Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1917 жылғы революциялық өзгерістер тұсындағы Батыс Қазақстандағы жұмысшы қозғалысының дамуы

2906
2006-2007 жылдар бұрынғы кеңестік империя құрамына кірген елдердің тарихшылары, оның ішінде Қазақстан тарихы ғылымы үшін де ерекше жыл.

2006–2007 жылдар бұрынғы кеңестік империя құрамына кірген елдердің тарихшылары, оның ішінде Қазақстан тарихы ғылымы үшін-де ерекше жыл. Ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің және патшаны тақтан құлатқан, империя құрамындағы отар елдерге құлдық бұғауынан босап, бостандық алуға, өз мемлекеттігін қалпына келтіруге аз да болса мүмкіндік берген, Ақпан революциясының 90 жылдығы. Осыған дейін кеңестік тарихшылар 1917 жылғы революциялық өзгерістерде жұмысшы табының орны ерекше болды деп келді. Отар елдерде, оның ішінде Қазақстанда ол қандай дәрежеде болды, жұмысшы табының революциялық ұлы өзгерістердегі шын мәніндегі ролі қандай болған, соған келсек.
1917 жылы Қазақстандағы жұмысшы табы 50–65 мың адам шамасында болды, өлкедегі ірі және орта кәсіпорындарда шамамен 25 мың жұмысшы, басым көпшілігі қазақтар, жұмыс істеді. Ембі мұнай ауданында — 6 мыңдай жұмысшы болса, Басқұншақ тұз өндірісінде 3693 жұмысшы болды: оның 1910-ы тұз уатушылар, 1013-і тұз тасушылар, 770-і жүкшілер. Наурыз айының басында кәсіпшіліктегі қазақ жұмысшылар ереуілге шықты. Уақытша губернатор Бирюков Бөкей Ордасы Атқару комитетінің төрағасына 11 наурызда жіберген жеделхатында: «Басқұншақ тұз кәсіпшілігіндегі қазақтар жұмыс істеуден бас тартты. Жұмысты одан әрі жалғастыру үшін шаралар қолдану және жұмыстан бас тарту себептерін анықтау мақсатында губернатор кеңесшісі Абдулкаримовқа қосымша комитеттің мүшелерінің бірін тез арада жіберуіңізді сұраймын» [1] деп хабарлады. Ереуілге шыққан жұмысшылар жалақыны көбейту, жұмыс күнін қысқарту, тұз өндіруші жұмысшылардың санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсарту, жұмысшылардың үстінен қараушы қатал бақылаушылардың озбырлығын тоқтату секілді талаптар қойды.

