Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚР-ның ХХ ғасырдың 90 - жылдарындағы ЕО елдерімен байланысы (мақсаты, барысы, маңызы)

2784
ҚР-ның ХХ ғасырдың 90 - жылдарындағы ЕО елдерімен байланысы (мақсаты, барысы, маңызы) - e-history.kz
ҚазақстанРеспубликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына:

Қазақстан Республикасының Егемендігін алған алғашқы мерзімнен Еуропа Одағы және оған мүше мемлекеттермен арадағы экономикалық, тағы да басқа бағыттардағы екі, көп жақты қатынасқа ерекше назар аударылды. Оның себептері белгілі еді. Атап айтқанда:

    - Ел экономикасын әлемдік нарық қатынастарына сай негіздеудегі Еуропа Одағы құрылымдарымен, оған мүше мемлекеттердің экономиканы жүргізудегі істерімен танысу, өзара тәжірибелер алмасу, қазақстандық мамандардың тағылымдамалардан өтулерін жолға қою;

   -Еуропа Одағы, оның құрамындағы мемлекеттері тарапынан қаржылай көмек келуіне, отандық кәсіпорындарға   инвестициялар салынуына жетісу;

    - Қазақстан өндіріс орындарының Еуропа Одағы мемлекеттеріндегі кәсіпорындармен бірлескен жұмыстарының жүзеге асуына жетісу, отандық кәсіпорындарды сапалы жаңа техникалармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді іске асыру;

   - Еуропа Одағы мемлекеттерімен десаулық сақтау, білім беру, ғылымды ұйымдастыру бағытындағы ынтымақтасты бастау;

   -Еуропа Одағына мүше жекелеген мемлекеттермен Қазақстанның кең бағытты экономикалық ықпалдастығын орнату, және тағы да басқалардан тұрды.

     Егер де осы реттегі Еуропа Одағының негізделу тарихына қысқаша тоқтайтын болсақ:“15 еуропалық мемлекеттер: Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Дания, Греция, Ирландия, Испания, Италия, Люксембург, Нидерланды, Португалия, Франция, ГФР, Финляндия және   Швеция біріккен Еуропа Одағы (ЕО) адамдар, тауарлар, қызмет көрсету және капиталдың еркін жылжуын іске асыратын ішкі тоқтаусыз   “Шекарасыз Еуропа” деген интеграциялық дамуды қамтамасыз ететін   Еуропа Одағына (ЕО) біріккен. 1992 жылғы Маастрихт келісіміне сай 2000 жылға дейін   аталған мемлекеттердің валюталық-экономикалық және әскери-саяси одақтарын негіздеу жоспарланған.

      Одақтың негізгі құрылымдары ЕО Министрлер Кеңесі, Еуропарламент, Еуропалық Комиссия (ЕК), Еуропалық Сот және тағы басқалары”[1],- болып табылады.

       1991 жылдың желтоқсан айының басынан   Кеңес Одағының тарауына байланысты Еуропа Одағының саяси, экономикалық, тағы да басқа бағыттардағы терең дағдарысқа ұшыраған оның құрамында болған республикаларға қаржылай, тағы басқа бағыттардағы көмек көрсетулері бастау алды. Бұл істі атқарудағы ЕО одағының жұмыс бағдарламасында жазылғанындай: “Еуропалық Комиссияның   негізгі бағыттарының бірі бұрынғы КСРО елдерінің экономикалық және гуманитарлық дамуына ықпалдастық көрсету болып табылады. Комиссия шеңберінде   әр түрлі бағдарламалар мен жобалар, соның ішінде бірінші кезекте ТАСИС (ТМД елдеріне техникалық көмек) және ТЕМПЮС (Білім және ғылым бағытындағы көмек бағдарламасы)

         Мысалы, осы бағдарламалар талаптары негізінде Қазақстан бойынша “Іске асырылуы 1993-1995 жылдардан басталған аталған жобалар бойынша шетелдерде, Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарында 700-ден астам халық шаруашылығының әр бағыттарындағы мамандары, кәсіпкерлер, банк қызметкерлері   тағылымдамадан және тәжірибе алмасудан өтті. Министрліктер мен ведмоствалардың ТАСИС бағдарламасына тартылған 50-ден артық қызметкерлері Еуропа елдеріндегі жеделдетілген тіл дайындықтарынан өтті.

