Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Мемлекет тарихы институтының ғалымдары украиналық әріптестерімен бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізбек

13256
Мемлекет тарихы институтының ғалымдары украиналық әріптестерімен бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізбек - e-history.kz
Мемлекет тарихы институтының ғалымдары украиналық әріптестерімен бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізбек.

Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Қазақстан Республикасындағы Украинаның Төтенше және Өкілетті елшісі Олег Алексеевич Деминмен, Қазақстан Республикасындағы Украина Елшілігінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Петр Васильевич Токарьмен кездесті. Бұл туралы институттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет тарихы институтының директоры Б.Ғ. Аяған мәртебелі қонақтарды мемлекеттік мекеменің негізгі жұмысымен, ғылым саласында қол жеткізген жетістіктері мен болашақтағы мақсаттарымен таныстыра келе, Украинаның Төтенше және Өкілетті елшісімен өткізіліп отырған кездесу Институт тарихы шежіресінде алғашқы рет болып отыр, деді. Бүркітбай Ғелманұлы жақында ашаршылық қасіретіне 80 жыл толуына орай, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен бірқатар іс-шаралар қолға алынып, 31 мамыр күні ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылғандығын, маусым айының басында «Қазақстандағы ашаршылық: халық қасіреті және тарих тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференцияның жоғары деңгейде өткізілгендігін атап өтті.

Өз кезегінде елші О.А. Демин Қазақстанды Украинамен терең тарихи байланысы бар достық және бауырмал ел ретінде қарастыратындығын тілге тиек етті. Екі елді жалпы ортақ бастан кешкен көптеген оқиғалар байланыстырады дей келе, ашаршылық кезінде Украина халықтарының бастан өткерген тауқыметі жайында, осы өзекті мәселеге байланысты жүргізілген зерттеулер, жаңаша көзқарастар мен халықаралық конференцияда айтылған құнды пікірлер жайында ойымен бөлісті. Қазақстандағы болған ашаршылық сынақтан өткізіліп, басқа елдер үшін әзірлік болды деген пікірлер бар. Сондықтан ашаршылық тақырыбы психологиялық, әлеуметтік, демографиялық жағынан кешенді зерттеліп, осы саясатты жүргізудегі қолданылған әдістер мен діни көзқарастарды қарастыру керек, - деді елші өз сөзінде.

Кездесу барысында елші О.А. Демин Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық байланыс туралы және бүгінгі таңдағы Украинаның әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени ахуалы жайында кеңірек баяндап берді.

Кездесуге қатысқан Институт ғалымдары қазақ халқының ашаршылық тақырыбына қатысты мәселелерді Украина жетекші ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге және Украинаның ғылыми-зерттеу мекемелерімен байланыс орнатуға ниеттері бар екендіктерін білдірді.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.