Әкімшілік ереуіл басшылары — Ажмолда Нұрғариновты, Ақсейіт Арыстановты, Сәрсенғали Сарсеевті қамауға алды. Әкімшілік жұмысшылар талаптарының кейбіреулерін орындау арқылы жұмысты жалғастыруға қолдары жетті. Алайда 14 сәуірде жұмыс қайта тоқтатылды. Губерниялық комиссарға «Океан» қоғамынан «Басқұншақ тұз өндірісі кәсіпшілігіндегі қазақтар жұмыс істеуден бас тартты, „Океан“ өкілі Штефанов мырза билікті пайдаланып, қит етсе, жұмысшыларды қорқытып, пара алады, оларды қудалайды» [2] деп жазды. Мұны тексерген «Ханско-ставочный комитеттің" атқару комитеті тұз кәсіпшілігіндегі қазақтардың қайыршылық жағдайын және өте төмен, айтуға ауыз бармайтын жалақыларын мойындай отырып, губерниялық Атқару комитетіне берген анықтамасында «қазақтар жұмыстан тіптен-де бас тартып жатқан жоқ, тек қана әрбір жұмысшының бір күндік жалақымен тамағын асырауы үшін, сол дәрежеге дейін жалақыны көбейтуді сұрайды» деп көрсетті.
19 сәуірде Чуркин және Федоров балық кәсіпшілігінің жұмысшы қазақтары жұмыстарын тастап ауылдарына қашып кетті [3]. Краснояр уезінің қазақ балықшыларының үлкен бір тобы орыс балықшыларымен бірлесе губерниялық атқару комитетіне және «Каспий-Волга балық және итбалық кәсіпшілігі» басқармасына тойымсыз балық кәсіпкерлерін тәртіпке салуды өтінген бірнеше арыздар жазды, онда балық кәсіпкерлері балықты шетке жоғары бағамен сатса да, балықшылардан өте төмен бағамен алады деп көрсетті. Балықшылар қауымына балық аулау үшін арнайы орын бермегеніне, жалақыны көтермегеніне және балыққа көтерме бағаны өсірмегеніне ашуланған қазақ және орыс балықшылары топ-топ болып теңіз жағасындағы жекеменшік және қазыналық учаскелерден балықты өздері аулай бастады. Кәсіпкерлер мен балықшылар арасындағы тартыс одан кейінгі кезеңде жалғаса берді. Мысалы, Ішкі істер министрлігінің милиция істері бойынша Бас басқармасының мәліметтерінде бергендей 25 тамызда Астрахань губерниясы балық кәсіпшіліктеріндегі жұмысшылар арасында үлкен толқу басталды. Бұл толқулар, тіпті, Қазан төңкерісінен кейін-де тоқтамады.
Наурыз айында, патша тақтан құлағанын естіген бойда Доссор, Мақат мұнай кеніштерінің жұмысшылары ұйымдасып фабрика, завод комитеттерін (фабзавком) құра бастады. Мақат фабзавкомының басында Г. Н. Лысянский, К. Туралиев және В. Антонов болса, Доссор фабзавкомының басында Родионов (төраға), Ізбасар Жанекин, Шәріп Ибрагимов, Исай Палей болды [4]. Айта кету керек, бұл кездегі кәсіпшілер одағы қозғалысы тұтас, біртектес болған жоқ. Кәсіподақ құрылымының негізінде өндірістік емес, кәсіптік-цехтық принцип жатты. Соның нәтижесінде бір заводта бірнеше кәсіподақтар жұмыс істеді. Кәсіподақ ұстанған цехтық принцип жұмысшы табының негізгі ортасы — өндірістің ұжымына бытыраңқылық әкелгендіктен, жұмысшылардың өздері фабзавком құра бастады. Фабзавкомдар кәсіподақ жүйесіне енбеді және оның төменгі сатысы болып табылмады. Мұнай кәсіпшіліктерінде (Доссор, Мақат, Ракуша) лавкелік және басқа да комиссиялар құрыла бастады. 2 наурызда Доссор кәсіпшілігі бұрғылау шеберлері, жұмысшылары және қызметкерлері кәсіпкерлерден жылдық табыстың 10% құраған үстеме, ақы төлеуді және барлық жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысын 20% көтеруді талап етті. Бұл күресті басқарып, жұмысшылардың талап-тілектеріне заңдылық берген Доссор жұмысшы депутаттары Кеңесі болды. Уақытша үкіметтің жергілікті органдары — атқару комитеттері-де құрылды. Мақатқару комитетінің төрағалығына Е. Вандышев, мүшелері болып Данилов, Рытов, Скворцов, Аманберды, Қошбаев, Дьяков, Шадаев, Сабырхан Әзмұқанов, Уәли Ғабдырахманов сайланды. Доссор атқару комитетінің төрағасы болып «Ембі» қоғамы басқармасының мүшесі, әрі акционері С. И. Кузнецов сайланды [5].

