Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Патшалық Ресей билігіндегі Сыр өңірі

4329
ХІХ ғасырдың 60-жылдарының ортасында Ресей патшалығы қазақ даласының оңтүстік өңірін толығымен өзіне бағындырды. Әскери губернатор облыстың шексіз билік иесі атанды.

ХІХ ғасырдың 60-жылдарының ортасында Ресей патшалығы қазақ даласының оңтүстік өңірін толығымен өзіне бағындырып алғаннан кейін, қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық өмірінде қалыптасқан жағдайларға сәйкес, қайта құру жұмыстарына кірісті.

Әкімшілік-саяси реформалар. Патшалық отарлық билік орындарының қалыптасуы мен қызметі

1867 жылдың 11 шілдесінде ІІ Александр патша империя құрамында жаңа Түркістан генерал-губернаторлығын құру жөнінде жарлыққа қол қойды. Осы жарлықпен бір мезгілде «Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша ережесі туралы» жобасы бекітілді. Ал, 1886 жылдың 12 маусымында қабылданған «Түркістан өлкесін басқару Ережесі» Сыр өңіріндегі отарлық билік жүйесін толық қалыптастырды [1, c.281-282].

Осылайша, басқару жобаларын бекіте отырып, Петербор патша сарайы төңірегіндегілер Қазақстанды империяның мүдделері тұрғысынан отарлау мен игеру ісіне кірісті. Уақыт өте келе Ресей капиталы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына барған сайын өз ықпалын нығайта түсті. Сонымен бірге Түркістан өлкесінің жаңа империялық үдерістерге тартылуына байланысты отаршылдық езгінің күшеюі байқалды.

Әкімшілік-саяси реформалар негізінде Сырдария облысы құрылып, оның құрамына Әулиеата, Шымкент, Ташкент, Перовск және Қазалы уездері мен Әмудария бөлімі енгізілді. Облыс орталығы болып Ташкент қаласы бекітілді [2, с.7]. Қазіргі Қызылорда облысының территориясы Перовск және Қазалы уездерінің жерлеріне кіргізілді.

Облысты әскери губернатор басқарды. Әскери губернаторларды қызметке тағайындау немесе орнынан алу әскери министрдің ұсынысы негізінде патша жарлығымен бекітілді. Әскери губернаторға облыс көлеміндегі барлық әскери және халықтық басқару ісі жүктелді.

Әскери губернатор облыстың шексіз билік иесі атанды. Оның құзыреттілігі аясына әкімшілік қызметтермен қатар, сот органдарына да бақылау жүргізу міндеттелді – қызметтерін қадағалады, кейбір істері бойынша үкімдер шығарды, сот мекемелері мен түрмелерде тексерулер жүргізді. Сонымен қатар, салықтардың төленуін және халықтың әр түрлі борыштарын өтеуін қадағалады. Билер соты шешімдерінің іс жүзіне асырылуында назарда ұстады. Сонымен қатар «түземдіктер» мен «түзем» әкімшіліктерінің қызметкерлерін бір айға дейін қамауға алуға немесе 100 рубль шамасында айыппұл салу құқығына ие болды [3, с.44].

«Уақытша ережелер» негізінде облыс көлемінде әскери сот комиссиялары, уездік соттар, ауылдарда билердің дәстүрлі соттары мен қыстақтарда қазылар соты сақталып қалды.

Облыстың әскери губернаторы қызметіне «Түркістанды басқару Ережесіне» сай тек әскери адам тағайындалды. Олар генерал-лейтенант немесе генерал-майор шенінің иелері еді. Патша әкімшілігі шет аймақтарға әскери адамдарды тағайындау арқылы, жаңа жаулап алынған жерлердің халқына күш көрсету арқылы отаршылдық саясаттарын жүзеге асыруды көздеді.

Жергілікті халықпен етене араласып, олардың ішкі жан дүниесі мен көңіл-күйін зерттеу, алым-салықтарды жинау, отаршылдық саясатты жүргізу мәселелері уез әкімшіліктеріне берілді. 

Түркістан өлкесіне патша бұйрығымен тексеруге келген сенатор, граф К.К. Пален уездердің отарлау ісіндегі рөлі туралы: «Уездное управление составляет ту основу, на который воздвигнут весь административный строй Туркестана. По деятельности и направлению уездных учреждений населения, как местное, так и пришлое, создаетсебе представление о русской власти, так как нет ни одной отрасли жизни, которая в той или иной степени не находилась бы в зависимости от работ уездной администрации»[4, с.155].

1867 жылғы «Уақытша ереже» бойынша уез бастықтары өз қызметтерінде әскери билік пен азаматтық билікті ұштастырды. Ал 1886 жылғы «Ереже» негізінде, уез аумағындағы әкімшілік және полицейлік билік толығымен уез бастығының құзырына берілді [1, с.358]. Патшалық отаршыл жүйе уез басшыларына уез аумағындағы әскери күштерді пайдалану мүмкіндігін беріп, орыс басшысы санасына өз күшіне деген сенімділік ұялатқысы келсе, керісінше жергілікті халық санасына әрдайым орыс билігі алдында өздерін әлсіз сезіну сезімін орнықтыруды мұрат етті. Осылайша, жергілікті қазақ халқы өздерінің күнделікті өмірінде уез бастықтарының әскери күш-қуатын сезіне отырып, оның бұйрығын қалтқысыз мойындаулары тиіс болатын.

Патшалық отарлық билік жүйесінің ең төменгі басқару сатылары ретінде жергілікті халық өкілдерінен сайланатын болыстық және ауылнайлық (старшындық) қызметтер қалыптастырылды. Әрбір ауылда жүз шаңырақ пен екі жүз шаңыраққа дейін бекітіліп, оны ауылнай басқарса, бір – екі мыңға дейін шаңырақтарды біріктірген әкімшілік бірлестікті болыстар басқарды.

Отарлық билік «Ереже» бойынша болыстық және ауылдық әкімшіліктердегі басшылық қызметтерге сайлау жүйесі арқылы «қара халықтан» шыққан бай және ықпалды өкілдерді билікке тартты.  Мәселен, Жаңақорған болыстығына жасы 53-тегі, «225 – танап жері, 8 – аты, 30 – ірі қарасы, 55 – қойы және 2 мың рубль болатын жылжымайтын мүлігі бар» Мулла Ташмухамед-Мырзаев сайланған болатын [5, 313 п]. Осылайша, патша әкімшілігі сұлтандардың халық бұқарасына ықпалын мүлдем төмендетуді мақсат тұтқан болатын.

Болыс басшылығына, оның кандидаттығына және ауылнай қызметіне сайлану үшін үміткердің жасы 25-тен кіші боламауы тиіс болды. Бірақ бұл тәртіптің орындалуы іс жүзінде үлкен қиыншылықтарға тірелді. Бұған жергілікті халықтың туылған жылын айғақтайтын құжаттардың болмауы кедергі келтірді. Тек отаршыл әскери-әкімшілік жүйенің орнауымен бұл тәртіп қағидалары реттеліп, кіріс декларациялары толтырылып, жергілікті әкімшіліктердің есептік құжаттарына алына бастады.

1867-1868 жылдары қазақ жеріне орнатылған әкімшілік-басқару жүйесі – ең жоғарғы сатысы генерал-губернатор кеңсесінен бастап, оның ең төменгі сатысы болыс басқарушысы мен ауыл старшынына дейін ғасырлар бойы ішкі ресейлік тарихи эволюция нәтижесінде қалыптасқан басқару жүйесі болатын. Осынау орыстық басқару жүйесі қазақ топырағына сол күйінде көшірілді. Орыс тарихи шындығында қалыптасқан бұл басқару жүйесінің қазақ қоғамына сәйкес келуі немесе келмеуі «Ережені» даярлаған комиссияны аса қатты толғандырған жоқ. Әрине бұл орайда Ресей империясының алдыға қойған ірі мақсаттарын атап өтпеу мүмкін емес. Олардың ең негізгісі қазақ қоғамының іргелі экономикалық, әлеуметтік және рухани негіздерін әлсірете отырып, оған Еділ бойы, Орал және Сібір халықтарына жасаған зорлығын көрсетіп, біржолата орыстандырып, шоқындырып жіберуге жол ашу болғандығы күмән тудырмасы анық.

Қазақ халқының жаңа отарлық басқару жүйесін жағымды ынта танытып қабылдай алмауының басты себебі жаңа билік орындарының әу бастан-ақ жергілікті халықтың мүдделерімен санаспауы еді.

Патшалық өкіметтің Түркістан өлкесінде қалыптастырған билік жүйесінің қызметіне қатысты алғашқы арыздар мен шағымдар 1875 жылы «Русский мир» газетінде жарық көрді. Онда американдық дипломат Юджин Скайлер өзінің 1873 жылы Орта Азияға жасаған іс-сапары нәтижесінде кездескен қиыншылықтары туралы баяндай келе, Перовск және Әулиеата уезі басшылыраның парақорлығына, бюджеттік ақшаларды жымқыруына, Верный, Қапал және Перовск уезі әкімшілігі қызметкерлерінің қызмет бабындағы салғырттығына, олардың қылмыстық істеріне генерал-губернатор тарапынан ешбір қарсылық көрсетілмейтініне назар аударады. Скайлер бұл мәселе жөнінде: «Шенеуніктердің заңсыз алым-салықтары, әкімшілік басбұзарлық іс-әрекеттері, салық жүйесінің реттелмеуі – Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтың наразылығын күшейтіп, патша билігіне қауып төндіруі мүмкін» [6, c.37], – деген қорытындыға келеді.

«Русский мир» газеті Скайлердің келтірген айғақтарының «барлығы әділетті, шындыққа сай» деп, Әскери министрлік пен Түркістандық басшылардан жауап беруін сұрайды. Басылым Түркістан генерал-губернаторлығына тексеру (ревизия) ұйымдастыру керектігін айта келіп, Түркістандағы билікті қаржыландыруға ақшаның жылдан-жылға көбеюі себептерін анықтауды талап етеді. Газет беттерінде: «Жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлығы ма?» немесе көптеген шенеуніктердің «тәбетінің жылдан-жылға өсіп келе жатқандығы ма?» [6, c.51], – деген сұрақ қойылады. Газетте көтерілген қоғамның бұл өзекті мәселесі жоғары билік тарапынан жауапсыз қалды.

«Русский мир» басылымында көтерілген бұл мәселелер сол уақыттың ең түйткілді мәселелер еді. Себебі, жергілікті жердегі әр сатылы әкімшілік басшылары заңсыз іс-әрекеттерге барып, қылмыстық істерге де малынып, жергілікті халықтан түрлі мәселелерді сылтауратып алым-салықтарды жинаумен қатар орталық үкіметтен басқару ісіне қажетті деп көптеп қаржы бөлуін сұрап отырған.

