миллионға дейін, Ноғай халқы тұрып жатыр.
Ноғай халқына келесі ауыр соққы Кеңес дәуірінде Н. С. Хрущев кезінде болған екен. 1950 жылдары, нақтылап айтсақ 1957 жылы 9 қаңтар күні қабылданған Кеңес үкіметі, Ноғай даласын төртке бөліп жіберген. Сондықтан қазіргі, Ноғайлар Қарашай-Шеркеш, Дағыстан, Шешен автономиясында және Ставрополь (бұрынғы, Ноғай даласы) аймағына қарайды. Таза, ноғай ауылдары баршылық, ал, ноғай тілі арнайы сабақ ретінде ғана жүргізіледі. Ең үлкен ауылы Қаңлы деп аталады және ауыл «Минеральные воды» қаласының жанында орналасқан. Осы Қаңлы ауылы жанындағы Май-төбеге шығып қарасаңыз Бестау, Түйіе-тау, Жыланды тауларын анық көресіз. Ноғай халқы көптен бері ұлттық автономия талап етуде, бірақ олар Дағыстанда, Ноғай ауданын ғана алған екен. Жақында ғана Қарашай-Шеркеш автономиясы құрамында, Ноғай ауданы құрылған болатын. соған ел қатты қуануда. Аудан орталығы Икон (Үлкен) ауылы.
Мамыр айының 14–16 күндері Черкесск қаласында бірінші Халықаралық білім-практикалық конференциясына бір топ Қазақстан ғалымдары шақырылған болатын. Өкінішке орай көбі бара алмады, Астанадан белгілі ғалым, археолог Зейнолла Самашев екеуіміз осы жиылысқа қатысыпкелдік. Осы форумға Түркия ғалымдары мен қоғам қайраткердері Мұстафа Алтынтас, Мәскеу ғалымы В. В. Трепавлов, Шешенстаннан Ғылым Академиясының президенті Ш. А. Гапуров, Дағыстаннан профессор Д. Қыдырниязов, Украинадан профессор В. В. Грибовский сияқты ғалымдар қатысып баяндама жасады. Ноғай жағынан профессор Р. Кереитов, А. Курмансеитова, В. Балгарова, С. Кукаева, Ш. Құрмангуловалар қатысты.
Осы конференцияны ұйымдастырушылар, Ноғай елінің белгілі азаматтары Казмамбет Янбулатов, Валерий Қазақұлы, жазушы Иса Сүйінұлы Қапаев, профессор Нәсіпхан Сүюнова, Асау Сұлтанбековтер осы үлкен жиылыс сәтті өту үшін барын салды. Маған, Ноғай елі қайта толқып кеткендей болып көрінді. Ел бетінде қуаныш, зор серпіліс байқалады. Залға лық толған ел Қарашай-Шеркеш елінің басшысы Р. Б. Темрезовтың, Ел Үкіметінің орынбасары Д. Ю. Суюновтың мәлімдемесін әртараптан жиналған ғалымдар зор ықыласпен тыңдады.
Қалмақ елінен келген Владимир Тептеев өз елінің мұрағаттарында Қазтуған жырау туралы мұрағаттық материал тапқандарын айтты.

2. «Айналайын қарағым,
Қататынмды қылғым…»
Ноғай эпосы. «Төлеген мен Қыз-Ибек»
Отан тарихында әлі-де болса ашылмаған, көлеңкелі қалған беттер аз емес екенін ел біледі.
Сол бұлыңғы кез XVII ғасырдың 30–40 жылдары қазақ пен, ноғайдың арасының ашылуы.
Қасым хан мен, Ақназар хандардың Сарайшықты алып, Қазақ хандығының шекарасын Жайыққа жеткізгеннен кейін-де қазақ пен, ноғай бірде дос, бірде бақталасып тұрған. Олардың арасындағы кикілжің негізінен билік (династия) арасында болған, ал қарапайым халық жауласа қоймаған. Оның дәлелі XV–XVII ғасырдағы, ақын, жыраулар, шешендер, тіпті кейбір хан-сұлтандар, мысалы (Доспамбет, Асан қайғы, Хақназар т.б.) екі елге ортақ болатын. Екі халықтың тілі, түрі, діні, ділі бір-бірінен аумайтын.
Едіге мен оның балалары Шыңғыс хан тұқымын биліктен аластатады, олардың орын жергілікті мырзалар басады. Ықпалды, Ноғай Ордасы Қырыммен, Қазақ, Ресей, Польшамен тығыз әскери, экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынаста болады.