Бұл кездегі кәсіпшіліктегі басты проблемалар: транспорт жұмысының нашарлауына байланысты жиналып қалған мұнай өнімдерін сату, бағаның өсуіне байланысты, ақшаның құнсыздануы және жұмысшылардың айлап, ақша алмауы, азық-түліктің жетіспеуі еді. Мамыр айында Ембі мұнай ауданы жұмысшы депутаттары Кеңесі «Ембі-Каспий» қоғамы әкімшілігінен Ракушада жиналып қалған мұнайды тез арада шетке шығару үшін барлық қолда бар күшті пайдалануды және ең батыл шараларды қолдануды талап етсе [6], әкімшілік пен жұмысшылар арасындағы қақтығысты реттеу үшін 14 маусымда Доссор завод комиссиясы, мұнай өндіруші фирмалар, жұмысшы депутаттары Кеңесі және Ембі ауданы бітістіру камерасы өкілдерінің біріккен мәжілісі Доссорда бітістіру камерасын құру туралы бірауыздан шешім қабылдады. Мұнай кәсіпшіліктерінің басшылары болса экономикалық жағдайдың нашарлауына, өндірістің құлдырауына байланысты, әрі жұмысшылардан, олардың талап-мүдделерінен бағыныштылықты азайту үшін өндірісті қысқарту, жұмысшылар санын азайту мәселесін ойластыра бастады. Доссор жұмысшы депутаттары Кеңесі болса, оған мүмкіндігінше қарсылық көрсетті, басқа мұнай кәсіпшілігі жұмысшыларынан қолдау іздеді, өндірісті кеңейтуді және оның жұмыс тиімділігін арттыруды талап етті. Осы мақсатта Бакуге екі делегет жіберілді, жұмысшылар жиналысы сауда мекемелеріндегі барлық тауарларға бағаны реттеу және осы мақсатта әрбір кәсіпшілікте комиссия құру туралы, кәсіпшіліктегі ұрлықпен күресу үшін милиция құру туралы, азық-түлік комитеті мүшелерін қайта сайлау және сауда лавкелерінің жұмысын бақылауды күшейту туралы шешімдер қабылдады [7].

10-шілдедеОрал-Каспий мұнай қоғамының қазақ жұмысшылары мұнай қоғамы басқармасын жұмысшы қазақтарды кемсітеді және өте күшті қанайды деп айыптады. Олар өздерінің құқтарын орыс және татар жұмысшыларымен теңестіруді, қазақтарды кемсітушілерді жауапқа тартуды талап етті және бұл талаптарды орындамағанша жұмысқа шықпайтындықтарын мәлімдеді. Жұмысты тоқтатуға байланысты, оны тексеріп, себептерін анықтау үшін құрылған, құрамында Доссор милициясының бастығы, Ақберлин, Орал-Каспий мұнай қоғамының жұмысшылары Ибатолла Қаржауов, Мұртаза Құлбатыров, Ембі-Каспий жұмысшысы Мұхамедқали Сартов және атқару комитетінен Жұрымов болған комиссия, оның негізгі себептері мынау деп көрсетті: 1) Лавкелік тауарлардың дұрыс бөлінбеуі; 2) басшылардың қазақ жігіттерін, жалпы қазақтарды балағаттауы, менсінбеуі және тағы басқалар.; 5) қазақ жұмысшыларына пәтер бермейді, жұмысшылар оны айына 5 сомға жалдайды; 6) бойдақтардың қарт ата-аналарын мойындамайды, сөйтіп оларға тиесілі үстеме, ақыны төлемейді; 7) отбасылары бар жұмысшыларды бойдақтарға қосады, сөйтіп оларға азық-түлік, соғысқа байланысты жердемақы берілмейді; 8) отбасылары бар қазақтарды жұмысқа алмайды, алса да бойдақ деп алады; 9) бойдақтарға құлағалы тұрған, шіріген барактардан орын береді; 10) пәтерлері жоқ қазақ жұмысшыларына су да, керосин-де, жылу да, ауыз су да бермейді; 11) бөшкемен тұщы су тасу барған сайын азаюда; 12) әкімшілік тек қазақтарға арналған ерекше нұсқаулар шығарады [8].

