Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация және оның тарихи маңызы

7367
Мемлекеттік егемендік туралы Декларация және оның тарихи маңызы - e-history.kz
1989 жылдың өзінде-ақ, КСРО-ны конфедерация қағидалары негізінде өзгертудің нақты көріністері байқалды.

1980-1990 жылдардағы КСРО дағдарысы және оның себептері. 1989 жылы Г.В. Колбин Қазақстаннан Мәскеуге ауыстырылды. ҚКП ОК бірінші хатшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Қазақстан Республикасының Үкіметін Ұзақбай Қараманов басқарды. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев жаңаша ойлайтын саясаткерлерді топтастырды. Орталық Комитеттің екінші хатшылығына Владимир Ануфриев, хатшылықка Ерік Асанбаев пен Владислав Двуреченский келді. Идеология бөлімін — Мырзатай Жолдасбеков, аграрлық бөлімді — Жәнібек Кәрібжанов, ұлтаралық қатынастар бөлімін Әбіш Кекілбаев басқарды.

1989 жылы мамыр-маусым айларында өткен КСРО халық депутаттарының I съезінде саясаттағы, экономикадағы және қоғамдық өмірдің әлеуметтік-рухани салаларындағы жағдайларға өткір сындар айтылып, коммунистік партия жұмысына талдау жасалды. Кеңес қоғамына төнген дағдарыстың себептері іздестірілді. Қоғамдық-саяси өмірдің аса маңызды мәселелері төңірегіндегі тартыс бір-біріне қарама-қарсы ұстанымдағы депутат топтарының құрылуына алып келді. Халық депутаттарының I съезінің жұмысын бастасымен-ақ аймақаралық депутаттық топтар құрылды. Халық депутаттарының I съезі қабылдаған шешімдердің көпшілігі жүзеге асқан жоқ. Соған қарамастан ол партия комитеттерінің билігін едәуір әлсіретті. Е.Лигачев, П. Соломенцев тәрізді КОКП және мемлекет басшыларынын, тіпті. КОКП ОК Бас хатшысы М.С. Горбачевтің де қызметтері үздіксіз сынға алына бастады. Кеңестер, кәсіподақтар, комсомол бірте-бірте КОКП өктемділігінен арылып, сайлау кезінде демократиялық ұстанымдар .алға шығарылды. Осындай жағдайда партия комитеттерінің лидерлері жеңілістерге ұшырады. Қоғамда, саяси қарсыластар арасында ымырасыздық, табансыздық пен тұрақсыздық күшейді. Демократиялық сенімдегі адамдар көбіне «күйе жаққыш», «сатылғыш», «екі жүзді» деп айыпталды. Демократиялық қоғамға өтудің басталуы одақтас республикалар мен олардың мемлекеттік құқықтық формациялары арасындағы қатынастардың қалыптасқан практикасын қайта қарауға әкелді. Жаңа одақтық келісім-шарттың жасалу мүмкіндігі жайлы мәселені — 1988 жылдың өзінде-ақ, ең алдымен Балтық жағалауы республикалары ұлттық-демократиялық қозғалыстарының өкілдері көтере бастаған болатын. КСРО Халық депутаттарының I съезінде депутаттар тарапынан бұл мәселе қайта көтерілді. Съезде унитарлық мемлекетке тән хал-ахуалдың түрін өзгертіп, қалыптасқан құрылымды жаңа мазмұнмен байытуға, орталық пен республикалар арасындағы құқықтар мен міндеттерді қайта бөлуге деген ұмтылыстар жасалды.

1989 жылдың өзінде-ақ, КСРО-ны конфедерация қағидалары негізінде өзгертудің нақты көріністері байқалды. Алайда ол жүргізілмеді. Осыдан соң республикалар өздерінің бөлінетіндігі жайлы неғұрлым батыл мәлімдей бастады. Орталық теледидар, «Правда», «Советская Россия» газеттері Балтық жағалауы республикаларына қарсы науқан бастап, оларда адам құқықтары бұзылып, Орталық басшылық бұл республикаларға экономикалык және саяси қысым көрсетіп жатыр деген бағытта дауды күшейте түсті.

1990 жылдың 25 наурызында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылымында депутаттық орындарға сайлау алды науқаны жүргізілді. Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну құқығы еңбек орындарын, азаматтардың жиналысына берілді. Сайлау үдерісіне саясаттандырылған топтар, ресми емес бірлестіктер енгізілді. Сайлау алды науқанында 360 депутаттық мандатқа 2000-нан артық кандидат қатысты. Сайлауды өткізу барысы, нәтижесі егемендік және тәуелсіздікке бағыт алған күштердің басымдыққа ие бола бастағанын танытты. Жұмысшы және шаруа тобымен қатар, қайта сайланған Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне ғалымдар, заңгерлер, ЖОО ректорлары, діни қайраткерлер енді. 1990 жылдардың екінші жартысынан бастап Қазақстан саяси жүйенің заманға сай негізін қалауға батыл қадамдар жасады. Ұлттық құрамы жағынан — 181 қазақ, 100 орыс және 340 депутаттың 51-і компартия органдарынын қызметкерлері болды. Жоғары Кеңестің төрағалығына — Ерік Асанбаев сайланды.

1990 жылдардын басында КСРО-дағы саяси жағдай декларативтік сипаттағы көптеген демократиялық ережелерден тұратын қолданыстағы 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясын өзгертуді, Қазақстанның егемен құқықтарына бекітетін мүлдем жаңа заңнама актілерін қабылдауды қажет етті.

