Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер

13300
Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер - e-history.kz
Ұжымдық монографияда қазақ халқының руханиятының қалыптасуы мен дамуының тарихи-философиялық және этномәдени негіздері заманауи құндылықтар тұрғысынан сараптаудан өткізіледі.

Оқырмандарға ұсынылып отырылған ұжымдық монографияның негізгі мақсаты – ежелгі түркілік заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстандағы философиялық ойы дамуының негізгі кезеңдерін қазақ руханияты мәселесімен байланыстыра отырып оны тарихи-философиялық және этномәдени талдаулар тұрғысынан зерделеу, қазіргі қазақстандық қоғамдағы руханият әлемінің қалыптасуы мен дамуының тарихи, дүниетанымдық қайнар көздерін ашып көрсету. Ғылыми зерттеуде төмендегідей негізгі міндеттер қойылды: қазақ этносының ежелден бері қалыптасып, тарихи дамып келе жатқан философиялық ойының эволюциясын рух және руханилық проблемалары ауқымында рационалдық және герменевтикалық тұрғыдан сараптаудан өткізу; тарихи болмыста объективті түрде қалыптасқан мифологиялық, діни және философиялық дүниені түсінулердің рухани көздері мен идеялық бастауларын көрсетіп, олардың өзара ішкі байланыстарын тарихи танымдық және этномәдени құрылымдар сипатында анықтау; түркілердің рухани интеллектуалдық кеңістігінде кеңінен таралған және өрбіген өркениеттік үлгілердің, құндылықтық бағдарлар мен дүниетанымдық ұстанымдардың және мәдени сабақтастықтардың маңызы анықталып, олардың тарихи тамырластықтағы белгілеріне жанжақты философиялық сипаттамалар беру; қазақ даласында қалыптасқан халықтың тарихи және этникалық санасына, тарихи түсініктеріне тән көшпенділердің рухани әлемді айшықтауына, игеруіне аксиологиялық, этикалық, эстетикалық, дінтанулық және әлеуметтік философиялық тұрғыдан жан-жақты талдаулар жасау; Қорқыт, әл-Фараби, Ж. Баласағұн, Қ.А.Ясауи, А. Иүгінеки және т. б. түркілік ғұламалардың, сонымен қатар қазақ халқының ақын-жырауларының, би-шешендерінің, Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім және ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының философиялық көзқарастарын руханилық құбылысын пайымдау тұрғысынан тұжырымдау; Қазақстандағы қоғамдық ой дамуының әртүрлі тарихи кезеңдеріндегі ділдік, дүниетанымдық ерекшеліктерін руханилық мәселесі тұрғысынан қазіргі кезеңнің рухани әлемімен байланыстыра отырып философиялық сараптау, сонымен қатар кеңестік және қазіргі жаһандану кезеңдеріндегі халық руханияты мәселесінің қайшылықты тұстарын анықтау болып табылады.

Ғылыми зерттеу халқымыздың сан ғасырлық тарихындағы даналық тағылымдарының терең мәнімен оқырманды тікелей сұхбаттастыруға шақырады. Жалпы этностың дүниетанымы мен руханилығын философиялық мағынада сипаттау жан-жақты дербес салаларды байланыстыруды қажет етеді. Себебі, руханият мәселесі тарихи, аксиологиялық, антропологиялық, этикалық, эстетикалық, діни, этномәдени ұстанымдарды тарихи-философиялық тұрғыдан саралауды қажет етеді. Бұл мәселе әртүрлі гуманитарлық ғылымдардың өзіндік сұраныстарына сәйкес тұрғылардан маңызды. Жалпы әлеуметтік және рухани мүдделер кез келген этнос үшін тарихи процестің пәрменді ағымынан туындайтын заңды дүниелер болып келеді. Сондықтан белгілі бір әлеуметтік, саяси және мәдени кеңістікте қалыптасқан және өрбіген ұлттық рухани қазынаның қордалануы кездейсоқ құбылыс емес деген жөн. Ол рухани ерекше дүние ретінде өзіндік тарихи болмыстың терең қатпарларында шыңдалып, тарихи процесс пен тарихи сана үшін қажетті құбылыс сипатында пайда болады. Сонымен қатар ол бірте-бірте қоғамдық құрылымдардың өзіндік пәрменді дамуына қажетті қозғаушы күшке айналады және сан қырлы саланы қамти түседі.

Ал, енді осындай өзіндік терең мағынадағы детерминациялық заңдылыққа бағынбаған өтпелі құндылықтық негіздерге сүйенетін кездейсоқ сипаттағы әлеуметтік құбылыстар жалаң саясаттың жетегінде кетеді және олар нағыз халықтық мағынадағы рухани дүние деңгейіне көтеріле алмайды.

Сондықтан шынайы руханилықты қалыптастыру мен оны дамыту кез келген этноәлеуметтік кеңістік үшін үнемі инвариантты, яғни тұрақты сипатта өте маңызды және көкейкесті мәселеге айналады.



Толығырақ мына файлдан оқи аласыз: 

Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер PDF