Бар сұмдық Ресей империясының шақыруымен торғауыт қалмақтардың Еділ мен Жайық, Ақ Қобанға келіп орналасуынан шықты. Саны мол қалмақтар, Ноғай елін шауып, біразын өзіне бағындырып алды.
Ноғайдар енді Жайықтан алыстап Солтүстік Кавказ, Қырымға ойыса бастайды. Екі елдің елшілерін қалмақтар торып алмастырмай қояды. Осы жылдары олар Үлкен, Ноғай, Кіші, Ноғай, Алтыауыл, Ноғайлары болып бөлінеді.
Осы жерде айтып кетер жағдай — қазақ тарихнамасында алыстап кеткен, ноғайлар тарихы, әсіресе Қалмақ ортаға түскеннен кейінгі заман аз зерттелген. Ноғайлар да бізден қол үзе бастаған сияқты. Арадаға хабар жеке адамдар не болмаса, Татар, Башқұрттар арқылы келіп тұрған. Бұрынғы кең қарым-қатынас үзілеген болатын.
Ал саны мол, ноғай халқы XVIII ғасырда Кавказға қол салған Ресей империясының құрбаны болып кетті. Ноғай Ордасының әлсіреуі бір жағынан өздерінің бектері мен мырзаларының бақталасынан шықса, негізі оларға ең ауыр соққы орис әскерінен болды.
Ноғай халқы тарихының қайғылы беттері туралы профессор Рамазан Кереитов, Данияр Қыдырниязов, жазушы Сүйн Капаев пен Әшім Сикалиевтердің еңбектерінде көрсетілген.
Әлсіреген, ноғайлардың Ақ Қобан, Лаба өзендері бойында Кір мен Шок (Кременгут) атты қалашық маңайында орыс әскері қырып салды. Қарулары ескі, жанұясы жанында жүрген, ноғай тайпаларын атақты генерал А. Суворов пен генерал-поручикМ. Н. Леонтьев басқарған әскерлер қоршап қырып жіберген. В. Потто деген офицер осы қырғынды өз көзімен көріп былай жазған болатын: «Ночью перешли Кубань, в верстах в 12-ти, близ урочища Керменчук, настигли ногайцев. Они стояли огромным табором, видимо не ожидали нападения. Суворов тотчас подал сигнал, к атаке… и началась страшная резня. Хуже вооруженные, хуже предводимые… ногайцы резались со злобой и гибли массами. В бессильной ярости сами истребляли своих детей, резали женщин. Больше десятки тысяч ногайских тел лежало на десятиверстовом пространстве». Осы куәлікті, ноғай тарихшылары жиі жазады. Ал шынында ондай қыру, туған жерінен қуу көп болатын. Ноғай халқының жойылуы көрші мемлекеттердің саясатының нәтижесі. Мұндай қырғын туралы естіген ел тіғңан жерін тастап тауға қашты, көбі кейінірек Түркияға бет алған болатын.
1770 жылдардан кейін болған сансыз Ұлы, Ноғайлардың тек қана жұрнағы қалды деп айтуға болады. Мүлдем азайған ел мүшкіл халге түсті. XVI ғасырда сансыз, ноғайдың дәмі таусылды.
Қалған тайпалар Ресей әкімшілігіне бағынуға мәжбүр болды. Саны аз, ноғайлар 1917 жылғы революция азамат соғысын көріп ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан болатын. Ұлы Отан соғысына қатысқан, ноғайлардан Кеңес одағының батыры шыққан.
Біз осы қысқаша баяндаманы елге таныстыру мақсатымен айтып отырмыз.
Ноғай дастандары қазақтан аумайды. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Төлеген мен Қыз-Жібек» басқа да жыр өлеңдер сәл өзгергенмен бізге ұқсайды. Тек біз бұрын көп естімеген «Сүйімбике» дастаны (зарын) ноғайдан естідім. Күйеуінен, баласынан айырылған Жүсіп қызы Казақ ханшасы Сүйімбике былай деп жылайды:
«Сюмбиике атым,
Ноғай затым,
Коьзим ясыл, иок рахатым,
Коьрдим мехнат,
Шектим азап,
Мутылмайды еш хасретим».
Ал дана қазақта өткен заманнан жеткен мынадай естелік бар:
«Тегінде, ноғай, қазақ тегіміз бір
Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.