        ... 1992 жылдан жыл сайын 200-ден 300-ге дейінгі еуропалық маман-сарапшылар білім мен практикалық экономиканың маңызды әр салалары бойынша Қазақстанның дамуына   өздерінің білімдері және тәжірибелері арқылы елдегі атқарылып отырған реформаларға біржақты ықпал етіп келеді”[2].

        Қазақстанның Еуропа Одағымен арадағы ресми тұрғыдағы қатынасы 1992 жылдан бастау алады. Атап айтқанда:“Қазақстан Республикасы мен Еуропалық қауымдастық арасындағы дипломатиялық қатынас орнатуға арналған хаттамаға 1992 жылы қол қойылды. Тура осы жылы ҚР және ЕО арасындағы келісім туралы Меморандумға; Қазақстан Республикасына 50 млн. ЭКЭ мөлшерінде қарыз беру туралы қаржылық келісімге қол қойылды. Берілген қарыз шеңберіндегі 25 млн. ЭКЮ дәрілер мен медициналық техникалар алуға жұмсалды” [3].

2020_02_26_foto-kp-dva.jpeg

    Ал:“1992 жылдың соңында Алматыда ЕЭС: ТАСIS (Программа представления технической помощи для малого и среднего бизнеса действует с 1992 года) и ТЕМPUS (Программа предоставления помоши со стороны ЕС в области образования и научных исследований действует с 1994 года )шеңберіндегі Қазақстан Республикасына техникалық көмек көрсету мақсатындағы ЕО Бюросы ашылды”[4].

       Міне осылай, тәуелсіздігін алған алғашқы мерзімнен, яғни 1992 жылдан Қазақстан Республикасының Еуропа Одағымен арадағы әр салалы ынтымақтастығы жолға қойылды және қол жеткізілген келісімдер талаптарына орай нақты істер атқарыла бастады.

       Келесі уақыттардан бастап Қазақстанның Еуропа Одағымен, оған мүше мемлекеттермен арадағы келісімдер жаңа сатыға көтерілді. Мысалы: “Еуропа Одағы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімнің Тексті (СПС) 1994 жылдың 20 мамырында келісілді.

        ҚР мен ЕО арасындағы Серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімге 1995 жылдың 25 қаңтарында Брюсселде ЕО-на мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесі мәжілісінде қол қойылды. ҚР атынан Келісімге ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойды.

      ... 1995 жылдың желтоқсанында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев заңдық күші бар өзінің жарлығымен Еуропалық Энергетикалық Хартиямен арадағы Келісімді бекітті”[5]. Сонымен бірге, “Оны осы жылдың сәуір айында Қазақстан Парламенті, ал наурызда Еуропа Парламенті және қазіргі күні 15 мүше мемлекеттің 8 елі бекітті. 1995 жылдың желтоқсанында қол қойылған Уақытша келісім 1997 жылдың 1 сәуірінен күшіне енді”[6].

      Еліміздің Президенті 1995 жылғы маусым айындағы Индонезияда болған кезінде Қазақстан Республикасының егемендігінің алғашқы бес жылдық мерзіміндегі әр деңгейлердегі дүниежүзілік экономикалық ұйымдарға қосылуына талдау жасай келе: “Қазақстанның сонымен қатар ... Еуропа Одағымен іскерлік пен ынтымақтастық келісіміне қол қойылған” [7],-деп бұл әлемдік іргелі экономикалық қауымдастықпен арадағы қатынас деңгейін атап көрсетті.

