Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сырым Датұлы бастаған көтеріліс

10540
Сырым Датұлы бастаған көтеріліс - e-history.kz
Көтерілістің туындауына отарлық езгінің күшеюі, қазақтардың Жайықтан өтуіне тиым салынуы, орыс-казактардың арғы бетке өткен ауылдарды ашық тонауы, Кіші жүздегі хан билігінің әлсіздігі себеп болған еді

Бұл көтеріліс Батыс Қазақстан өңірлерінде 1783-1797 жж. аралығында болып өтті. Тарихи әдебиеттерде әдетте Сырым Датұлы бастаған көтеріліс ретінде аталғанымен, мұрағаттық деректер бойынша бұл күреске белгілі батырлар Тіленші Бөкенбайұлы мен Барақ Сатыбалдыұлы, басқа да батырлар мен билер жетекшілік етіп, орыс шебіне көптеген шабуылдар ұйымдастырған.

Көтерілістің туындауына отарлық езгінің күшеюі, қазақтардың Жайықтан өтуіне тиым салынуы, орыс-казактардың арғы бетке өткен ауылдарды ашық тонауы, Кіші жүздегі хан билігінің әлсіздігі т.б. себеп болған еді. Сонымен бірге, ықпалды билер мен Нұралы хан арасындағы қайшылықтар да әсер етті. Көтеріліс Батыс Қазақстанның біраз жерін қамтыды. Оның негізгі орталықтары – шепке жақын орналасқан Байбақты, Табын және Тама рулары қоныстанған Елек, Шыңғырлау, Қобда өзендерінің бойлары болса, орыс шебіне шабуылдар кезінде Ойыл, Жем, Темір, Сағыз өңірлері де көтерілісшілердің ту тіккен ордаларына айналды. Көтеріліске Кете, Шекті, Шеркеш, Таз т.б. рулар да қатысқан.

Деректерге қарағанда, Сырымның қол астында 2700 адам, Барақ батырда – 2000, Тіленші батырда – 1500 адамдық жасақтар болған. Бұлардың құрамына жоғарыда аталған рулардың барлығы кірген. 1783 ж. жаз айларында қазақтар Ресей шептеріне көптеген жойқын шабуылдар ұйымдастырады. 1783 ж. желтоқсан айының соңында Сырым мен Барақ батырлар бастаған 700 сарбаз Генварцовский мен Рубежинский форпосттары арасындағы орыс елді-мекендеріне шабуылдар жасаса, тура сол уақытта Тіленші батыр мен белгілі би Елекбай Құдайбергенұлы бастаған сарбаздар да Ресей шептеріне көптеген шабуылдар ұйымдастырады.

1785 ж. ақпан айында көтерілісті басуға майор Смирнов басқаратын жазалаушы әскер шығарылады. 237 казактан, 2432 башқұрттан және екі зеңбіректен тұратын бұл команда Елек жағалауына қарай шығып, жолда кездескен бейбіт ауылдарды тонап, 66 адамды тұтқынға алып кетеді, олардың 13-і ғана ересек ер азаматтар да, қалғандары әйелдер мен балалар болған. 1785 ж. наурыз айында Жайық казак әскерінің командирлері Қолпаков пен Пономарев бастаған 1250 казактан тұратын басқа топ Жем сағасында орналасқан Сырымның ордасын арнайы жою үшін шығарылады. Олар Жем бойына бармай, Қаракөл маңындағы Адай және Беріш руларының ауылдарын шауып, бірнеше адамды өлтіріп, 102 адамды тұтқынға алады. 1785 ж. наурыз айында премьер-майор Назаров басқарған 405 жайық казагынан тұратын басқа жазалаушы отряд көтерілісші Табын руының ауылдарын шауып, Айшуақ сұлтанды тұтқынға алады.

Өлке басшылығының мұндай шаралары бүкіл Кіші жүз руларының заңды ашу-ызасын туғызады. Сол 1785 ж. наурыз айында Тіленші батыр бастаған 200 адамдық жасақ Рубежинск форпосты маңындағы орыс хуторларына шабуыл жасап, бүкіл малдары мен 10 адамын қолға түсіреді. Бірақ хуторлар халқына көмекке келіп қалған казактармен болған шайқаста қазақ жасағынан 19 сарбаз қаза табады.

1785 ж. шамамен күз айларында 1 мың адамдық қазақ жасағы Тұзтөбе бекінісінен жоғары орналасқан редутқа шабуыл жасап, осы редутқа көмекке келген майор Рештейнерді 30 адамымен, капрал Ивановты 20 адамымен бірге қолға түсіреді.