Орманбет хан Ордадан шыққан күнде
Асан ата қайғырып».

Этнографиялық суреттер

Қазіргі, Ноғай халқы антропологиялық түрі бойынша үшке (үш топқа) бөлінеді. Әрине, көбі маңғол типтес, яғни кәдімгі қазақ. Көп, ноғайды көргенде өзімізді көргендей боласың, бір ауылда жүргендейсің. Оған қоса сөйлеуі кәдімгі қазақша болса, мақал-мәтел, дүниеге көзқарасы, өзін ұстау дегендей…
Келесі тобы Қазан татарларына ұқсайды. Көздері көкшілдеу, шаштары сары. Ал үшінші тобы тау халықтарына — кабарда, шешен, абазиндерге ұқсайды. Бірақ ноғайлар іштей бөлінбейді, олар қалыптасқан ұлт, ұлттық санасы жоғары.
Жалпы ұлт тарихы адамның кескінінде байқалып тұрады. Ноғай мырзалары, тау халықтары, славян татар қыздарына жиі үйленіп тұрған. Әрі аралас болған соң түрлері бізге қарағанда сәл өзгерген.
Дастархан жаю дәстүрі-де ұқсайды. Тек не істесе-де шапшаңдау ма деп ойлап қалдым. Мысалы, біз сияқты дастархан басында көп отырмайды, айтатын тілектері (тост) де қысқа болып шығады. Айтпақшы, «қысқа қайырады» демекші. Сол Черкесскіде бір, ноғай азаматы маған былай деді: «Осыдан үш жылдай бұрын Қазақтармен құда болып Алматыда болдым. Біз тілек айтқанда қысқа сөйлейміз, ал қазақтар мол сөйлейді екен. Тіпті бір құдамыз айтуы бойынша біздер келеді екен деп 3 күн бойы кітапханаға барып дерек жинап дайындалғанын айтты» деді. Мен күліп «Бауырым, қазақтардың әзілін түсінбегенсің, дедім. Олар университетте оқып жүріп кітапханаға жоламайды. Ал әдемі ұзақ сөйлеу ол біздің әдетіміз. Қазаққа мүмкіндік берсең жарты күн тоқтамай сөйлеуі мүмкін. Және бір ойын қайталамай сөзін саптай береді. Сондықтан қазақ кітапханаға барып тост айтуға 3 күн дайындалады деген, анекдот қой!» деп күлістік.
Ноғайлар домбыраны жақсы көреді, бірақ өкінішке қарай аз ойнайды екен. Олар «Қазақтардың 100 пайызы домбырада ойнайтыны рас па?», деп сұрайды. Мен: «Ертеректе ойнаған шығар, қазір 70 пайызға жетпес!» десем олар оған да таң қалып риза болды. Қуантардық жағдай, жастары Қазақстанға келіп домбыра, қобыз, шертер ойнайп үйрене бастаған.
Сырттан қосылған азғантай сөздер бар екен. Мысалы, ноғайлар «ару» деген сөзді жиі пайдаланады. «Ару» «келістім», «жарайды», «жақсы» дегені. Сонымен қатар «ару қыз» деп те айтады екен. Ал жалпы «ару» деген сөз қарашай бауырлардың «әру» деген сөзінен кіруі мүмкін. «Рахмет» сөзін аз пайдаланады екен, оның орнына «сау бол» дейді. Осы орайда Атыраулық бажам Кәрім-де «сау бол!» деп жиі айтушы еді деп еске алдым. Ал тағы бір күлкілі жағдай. Екі, ноғай жігіті Шымкентке барған екен. Таксиден шығарда жүргізушіге «сау бол» десе, ол азамат «сау болы не, бірінші, ақшасын төле!» деп тиіскен екен.
Бір қызығы, ноғайлар біздің ортақ киіз үйді пайдаланды, бірақ оны терме деп атайды. Жалпы кейбір алшақтық болмаса, қалғаны кәдімгі қазақ тілі. Бір қызығы — ноғайлар «Ж»-ның орнына «И»-ді пайдаланады. Мысалы: «жеті құдық" емес, «иеті құдық». Соншама жыл бөтен ортада тұрса да тілін, ділін, рухын сақтап қалған бауырларға риза боласың. Ноғай мен қазақтың түрі, жүрісі, ақкөңіл, жомартты, ақылды мінезі барлығы пара-пар. Тіпті шайқалған жүрісі-де айнымай қалған. Қатар тұра қалса, тек сарылығы болмаса айыру қиын. Ертеректе бір, ақсақал айтып еді: «қазақ пен, ноғайдың иісі-де бір» деп. Ол рас екен.