1867-1877 жылдар аралығында Сырдария облысының әскери-губернаторы болған генерал-лейтенант Н.Н. Головачевтың үстінен заңсыз іс-әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалады. Генерал-губернатор К.П. Кауфманның тікелей араласуымен Головачев қылмыстық жазадан құтылады. Бұл жөнінде Кауфманның императорға жазған хатында: «Оның (Головачев) Кавказ өңірі мен Түркістандағы ұзақ жылдар атқарған қызметін (жаулап алу жорықтарына қатысуы-авт.) ескере отырып», – дей келе, оның қылмыстық іске қатыстылығы туралы «алғашқы кездері Головачев қылмыстық іске тартылғанын білмей қалған, кейіннен еріксіз қатысушы ретінде болған» [7, с.285], – деп ақтауға тырысқан. Кауфманның өтінішін қанағаттандырған император ІІ Александр: «Облыс басшысының заңға қайшы іс-әрекеттерін айыптау мен оны сотқа тарту ісіндегі жариялылық, халық арасында үлкен толқулар туғызуы мүмкін» [7, с.287], – деп қылмыстық жазадан босатады. Ресей императоры үшін ең алдымен жергілікті халық алдындағы орыс –өкіметінің беделі керек еді.

Отарлық әкімшіліктерді қаржыландыру ісі толықтай жергілікті халыққа міндеттелді. Бұл міндеттемені орындау жергілікті халыққа жыл өткен сайын  ауырлай түсті. Мысалы, Қазалы уезіндегі жергілікті әкімшілікті қаржыландыруға 1868 жылы – 10,550 рубль жұмсалса, 10 жылдан кейін, яғни 1878 жылы бұл сомма – 20,050 рубльді құрады, ал Перовск уезінде бұл уақыт аралығында шығын көлемі 14,080 рубльден – 38,880 рубльге дейін жетті [8, 9-11 пп]. Бұл өз кезегінде Перовск және Қазалы уезінің жергілікті қазақ халқының иығына түскен ауртпалық жүгі еді. Сонымен қатар жергілікті уез басшылары тарапынан заңсыз алым-салықтар да жиі орын алып отырған. Мәселен, Қазалы уезінің басшысы Бекчурин, өзіне тиесілі уездің әрбір шаңырағынан 2 рубль 50 тиын көлемінде «норма» тағайындап, 90 мың рубль алтын жинап алады. Бұл ісі үшін тергеуге тартылған Бекчурин «бізге де нан керек» [9, 9 п], – деп мысқылдап жауап береді.

Отарлық билік жаңа басқару жүйесіне сай, болыс басқарушысын, ауылнай мен билерді сайлау арқылы қазақ халқының рулық қатынастарының  негізін ыдыратуды мақсат етті. Осылайша жергілікті халық арасында басшылық қызметтерге таза, әділ, әрі дұрыс адамдарды сайлап алуға мүдделілік танытады. Нәтижесінде қазақ халқының «жоғарғы орыс өркениетінің» артықшылығына көзі жете бастайды деп білді.

Бірақ, патша өкіметінің бұл мақсаты орындалмай қалды. Мұны билік орындарының өздері де мойындауға мәжбүр болды. Облыстық басқарманың мәжіліс хаттамаларында: «Заңдық шаралар халық тұрмысын бірден өзгерте алмайды. Рулық дәстүр жергілікті халық тұрмысы мен санасында өзінің күш қуатын сақтап, жаңа тәртіппен айқаса отырып, оның кейбір көріністерін өз пайдаларына тиімді қолдану жақтарын қарастыруда. Нәтижесінде жаңа құрылымдарда болыс басқарушылары, олардың кандидаттары, билер мен ауыл старшындардың басым көпшілігі бұрынғы ру басылары, манаптар, сұлтандар, олардың туған туыстары мен сенімді жігіттері болып шықты» [8, 5-п.], – деп көрсетілген.

Сайлау барысында орын алған көптеген заңсыздықтарға уез басшылығы «көз жұма» қарап, өздеріне лайықты адамдардың ұтып шығуына жәрдемдесіп отырған. Ол үшін уез басшылары сайлау нәтижелерін өздеріне қажетті көрсеткіштермен өзгертіп отырды. ХХ ғасырдың басында сайлауға жұмсалатын қаржы шығыны 40 мыңнан – 50 мың рубльге дейін жетті [10, с.138]. Бұл ақшаның қомақты мөлшері сайлау барысын тексеруші әрі болыс басшысын тағайындаушы уез бастықтарының «қалталарына» түсті, осылайша уез басшысы жаңа сайланған билеушілерге қамқорлық көрсетіп, «аялап» жүрді. Жергілікті қазақтар тарапынан облыс басшылығына көптеген арыз-шағымдар жіберіліп тұрған. Тарихи деректердің бірінде: «Перовск уезінің Жөлек учаскесінің приставы мен болыс басшысы А. Налибаев біріне-бірі заттай сыйлық беріп тұрады. Бағалы сыйлықтар алып тұратын пристав, болыс басқарушысының үстінен арыз берген адамдардың шағымын тексерместен оларды аямай ұрып-соғып тұрады» [4, с.114], – деп көрсетілген. Мұндай мәтіндегі хаттардың көпшілігі мүлдем қараусыз қалып отырған.

Орыс билігі жағдайында қалыптасқан жергілікті басқару түрі мен сайлау жүйесі қазақ қоғамының ерекшеліктеріне бейімделіп құрылмаған еді. Отарлық әкімшілік  енгізген сайлау жүйесі қазақ қоғамы үшін көптеген күрделі қиыншылықтар алып келіп, қоғамдық дертке айналған ауыртпалықтар туғызып, ру араздығын өрлетті.

Қазақ даласындағы патша әкімшілігінің шенеуніктері мен қызметшілері туралы Алаш қозғалысының жетекшісі Ә.Бөкейхан: «Өлкедегі орыс шенеуніктері не білім деңгейлерімен, не жергілікті жердің ерекшеліктерін білуімен көзге түспейді, олар қарапайым ғана орыстандыру саясатының қолшоқпарлары – қатыгез, өз істеріне салғырт, жергілікті халықтың табиғи болмысына қарсы шығушылар» [11, с.63], – деп айтқан болатын.

Оңтүстік Қазақстанда жарты ғасырға жуық уақыт өмір сүрген империялық биліктің көп ұзамай-ақ осал жақтары көріне бастады. Олар –отарлық әкімшілік қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің төмендігі, заңға қайшы іс-әрекеттері, әртүрлі шендегі қызметкерлердің парақорлығы мен әділетсіз шешімдері алдағы уақытта жергілікті қазақ халқының азаттық-қарсыластық қозғалысқа шығуына алғы шарттар дайындап берді. 

Орыс шаруаларының қоныстандырылуы. Жер мәселесінің шиеленісуі

Қазақ даласын жаулап алған патша әкімшілігі, ендігі кезекте бұл аймақты мақсатты түрде шынайы отарлау ісіне  кірісті. Отаршыл билік алдында пайда болған негізгі әрі күрделі мәселелердің – жер мәселесі еді. Бұл ретте ресейлік билік аса үлкен мүдделілік танытып қана қойған жоқ, сонымен бірге өлкедегі жер мәселесін өз пайдасына шешу жолында тәжірибелі отарлаушыларға сай тапқырлық та таныта білді. Оның бұл әрекеті империяның ішкі губернияларынан Оңтүстік өлкеге орыс шаруаларын әкеліп, жаппай қоныстандыру саясатынан жүргізуінен көрінді.

Ресей империясының ішкі губернияларынан Сырдария облысына қоныс аударушылардың алғашқы легі келгенге дейін, патша өкіметі бұл өңірді казак әскері арқылы отарлаған болатын. Патша өкіметі отарлау барысында казактарға үлкен сенім артты. Осы жылдары «Орал казактарының әскери міндеттілігі жөнінде Ереже» қабылданып, генерал-губернатор тапсырмасымен казактарды Перовскіге және Арал жағалауына аударған болатын.

Осылайша жергілікті қазақ халқының байырғы ата-қонысын отарлау үрдісін бастаған патша билігі, 1886 жылдың 21 қазанындағы «Түркістан өлкесін басқару Ережесіне» сай қазақ халқы үшін жерді пайдалануға және иеленуге шек қойылды. Бұл жөнінде «Ереженің» 210 параграфында былайша көрсетілген: «Қазақ қоныстары алып жатқан жерлер мемлекеттік жерлер деп танылады және қазақтардың қоғамдық пайдалануына берілмейді» [1, с.337].

Ресей империясындағы басыбайлық құқығының жойылуы өңірдегі келімсек орыс шаруаларының қоныстарын біртіндеп көбейте түсті. Мәселен, 1874-1882 жыл аралығында 6-ы, 1884-1890 жылдары 14, 1891-1892 жылдары 17-і, жалпы 1874-1892 жылдар аралығындағы Сырдария облысында 37 поселка құрылған болатын [12, с.177-178].

Патша әкімшілігінің қазақтардың «артық» жерлері анықтай алмауы, олардың техникалық-топографиялық негіздерінің жасалмауы, қоныс аударушыларды орналастыру ісіне кедергі келтірді. Жаңадан, стихиялы түрде құрылған орыс поселкаларының ешбір әлеуметтік-экономикалық негізі жасалмады. Қоныс аударған шаруаларға жер телімдері де, алғашқы қаржылық көмек те берілмеді. Бұл әкімшілік билік орындары үшін шешімін тездетіп табуы керек күрделі мәселелер қатарына жатты.

Нәтижесінде, 1897 жылы орыс шаруаларына Сырдария облысына көшіп келуге тиым салынды. Түркістан генерал-губернаторы барон Вревский Сырдария облысының әскери-губернаторына берген циркулярында: «Түркістан өлкесіне қоныс аударған шаруалардың құжаттары мен жағдайлары реттелмейінше және бүкіл мәселелері шешілмейінше, жаңадан қоныс аударушылардың өңірге қоныстануына тиым салынуы керек» [12, с.179], – делінген.

Осылайша, Сырдария облысы құрамындағы Қазалы мен Перовск уездері қоныс аударушылар үшін жабылды. Әкімшілік орындарының рұқсатынсыз, өз еркілерімен көшіп келген орыс шаруаларына жер телімдері берілмеді. Шаруалар жер үлестерін ала алмаса да, жергілікті қазақтардан жерді жалға алуға болатындығын естіп, өңірге көптеп ағылып жатты. Олар ертеректе келген шаруалардың үйлеріне орналасып, соларға жұмысқа жалданып тіршілік етуге мәжбүр болды. 1902 жылдың өзінде Сырдария облысына өз еркімен қоныс аударған орыс шаруаларының саны 2 мың адамға жетті.