      ХХ ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысынан Қазақстан Республикасының Еуропа Одағымен арадағы өзара қатынасының көлемі одан ары артып, маңызы тереңдей түсті. Мысалы сол мерзімді қамтитын ресми деректерде: “Еуропа Одағы мен Қазақстан Республикасы 1997 жылдың 22 мамырында Алматыда бірлескен комитеттің екінші отырысын өткізді.

       Онда ... Қазақстан жағы мемлекеттік экономикалық реформалардың барысы және елдегі экономикалық ахуал туралы мәлімет етті.

      Еуропалық Одақ Қазақстан тарапынаи болаттан жасалған жекелеген өнімдерді шығаруды молайту, бақыланатын ядролық құймалар мен ядролық қауіпсіздікті іске асыру жолындағы келісімдерге қол қою мүмкіншіліктеріне назар аударды.

    Қазақстан Еуропа Одағымен арадағы сауда және инвестиция бағытындағы маңызды серіктес болып табылады.

   Еуропа Одағының 200 ден астам компаниясы Қазақстан территориясында жұмыс істейді, олардың көпшілігі инвестиция салып отыр, солардың ішінде басымы энергетикалық салаға.

    Қазақстан Еуропа Одағының ТАСИС багдарламасы техникалық көмек алушыларының негізгісі болып табылады (1991 жылы 130 миллион АҚШ долларының көмегін алды.)

    Еуропалық Одақ пен Қазақстан келесі 4 жыл көлемінде ТАСИС-тің техникалық көмегі институтционалдық реформалар, ауылшаруашылығы және энергетика салаларына бағытталатындығына уағдаласты.

      Бұлармен қатар Қазақстан ТАСИС-тің энергетика, транспорт (Еуропа-Кавказ-Орталық Азия, ТРАСЕКА) және қоршаған орта (Арал теңізі) салаларындағы аймақтық жобаларына үлкен маңыз береді. Осылармен қатар кіші және орта бизнеске көмек көрсетуге арналған бірнеше жоба бар” [8],-деп жазылды.

    Келесі:“Еуропа Парламенті Бас Хатшылығы Еуропа Парламентінің     үстіміздегі жылдың (1997 жыл,-Ғ.Қ.)13 наурызындағы Страсбург қаласындағы сессиясындағы Қазақстан Республикасы және ЕО арасындағы серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қоюды құптаған қарарды қабылдағаны туралы мәлімет жариялады.Осы арқылы ЕО институттарының ішкі мәселелерге арналған жалпы ережелеріне сай аталған Келісім күшіне енуі үшін ЕП тарапынан барлық қажетті құжаттар сараптамадан өткізілді.

     Бұлармен қатар бүгінгі күнге ЕО 8 мүшесі (Дания, Австрия, Финляндия, Швеция және Ұлыбритания) Қазақстанмен серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімді бекітті,”[9]- деген ресми баяндама Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы қатынастың ХХ ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысынан одан ары нығая түскендігіне дәлел болады.

       Аталған уақыттағы көпұлтты Қазақстанның ішкі экономикалық және этносаралық қатынасының тұрақтылығы шетел инвестициясының Республикаға кең көлемде келуіне одан ары жағдай жасады. “Қолайлы ахуалдың қалыптасуы,-деп жазды Н.Ә.Назарбаев аталған тұрғыда,- Қазақстан экономикасына шетелден ағылған инвестиция көлемінің арта түсуіне себеп болды. 2000-жылдары біздің елге әлемнің қырық шақты мемлекетінің іскерлік құрылымдары өз қаржы ресурстарын салды. Негізгі инвесторлар ... Нидерланды, Ұлыбритания, Франция, Италия және Швейцарияның компаниялары болды. [10.218].