Билігінен айырылып қалудан қауіптенген Нұралы орыс әкімшілігімен бірге көтерілісті басуға ат салысады. Інісі Айшуақ сұлтанның қамауға алынып, ұлының өлтірілуі халық алдында Нұралының ықпалы мен беделін төмендетеді. Ел-жұрты оған сенуді қойып, хан билігі үлкен дағдарысқа ұшырайды. 1785 ж. Кіші жүздің 21 руынан 55 билер мен батырлар ІІ Екатерина патшайымға хат жазып, Нұралыны, жалпы Әбілқайыр әулетін тақтан алып тастауды сұрайды. Мұндай хаттар көп болған. 1786 ж. көктемінде көтерілісшілер хан ауылдарына шабуыл жасап, Нұралы қашуға мәжбүр болады. Хан билігінің әлсіздігін түсінген патша үкіметі оны хандықтан босатып, Орынборға шақырып алып, кейіннен Уфаға жібереді. Нұралы сол жақта 1790 ж. қайтыс болады.

Нұралы тақтан кетірілген соң ІІ Екатерина енді Кіші жүзде хан сайлауды қажетсіз деп табады. Өлке басшысы губернатор Игельстромға Кіші жүз қазақтарын басқарудың жобасын даярлау тапсырылады. Өлкені басқаруда майда саясатымен көзге түскен барон өз реформасында Кіші жүздің бүкіл билігін Орынбор әкімшілігінің қолына топтастырады. Ол бойынша губернатордың жанынан жүзді басқарудың жаңа органы – Шекаралық сот құрылып, оған құрамына билер де кіретін расправалар қарайды.

Өлке әкімшілігінің әртүрлі шараларына қарамастан 1789-1790 жж. қыс айларында Ресей шебіне қазақтардың шабуылдары күшейе түседі. 1790 ж. көктемінде орынбор әкімшілігі Сырым бастаған топпен келіссөздер жүргізуге муфтий Мұхамеджан Хусаиновты жібереді. Бұл кезде губернатор Игельстром да қызметінен алынып, орнына қазақтарға қатысты аса қатаң саясат ұстанған А.А. Пеутлинг келген болатын. Осы кезеңде Жайық казактарының да қазақ ауылдарына шапқыншылығы үдейді. Көтеріліс шеңберінде, патша әкімшілігімен арада күрделі қарым-қатынастар орын алады, олардың бәріне тоқталу мүмкін емес.

Дүрбелеңге толы сахарада аз да болса тыныштық орнату үшін патша үкіметі 1791 ж. қыркүйегінде жасы келген Ералы сұлтанды хан сайлауға мәжбүр болады. Орынбор экспедициясы молда Құсайын Әбдусаламовты осы туралы хабармен Кіші жүз даласына аттандырғанда, Елек бойында онымен кездескен Сырым, Мұратбек, Қаракөбек, Басықара және басқа билер өздерінің келісімінсіз Ералының хандыққа бекітілуіне риза еместерін ашық айтады. 1792 ж. мамыр айында Қобда өзенінің бойындағы Байтақ қорымы түбінде 400-ге тарта билер мен басқа да адамдар қатысқан жиындар өткізіледі. Жиын бірауыздан Ералының хан сайлануына қарсылық білдіреді.

1792 ж. қыркүйегінде Сырым Ресейге соғыс жариялап, 1000 адаммен Тұзтөбеге шабуыл жасайды. Бекіністі ала алмаған көтерілісшілер келесі бекініс – Красногорскаяға да шабуыл ұйымдастырады. Бірақ бекіністерге ашық шабуылдар табыс әкеле қоймаған, қарулары сай казактар әрқашанда зеңбіректер мен мылтықтардан оқ жаудырып, барлық шабуылдарды таратып отырған. Сырым бастаған көтерілісшілер 1793 ж. күзінде Сағыз өзенінің бойында орда құрып, халықты өздеріне қосылуға шақырған. Оған әр рудан адамдар қосылып отырған, олар Сағыз бойындағы Аққұм деп аталатын жерге ту тіккен.

1794 ж. Ералы хан қайтыс болып, 1795 ж. Кіші жүз хандығына Нұралының ұлы Есім сұлтан бекітіледі. Оның жанынан ел басқаруға қолайлы болу үшін сұлтандар мен билерден тұратын Хан кеңесі құрылады. Есімді Сырым бастаған дала билері жек көретін, оны 1797 ж. хан ауылын шапқан көтерілісшілер өлтіреді. Хан өлімінен соң, сәл үзілістен кейін өлке басшылығына қайта келген барон Игельстром жаңа хан сайламай, Кіші жүзді басқаруды Хан кеңесіне тапсыруды жөн көреді. Кеңестің тұрақты шақырылатын жері болып Бала Қобда өзенінің бойы белгіленеді. Кеңес жұмысына Сырым да белсене араласқан. Осы кездерден бастап көтеріліс те тоқтайды. Сырымның өзі 1802 ж. Хиуа жерінде белгісіз жағдайда қаза болады. Халық арасындағы әңгімелер мен кей деректерге қарағанда, оның өліміне Нұралы ханның қалмақ күңінен туған ұлы Қаратай сұлтан тікелей қатысты болған.

14 жылға созылған бұл азаттық күрес Отан тарихында аса маңызды оқиғалардың бірі болып табылды. Күрес Ресей патшалығының араласуымен Кіші жүздегі хан билігінің әлсіздігін анық көрсетті, ел басқару ісіне бірқатар әкімшілік өзгерістер әкелді.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?