Ресейдің еуропалық бөлігінен Қазақ даласына стихиялы түрде қоныс аударушы орыс шаруаларын ауыздықтауға патша әкімшілігінің ешбір қауқары жетпеді.

1904-1905 жылдардағы орыс–жапон соғысы және де Ресей қоғамындағы ішкі қайшылықтардың шиеленісуі салдарынан, 1905 жылы І орыс революциясы басталды. Революциялық қозғалыстың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде жерсіз, жағдайы мүшкіл шаруалардың белсене қатысуы, патша әкімшілігін – қалыптасқан бұл жағдайдан шығудың оңтайлы жолдарын іздестіруге мәжбүрледі.

Нәтижесінде, Егіншілік және мемлекеттік меншік министрлігі қазақ даласына бірнеше экспедициялар ұйымдастырып, 1905-1906 жылдары қоныс аударушылар үшін Қазақстан территориясын 5 ауданға бөлді. Олар: Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу аудандары. Осылайша, патша өкіметі Орталық Ресейден шаруаларды шет аймақтарға қоныстандыру арқылы екі мақсатты шешуді көздеді. Біріншісі – шаруаларды империяның шеткі аймақтарына қоныстандыру арқылы орталықтағы революциялық қозғалысты бәсеңдету болса, екіншісі – шет аймақтарға орыс шаруаларын қоныстандыру арқылы, отарлау ісінде өз сүйеніштерін қалыптастырып, биліктерін нығайтуды көздеді.

1905 жылы Сырдария облысында статистикалық партия құрылып, оның міндеттеріне «облыстағы тарихи-табиғи және шаруашылық-статистикалық мәліметтер жинау» жүктелді. Ал, 1906 жылы статистикалық партия негізінде Сырдария аудандық қоныс аудару басқармасы құрылып, алғашқы бастығы болып Коллеж кеңесшісі Арцишевский тағайындалды.

Сырдария қоныс аудару басқармасы үш кіші аудандарға бөлінді, олар: 1) Ташкент-Перовск-Қазалы уездері; 2) Шымкент-Әулиеата уездері; 3) Самарқанд-Ферғана облыстары.

Аудандық қоныс аудару мекемелері әкімшілік мазмұны жағынан ғана емес, сонымен қатар жұмыс жасау әдісі, атқарған міндеттері жағынан да  таза отаршылдық сипаттағы мекемелер болатын. Орталық биліктің бұл мекемелер алдына қойған негізгі ұстанымдары былайша көрсетілген: «Түркістандағы бос жерлерді іздестіру, егінге жарамды жерлерді дайындау, көшпелі халықтың пайдалануындағы иеліктерді күшпен тартып алу» [13, 58 п]. Яғни, уездік, облыстық деңгейдегі бұл мекемелердің негізгі міндеті жергілікті қазақ халқының пайдалануындағы жерлердің «артығын» тауып, қоныс аударушы орыс шаруалары үшін учаскелер дайындау. Осы мақсатта құрылған жер межелеу топтарының қызметін ұйымдастыру, қоныс аударушы шаруаларға тиесілі түрлі мемлекеттік көмектердің уақытында берілуін қамтамасыз ету, олардың орналасуы барысында пайда болатын әрқилы мәселелерді, әсіресе жергілікті халықпен келімсектер арасында туындайтын дауларды шешу міндеттелді.

Арал теңізі жағалауы мен Сырдария бойындағы шұрайлы әрі суармалы алқаптар Ресейден көшіп келген шаруалар мен казактарға беріліп, жергілікті шаруалар шөлейтті жерлерге ығыстырылды. Мәселен, жер өлшеуші Каплун жасаған картаға қарағанда Перовск уезінде 7127 десятина құнарлы жер қазақ шаруаларынан тартып алынған. Ал, жалпы облыс бойынша 3204696 десятина жер «артық» деп танылды [14, 7 п].

Столыпинның аграрлық реформасы барысында, яғни 1906-1910 жылдары аралығында ішкі Ресей губернияларынан Орал тауынан асқан орыс шаруаларының саны 2516075 адамнан асты [15, с.2]. Ал, Сырдария облысында қоныс аударып келгендердің саны 7778 адамды құрады.

Түркістан өлкесіне орыс шаруалары легінің ағылып келуі суландыратын жерлерге деген сұраныстың күннен-күнге көбейе түсуіне алып келді. Бұл, әсіресе, 1907-1908 жылдары қоныс аударушылардың үлкен толқынының келуіне орай айқын көрініс тапты. Осындай жағдайда қазақтардың пайдалануындағы суармалы жерлерді тартып алу үшін мекемелері саналы түрде ирригациялық жүйелерді қиратуға дейін барды. Нәтижесінде, қазақтар егістік жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Тарихи құжаттардан Жетісу облысының өзінде қоныс аудару мекемелерінің шенеуніктері 100-ден астам отырықшы қоныс ошақтарын қиратқаны белгілі [12, с.57]. Мұндай жағдай Перовск және Қазалы уездерінде де орын алған еді. Мәселен, отарлық әкімшілік орындары Мұстафа Шоқайдың әкесі Шоқай бидің де егіншілікпен айналасып отықоныстандыру рған жерлерінің ирригациялық жүйелерін бұзып, «басы артық жер» деп тартып алып отырды. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанып, Шоқай би егіншілік алқаптарын тастап, шөлейтті жерлерге ығысуына мәжбүр болды.

Отарлық билік орындарының бұл әрекеттері қазақ халқының дәстүрлі  көшпелі, жартылай көшпелі  және отырықшы-егіншілік шаруашылықтарына зардабын тигізіп, халықтың әлеуметтік жағдайын күйзелтті.

1907 жылы Петерборда қазақ халқын жерге орналастыру мәселесі төңірегінде болған жиында, Егіншілік және мемлекеттік мүлік Бас басқармасының Егіншілік департаментінің басшысы А.В. Кривошеин өзінің баяндамасында: «Америкалықтар үндістерді туған жерлерінен шөлді-шөлейтті жерлерге қуып, қандай саясат жүргізсе, біз де қазақтарға сондай саясат ұстануымыз керек» [16, с.114], – деген еді.

Қоныс аудару басқармасы Түркістан өлкесіндегі жергілікті мекемелеріне «қоныс аударушыларға қажетті учаскелерді бос жатқан жерлерден емес, керісінше халық орналасқан жерлерден іздеу керек», – деп тапсырған болатын. Ал, Сырдария аудандық қоныс аудару  басқармасының басшысы, кіші аудан басшыларына жолдаған түсініктемесінде: «мемлекет мүддесі үшін көшпенділерге тек егіншілікке жарамсыз жерлерді ғана қалдыру қажет», – деп көрсетті.

Патшалық үкіметтің жергілікті әкімшілік орнындары «орталықтан түскен нұсқаулар, жергілікті халық наразылығын тудырып, бүлік шығуы мүмкін» деген пікірге келе бастайды. Мәселен, 1906 жылы генерал-губернатор Н. Гродеков үкімет басшыларына жіберген мәлімдеме хатында: «Түркістан өлкесі тұрғындарының саны мен алып жатқан аумағын салыстырып, соның негізінде бұл өлкеде бос жатқан жерлер көлемі ұланбайтақ деп есептеу түбірімен дұрыс емес. Қоныс аударушылар бағыт алған басқа облыстарға қарағанда Түркістандағы егін шаруашылығы жағдайының өзгеше екендігін есте ұстау қажет. Өлкенің барлық облыстарында егістікті қолмен суарған жағдайда ғана егіншілікті дұрыс және тұрақты етіп жүргізуге болады. Ресейдің басқа өңірлеріндегідей жаңбырға негізделген егістік түрі мұнда қолмен суарылатын егіншілікке сүйеу ғана. Сондықтан қоныс аударушыларды орналастыру бос жатқан жерлерді іздеп табумен ғана шектелмейді. Түземдіктердің үлкен қаржы жұмсап, тер төгіп жүргізген су жүйелерін сорақылықпен бұзбайынша олар үшін артық болуы мүмкін емес. Бұл өлкеде орыс поселкелерін құру тарихы, шындығында, жергілікті әкімшіліктің түземдіктерге өздері өңдеп, суарып отырған жерлерінен бас тартқызу жолында жасап отырған құпия қысым жасау тарихы екенін керсетеді. Қоныстандыру мекемелерінің қызметкерлері көшпенділер үшін, шын мәнінде, артық болатын немесе аз қаржы жұмсап су жүйелерін жүргізуге болатын жерлерді іздеп табудың орнына, түземдіктер үшін қай жағынан алып қарасақ та артық болмайтын жерлерін олардың еркінен тыс тартып алумен айналысуда. Түземдіктерге, бұл жағдай ауыр тисе де, орыс үкіметінің әміріне үйреніп қалған әдеті бойынша, өз жерлерінен көшулеріне мәжбүр болып отыр. Бірақ мұндай жағдай ұзаққа созылады деп ойлауға болмайды. Мұндай ахуал халықтың бүлік шығаруына алып келуі мүмкін» [17, 13-18 пп], – делінген.

1909–1914 жылдары Түркістан генерал-губернаторлығын А.В. Самсонов басқарған уақытта Сырдария және Жетісу облыстарында жер мәселесі шиелінісіп, қоныс аудару ісі кеңінен етек жайды. Билікке келе салысымен, генерал Самсонов Түркістан өлкесінде қатаң саясат жүргізіп, қазақ халқының жерге деген мұқтаждығын ешбір елеместен, орыс империялық саясатын жүргізіп, шовинистік пиғылдағы іс-әрекеттер жасай бастайды. Самсонов 1911 жылдың күзінде жергілікті жерлердегі қоныс аудару басқармаларының басшылығы мен аумақтық әкімшілік шенеуніктеріне жіберген циркулярлық хатында: «... быть всегда особо твердым в сношениях с туземцами, помня, что всегда и во всем русские интересы должны главенствовать. В области у нас на первом плане должны быть казаки и с ними крестьяне и мещане, а на втором плане – туземцы, ... Туземцы должны интересовать нас только как материал, из коего их близком  будущем должны выработаться  обычные русские крестьяне, хотя и мусульманского вероисповедания. Поэтому их и надо ввести в дух строжайшего уважения ко всему русскому. Те из них, кто вздумает этому не подчиниться, испытают несомненно печальную судьбу: они или останутся безземельными нищими и перемрут, или Россия с ними расстанется.