     Бұлармен бірге осы кезеңде “Сауда қатынастары да едәуір нығая түсті. 2011 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 50 проценті және мемлекетімізге тартылған инвестицияның үштен бірі Еуропаодақтың үлесіне тиесілі болды. Жоғары технологиялық деңгейге ие Еуропа елдері Жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында Қазақстанның негізгі серіктесі болды”[10.312].

      Тәуелсіздіктің алғашқы уақытынан-ақ Қазақстан Республикасының Еуропа Одағының жеке бірқатар елдерімен арадағы екі жақты экономикалық, т.б. бағыттардағы ынтымақтастығы іске асырыла бастады. Бұлардың қатарындағы “Француз Республикасы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін 1992 жылдың қаңтар айында таныды. Дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 25 қаңтарындағы Францияның сыртқы істер министрі Роллан Дюманың Алматыға сапары кезінде негізделді.

       Екі жақты ықпалдастықтың дамуының маңызды кезеңі Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылдың қыркүйегіндегі бұл мемлекетке ресми сапары және екі ел арасындағы экономика, саясат және қорғаныс саласындағы кеңестікті қарастырған Достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылуы еді.

        ... 1994 жылдың 18 ақпанында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Францияға жұмыс сапары іске асырылды, оның барысында Президент Ф.Миттеранмен келісім жасалды. Онда алдындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру және әр бағыттағы екі жақты ынтымақтасты одан ары нығайту мәселелері талқыланды.

    ... 1996 жылы Франциямен сыртқы сауда айналымы 4021,8 мың АҚШ долларын құрады.  

       ... 1997 жылдың бірінші жарты жылдығында сыртқы сауда айналымы 27656,1 мың АҚШ долларына жетті” [11].

      Жарияланғандармен қатар бұл елдің ірі өндіріс серіктестерінің Қазақстанның көптеген өндіріс, қаржы салаларымен тікелей байланыс орнатылып, нақты жұмыстартары қолға алынды. Осы мазмұндағы нақты деректерде баяндалғанындай: “Франциямен сауда-экономикалық қатынастағы белгілі оқиға құрамына төмендегідей, “Рено”, “Кох”, “Евроконтер”, “Шнайдер”, “Софреля” т.б. ірі серіктестіктер жетекшілері енген француз бизнесмендер тобының 1996 жылғы   Қазақстанға сапары болды. Сапар барысында “Рено” фирмасымен бірлескен автомобиль шығаратын өндіріс құрылымын негіздеу,   француз серіктестктерінің Ақмола әуежайын, Алматыдағы метроны, Қарашығанак кен орнында газ құбырын салу, Ақтөбеден Қарашығанаққа дейінгі жоғары волтты электрмен қамтамасыз ететін электр жүйесін салу туралы алдын-ала келісімдер жасалды. Қазіргі күннің өзінде Қазақстанда жиырма бірлескекн Қазақстан-Француз фирмалары мен банкілері, солардың қатарында белгілі “Эльф Акитен”, “Тоталь”, “Муликенс” жұмыс істейді” [12].

        Осы мемлекетпен арадағы сол мерзімдегі экономикалық қатынас деңгейінің көлемін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: “Францияны біз ең маңызды инвесторлар қатарында қарастырамыз. Француз инвестициясының Қазақстан экономикасындағы жалпы көлемі 1994 және 1999 жылдар аралығында 115 миллион доллардан асты”[13],-деген нақты мысалдар арқылы білдірді.

     Ал, Мемлекет басшысының:“Бес жылдың ішінде(1995 жылдан 1999 жылға дейін,-деп жазады Қазақстан басшысы,- әр түрлі уақыттарда болған француз көшбасшысы Жак Ширакпен алты кездесуім Қазақстан мен Францияның көптеген мәселелерде келісімге келуіне көмектесті.[10.172],-деген мәлімдемесі сол мерзімдегі және қазіргі күні одан ары жалғасып отырған екі мемлекет арасындағы қатынастың маңызын айқындайды.