Дастархан жасағанда, ноғайлар қой сояды, бірақ біздегідей жіліктемей береді екен. Төрге сыйлы адамдарын отырғызып, батасын алып отырады.
Ал енді билері бізге ұқсамайды. Ноғайлар лезгинка биін билеп, әндерін де Кавказ әуендеріне ұқсатып алған. Бірақ әндері қазақи. Мысалы, Қазтуған, Доспамбетпен қатар «Сағындым», «Ақ көгершін» сияқты әндері көп.
Біздің тілдеріміздің айырмашылығы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарымен байланысты. Олар «В» әрпін қосу арқылы «ауылды» — «авыл» деп жазады. Ал ауызша «ауыл» деп нақты айтады. Қайдан қосылғанын білмеймін, ноғай тіліне сонымен қатар «Ь» жіңішкелік белгісі кіріп кеткен. Бәлкім «Ә" әрпін айту үшін бе, «ә«-ні «а+ь» арқылы көрсетеді. Бізді «қазақтар» не «қазақлар» деп отырады екен. Сонымен қоса қоса «Сіздер Алаш елі боласыздар» деп қосады.
Ноғайлар тарихты шерткенде маңғыт елі мен Едігені көп айтады. Ол әрине орынды — себебі Едіге маңғыт (қоңырат) елінен шыққан. Маңғыт тайпасы қазақта «Қоңырат ішінде — маңғытай» болып отыр. Олар — Қазақтар (алаштар, қазақлар) Едігеге ескерткіш қоятыны рас па?, деп сұрады.
«Дәл қазір ондай мәселе жоқ сияқты» дедім мен. Онымен қоса «Едіге, Тоқтамыс, Ақсақ Темір бір-бірімен билікке таласамын деп, Дешті-Қыпшақ, Ақ Орда еліне, түркі тайпаларына орасан зор зиян келтіргенін айтуымыз керек. Сондықтан ол ойланатын іс қой» деп қайырдым.
Ноғайлар қазір бие ұстамайды, сондықтан қымыз ішпейді. Бірақ, қымыз туралы біледі. Бізге «қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» мақаласын келтіріп отырды.

Не керек?

Дәл қазір, Ноғай халқы ешкімнен кем емес. Тұрған жері ыңғайлы, тамағы тоқ, рухы биік.
Бірақ оларға бізден ең бірінші мәселе рухани көмек қажет. Яғни, кітап, музыкалық әндер, көркем әдеби кинофильмдер керек болып тұр. Қазір мемлекет тарихы институты ғалымдары осы игі істі бастап кетті. Жағдай болса көмектесу қажет, кітап жиналған соң Ноғай еліне жеткізуіміз керек.
Екінші мәселе, тарих пен филология мамандығы бойынша, ноғай жастарына жағдай жасау керек. Онымен қоса консерваторияда оқытып алсақ тамаша болар еді. Тарих, әдебиет, қоғамтану саласында, ноғай-қазақ қарым-қатынасын кеңінен зерттеу мәселесін күн тәртібіне қоюы қажет. «Халық тарих толқынында» бағдарламасына қосқан дұрыс болар деп ойлаймын.
Үшінші жағдай, ноғай жастары жұмыссыздық болған соң Кавказда, Сібірде, жалпы Ресейге шашылып кеткен. Ал біз оларға Батыс Қазақстан мұнай, газ, құрылысқа тартсақ, екі бауырлас халық жақындаса түсер еді деп ойлаймын. «Минеральные воды» әуежайынан, Ақтауға ұшақ 50 минут — бір сағат ұшады екен.
Келесі мәселе, екі, ноғай ұлттың аудандарымен зиялы қауым, мәдениет онкүндігін өткізіп тұрса, Ноғайлар Нұрғиса Тілендиевті, Бекболат Тілеуханды, басқа да біздің әнші-күйшілерімізді қатты қастерлеп аузынан тастамайды.
Олар Н.Ә. Назарбаевты өз Президентіндей көреді. Ал Қазақстанды «арқа сүйер дәулет (мемлекет)» деп санайды. Кезіндегі Ұлы, Ноғайдан қазақ шыққан, яғни олар біздің нағыз бауырларымыз.

Б.Ғ. Аяған, т.ғ.д., профессор , ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?