Все это надо иметь на уме, но без лишних разговоров на эту тему»  [18, 98-99бб]. Яғни,патша өкіметінің жергілікті жерлердегі билеушілері, империялық саясатпен келіспеген қазақ халқының жағдайы мүлдем нашарлап, жойылып кетуі де әбден ықтимал екендігін ескертеді. Патшалық Ресейдің Оңтүстік өңірлерде жүргізген қоныс аудару ісі шын мәнінде жерігілікті қазақ халқын орыстандыру, ал жерлерінтүпкілікті иемдену болғандығын көруге болады.

Көрнекті қоғам қайраткері, Алаш зиялыларының бірі М. Тынышпаевта, Орыс отарлық саясатына төмендегідей баға береді: «Үкіметтің мына іс- әрекеттері анық:

біріншіден, тағылық, жабайылық қуғын-сүргін қызметтері арқылы қазақ халқының өзіндік қалыптасқан, тілін, әдет-ғұрпын,  дінін бұзып, ұлт ретінде жойып, өлкені орыстандыру;

екіншіден, әртүрлі әкімшілік шаралар, бұйрықтар, ережелер негізінде қазақтарды құқықтарынан айырып, заңнан тыс тобырға айналдыру;

үшіншіден ата-бабаларының қаны тамып, сүйегі көмілген өздерінің меншікті жерлерінен, тақыр және егін шықпайтын қу далаға өлім құшағына қууы…» [19].

Ресей отарлық өкіметінің шенеуніктері орыс шаруаларын қоныстандыру барысында «орыс шаруалары қазақ өлкесіне, қазақтарға егін егуді, шөп шабуды үйретіп, алдыңғы қатарлы егіншілік мәдениетін әкеледі», – деп ұрандатты.

Орыс шаруалары Қазақ қауымына айтарлықтай жаңа шаруашылық жүргізу мәдениетін әкеле алмады. Бұл жөнінде 1908-1910 жылдары Түркістан генерал-губернаторлығына сенаторлық тексерумен келген графК.К. Паленде:«Қоныс аударушылар өздеріне тиесілі жерлерді мүлдем жүдетіп жіберген. Олар жерге ешқандай тыңайтқыштар қоспайды. Неге тыңайтқыштар қолданбайсыңдар деп сұрағанда біреулері: Ол үшін тезек даярлау керек, ал ол үшін көп жұмыс қажет», – деп өздерінің жалқаулықтарын білдірсе, «екінші біреулері үйлерінің жанында ондай тыңайтқыш түрі үйіліп жатса да, «бізде тезек жоқ» – деп жауап беретіндігін, алайда, осы поселкелерге жақын орналасқан неміс меннониттері өмір сүретін елді мекендерде жағдай тіптен бөлек, мұндағы немістер үкімет тарапынан ешкандай көмек алмаса да шаруашылығының өнімділігін арттырып отыр, тіпті ертеден егінмен айналысатын орыс шаруашылығына қарағанда көшпенділердің егіншілік мәдениеті алдыңғы сатыда тұр» [20, 19 п], – деп қорытынды құжаттарында көрсеткен.

Бұл мәселе жөнінде Түркістан генерал-губернаторлығы әкімшілігінің орталық баспасөзі «Туркестанские ведомости» газеті де: «Ауыл шаруашылығын жүргізу жағынан жергілікті халық біздің орыстарға қарағанды әлдеқайда жоғары тұрады, олар жергілікті халықтан суғару жүйелерін жүргізуді, арықтар қазуды үйренді, ал ауыл шаруашылығы жұмыстарын тиімді жүргізу үшін қырғыздарды (қазақтарды-авт.) жұмысқа жалдауда», – деп ақпарат берген болатын. Яғни, оңтүстік өңірге егіншілік «мәдениетін» алып келетін орыс шаруалары, шын мәнінде еңбек етуге құлықсыз, жерді өңдеуге келгенде тағылық деңгейде айналысқан адамдар еді.

Столыпиндік реформаның алғашқы жылдарында Ресейдің еуропалық бөлігіндегі шаруалардың көпшілігі өздерінің тұрмыс жағдайларын жақсартуға деген үміттерін Қазақстанға келумен байланыстырды. Бірақ қоныс аудару мекемелерінің жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі, «артық» жерлердің барлық қоныс аударушыларға жетіспеуі, орыс шаруаларын қайтадан ішкі Ресейге қайтуларына мәжбүр етті.  

Қазақ халқының егіншілікке құнарлы, мал шаруашылығына тиімді шөбі шүйгін жерлерден айырылуы, халықтың басым көпшілігінің кедейленуіне әкеліп, әлеуметтік-саяси шиеленісті еселей түсті. Осы кезеңдегі Қазақ халқы мен орыс шаруалары арасындағы байланысты Т.Рысқұлов былайша көрсетеді: «1899 жылдан кейін қазақтар мен орыстар арасындағы этникалық жанжалдар даладағы өмірдің күнделікті белгісіне айналды». Халық қарсылығының стихиялық көріністері қоныс аудару мекемелерінің шенеуніктерін, жергілікті әкімшілік өкілдерін соққыға жығудан, салық төлеу міндеттемелерінен бас тартудан, малды айдап әкетіп, орыс шаруаларының егістік жерлерін таптау әрекеттерінен көрінді. Осылайша, наразылық қозғалысы қалыптаса бастады.

Әлеуметтік–экономикалық жағдай. Шаруашылық құрылымдағы өзгерістер

Ресей империясының толықтай отарына айналған қазақ жерлері, экономиканың капиталистік даму жолына түсуіне байланысты әлеуметтік-экономикалық және шаруашылық өмірін өзгерістерге ұшыратты. 1867-1868 жылдардағы реформалар қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық өмірінің бүкіл болмысын өзгертіп, патриархалдық-феодалдық қоғамның негізін шайқалтып, дәстүрлі рулық негізде тұрмыс кешіп отырған қазақ қоғамының өзгеріс болуына алып келді.

Құқықтық қысымға ұшырап, материалдық жағдайы нашарлаған Шыңғыс ұрпақтарынан тараған ақсүйектерді «қарадан» шыққандар ығыстыра бастады. Әрине, қазақтардың қоғамдық-экономикалық өмірінің басты шарты өзгерістерге ұшырағанмен, XX ғасырдың басына дейін сақталып қалды.

Барлық көшпелі халықтар секілді қазақ халқы байлығының бірден-бір негізі мал саны болса, соның ішінде жылқы малы екендігі белгілі.

Отарлық езгі жылдарындағы тереңдеген мүліктік айырмашылықтың басты көрінісін, қазақтардағы мал санының әртүрлі әлеуметтік топтар арасында бөлінуінен байқауға болады. Сырдария мен Жетісу облысы бойынша қазақ шаруаларының кедейлік немесе ауқаттылығын анықтайтын бірден-бір көрсеткіш әр жан ұяның қолындағы жылқы малының үлесі болатын.

Зерттеуші С.Толыбековтың есептеулеріне қарағанда, ауқаттылар тобына (Перовскі, Қазалы уездерінің көшпелі аудандарында) 200 бас ұсақ және 50 ірі мал (негізінен жылқы малы) санынан асатындар, ал кедейлерге жоғарыдағы көрсеткіштерден малы аз қазақтарды жатқызады. Байларды ірі, орта және ұсақ деп үш топқа жіктейді. Ірі байларға 2000-нан артық қойы мен 400 ірі малы, орташаға 500 қойы мен 100 ірі малы, ал ұсақ байларға 200 қойы мен 50 ірі малы барларды жатқызады [21, c.131].

Бұл кезеңде Қазалы уезінде 24 мың жылқы, 76 мың ірі қара, 874 мың уақ мал, 145 мың түйе болды. Осы мәліметтерді салыстыра қарасақ, кедей шаруашылықтар үлесі орта есеппен алғанда уез бойынша – 65,4, орташалар – 19,5, 15,1 пайыз шаруашылықтар ғана капиталистік нарыққа ыңғайластырылған ауқатты байлардың үлесінде. Ал, Перовск уезінде әлсіз, кедей шаруашылықтар орта есеппен – 68,7, орташалар – 17,6 ал бай шаруашылықтар үлесі – 13,7 пайызды құрады [22, c.31]. Бұл көрсеткіштер Перовск уезінде күйзелген шаруашылықтар саны Қазалы уезімен салыстырғанда анағұрлым басымырақ болғанын көрсетеді. 

XX ғасырдың басында өлкеге капиталистік қатынастардың дендеп енуіне ықпал еткен Орынбор-Ташкент темір жолы, Перовск және Қазалы уездерінің экономикалық дамуына да өз әсерін тигізді.

Теміржол Қазалы уезінің солтүстігін 387 шақырым бойы кесіп өтіп, батысында Арал теңізімен шектесіп жатты. Қазалы уезінің тұрғындары егіншілікпен айналысып, жаздық бидай, арпа, тары, жоңышқа және басқада дақылдар егетін. Егістік жер көлемі 22 мың десятинаға жуық еді. Ал малы және егістік жері жоқ кедейлер әртүрлі жұмысқа жалданып күн көруге мәжбүр болды.

Тауарлы шаруашылыққа еніп, бірақ әлі де арнайы өндірістік мамандығы жоқ қазақ жұмысшылары біртіндеп ақша-тауар өндірісіне тартылып, өңірдегі алғашқы жалдамалы жұмысшылардың тобын құрды.

Жалдама жұмысшылардың үлесі Қазалы уезінде – 40,3, Перовск уезінде – 42,5 пайызды құрады. Жалданып еңбек істегендердің негізі балық аулау кәсібі шаруашылықтарында жұмыс атқарды. Мәселен, тек Аралдағы «Хиуа акционерлік қоғамында» 1000-нан астам жұмысшылар мен қызметкерлер жұмыс істеп, тәуілігіне 50-60 тиыннан жалақы алып отырған. Сонымен қатар, Қазалы уезінде 1910-1913 жылдар аралығында 2470 адам жалдамалы жұмыс істеп, олардың көпшілігі жол жөндеу және вагон түсіру жұмыстарын атқарып, табыс табатын [23, 103 б].

Сауда-өсімқорлық капитал жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын нашарлатты, мүліктік жіктеуді бұрынғыдан да тереңдетіп, нарықтық, капиталистік қатынастардың кеңеюіне жол ашты.

Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына алып келді, оның негізі себебі ретінде дәстүрлі көшпелі шаруашылықтардың көшіп-қону аймақтарының тарылуы еді. Ендігі кезекте Сыр халқы жаппай отырықшылыққа көше бастады.  Халықтың отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысуы көшпелі шаруашылық өкілдерін азық-түлік өнімдерімен, мал шаруашылығын пішен қорымен қамтамасыз етудегі бірден-бір балама жол еді. Ауыл экономикасына уақыт өткен сайын ене түскен сауда-ақша қатынастары «жаңадан қалыптасқан» егіншілерге артық астығын, қала базарлары мен жәрмеңкелерде сату мүмкіндігін туғызды. Мәселен, 1906 жылы жалпы халықтың Қазалы уезі бойынша 57,14, Перовск уезі бойынша 31,18 пайызы ғана көшпелі шаруашылықпен шұғылданып, қалғандары егіншілік, балық аулау немесе басқа да салаларда жалданып жұмыс істеді [24, с.88].