22 шілдеде кәсіпшілік әкімшілігі жұмысшы қазақтардың тұрмыс жағдайларын жақсартуға және барлық кәсіпшілік жұмысшыларының жалақыларын теңестіруге уәде берді. Ауыз су мәселесіне байланысты «әртүрлі жағдайларға» сілтей отырып, қазақ жұмысшылары «өздерінің туған жерлері сусыз даладан болғандықтан бұған үйренген» деп жауап берді. Сондықтан, 23 шілдеде мұнай кәсіпшіліктерінің қазақ жұмысшылары жиналысы өздерінің өкілдері арқылы Доссор Мұсылман ұлттық комитетін сайлау туралы қаулы қабылдады және өзінің мақсаты «мұсылмандардың мүдделеріне байланысты барлық: діни-имандылық, материалдық, экономикалық және тағы басқа мәселелерді шешуді өз мойнына алды» деп көрсетті. Шілде айында болған Орал-Ембі мұнай қоғамы қазақ жұмысшылары ереуілін қолдаған Мұсылман комитеті жұмысшылар арасындағы ұлтына қарай бөлуді жоюды, қазақ жұмысшыларына орыс жұмысшыларымен бірдей жалақы төлеуді, жұмысқа қолайлы жағдай жасауды және әлеуметтік проблемаларды жедел шешуді талап етті.

Доссор, Мақат кәсіпшіліктеріндегі азық-түлікпен қамтамасыз етудің нашарлағаны сонша, 7 тамызда болған Доссор азық-түлік басқармасы, атқару комитеті, Ембі ауданы жұмысшы депутаттары Кеңесі және қызметкерлер одағының біріккен мәжілісі «азық-түлікке ауыстыру үшін мұнай өнімдерін көршілес астықты аудандарға шығаруды» сұрап Орал облыстық азық-түлік комитетінен рұқсат сұрады. Облыстық комитет болса Ойылдан мұнайға айырбастап астық алуға қазан айының басында рұқсат берді. Сонымен қатар, Доссор азық-түлік комитеті барлық азық-түлік қорын өз бақылауына алды. Қазан айының 30-ы күні азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінің әбден тығырыққа тірелгені сонша, комитет толық құрамында жұмысын тоқтатты. Доссор атқару комитеті осыған байланысты 7 қарашада атқару комитетінің, жұмысшы депутаттары Кеңесінің, Мұсылман Кеңесінің, қызметкерлер кәсіподағы басқармасының, бұрынғы азық-түлік комитетінің, Доссор завод комитеттерінің біріккен мәжілісін шақырды, оған мұнай фирмаларынан бір-бірден өкілдер-де шақырылды. Біріккен мәжіліс азық-түлік дағдарысынан шығу жолында бірқатар қатаң шараларға барды және жаңа азық-түлік комитетін құрды [9].

Кәсіпшілік жұмысшылары аса жек көрінішті әкімшілік өкілдерін жұмыстан қуды және жұмысшы депутаттары Кеңесі арқылы, Орал-Каспий мұнай қоғамы басқармасының оларды жұмысқа қайта алу туралы талабын қабылдаудан бас тартты. Кеңес болса 26 шілдедегі хатында «бұл құрылысқа қарсы екендігін» [10] мәлімдеді және Доссор, Мақат, Ракуша мұнай кәсіпшіліктерін біріктіріп, 3 тамызда Ембі мұнай ауданы жұмысшы депутаттары Кеңесін құрды. Жұмысшы депутаттары Кеңесі және Мұсылман Комитеті жұмысшылар құқын қорғауда бірлесе жұмыс істеді. Мысалы, 17 тамызда Доссор Мұсылман Комитеті бітістіру камерасының жұмысын талқылай келе қаулы қабылдады, онда атқару комитетінен қазақтар мен басқа ұлт жұмысшыларының құқтарын теңестіруде батыл шаралар қабылдауын сұрады және бұл мәселедегі бітістіру камерасының жұмыстарын қанағаттанарлықсыз деп тапты, жұмысшылар мен әкімшілік арасындағы қайшылықтарды шешу мақсатында бітістіру камерасына қазақ жұмысшыларының өкілдерін енгізуді ұсынды. Мұсылман комитетінің талабымен, Доссор Кеңесінің қолдауымен лавка приказщиктері Бекшулин, Тмыров және кеңсе қызметкерлері Дыгин, Лоляев қызметтерінен қуылды.