      Еуропа Одағының келесі белді мүшесі Германиямен арадағы қатынас та өзінің тиімділігімен ерекшеленді. Cол уақыттағы екі ел арасындағы қатынас барысына тоқтайтын болсақ, Еліміз Егемендігін алған күннен кейін-ақ “Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы қатынас жаңа сатыға ұласты.

      ГФР әлемдегі ең алғашқылардың қатарында Қазақстанның Егемендігін таныды және біздің республикамен дипломатиялық қатынас орнатты.

      1992 жылдың 22-23 қыркүйегі күндері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Германияға сапары іске асырылды. Екі   мемлекет басшылары арасындағы келісім барысында қос жақты қызықтыратын көптеген мәселелер талқыланды. Таяу уақыттағы екі ел арасындағы қатынасты айқындайтын бірқатарп құжаттарға қол қойылды. Олар: “Негізгі қатынастар туралы бірлескен Мәлімдеме”, “Қазақстан Республикасы және Германия Федеративті Республикасы арасындағы кең көлемдегі экономикалық, өндірісті, ғылыми және техникалық шеңбердегі қатынасты арттыру туралы Келісім”, “Қазақстан Республикасы және Германия Федеративті Республикасы арасындағы капитал қорын қолдау және бірлесіп қорғау туралы келісім” және “Қазақстан Республикасы мен Сименс АГ концерні арасындағы Бас Келісім” болды.

      Германиялық кредиттік жүйесін іске асыруға арналған Бағдарламаға сай, 1050,62 млн. АҚШ доллары тұратын 45 инвестициялық жоба іріктелініп алынды” [14].

91864_image-800x480.jpg

     “Біздің Германиямен қарым-қатынасымыз,-деп көрсетті Н.Ә.Назарбаев,- екі ел арасындағы қатынастың алғашқы кезеңі туралы,- ойдағыдай өркендеп жатыр. 1995 жылғы сәуірде Қазақстанға ресми сапармен ГФР-дің Федеральдық Президенті Роман Герцог келіп қайтты. Бұл елдің басшыларымен болып тұратын жүйелі кездесулер әр салада екі жаққа бірдей тиімді қатынастарды өркендетуіміздің тұрақты негізін жасақтап берді. Тек 1994-1995 жылдарда 170 бірлескен қазақ-герман кәсіпорындары ашылды. Республикада ГФР-дің 57 ірі компаниясының өкілдіктері жұмыс істейді” [15].

      Ал, келесі “Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланысы неғұрлым белсенді тұрғыда дами түсуде. Республикада 70-тен артық германиялық кәсіпорындар жұмыс істейді.

      ... 1996 жылдың соңында үкіметтік деңгейдегі Германияның бірлескен кәсіпорындарды инвестициялауы туралы келісімдер жүргізілді. Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымының көлемі   өткен жылы 350 млн. доллардан артық болды”[16],-деген анықтама Қазақстан-Грмания экономикалық байланысының алындағы жылдармен салыстырғандағы даму деңгейін көрсетеді.

      Тәуелсіздіктің бастапқы мерзімінде Қазақстанның Еуропа Одағының құрамындағы келесі мемлекет - Ұлыбританиямен арадағы экономикалық ынтымақтастықтың да негізі қаланды. Атап айтқанда , оны: “Қазақстан мен Британдық қатынастағы белгілі оқиға 1996 жылы Лондондағы “Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндік” атты көрме болды.

1995 жылы “Испад Интернейшнл” серіктестігі ҚР –ның республикадағы металл өнімдерін экспортқа шығарудағы жетекші орын алатын Теміртау қаласындағы Кармет металлургиялық комбинатының 100% активтерін (200 млн доллар)сатып алды.

     Екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 307 млн. АҚШ долларын құрады”[17],- деген анықтамадан білуге болады. Осылармен қатар Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Ноэль Джонс ХХ ғасырдың 90-жылдарының бірінші жартысындағы екі ел арасындағы қатынас жағдайына тоқтай келе:“...Ұлыбритания ҚР ауыл шаруашылығы, қаржы, бухалтерлік есеп саласында,кеңес беруге көмектесе отыра студенттерге ғана емес, мемлекеттік қызметкерлерге, дипломаттарға да Ұлыбританияда оқуға стипендия бөлінуде. Мұндағы негізгі бағыт- ҚР–ның ашық нарыққа көшуіне, сонымен қатар экономиканың МВВ және МБРР талаптарына келуіне көмектесу болып табылады.” [18],-деген айқындама берді.

       2000 жылдардың басынан Қазақстанның жекелеген аймақтары мен өңірлерінің Еуропа Одағына мүше елдердің облыстары, аудандарымен арадағы тікелей қарым-қатынастары да жолға қойылды. Бұл іс әсіресе 2000 жылдардың басынан нақты іске асырыла бастады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облыстық «Туристтік ақпараттық орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ... мамырдан 3 маусым аралығында Германия мен Франция мемлекеттерінің туристтік фирмаларының өкілдерін қарсы алу туралы келісім жасады;

...ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасы тарапынан шақырылған қонақтар: Нобель силығының иегерлері Курт Вютрих және Святослав Тимашев, сонымен қатар шетел ғалымдары Клаус Тиссен, Алексей Кавокин, Джузеппе Эрамо ғылымдағы өздерінің жетістіктерімен бөлісті.

        ... ШҚО әкімдігінің және Пльзенск аймағы Әкімшілігінің арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық келісім-шарты шеңберінде 2014 жылдың 16-19 қыркүйегінде Пльзенск аймағының губернаторы Вацлав Шлайз губернаторы басқарған Чехия Республикасы делегациясының келуі іске асырылды. Кездесу барысында   «Азия Авто» АҚ, «Бобровка» сүт кешенін, құрылыс және энергетика объектілерін аралау жоспарланды.

Екі жақты келісім бойынша ЖШС«Техстройинновация» және чехиялық «Фридлантскиестройирны» Расл и сын» серіктестігінің арасында құны 8950000 евро, қуаттылығы жылына 30000 тонна болатын жылулық-дыбыстық және өртке қарсы изоляциялық плиталарды өндіруге арналған жабдықтауды іске асыру туралы келісім жасалды. Жобаның жалпы сомасы 22 млн евроны құрайды. ... 2014 жылдың 22-23 қазанында Саксония Федералдық территориясы делегациясының Ресейдегі Саксония экономикасының Төрағасы, машина жасау сараптамалық-кеңестік орталығының вице - президенті Манфред Либльмен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесу шеңберінде Саксония Федералдық территориясы кәсіпкерлері мен ШҚО ірі кәсіпорындары жеткшілерінің қатысуымен өндіріске, соның ішінде “металл өңдеу кәсіпорындарына арналған кәсіпкерлікті жаңартушы инновациялық өндірістік технологиялар” атты форум өткізілді.

Форумның негізгі мақсаты – Шығыс Қазақстан облысы кәсіпорындарымен іскери қатынастарды дамыту, Шығыс Қазақстан облысына инвестициялар тарту болды” [19].

      Бұл мерзімде Солтүстік Қазақстан облысы “кәсіпкерлерінің Польша Республикасының   воеводстволарымен арадағы ХХІ ғасырдың басындағы орнатылған қатынас аса маңыздылығымен ерекшеленеді. Польша жағының шақыруына байланысты 2001 жылдың 27-31 мамыры аралығында    Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Польшаның Дольносилез воеводствосында болды және 31 мамыр күні Великопольское воеводасына сапар жасады ...