Өлкеде жүргізілген отарлық саясат нәтижесінде қазақ халқы арасында әлеуметтік теңсіздік ұлғайып, келешекте әлеуметтік-саяси қайшылықтардың пайда болуына негіз жасалды.

  Рухани өмірдегі өзгерістер

Патшалық Ресейдің Оңтүстік өңірді әскери отарлауымен қатар, жергілікті қазақ халқын рухани бодандықта ұстап, ұлттық келбетінен, тілінен, дәстүрлі дінінен айыру арқылы орыстандыру мен шоқындыру ісінің стратегиялық жоспарын әзірлеп, жүзеге асыра бастады.

Патша әкімшілігінің ұстанған стратегиялық бағытын жүзеге асыру үшін, ең алдымен білім ошақтарын қалыптастыру керектігі назарға алынды.  Мәселен, Түркістан өлкесіндегі орыстық оқу-ағарту ісінінің «белсенді ұйымдастырушысы» Н.Остроумов жаулап алынған жерлердегі орыстық білім беру ошақтарының негізгі міндеттері мен мақсаты туралы: «Түркістан өлкесінде орыс мектебі арқылы орыстандыру саясаты басшылыққа алынады» [25, с.140], - деп атап көрсетті.

Сырдария облысындағы алғашқы орыс мектептері Қазалы және Перовск форттарында ашылды. 1858 жылдың 28 тамызында Орынбор-Орск  шіркеуінің жетекшісі Тимашев, 1 Форт шіркеуінің қызметкері Александр Победоносовқа мектеп ашу құқығын берді. Бұл оқу орны тікелей Орынбор және Уфа епископтығы арқылы басқарылды. Осылайша, Қазалыда алғаш орыс оқу орны 1860 жылдың 21 қаңтарында ашылды. 50 орындық мектепке 31 ер және 2 қыз бала қабылданды. Ал, Перовскіде алғаш мектеп 1860 жылдың 14 сәуірінде ашылып, оның алғашқы мұғалімі болып дін қызметкері Андрей Евграфович Малов бекітілді.

Қазалы мен Перовскі мектептерінде білім берудің Ланкостр тәсілі қолданылды. Бұл тәсіл бойынша мұғалім тек белсенді оқушыларға сабақты түсіндіріп, оларды дәріс беруге дайындады. Дәрістерді толық меңгерген белсенді оқушылар, кейіннен мұғалімнің бақылауымен басқа оқушыларға сабақты түсіндіретін. Бұл тәсіл оқушылардың жалпы білімдерін көтеруде үлкен келеңсіздіктер келтіріп, тиімсіз оқыту әдісі деп танылды.

Патша әкімшілігінің орыс мектептерін ашу барысындағы мақсаты – бұратана балаларын сауаттылыққа үйретіп, оларға білім нұрын шашу емес, керісінше, орыс әкімшілігіне қажетті қызметшілердің төменгі сатыдағы кадрларын дайындау арқылы отарлау ісіне пайдалану еді. Бұны 1881 жылы Н.И. Ильминскийдің А.П. Масловскойға жазған хатынан көруге болады. Онда: «Қырғыздардың (қазақтар-авт.) өз грамматикасын оқып білгендері астамшылық болар. Сондықтан, оларды белгілі дәрежеге дейін оқыту қажет» [27, 6 п], – делінген.

Патша өкіметі орыстандыру құралы ретінде қараған орыс-түзем мектептерінің алдына, бұратана балаларын оқуға көптеп тарту тапсырылған еді. Алайда, орталық үкіметтен берілген бұл нұсқаулар өз дәрежесінде орындалмай жатты. Мәселен, 1908 жылы Сырдария облысы бойынша орыс-түзем мектептерінің жалпы саны 35, ал олардағы оқушылар саны 1171 [28, 176 п], яғни әр мектепте небәрі 33 оқушыдан. Орыс-түзем мектептерінің мұсылман балаларын орыстық «білім нәрімен сусындатуға» бағытталған жұмыстарының сәтсіздікке ұшырауы, билік орындарын бұл мәселенің астарын іздестіруге жетеледі.

Жергілікті қазақ балаларын орыстық білім беретін мектептерге оқуға тартуының сәтсіз жүргізілуінің астарында, өлкедегі мұсылмандық оқу орындарының кеңінен тарауымен де байланысты. Имамдар мен молдалар жастардың ислам діні ұстанымдары негізінде тәрбиеленуін насихаттап, орыс-түзем мектептерін «шоқындырудың» ошағы деп біліп, мұсылман балаларын мұндай оқу орындарына бермеуге үгіттеді.

Жыл өткен сайын Сырдария облыстық халық ағарту басқармасына орыс-түзем мектептеріндегі мұсылман балаларының сабаққа қатысу пайызы күрт төмендеп бара жатқандығы туралы хаттар көптеп түсе бастайды.  Оларда мұсылман балаларының орыс-түзем мектептерінде білім алғысы келмейтіндіктері саяси және діни мәселемен түсіндіріледі. Біріншісі – жергілікті мұсылман көшбасшыларының орыстарға қарсы күреске шақырудағы үгіт-насихат жұмыстарының жемісі болса, екіншісі – орыс-түзем мектептерінің білім беру мазмұны мұсылмандардың діни ұстанымына мүлдем жат болуында.

Патшалық Ресейдің жаулап алушылығына дейін де, қазақ даласында мұсылмандық білім беру жүйесі кеңінен тараған еді. Қазақ балалары мектептер мен медреселерде білім алды. Мысалы, Сырдария облысында (Ташкент қаласын, Шымкент, Әулиеата, Түркістан, Перовск және Қазалы уездерін, Әмудария бөлімін қоса алғанда) 1892 жылы 27082 оқушысы бар 1497 мектеп пен 35 медресе, 1895 жылы 28298 оқушысы бар 88 мектеп пен 34 медресе қызмет етті. Мектептерде көбінесе 6 мен 15 жасқа дейінгі балалар оқыса, медреселерде мектептен алған білімін тереңдетуге тілек білдірген балалар оқыды. Яғни, орыстық білім беру жүйесіне дейін де, жергілікті  қазақ халқы, өз балаларының мұсылманша білім алуына жағдай жасап, исламдық-мұсылмандық өркениет жолындағы даму үрдісін ұстанғанын байқауға болады.

1909 жылы Сырдария облысының әскери губернаторы орталық үкіметке берген есебінде, облыста 2097 мектеп пен медресе, ондағы оқушылардың саны 38487, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім 1945 балаға артқандығын айта отырып, ер балалардың санын – 32563,  ал қыз балалардың санын – 5924 етіп көрсетеді [29, 75 п].

Қазақ даласында мұсылмандық оқу жүйесінің жаңа серпін алуына, жәдидтік қозғалыстың ықпалы зор болды. Жәдидтік қозғалыстың көш басында И.Гаспыралы тұрды. Ол мектеп-медреселерде діни сабақтармен қатар, дүниетану ғылымдары – математика, жағрафия, тарих, биология секілді пәндерді оқыту заман талабы екенін насихаттады. Ол осы мақсатқа жету үшін ең алдымен араб әліпбиін түркі халықтарының тіліне лайықтап, дыбыстық естілу ерекшеліктеріне сәйкес бір ізге түсірілген  жазуға, яғни ескі «Қадымшылықтан» «усул-жәдидке» көшу керектігін ұсынды.

Түркістан генерал-губернаторы А.В. Самсонов 1909 жылдың 14 наурызында Халық ағарту министріне жолдаған құпия мәліметінде, жаңа бағыттағы мұсылмандық оқу орындарында зайырлы білім негіздерімен қатар діни пәндер оқытылып жатқандығын айта келіп, былай деп хабарлайды: «Мұндай пәндердің оқытылуымен бірге жастардың бойында сепаратистік, тар ұлттық сипаттағы идеялар сіңірілуде. Бұдан әрі осылай жалғаса берсе мұсылмандық оқу орындар тек панисламизмнің ғана емес, пантюркизмнің ошағына айналуы мүмкін» [30, 72 п]. Самсоновтың бұл үрей- қорқынышының негізі де жоқ емес еді. Өйткені заманауи талаптарға сай білім беретін мектептер, әлемдік құндылықтармен бірге жалпы түркілік бірлікті уағыздаған болатын. Осы жылдары Оңтүстік өңірде түрікшілдік идеясы кеңінен етек жая бастады.

Түркістан өлкесіндегі түрікшілідік қозғалысының негізін қалауда Мүнәууар қари Абдурашидханов зор рөл атқарады. 1908 жылы Мүнәууар қари «Шухрат» атты газет шығарып, Ресей империясындағы басқару жүйесіне қарсылығын ашық білдіреді. Оқу-ағарту саласына қатысты, ол: «Біздерді, мұсылмандарды, тұтқын шынжырынан азат ету үшін бір-ақ нәрсе қажет. Ол біздерді және балаларымызды ағарту»,- дейді.

1909 жылдың тамыз айында Ташкент қаласында Сырдария облысының мұсылмандарына материалдық және рухани қолдау көрсету мақсатында «Көмек» мұсылмандар қоғамы құрылып, Жарғысы бекітілді. Жарғы негізінде қоғам Сырдария облысының әрбір уезінде өз бөлімшелерін ашып, ағарту саласына қаржылық көмек беріп тұрады. Қоғамның құрылтайшылары Ташқожа Тұяқбаев, Низан-Қары Молда Хусайнов, Молда Абдулла Ауляни, Мүнәууар қары Абдурашидханов, Баширулла және Асадулла Ходжаевтар болды.

Аталған жәдидшілердің бастамасымен ХХ ғасырдың басында Сырдария облысында жаңа әдісті мектептер көптеп ашыла бастайды.  Олардың қатарында Әулиеата қаласындағы «Шамсие» мектебі, Қазалы қаласындағы «Хусаинов» татар мектебі, Перовскі қаласындағы «Шаги Ахмет Валиуллинов» атты жаңа әдісті мектептер мұсылман балаларына білім берумен айналысты.

Ал жалпы Сырдария облысында 1914 жылы 16 жаңа әдісті мектеп жұмыс істеп, онда 1650 шәкірт білім алды. Оның ішінде, Перовскіде 3, Қазалы қаласында 3 мектеп жұмыс жасаған [31, 7 п].