Қыркүйек айының аяғында Орал-Каспий мұнай қоғамы басқармасы азық-түлік жетіспейтіндігін алға тартып кәсіпшіліктегі жұмыстың біразын тоқтатып, жұмысшылардың көпшілігін Астраханға аударуды жоспарлады. Жұмысшылар Кеңесі және Мұсылман Комитетінің талап етуімен комиссия құрылып, азық-түлік қорын тексерді және «азық-түлік 10 айға жетеді, ал әкімшілік өндірісті тоқтату үшін жалған хабар берді» деп мәлімдеді. Петроградқа, Еңбек министрлігіне, Сауда және өнеркәсіп министрлігіне, Ембі ауданы мұнай кәсіпшілігі фирмаларының басқармаларына мұнай кәсіпкерлерінің жұмысты қысқарту әрекетіне қарсы болған және жұмыссыз қалатын 6 мың жұмысшыларды қорғау мақсатында жұмысшы және қызметкерлерден құралған делегация аттанды [11].

9 қазанда Гурьев жұмысшы депутаттары Кеңесінің атқару комитеті Петроград Кеңесінен «жұмысшыларды жұмыстан қуу туралы жоспарды жүзеге асырмау үшін барлық шараларды қолдануды» сұрап өтініш жасады. Бірақ, делегация мүшелерінің сапары сәтсіз болды: Доссор милициясының бұрынғы бастығы Ибатолла Қаржауов пен жұмысшылар жетекшісі, меньшевик Наумов бастаған алғашқы делегация орнына жұмысшылар Палей, Сейсен Нұрымов бастаған екінші делегация жіберілді. Әкімшілік пен жұмысшылар арасындағы дау 1918 жылдың көктеміне дейін созылды және кәсіпшіліктегі жұмыстың жүруіне, өндірістің жандануына кері әсерін тигізді. Әбден ашынған жұмысшылар Доссорға келген Орал-Каспий мұнай қоғамының бастығы А. Х. Владосты, инженер Рогалевичті ұстап жібермеді және бірнеше ай берілмеген жалақыларын беруді талап етті. Тек 4 айдың жалақысын бірден төлеу туралы А. Х. Владостың жазбаша үкімінен кейін ғана ұсталғандар босатылды. Осы кезеңде Доссорға келген Гурьев Кеңесінің төрағасы В. И. Тяжев митинг ұйымдастырып, онда жұмысшыларды Гурьевтен кетіп жатқан солдаттарды қарусыздандырып, ол қарумен жұмысшы отрядтарын қаруландыруға және кәсіпшілікте толық жұмысшы бақылауын орнатуға шақырды. Бұған қарсы болған Мұсылман Комитеті жұмысшыларды авантюристік шараларға бармауға шақырды, солдаттармен қақтығыстың қауіпті екендігін ескертті және жұмысшылар талабын тек заңға сүйене отырып қорғауға болатындығын дәлелдеді.
31 қазанда Ембі ауданы мұнай кәсіпшілігі Мұсылман ұлттық комитетінің төтенше мәжілісі болып, онда қаралған мәселелердің ішіндегі елеулілері: «1) Мақатта мұнай кәсіпшілігі есебінен мешіт және медресе (орыс класымен) тұрғызу; 2) бір имам молда, бір муәдзин, бір мұғалім, бір орыс тілі мұғалімі, бір күзетші шақыру; 3) олардың жалақысы, жылу, жарық және тағы басқалары мұнай қоғамдары есебінен болсын; …5) ата-аналары бар, бірақ бойдақ жұмысшылар, қымбатшылыққа байланысты қосымша жәрдемақымен және пәтер, ақшамен 1 мамырдан бастап, үйленгендермен бірдей пайдалансын; 6) үйленген, бірақ әйелдері ауылдарында жұмысшылар, үйлі-баранды адамдар ретінде 1 шілдеден бастап жәрдемақысын алсын; 7) жұмысқа бірмезгілді жәрдемақы берілгенге дейін (1,5 айлық паек) кірген жұмысшылар, айтылған паекты пайдалансын; …10) мұсылман қайтыс болған жағдайда өндірістік лавкеден қажетті мөлшерде кездеме мата берілсін» [12]. Қазақ жұмысшылары арасында ерекше беделге ие болған мұсылман комитеттері, басым көпшілігі орыстар болған Ембі ауданы жұмысшы депутаттары Кеңесі мен Доссор фабзавкомдарынан да батыл түрде қазақ жұмысшыларының талап-тілектерін әкімшілік алдында қоя білді, әрі оны жүзеге асыруда табандылық көрсетті.