      Сапар барысында делегация ауылшаруашылығы машиналарын жасайтын “PILМЕТ” және фармацевтік “НАSСО-LЕК” кәсіпорнында, ауылшаруашылық сауда өндіріс палатасында болды, 20-дан артық батыс фирмалары мен серіктестіктері Вальбжыхск орналасқан Вальбжыхск арнайы экономикалық аймақта болды. Делегация сүт салқындатқыштар дайындайтын және оған қызмет жасайтын “НЕURЕКА” кәсіпорнында болды. Нәтижесінде “СК-Лизинг” ЖШС (Петропавловск қ.)“НАSСО-LЕК” фармацевтикалық   кәсіпорнымен (Польша,-Ғ.Қ.)жалпы құны 45 мың доллар Солтүстік Қазақстан облысына аталған фирманың   3 дана “Ffisоmilк 4” атты   сиымдылығы 1,5 литрлік және Ffisоmilк3” атты сиымдылығы 2 литрлік сүт салқындататын салқындататын   аппараттарын сату туралы келісімге қол қойылды”[20].

        Аталған уақытта Оңтүстік Қазақстан облысын кәсіпорындарының Еуропа Одағына мүше елдермен арадағы өзара қатынасы да серпінділік ала түсті. Осы мазмұндағы аталған облыстың ресми есебінде“... Импорт өнімдерінің 60 пайыздан астамы ..., соның ішінде, Польша, Италия, ...компаниялары машина құрал-жабдықтары мен бөлшектерін, пластмасса, резина бұйымдарын, сондай-ақ каучукты жеткізумен айналысады

      ... Бірлескен және шетел кәсіпорындарының негізгі бөлігі Шымкент қаласында орналасқан. ... Голландия серіктестерінің қатысуымен құрылған бұл кәсіпорындар тамақ өнімдерін, химия өнеркәсібі өнімдерін, құрылыс материалдарын, машина құрал-жабдықтарын сатумен айналысады. Олардың ішіндегі ірілері –бірлескен “Кока Кола Алматы ботлерс” және “Ирма-2” кәсіпорындары.

        Қазіргі уақытта облыс аудандарында бірлескен іс- шараларды өткізудің күнтізбелік кестесі құрылып, осыған сәйкес ТАСИС қорымен бірге Түлкібас ауданында семнар өткізілді. Үстіміздегі жылдың 16 шілдесінде Сайрам ауданында Қазақстандық қауымдарды несиелендіру, Оңтүстік Қазақстан фермерлері мен кәсіпкерлерін қолдау қорлары мен кәсіпкер әйелдер ассоциасының қатысуымен семинар-тренинг өткізу көзделіп отыр. Сонымен бірге, облыс аймағында қызмет атқаратын барлық халықаралық қорлар және ұйымдардың қызметі жөнінде ақпараттық бюллетень шығару жоспарланып отыр.

      Бұдан басқа, халықаралық қорлар және банктер өкілдігінің бағдарламалары мен жобалары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Еуропалық қайта құру және даму банкісінің қолдауымен Қазақстанда кіші бизнес бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында облыста АҚШ-тың 13,7 миллион долларын құрайтын 2433-тен аса несие беріліп, ауылшаруашылық , сауда және құрылыс салаларына жұмсалды.

       ... Туризмді дамыту департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі-Дүниежүзілік туристік ұйымдары сарапшыларының пікірі бойынша белсенді имидж саясатын жүргізу сырттан келу туризмінің жылына орта есеппен 25 пайызға көтерілуіне ықпал етеді. Осыған орай, Интернет жүйесіндегі Wed- сайтта облыстың туристік потенциалы, облыс туробьектілері туралы ақпараттық материал дүниежүзілік туризм энциклопедиялары мен кітапханаларының электронды нұсқасында орналастырылды. ... Англияда шығатын “Жер шары саяхаты және туризм” анықтамалығына облыстың туристік тартымдылығы туралы жарнамалық мәліметтік материалдар енгізілген” [21],-деп жазылып, іс жүзіне асырылған шаралардың маңызы баяндалды.

        Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының тәуелсіздіктің алғашқы мерзіміндегі Еуропа Одағымен, оған мүше мемлекеттермен арадағы экономикалық, білім, ғылымды дамыту, тағы да басқа бағыттардағы қатынасы өзінің тиімділігімен ерекшеленді.

       Атап көрсеткенде:

       - Еуропа Одағы тарапынан Қазақстан Республикасының әлемдік нарық қатынастарына өтудегі нақты іс-тәжірибе алмасу ына жағдай жасады. Соның ішінде Қазақстан мамандарының   экономиканың әр саласындағы жалпы білімділіктерін арттыру, тиісті тағылымдамалықтардан өтулеріне мүмкіндіктер туды;

      - ТАСИС, ТЕМПУС Бағдарламалары негізінде білім, ғылым, денсаулық сақтау саласына алғашқы нақты қаржыландыру, нағы да басқа көмектер көрсе ілді;

     - Қазақстанның ауыр, жеңіл өнеркәсібі, шикізат, электр энергиясын өндіру, ауылшаруашылығын ұйымдастыруды әлемдік нарық талаптарына сай жүргізудің нақты жолдары белгіленді;

     - Еуропа Одағына мүше көптеген мемлекеттермен әр бағыттағы тікелей байланыстар орнатылып, нақты қадамдар іске асырыла бастады;

     - Тәуелсіздіктің алғашқы мерзімінде Қазақстан Республикасының көптеген аймақтарының Еуропа Одағы елдерінің өңірлерімен тікелей байланыстары қамтамасыз етіліп, көпсалалы өзара ынтымақтастықтары жолға қойылды;

      Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2000 жылдың 27 маусымындағы Брюссель қаласындағы Еуропалық Комиссияның Президенті Романо Продидың қабылдауында сөйленген сөзінде Еуропа Одағымен арадағы Тәуелсіздіктің алғашқы мерзіміндегі атқарылған істерге қорытынды жасай келе оған : “Еуропалық Одақпен байланыстың нығаюы қазақстандық сыртқы саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қол жеткізілгендерді біз Қазақстан және Еуропалық Комиссия басшыларының достық, сенімділік қатынастарының, біздің елдер халықтарының ынтымақтастыққа деген ұмтылыстарын жолға қоюдағы   қызметтерінің тікелей нәтижесі деп есептейміз”[22],- деп көрсетті.

    Міне осындай қамтамасыз етілген істер арқылы Еуропа Одағы тарапынан Қазақстанның экономикалық дамуының әлемдік нарық қатынастарына енуіне елеулі деңгейдегі серпін берілді.

 

                                ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.Архив Президент РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 5977, л.43

2.Архив Президент РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 5977, лл.44, 56

3.Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 6, дело 721, л.5

4. Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 922,л.54

5.Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 2357, лл 231,233  

6.Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3095, л.56

7. ҚР Президенті мұрағаты, Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5035, пп. 5-6

8..Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3095, лл.55-56

9. Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 3042, л.46

10. Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі.-Астана, 2017.-508 б.

11.Архив Президента.РК, фонд75-Н, опись 3120, л.111

12. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 4, папка 14, дело 13, л.60

13. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 6, дело 1766, л.4

14. Архив Президента РК, Фонд 75-Н,, опись 1, дело 104, лл.67,68

15. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында, Алматы, 1996.- 218 б

16. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 4, папка 14, дело 13, л.59

17. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 4, папка 14, дело 13, л.60

18.Архив ВП РФ, Фонд 897, опись 1, папка 1, дело 5, л.11

19.Материалы Управлений туризма и внешних связей Восточно-Казахстанской области. 06.12.2014

20. Гос. Архив СКО, фонд 669, опись 1, дело 818, лл.32-33

21. Гос. архив ЮКО, фонд 897, опись 1, дело 499, лл. 89,92,94

22. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 6, дело 1764, л.2


Қарасаев Ғ.М., Жасыкелдинов Ж.

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Нұр-Сұлтан қаласы

   

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?