Жәдидтік оқу орындары халық тарапынан кең қолдауға ие болды. Тарихи деректердің бірінде: «Соңғы жылдары жаңа әдістік (усули-джедад) мектептері кеңінен таралуда, олар халық арасында үлкен беделге ие және мектептерді ерікті түрде өз ақшаларына қаржыландырады», - делінген.

Жоғарыда келтірілген деректерге сүйене отырып, «империялық» білім беру ісі жергілікті қазақ халқы тарапынан жоғары бағаланбағанын байқауға болады. Керісінше, мұсылмандық білім беру дәстүрі, уақыт талабына сай қайта құру кезеңін еңсеріп, халықтың дәстүрлі әрі заманауи білімге деген сұранысын өтей  бастағандығын көреміз.

Мұсылман мектептеріне отарлық әкімшілік орындары Түркістан халықтарын діни негізде біріктіретін рухани күш ретінде қарап, оның қызметін тежеу жолындағы айла-әрекеттерге көшеді. Мәселен, мұсылмандық мектептерде орыс тілін оқытуды қатаң талап етіп қойып, оны орындамаған жағдайда мектептерді жабатын еді. Сонымен қатар, орыс мемлекеті құдіреттілігінің символы ретінде мектеп-медреселерде император суретінің ілініп тұруын қатаң талап етті. 

Патша өкіметінің жергілікті халықтарды «сауаттандыру ісінде», әкімшілік орындарға ең жақын, жанашыр көмекшілері православтық шіркеу мен оның  миссионерлері болды.

Түркістан өлкесінде белсенді миссионерлік әрекетімен көзге түскен «ағартушылардың бірі» Н.И. Ильминский 1860 жылы: «Қазақтар мұсылман емес, олар шамандар. Сол себептен оларды христиан дініне кіргізу оңай болады», – деп орталық үкіметке баяндаған болатын.

1886 жылы Н.П. Остроумов православ миссионерлері кеңесінің жиырма жылдығына арналған «Көшпелі халықтар христан діні мен мәдениетін қабылдауды қалай ма?» атты жиында: «Ресейге бағынатын азиялық көшпенділердің адамдық және мәдени тұрғыдан жетілуі және православтық орыс халқымен бірігуі үшін, христиандықты қабылдаудан басқа жолы жоқ. Егер азиялық көшпенділер христиан дінін қабылдамайтын болса, мұсылмандықты қабылдап, еліміздің дамуын тежейді, саяси үстемдік пен тұтастыққа қатер төндіреді» [32, с.15-17], – деген болатын.

Ресей патшалығының өлкедегі шоқындыру, орыстандыру саясаты туралы Қ.Кемеңгерұлы «Қазақ тарихы» атты еңбегінде: «Қазақты шоқындыру саясаты туды. Мұны орындау үшін ел арасына миссионерлер шыға бастады. Бұлардың ісі ұлттыққа зияндығы сезіле бастаған соң, қазақтар қарсы құрал қылып, исламға өте бейімделді. Дүниеге қызығып шоқынған орыс қалаларындағы қазақ жұмыскерлерден, ашаршылық жылдарда өлім халіне жеткендерден, рудан пана таба алмағандардан бірен-саран шоқынғандар болды» [33, 25-26 бб.], - дейді.

Православ дініне өтіп жатқандардың негізі кедей қазақтар екендігін Ресей әкімшілігі де мойындайды. Мәселен, 1902 жылы «Землевладение» газетінде жарық көрген И.М. Головачевтың мақаласында: «...олар отырықшылыққа, егіншілікке және православияға өте аз көлемде өтуде. Православияны көбінесе кедей қазақтар қабылдауда», – дейді.

Патша әкімшілігі жергілікті халықты христиан дінін қабылдауы үшін  түрлі артықшылықтар жасап, оларға қолдау көрсетіп отырды. Православие дініне өткендерге патша үкіметі ақшалай сыйақы да беріп отырды.

Жергілікті халықты шоқындыру ісі барысында патша әкімшілігі әрбір уез, облыс басшылығына өз қарамағындағы тұрғындардың діни наным-сенімдерін зерделеуді тапсырып отырған болатын. Мәселен, 1899 жылы  Қазалы уезі тұрғындарының діни ұстанымын зерделеуге арнайы тапсырма берілді. Жоғары басшылықтың тапсырмасына орай, Қазалы уезінің әкімшілігі «Қазалы уезіндегі мұсылман халқының рухани жағдайы» атты мәлімдеме дайындады. Онда: «Қазалы уезінің көшпелі қазақтары арасында мұсылмандық діни ағымдар, Ферғана және Самарқан облыстарының отырықшыларына қарағанда айқын көрінбейді. Көшпелі қазақтардың өмір салты, отырықшы мұсылмандардан ерекшелеу болғандықтан, жергілікті қазақтар мұсылмандық діннің ұйымдастырылуы мен басшылары туралы біле бермейді, тек бірен-саран адамдардың ғана мұсылмандық діни ағымдардан хабары бар. Бірақ барлығы өздерін сунниттер екенін біледі. Мұсылмандардың түрік сұлтанын жақтауы, христиандардың саяси ұстанымына қайшы келеді. Осы себепті мұсылмандықты басқа саяси ағымдар секілді мейлінше шектеу керек, өйткені олардың барлық ой-арманы мен мақсаты біздің мемлекеттілікке қылмысты болып келеді» [34, 2-6 пп], – делінген. Осылайша отарлық әкімшілік шенеуніктері мұсылмандықты Ресей мемлекеттілігінің негіздеріне нұқсан келтіреді деп түсініп, онымен күресуге тырысты.

Бұл жөнінде Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі М.Дулатов: «Енді патша шенеуніктері біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға тиісе бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды», - деп империялық саясатты  айыптаған болатын.

Ресей жаулап алушылығымен бірге Түркістан өлкесінде түрлі діни ағымдар мен сектанттар да пайда болды. Бұл православ миссионерлеріне «жемісті жұмыс» жүргізулеріне үлкен кедергі келтірді. Сектанттар орыс шаруаларының қоныстарынан бөлек жерлерге орналасып, жергілікті халыққа өз діни ұстанымдарын уағыздаумен айналысты. Өлкедегі сектанттар мен раскольниктер негізінен Сырдария облысының Қазалы, Әулиеата және Шымкент уездеріне қоныс тепкен болатын.

Қазалы уезінде түрлі дін өкілдерінің саны аз емес-тін. 1899 жылы болған Түркістан епархиясының оқытушылар кеңесінің қорытынды хаттамасында: «раскольниктік тұрғындарының 394-і ер, 361-і әйел, мектеп жасына жеткен ер балалар 117, қыз балалар саны 201. Рим-католиктердің 8-і ер, 8-і әйел, олардың мектеп жасындағы балаларының 6-ы ер, 3-і қыз. Еврейлердің 38-і ер, 36-і әйел, олардың мектеп жасына жеткен ер балаларының саны 18» [35, 14-18 пп], - деп көрсетілген. Осылайша Сыр өңірінде көпэтникалық қоғамның нездері қалыптаса бастаған еді.

Патша әкімшілігінің қысымына қарамастан, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ балалары Қазан қаласындағы «Мухамедия», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы  «Хусайния» медреселерінде білім алды. Уфадағы аталмыш медреседе 1907-1917 жылдар аралығында білім алған 950 шәкірттің 154-і қазақ балалары болған. Олардың арасында 59-і мүфтилікке емтихан тапсырып қорғаса, 51-і мүдәріс, 8-і имам хатиб мұғалімі болып шыққан.

Жалпы, Сыр елінен шыққан діни-ағартушы ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т.б. жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білім алған. Олар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Самарқанд секілді ислам мәдениеті орталықтарында білім алып, ағартушылық қызметтер атқарған. Ағартушылық қызмет жүргізу арқылы ұлт мүддесін қорғаған қайраткерлер қатарында Марал ишан Құрманұлын, Құлболды ишанды, Мырзабай ахунды, Қалжан ахун Бөлекбайұлын, Алдашбай ахун Ерназарұлын, Ақмырза ишан Төсұлын және т.б. ерекше атап өтуге болады [36, 8-10 бб].  XIX ғасырдың екінші жартысында олардың халыққа идеологиялық ықпалы басым болды. Діни қызметкерлердің халық арасындағы беделі туралы мұрағат деректерінде: «Ишандар, ахундар, молдалар халық арасында үлкен құрметке және беделге ие, олардың көптеген жақтастары бар. Олар қоғамдық пікірді білдіруші әрі тасымалдаушы, кейбір жағдайларда бұқара халықтың жетекшісі. Бұлармен қарапайым халықтың барлығы, сонымен қатар, анақұрылым сауатты жергілікті ақсүйек өкілдері де санасады», - делінген.

Түркітанушы ғалым В.В. Радлов ислам дінінің қазақ қоғамына тигізген әсері туралы: «Сөзсіз, мұсылман дінінің әсері арқылы қазақтарға, үйлерінің жинақтылығы мен киім-кешектерінің тазалығы, отбасылық қарым-қатынастарының дұрыс реттестірілуі жәнеде уақыт талабына сай қалыптасқан этикалық болмысы тән», –  деп көрсетеді.

Осылайша, патшалық билік өкілдерінің миссионерлік саясаты алғашқыда жоспарланғанындай жоғары нәтижелерге жетпеді. Бұның бірден-бір себебі, қазақ халқының жаулап алушыларға деген ішкі қарсылығының пайда болуы, ал ол өз кезегінде ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге негізделген түркі-мұсылмандық жүйеге сүйенген еді.

Өлкедегі қоғамдық-саяси ахуал. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс

Орынбор-Ташкент теміржолы өлкеге капиталистік қатынастармен бірге революциялық идеялардың енуіне бірден-бір себепкер болды. 1905-1907 жылдарда бірінші орыс революциясының әсерінен Орта Азия және Қазақстанда Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы толқулар басталып, жер-жерде жиындар мен кездесулер өткізіліп, күш біріктіу, бірге әрекет ету ұрандары көтерілді. Ресей империясындағы түрік тілдес мұсылман халықтарының азаттық қозғалысындағы саяси күштерін біріктіру мәселесін алғаш көтерген Ә.Ибрагимов (Рашид Қазы) еді. Ол отаршылдық тауқыметін тартып жатқан түрік тілдес мұсылман халықтарының талап тілектерін тұжырымдап алу үшін, әрі олардың саяси әрекеттерін бір ізге түсіру үшін алдымен жалпыресейлік деңгейде мұсылман съезін өткізу керек деп санап, насихат жұмыстарына кірісті.