КСРО-ны жайлаған саяси дағдарыс, одақтың аса ауыр жағдайда ыдырау үдерісі саяси жүйені реформалауды қажет етті. Дағдарыстан шығудын бір жолы — Президенттік қызметті енгізу болатын. 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту мен Казақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (Негізгі Заң)» заң қабылдап, Қазақ КСР Президенті қызметін бекітті. 1990 жылы 24 сәуірде қызу талқылаудан кейін Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің Президенті етіп Н.Ә. Назарбаевты сайлады. Жасырын дауыс беруге қатысқан 335 депутаттың 317-сі — Н.Ә. Назарбаевқа дауыс берді, 18 депутат қарсы болды. Қазақстанда Президенттік институт Ресейге қарағанда бір жыл бұрын енгізілді.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация 1990 жылы қазанда қоғамдағы жағдай барынша шиеленістірді. Халық депуттары арасынан парламент жұмысын жандандыруға баламалы қозғаушы күш болу мақсатында «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы құрылды. Марат Оспанов бастаған «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобына Б. Қадырбеков, Е. Ертісбаев. Ю. Сытых, М. Оспанов, П. Своик және облыс орталықтарындағы жұмысшылар комитеттерінің өкілдері мүше болды. 1991 жылы олардың саны 54 депутатқа жетті. Олар «Азат», «Единство» қозғалыстарымен және басқа да ресми, ресми емес топтармен байланыс орнатты. Бұл күрделі кезеңде — «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы барынша белсенді қызмет атқарды. Олардың билік құрылымын партиядан тазарту туралы ұсыныстары Жоғарғы Кеңестің партиялық-шаруашылық активінде наразылық тудырды. Сондай-ақ, «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы мүшелері ұсынған «Егемендік туралы декларацияның» баламалы жобасы республикалық және одақтық баспасөз беттерінде ерекше дүмпу тудырды. Жоба авторлары 1990 жылдары барлық одақтас республикаларда қабылданған ұлттық мемлекеттілік және құқықтық мемлекет туралы тұжырымдамалар қарама-қайшы болды дегенді алға тартты. «Демократиялық Қазақстанның» жетекшілері полиэтникалық қоғамда ұлттық мемлекеттілік тұжырымын жүзеге асыру жағымсыз салдарға әкеледі деп санады. Ұлттық республиканың орнына азаматтық қоғам құрылуы тиіс деген ұстанымда болды. Қазақ зиялылары «егемендік алдымен тілге берілсін» деген ұсыныс тастады. Филология ғылымдарының докторлары Бабаш Әбілқасымов, Сапарғали Омарбеков «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 3 қазандағы санында Қазақ КСР-інің мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясының жобасы тіл туралы заңға қайшы келіп тұрғанын айтып, дабыл көтерді. Тіл туралы заңда орыс тілі — Қазақстан жерінде ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп жарияланған болатын. Декларация жобасын жасаушылардың оны ресми тіл деп өзгертіп жібергені сынға алынды. Ғалымдар орыс тілін Қазақ КСР-інде ресми тіл деп жариялау — қазақ тілінің мемлекеттік статусын жоққа шығарумен пара-пар екенін, өзі көктеп, өркен жайған туған топырағында қазақ тілінің ресми тіл болуға да әбден құқығы бар екенін дәлелдеді. Декларация жобасы қызу талқыланды. Декларацияның негізгі жобасы және оған балама негізде ұсынған «Демократиялык Қазақстан» тобының жобасы, депутаттардан, жалпы жұртшылықтан түскен пікірлер мен ескертулерді Декларация жобасына енгізу жөнінде арнайы комиссия құрылып, депутат Салық Зимановтың басшылығымен бір аптадан астам уақыт жұмыс істеді. 1990 жылы 15 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясында «Егемендік туралы Декларацияның» жобасы жөнінде талас пікірлер болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Е. Асанбаев тарапынан «Демократиялык Қазақстан» жобасы өте кеш ұсынылды. Жоғарғы Кеңеске мәлім етілмей, баспасөзге жарияланды. Сондай-ақ, оның құрамындағы 30 депутат сессияға дейін белгісіз болып келді деген пікірлер айтылды. Декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін құрылған комиссия мүшесі депутат Сұлтан Сартаев «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттардың «ұлттык республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне қарсылық білдірді. Депутат С. Сартаев әлемдік тәжірибеге сүйене отырып: «Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен. Англия — кұқықтық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі калыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халык қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», — деген түсінік берді. Келешекте республика өмірінде аса маңызды рөл атқаратын бұл құжат жобасы қызу талқыланды. Парламент мүшелері Декларацияның әрбір сөйлеміне. сөзіне жете мән беріп, айтылған ұсыныстарды сол бойда дауысқа салып отырды.

Жоғарғы Кеңес «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» 1990 жылы 25 қазан күні 18 сағат 55 минутта қабылдады. «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда» Қазақстан аумағынын біртұтастығы мен оған жат көзкарас, қарсы әрекеттер болмайтындығы бекітілді. Декларацияда аса маңызды мәселе — республиканың өз бюджетін қалыптастыратындығы айқындалды. Казақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация — еліміз Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі. Бұл құжатта Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардын қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. Декларация алғаш рет табиғи ресурстардың, экономикалык және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігінде болуының ерекше құқығын баянды етті. Егер егемендік қағидаттарына қайшы келетін болса, Қазақстан аумағында КСРО заңдарын тоқтату құқығын белгіледі. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігін жариялау — Қазақстан үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашқан тұңғыш акті болды.

Дерек көзі «Қазіргі Қазақстан тарихы» Алматы «Раритет», 2010ж. 116-120 беттер, . Б.Ғ. Аяған, Х.М. Әбжанов, Д.А. Махат

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?