Сөйтіп, Қазан төңкерісі қарсаңында аймақтағы жұмысшы қозғалысы елдегі кең көлемдегі саяси бостандықтар мен қоғамдық өмірдің демократияландырылуы негізінде, өздерінің құқықтарын қорғау жолында басқа демократиялық күштермен бірлесе күрес жүргізді. Бұл күрес Уақытша үкімет жүргізген саясатқа балама ретінде жүрді және өзінің мақсаты мемлекеттік басқару мен экономикалық өндіріске бұқара халықты кең түрде, көптеп тарту ретінде түсінді. Осы мақсатта белсенді үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді, сайланбалы мекемелерге әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері тартылды, өндіріс үстіне жұмысшы бақылауы орнады, 8-сағаттық жұмыс күні және мұқтаж адамдарға әлеуметтік қолдау енгізілді, халықтық мектеп және оқу-ағарту клубтары ашылды, жаңа газет-журналдар жарық көрді. Сонымен қатар, толық қанды халықтық билік орнатуға ұмтылуда бұқара халықта саяси мәдениеттің, демократия негіздерінің кенже дамуына байланысты, сол кездегі ахуалға негізделмеген, «революциялық асығыстық" та болды, көптеген, қорланып қалған проблемаларды күштеу әдісімен шешу белең алды. Мұның өзі жаңа проблемалардың қорлануына және демократиялық тәртіптерге деген нигилиcтік қатынастардың қалыптасуына саяси, психологиялық алғышарттар жасады. Оның өзі, түптеп келгенде, елде тоталитарлық жүйенің орнатылуына жол ашқан еді.

Пайдаланған деректер тізімі:

1. Борьба за власть Советов в Астраханском крае (1917—1920 гг.) Документы и материалы. Часть 1. Установление Советской власти и начало гражданской войны в Астраханском крае (март, 1917 — ноябрь, 1918 гг.). — Астрахань: Изд. газеты «Волга», 1958. — С.65–66.
2. Кобландин К. И. Революционная борьба трудящихся Внутренний (Букеевской) Орды в 1917 г. // Изв. Ан КазССР, серия обществ. наук. — Алма-Ата: Наука, 1987. — № 4 (154). — С.23.
3. Ресей Федерациясы Астрахань облыстық Мемлекеттік мұрағаты (РФ АОММ), 1093-қ., 1-т., 49-іс, 65-п.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты (ҚР ПМ), 811-қ., 7-т., 9-іс, 1-п.
5. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты (ҚР ОММ), 679-қ., 1-т., 118-іс, 1-п.
6. ҚР ОММ, 695-қ., 1-т., 253-іс, 10, 11-п.
7. ҚР ОММ, 681-қ., 1-т., 203-іс, 3, 4-п.
8. ҚР ОММ, 695-қ., 1-т., 288-іс, 67-п.
9. ҚР ОММ, 689-қ., 1-т., 5-іс, 118-п.
10. Нурпейсов К. Н. Становление Советов в Казахстане (март, 1917 — июнь, 1918 гг.), Алма-Ата: Наука, 1987, С.70–71.
11. ҚР ОМА, 681-қ., 1-т., 95а-іс, 29-п.
12. ҚР ОММ, 695-қ., 1-т., 288-іс, 2-п.

Қуаныш С.О., тарих ғылымдарының кандидаты, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, аға оқытушысы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?