Осылайша, 1905 жылдың көктемінде Петербор қаласында мұсылмандар мәжілісін өткізуді қолға алады. Осыған орай ол татар, қазақ, әзірбайжан, өзбек, башқұрт секілді тағы басқа түрік тілдес мұсылман халықтардың белсенді деген зиялы азаматтарына жеделхат жолдап, оларды Петербургте өтетін мұсылмандар мәжілісіне қатысуға шақырады.

1905 жылы 8 сәуірде Петерборда  мұсылмандардың мәжілісі өтіп, жалпыресейлік мұсылмандар съезін тамыз айында Нижний-Новгород қаласында өткізу туралы шешім қабылдайды. Съез өткізу жөніндегі хабарлар жеделхаттар арқылы және Петербургке патшаға петиция тапсыруға келген мұсылман халықтарының өкілдері арқылы жер-жерлерге шақыртулар жіберілді. Сыр өңірінен барған делегация құрамында С.Лапин, И.Әбуов және М.Оразаев болып, олар қазақтардың жерді, өздерінің маңдай терімен қазған арықтарын, суландыру үшін өзен суларын қалағанынша пайдалануға ерікті болуын, жерлері мен суландыру жүйелерінің тартылып алынбауын, Қызылқұм, Қарақұм, Сырдария және Қуаңдария бойында шөп шауып, малға жем-шөп, отынға сексеуіл әзірлеуге жергілікті әкімшілік тарапынан кедергі жасалынбауын және тегін пайдаланылуын сұрады. Сонымен бірге арыз-тілек білдірушілер сатылуға шығарылған сексеуілден ғана салық алынуы керектігін айта отырып, қазақтардың өзен-көлдерден балық аулауына кедергі жасалынбауын да талап еткен-ді. Ол жөнінде петицияда былай деп жазылған: «Өз күшімізбен су жіберіп, құрғатпай отырған кіші-гірім көлдерде ешқандай төлемсіз балық аулауымызға рұқсат етілсін. Арал теңізінің және Сырдария мен Қуаңдария жағалауында қоныстанған кедейлер күн көруі үшін теңіз бен өзендерден балықты тегін аулайтын болсын. Балықты өндірістік және базарға шығару мақсатында аулайтындардан ғана салық алынсын».

1905-1907 жылдары өлкемізде социал-демократиялық топтар пайда болды. Олар Ташкенттегі және Орынбордағы ұйымдардың ықпалымен және көмегімен теміржол жұмысшылары арасында патша өкіметіне қарсы саяси жұмыстар жүргізді. Теміржол бойындағы станциялардың көпшілігінде ереуілдер өтті. Жұмысшылар тек экономикалық ғана емес, сонымен қатар, саяси талаптарды да ұсынды. Қараша айының бас кезінде Перовскіде, Қазалыда, Түркістанда ереуілшілер комитеті пайда болды. Әртүрлі ұсақ буржуазиялық ұйымдардың өкілдерін біріктіріп, олар революциялық халық өкіметінің қызметін атқарды. Жұмысшылар бір ай бойы теміржол желісіне, азық-түлік, телеграфқа иелік етті. Перовск ереуіл комитеті Түркістан және Көбек станциялары арасындағы қозғалыстарға басшылық жасады. Сонымен қатар, Петербордың, Ташкенттің, Ашхабадтың жұмысшыларына жеделхат жіберіліп, олардың революциялық қимылдарын толық қуаттайтындығын білдірді.

Бірінші орыс революциясы жеңіліске ұшырағаннан кейін, есе қайтару мақсатымен патша өкіметі шешуші шабуылға шықты. Революциялық қимылға қатысқан социал-демократиялық топтардың мүшелерін тергеусіз жазалау басталды. Перовск социал-демократиялық тобы талқандалып, оның мүшелері Қазалы социал-демократиялық ұйымына қосылды. Осы кезеңде Қазалыға патша өкіметінің қудалауынан қашқан бір топ революционерлер келіп паналады. Олардың ішінде Н.В. Шумилов болатын. Осылайша Перовск, Жосалы, Қазалы станциялары саяси сенімсіздігі үшін жер аударылғандардың тұрағына айналды. А.В. Червяков, Н.Ф. Селиверстов, Н.В. Виторский сияқты революциялық сенімдегі азаматтар жұмысшыларға басшыларға бағынбау, поездарды жүргізбеу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

1907 жылдың 28 мамырында Перовск депосында барлық жұмыс тоқтатылып, жұмысшылар депо бастығына өз талаптарын қойды, себепсіз жұмыстан қуылған жолдастарын өз орнына қайтаруды сұрады. Қосымша жұмыс жалақысын қайта қарауды ұсынды. Себебі, жаңа бастық келгеннен кейін жалпы еңбек ақысы 30 пайыз төмендеп кеткен еді.

Перовск жұмысшыларының ереуілін басу үшін депо басшыларының өтініші бойынша Жосалыдан жедел түрде жандарм әскерлері шақырылып, олар 29 мамыр күні таңертең депо алаңында болды. Жандармдар жұмысқа келген адамдарды қақпа алдында қарсы алып, 17 адамды қамады. Бұл бірінші орыс революциясы жеңіліске ұшырағаннан кейін патша өкіметінің алдағы уақытта төңкерістік, азаттық пиғылдың тамырына біржолата балта шабу үшін жанталаса жүзеге асырған іс-әрекеті болатын.

Бірінші орыс буржуазиялық-демократиялық революциясы кезінде Орта Азияда және Қазақстанда саяси партиялар дүниеге келді. Патша үкіметі революцияның дүмпуінен қорқып, саяси партияларға рұқсат берген еді.

Қазақ халқының саяси ой-санасы мен белсенділігін арттыруда Мемлекеттік Дума айтарлықтай ықпалын тигізді. Бірінші Мемлекеттік Думаға Қазақстаннан 13 депутат сайланды, оның ішінде бесеуі қазақ депутаты болды. Ал 1914 жылы IV Мемлекеттік Думаның депутаты Әлихан Бекейхановтың ықпалымен Мұстафа Шоқай мұсылмандар фракциясыңа хатшылық қызметке алынды.

Мұстафа Шоқайұлы 1890 жылы 7 қаңтарда қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Шоқайдың әкесі Торғай Сыр бойына өте беделді, «датқа» деген құрметті атақты иеленген кісінің бірі болатын.

  Мұстафа алты жасында ауылдағы бастауыш білім беретін діни мектептің табалдырығын аттап, оны екі жылда бітіреді. Жасы сегізге қарағанда Ташкентте жалдамалы оқытушыдан білімін жалғастырып, орысша үйренеді, осылайша гимназияға түседі. Оны алтын медальмен үздік бітіріп шығып, Петербордағы императорлық университеттің заң факультетіне оқуға түседі. М.Шоқай Петербор университетін бітіргеннен кейін 1916 жылы Қазан қаласына келеді. Онда «Түркістан бірлестігі» деп аталатын құпия ұйым ашылып, соған мүше болады. Ол 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Петерборға қайтадан соғып, Түркістан өлкесіне оралады.

1914 жылы басталған бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа Ресейдің белсендi түрде қатысуы империяның боданы болған халықтардың өмірін тым ауырлатып жіберді. Соғыс жылдарында бұратана халықтарды ұлттық езгіге салу күшейіп, жергілікті жерлердегі патша шенеуніктерінің озбырлығы мен зорлық-зомбылығы өлшеусіз өсіп, әлеуметтiк және ұлттық езгi күшейді.

Қазақтардың жерiн тартып алу, әсiресе Түркiстан өлкесiне қараған Сырдария облысында бұрын-соңды болмаған қарқынмен жалғастырылды. Соғыс қисапсыз көп шикiзатты, азық-түлiктi, мал басын, т.б. материалдық игiлiктерді талап еттi. Әрбір шаңырақтан алынатын жаңа әскери салықтар енгізілді. Мәселен, соғыстың алғашқы үш жылында Түркiстан өлкесiнен 40 899 244 мың пұт мақта, 299 мың пұт сабын, 473 мың пұт балық, 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 12 797 түйе, 3 109 мың пұт мақта майы, 13 441 киіз үй алынған [37, 24 б].

Сонымен қатар І дүниежүзілік соғыс кезінде патша әкімшілігі қазақ даласына шектен тыс ұлыдержавалық саясат жүргізе отырып, ұлттық езгіні күшейтті. Тіпті осыған байланысты сорақы болып табылатын бұйрықтар мен нұсқауларда шығады. 1916 жылы 21 шілдеде Түркістан генерал-губернаторы міндетін атқарушы М.Р. Ерофеев өзінің қарауындағы әскери губернаторларға мынадай бұйрық береді: «Жергілікті халықтар орыс әкімшілік-билік мекемелері мен офицерлері алдында қол қусырып, бас иіп жалбарынуға және сәлемдесуге тиіс». 

Әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюі, қымбатшылықтың өрiс алуы, қазақ халқының қайыршылануына әкеліп, наразылығын тудырды. Осының барлығы бүкiл Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік дағдарысты одан сайын күшейтіп, елдегi жалпы ұлттық дағдарысты шиеленiстiре түсіп, аяғы Орталық Азияны, соның ішінде бүкіл қазақ даласының өлкелерін қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты.

Бұл көтерілістің басталуына Ресей патшасы ІІ Николайдың 1916 жылғы 25 маусымдағы Орталық Азия, Қазақстан және Сібірдегі халықтардың 19 бен 43 жас аралығындағы «бұратана» ер азаматтарын майданның қара жұмысына (окоптар мен траншеялар қазуға, майданға жақын аудандарда жол салуға, ағаш кесуге, т.с.с.) шақыру туралы жарлығы болды.

Бүкiл Түркiстан өлкесi бойынша майдан тылының қара жұмыстарына 220 мың адам алынуға тиiстi болды, олардың iшiнде Сырдария облысынан 60 мың адам шақырылады деп белгiлендi.

Дегенмен, өлкедегі жергілікті тұрғындардың соғыс майданының қара жұмысына алынуы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске түрткі ғана болды, бірақ оның негізгі себебі болмағаны белгілі. Бұл туралы Т.Рысқұлов былай дейді: «Түркістанның жергілікті халқын патшалық отаршылдық өктемдікке қарсы көтеріліске итермелеген ең басты себептердің әлде қайда елеулі негіздері бар еді. Бұл негіздер патша өкіметі билеп төстеудің 50 жылы ішінде Түркістанды тоқтаусыз отаршылық қанауға салуы салдарынан орын алған терең экономикалық және саяси қайшылықтарында жатқан еді, сөйтіп әбден шыдамы таусылған жергілікті халық әкімшіліктің жан төзгісіз езгісіне қарсы шығуынан басқа амалы қалмады».

1916 жылғы көтеріліс басталысымен, отаршыл өкімет орыс шаруаларына жаппай қару таратып беруге кіріседі. Мәселен 1916 жылы 16 қарашада орталық әскери штаб бастығы Түркістан округтік әскери штаб бастығына жазған құпия қатынас хатында таратылып берілетін 15 мың бердан мылтығын және оған қосымша бір миллион оқ-дәрі Ташкентке жібергенін мәлімдеп, оны Түркістандағы орыс шаруаларына таратып беру керектігі жөнінде бұйрық береді.

Бұл туралы мәліметтерді Түркістан әскери артиллериялық қару-жарақ қоймасы басқармасының бастығына құпия түрде жазылған №9 қатынас хатында 1917 жылдың 2 қаңтарына дейін Сырдария облысына қарасты уездерге таратылып берілген қарудың есептерінен білуге болады. Онда: «Әулиеата уезіне – 500 винтовка, Черняев уезіне – 250 винтовка, Қазалы уезіне – 100 винтовка, Перовск уезіне – 200 винтовка, Әмудария бөлімшесіне – 150 винтовка. Барлығы оқ – дәрісімен қоса есептегенде 1200 қару бөлінген». Осыған қосымша Түркістан генерал-губернаторының ұйғарымымен Ташкенттегі артиллериялық қару-жарақ қоймасынан Сырдария облысына тағы да оқ дәрісімен қоса 1000 қару бөлініп, қару-жарақтар Сырдария облысына төмендегі реті бойынша таратылып беріледі: «Әулиеата уезіне – 500 винтовка, Черняев уезіне – 250 винтовка, Перовск  уезіне – 75 винтовка, Қазалы уезіне – 75 винтовка, Әмудария бөлімшесіне – 100 винтовка» [38, 60 п]. Осылайша, патша әкімшілігі жергілікті қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басып-жаншуға орыс шаруаларын пайдалану арқылы, текетіреске этносаралық сипат бергілері келді. Патша үкіметі орыс шаруаларына таратып берген бұл қарулары мен оқ-дәрілері, кейіннен яғни 1917 жылғы революциялық өрлеу уақытында өздеріне қарсы кезелетінін болжай алмады. 

Осыған қарамастан наразылық бас көтерулер мен қарулы көтерiлiстер Қазалы, Черняев (Шымкент), Перовск уезiнiң көптеген ауыл-кыстақтарына тарады.  Ақмешіт уезіндегі көтерілістен кейін 70 адам жазаға тартылады. Сол жылы қазанның 16-да Қазалы уезіндегі көтеріліске қатысқан қазақтар жазалаудан қашып, Ырғыз бен Торғай уезіндегі көтерілісшілерге қосылу үшін көшіп кеткен.

Қазалы қазақтарының Торғай көтерілісшілерімен қосылып кетпеуі үшін және Арал теңізіндегі балық кәсібінің өндірістік қуатын сақтау мақсатында патша өкіметі осы аймаққа әскер аттандырады. Себебі, Арал теңізінің Тоқпан деген аралының балықшылары патшаның жарлығын естігеннен кейін жұмыстарын тастап, көшіп кеткен. Оларға Арал мен Қазалының тұрғындары қосылған. 

Көтерілісшілерді басуға шыққан жазалаушылар қазақтарды аяусыз «тыныштандырады». Жазалаушы отрядтар көтерілісті аяусыз басып қана қойған жоқ, сонымен қатар көтеріліс жасаған қазақтардың жерін – жапа шеккен орыс мұжықтарына таратып бере бастайды. Көтерілістер болған уездерден қазақтарды қуып шығады.

Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығының қасіретті зардаптары осындай. Ресей либерал-демократиялық қозғалысының өкілдері 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығы шығысымен оның заңсыз екенін көрсетіп, егер бұл әділетсіз жарлық жүзеге асырыла бастаса, халық толқуларының пайда болуы анық екенін ескерткен еді.

    1916 жылы тамыз айында Мемлекеттік Думаның депутаттары А.Ф. Керенский мен К.Б. Тевкелев өз фракцияларының тапсырмасымен Түркістанға келеді. Комиссияның құрамында мұсылман фракциясының бюро мүшелері М.Шоқай мен Ш.Мұқаммедияров та бар еді.

 А.Ф. Керенский Түркістаннан Петербургке келгеннен кейін Мемлекеттік Думада түркістандық мұсылмандардың мүддесін қорғап сөз сөйлеп, бұратана халықтардың еңбекке жарамды жастарын майданның қара жұмысына жаппай алу дұрыс емес, керісінше оларды өз жерлерінде пайдаланған дұрыс дейді.

  1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс жылдарында Түркістан генерал-губернаторы қызметін атқарған А.Н. Куропаткин орталықтың жоғарғы басшылығына берген баяндамасында: «Өлкедегі жарты ғасырға созылған орыс билігі үшін «бұратаналарды» орыс императорының шынайы берілген құлдарына, орыс мемлекетінің нағыз азаматтарына айналдыра алған жоқпыз. Олардың күш-қуатын орыс халқының еркі үшін пайдалана алмадық, ...мұның барлығы жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысын жаңаша қалыптастыру мақсатында жүргізілген іс-шаралардың о бастан қате ұйымдастырылуынан» [39, 251-252 пп], - дейді.

  Осылайша патша өкіметі орнықтырған отарлық билік жүйесі жарты ғасырға жуық уақыт өмір сүргенімен, 1917 жылдың қос революциясы тұсында тарихи сахнадан кетіп, келмеске кетті. Оның негізгі себебі отарлық билік жүйесінің қазақ халқының табиғи дамуын тежеп, тек халықты қанау мен экономикалық байлығын тонау саясатын ұстанғадығында еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Материалы по истории политического строя Казахстана. Сборник составлен кандидатом исторических наук М.Г. Масевичом. – Алма-Ата: изд. АН КазССР, 1960. – Т.1. – 441 с.

2.  Отчет по ревизии Туркестанского края, произведенной по Высочайшему повелению Сенатором Гофмейстером Графом К.К. Паленом. Областное управление. – СПб., 1910. – 353 с.

3.  Проект «Положении об управлении Туркестанского края», составленный в 1902-1903 гг. Комиссией под председательством тайного советника Нестеровского. Б.м. 1903. – 44 с.

4.  Отчет по ревизии Туркестанского края, произведенной по Высочайшемуповелению Сенатором Гофмейстером ГрафомК.К. Паленом. Уездное управление. – СПб: Сенатская типография,1910.  – 168 с.

5.  ӨРОММ. 17-қ., 7-т., 313-іс.

6.  ДмитриевГ.Л. Депеша Ю.Скайлера и проблемы среднеазиатской политики царизма 70-х годов ХІХвека. Материалы по истории, историографии и археологии. Сб.науч. Тр. – Ташкент, 1976. –Т. 517. – С. 30-53.

7.  Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. – СПб., 1906. – Т.3.  – 496 с.

8.  ӨРОММ 1-қ., 20-т., 3801-іс.

9.  ӨРОММ. 17-қ., 1-т., 36876-іс.

10.   Отчет по ревизии Туркестанского края, произведенной по Высочайшему повелению Сенатором  Гофмейстером Графом  К.К. Паленом.  Сельское Управление. Русское и туземное. – СПб., 1910. – 226 с.

11.  Бөкейханов Ә. Тандамалы-Избранное. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. – 478 б.

12.   Отчет по ревизии Туркестанского края, произведенной по Высочайшему повелению Сенатором  Гофмейстером Графом  К.К. Паленом. Переселенческое дело. – СПб., 1910. – 430 с.

13.  ӨРОММ. 7-қ., 3-т., 5040-іс.

14.   Ресей Федерациясының Мемлекеттік Тарихи Мұрағаты. (РФ МТМ). 1396-қ., 1-т., 66-іс.

15.  Переселение и землеустройство за Уралом в 1906-1910 гг. и Отчет по переселению и землеустройству за 1910 год. – СПб., 1911. – 501 с.

16.   Журнал совещания о землеустройстве киргиз. – СПб.: тип. Министерство внутренних дел, 1907. – 136 с.

17.   ӨРОММ. 7-қ., 1-т., 5059-іс.

18.   Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Құраст. Грибанова Е.М., Смагулова С.О. – Алматы: Алаш, 2004. – 552 б.

19.   Русский Туркестан. 1906. – №1.

20.  ӨРОММ. 1-қ., 16-т., 13-іс.

21.   Толыбеков С.Е. Кочевое общество казахов в ХVІІ- начале ХХ века: Политико – экономический анализ. –  Алма-Ата: Наука, 1971. –  633 с.

22.   Материалы по Киргизскому землепользованию. Сыр-Дарьинская область. Перовский уезд. – Ташкент, 1912. – 45 с.

23.   Сыр өңірі тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). – Алматы: Атамұра, 1998. – 285 б.

24.   Галузо П.Г. Туркестан-колония (Очерк истории Туркестана от завоевания русскими до революций 1917 года). – М: изд. Коммунистического университета трудящихся Востока им. И.В. Сталина, 1929. – 164 с.

25.   Остроумов Н.П. Отчет Туркестанской учительской семинарий за 25 лет ее существования ( 1879-1904). – Ташкент, 1904. – 76 с.

26.   Остроумов Н.П. Первые училища для детей русских в Казалинске, Перовске и Ташкенте в 1860-1867 годах. Туркестанские ведомости. 11 августа 1881, –  №31.

27.   ӨР ОММ. 47-қ., 1-т., 333-іс.

28.   ӨР ОММ. 47-қ., 1-т., 933-іс.

29.   ӨР ОММ. 1-қ., 12-т., 1588-іс.

30.   ӨР ОММ. 47-қ., 1-т., 3055-іс.

31.   ҚРОММ. 232-қ., 1-т., 37-іс.

32.   Остроумов Н.П. Способны ли кочевые народы Азии к усвоению христианской веры и христианской культуры. – М., 1896. – 17 с.

33.   Кемеңгерұлы Қ. Қазақ тарихынан. – М: СССР халықтарының кіндік баспасы, 1924. – 66 б.

34.  ҚРОММ. 267-қ., 1-т., 285а-іс.

35.   ҚРОММ. 121-қ., 1-т., 147-іс.

36.   Омаров Қ. Сыр өңіріндегі ағартушылар хақында // Қазақ тарихы. № 1, 2010. – 7-10, 80 б.

37.   Раджапов А.О. Оңтүстік Қазақстан қос революция тұсында. Тарих. Ғыл. Канд. Дисс. – Алматы, 1997. – 157 б.

38.   ӨРОММ. 17-қ., 1-т., 17654-іс.

39.   ӨРОММ. 47-қ., 1-т., 969-іс.

У.С. Ибраев – тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?